Бюджет қаржысына салынатын құрылыстар мен жолдардың міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту керек пе?
Еліміздегі жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасына қатысты айтылар сын жетерлік. Тіпті мемлекеттік бағдарлама аясында салынған құрылыстардың да сапасының сын көтермеуі құрылыс саласына қатысты заң қабылдау қажеттігін сездіргендей. Осы орайда еліміздің бірқатар мамандары «бюджет қаржысына салынатын құрылыстар мен жолдарға міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту керек» деген ұсыныс айтуда. Әйтсе де «қатаң тәртіп пен тиісті бақылау жоқ жерде кез келген заң әлсіз» деп, заң қабылдаудан бұрын осы саладағы қадағалау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтатындар да жоқ емес. Тұрақты айдарымызда аталмыш саланың түйткілді тұстарын ортаға салып, екі жақтың пікірін салмақтап көрген едік.
Әбді ҚИЯЛБАЕВ, техника ғылымының докторы, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты оқу орталығының бастығы:
иә
– Бұл – өте дұрыс нәрсе. Өз басым бұл ұсынысты қолдаймын. Міндетті түрде бюджет қаржысына салынатын құрылыстар мен жолдардың кепілдік мерзімін заңмен бекіту керек. Әйтпесе бүгінгі күні құрылыс пен жол салу ісінде кездесіп жатқан келеңсіздіктерді тыя алмаймыз. Қазір еліміздегі жалпы жолдарды диагностикалау жұмыстары жүргізіліп, аяқталып жатыр. Өзім осы істің басы-қасында жүріп көп нәрсеге көз жеткіздім. Мәселен, ол жолдарды салу ісіне әртүрлі бас мердігерлер мен соларға жалданатын жалдамалы мердігерлер қатысқан. Олардың салған жолдарының әрқайсысына кепілдік мерзім қойылған. Егер жолдарда қандай да бір ақау табылса, бес жыл мерзім ішінде жолдарды салған сол мердігер компаниялар жөндеуге міндетті. Бірақ олардың бұл міндеті келісімшарт арқылы көрсетілген.
Алайда мердігерлердің бұл келісімшарттағы міндетінен ауытқып кетіп жататын кезі аз емес. Егер құрылыс пен жолдардың кепілдік мерзімін заңмен бекітіп қойсақ, олар ешқайда қаша алмас еді.
Бес жылдық мерзім өткеннен кейін арнайы құрылған жұмыс комиссиясы жолды қабылдап алып, еліміздегі пайдаланымдағы жолдардың сапалық деңгейін бақылап отыратын «Қазавтожол» мемлекеттік қазыналық мекемесіне өткізеді. Аталмыш мекеменің 14 облыста филиалы бар. Олардың әрқайсысының өз базасы, техникасы бар. Олардағы 5 мыңдай қызметкер жолдың сапалық деңгейін бақылап отырады. Негізі, автомобиль жолдарының беткі қабығы қатты және қатқыл жамылғылы жолдар болып екі топқа бөлінеді. Қатқыл жамылғылы жолдардың кепілдік мерзімі бес жыл, ал қатты жамылғылы жолдардың кепілдік мерзімі 15 жыл. Енді осы кепілдік мерзімдерді заңмен бекітіп қойсақ, тіпті дұрыс болар еді. Бүгінгі таңда құрылыс пен жолдардың кепілдік мерзімінің келісімшарт арқылы қорғалуы жеткіліксіздеу болып отырғаны рас. Ол – жай ғана тапсырыс беруші мен мердігер арасында жасалатын құрылыс жұмысының сапасына қатысты кепілдік мерзім көрсетілетін келісімшарт. Дегенмен келісімшарттың аты – келісімшарт. Заңның аты – заң. Екеуі – екі бөлек нәрсе. Заңның салмағы ауыр. Заң жүзінде қорғалғаннан кейін бұл саладағы келеңсіздіктер азаяр еді. Мұндай жағдайда бас мердігер де аты бар, заты жоқ кішігірім жалдамалы мердігер компанияларды жалдай бермей, сапалы жұмыс жүргізе алатын жалдамалы мердігерлерге тапсырыс береді. Кейбір кездері сапасыз салынған құрылыстар мен жолдардың дауы алысқа жетіп жатады. Әсіресе мемлекеттік бюджет қаржысына салынған жолдар мен құрылыс жұмыстары – халықтың мүддесі үшін іске асып жатқан жұмыстар. Егер құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілген болса, демек, мемлекеттік бюджет қаржысы желге ұшып жатыр деген сөз. Сондықтан бюджет қаржысына салынып жатқан құрылыс пен жолдардың міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту қажет.
Айта кетер жайт – міндетті кепілдік мерзім бюджет қаржысына салынған жолдарға ғана емес, барлық құрылыс жұмыстарына ортақ болуы керек. Өйткені еліміздегі жалпы құрылыс нысандарының сапалық деңгейі төмен. Егер құрылыс пен жолдардың кепілдік мерзіміне қатысты заң қабылдар болсақ, бас мердігердің жауапкершілігі артып, елімізде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының талапқа сай болуын қамтамасыз еткен болар едік.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Орталық Азия университеті Машина жасау және көлік институтының директоры, техника ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Әрине, заңның болғаны жақсы. Алайда темірдей тәртіп пен бақылау жоқ жерде заңның да қауқары болмайды. Сондықтан ең алдымен біз құрылыс пен жол саласына қатысты тиісті орындар тарапынан бақылаудың күшейтілуіне жағдай жасауымыз керек. Мәселен, еліміздегі құрылыс жұмыстарында көп жағдайда құрылысты бас мердігердің өзі жүргізбейді. Бас мердігер – қағаз жүзінде тендерді ұтып алушы ғана. Ал одан ары құрылысты жүргізуге жалдамалы мердігерлерді жинап алады. Ертеңгі күні құрылыс жұмысынан немесе жол салудан ши шықса, бар мәселені жалдамалы мердігердің мойнына іле салады. Ал жалдамалы мердігерлер бүгін бар, ертең жоқ. Сонымен ертеңгі күні қабылдаған заңымызды кімге қолданарымызды білмей қаламыз.
Осы орайда бюджет қаражатына салынған құрылыстар мен жолдардың сапасына қатысты мәселе шешілсін десек, ең алдымен, еліміздің осы саласына тиісті орындар тарапынан қадағалауды күшейтуіміз керек. Құрылыс және жол жасау жұмыстарының қайдағы бір жалдамалы мердігерлердің қолына түспеуін қадағалауға тиістіміз. Тендер ашық жүргізілуі тиіс және ол кім болса соған беріле салмауы керек.
Айта кетер жайт – біз құрылыс және жол салу жұмыстары біткен соң қабылдап алатын комиссияның, уақыт өте сол жұмыстардың сыр бермеуін қадағалап отыратын жергілікті басқару органдарына қарасты мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Бүгінгі таңда бақылаудың, жауапкершіліктің жоқтығынан кейбір заңдардың дұрыс жұмыс істемей тұрғанын көріп жүрміз. Сондықтан бақылау мен жауапкершілікті күшейтпесек, неше заң қабылдап, қанша қаулы шығарсақ та, құрылыс және жол саласына еш пайдасы болмайды. Демек, бюджет қаражатына салынатын құрылыстар мен жолдардың міндетті кепілдік мерзімін заңмен бекіту арқылы құрылыс сапасын арттырамыз деу – бос сөз. Бюджет қаражатына салынатын кез келген құрылыс жұмысының халықтың ақшасына тұрғызылып жатқанын біз басты назарға алуымыз керек. Мұндай құрылыстардың сапасыз болуына, бөлінген қаражаттың талан-таражға түсуіне жол бермеуіміз қажет. Өйткені ертеңгі күні сол сапасыз құрылыстан халық зардап шегеді. Дәл қазіргі таңда құрылыстың басы-қасында жүріп, құрылыс материалдарының орнымен қолданылып, құрылыстың немесе жолдың талапқа сай болуын бақылап отырған еш орган жоқ. Осы уақытқа дейін сапасыз құрылыс үшін жауапқа тартылған бір адамды айта аласыз ба? Міне, бүгінде «Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы», «Тұрғын үйлерді жаңғырту», «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыстар төңірегінде даудың көбеюі бақылаудың жоқтығынан орын алып отыр. Ертеңгі күні заң қабылданып жатса да, бұл заңсыздықтар бола беруі әбден мүмкін. Сондықтан заң қабылдамас бұрын, жауапты органдардың жауапкершілігін арттыруды ойластыру қажет. Бақылау мен жауапкершілік болған жағдайда ғана құрылыс саласындағы сапасыздықтар жойылады.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Амалбек ТШАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
– Қазір елімізде құрылыс компаниялары жоқ деп айта аламын. Құрылыс жүргізетіндер – жұмысы біткенше құрыла салатын жалдамалы мердігерлер ғана. Заң қабылдаған күннің өзінде ертеңгі күні мемлекеттік бюджет қаржысына тұрғызылған үй құлап жатса да, жауапты мердігерді таба алмайсың. Өйткені олар – құрылыс жұмысы бітер-бітпестен жоқ болып кететін, бүгін бар, ертең жоқ жалдамалы мердігерлер. Елімізде тиянақты, бұрыннан келе жатқан, тұрғызған үйлері де көздің жауын алатын, салған құрылыстарының сапасы жағынан да ел аузында жүрген құрылыс компаниялары мүлдем жоқ. Сонда біз заңды кім үшін қабылдаймыз? Құрылыс жұмысы біткен бойда орнын сипап қалатын жалдамалы мердігерлер үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті бар ма?! Меніңше, тендерді тамыр-таныс арқылы ұтып алатын, тендер ұтқан соң ғана әр жерден құрылысшы, жұмысшы жинайтын жалдамалы мердігерлер үшін заң қабылдаудың қажеті жоқ секілді.