Бюджет саласындағы қызметкерлердің желілік маркетингпен айналысуына мүлдем тыйым салу керек пе?
1945 жылдан бастау алған желілік маркетингтің өркендеуі 1980-1990 жылдары шарықтау шегіне жетті. 1990 жылдардың ортасына қарай желілік маркетингтер тұтынушыларға не болса соны – косметикадан бастап ішкиімге дейін, ыдыс-аяқтан компьютерге дейін, тіпті халықаралық байланыс қызметіне шейін ұсынған-тұғын. Біздің еліміз де одан шет қалмады. Айталық, соңғы бес жылдың ішінде еліміздегі желілік маркетинг нарығындағы сауда-саттық көлемі бұрынғымен салыстырғанда екі есе көтерілді. Мамандар заман ағымына қарай жаңа жұмыс ырғағына бейімделіп, осы саладағы бизнестің көрігін қыздыра түсу керек дегенді айтады. Бүгінде желілік маркетингке жұмысқа тартушылар да, оған өз еркімен барып кірушілер де көп. Оның себебі сан қилы. Біреулер үшін ол жалғыз ғана күнкөріс көзі болса, екіншілер қосымша табыс тапқысы келеді. Бірақ кей мекемеде басшылардың желілік маркетингке өзі не жақындары кірген соң, қол астындағыларды соған тартып, өнімін өткізуге мәжбүрлейтін оқиғалар да ұшырасып жатады. Мұндай келеңсіз жайттарды болдырмас үшін, бәлкім, бюджет қызметкерлерінің желілік маркетингпен айналысуын шектегеніміз жөн болар?
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
иә
– Жалпы, желілік маркетингтің әлемдік тәжірибесіне үңілетін болсақ, көптеген өндіруші компания өз өнімін дәл осындай тәсілмен өткізеді. Былайша айтқанда, мұның қарсы көрсетілімі жоқ, яғни тыйым салынбаған. Ал оның өнімін сату не сатып алу әр адамның өзіне байланысты. Мәселен, біз сол желілік маркетинг арқылы сатылатын заттарға қызығушылық танытып, соны сатып алуға құмартамыз. Желілік маркетинг арқылы сатылатын тауардың басым бөлігі шетелден әкелінетіні де жасырын емес.
Сапасы да оңып тұрған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, бәріміз сол үшін шабылып жұмыс істейміз, білек сыбанып атсалысамыз. Кез келген тауардың сапасы жоғары болуы қажет екеніне мән берілмейді. Мәселен, желілік маркетинг арқылы косметикалық бұйымдар көп сатылады. Ал біз соның сапасына қараймыз ба? Денсаулыққа зияны бар-жоғына мән береміз бе? Жоқ.
Бұл – мәселенің бір жағы. Ал екінші жағын айтатын болсақ, ол – өз еліміздің экономикасына қаншалықты зиян тигізіп жатқанымыз. Біз осылайша, желілік маркетингтің саудасын қыздыру арқылы өзге елдің экономикасын көтеруге қол ұшын берудеміз. Артық-ауыс қаржымыз шетелге кетіп жатыр.
Еліміз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірсін десек, ең әуелі бүкіл ел болып өз сана-сезімімізді өзгертуіміз керек. Өйткені ел экономикасын өркендету – біздің қолымызда, оның өзі әлгіндей ұсақ-түйектен басталады.
Ал қандай да бір мекеме басшысының қол астындағыларды желілік маркетингке мәжбүрлеп тартуы жайында айтсақ, бұл – мүлде сорақы жағдай. Мәселен, кеше айтылған бір мектептегі оқиға еріксіз ойландырады, қынжылтады. Ондай іс-әрекетті көріп отырған бала ертеңгі күні не істейді? Сондықтан осы мамандықты таңдаған екенсің, сол кәсібіңмен ғана айналыс. Жай бір адам базарда тұрып сатса, бір жөн екен. Алдағы уақытта мұндайға жол берілмеуі керек. Әркім тек өзі пайдасын ойламай, ең алдымен, таңдаған мамандығы бойынша сапалы жұмыс істесін.
Келешекте осындай қынжылтатын оқиғаларды болдырмас үшін, өз сана-сезімімізді өзгертуге тиіспіз. Ал егер жаңағыдай қосымша кәсіпке мойын бұрғың келе ме, онда біржола сол салаға кеткен жөн. Бірақ сол желілік маркетингпен айналысар алдында «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді ғой, әбден ойланып алған дұрыс. Өйткені, естуімізше, ол жоғарғы сатыда тұрғандардан басқаларға соншалықты көп пайда әкелмейді.
Гүлдана Сапарғалиева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің басшысы, профессор:
жоқ
– Шыны керек, қол астындағы қызметкерлеріне желілік маркетинг тауарларын мәжбүрлеп алғызатын басшылар туралы айтқандарыңыз күлкілі жағдай сияқты.
Қарап отырсақ, қазір қаланың жағдайында кез келген адам желілік маркетинг бөлімшесіне кіріп, сауда жасай алады. Өйткені бізде не көп, түрлі тауарын өткізгісі келетін желілік маркетинг көп.
Бірақ онымен айналысу үшін де уақыт керек қой. Ал біздің ұстаздардың оған шамасы да жоқ, уақыты да жетпейді.
Жалпы, желілік маркетингпен айналысуға уақыт табатын ұстаздың табылуы да некен-саяқ шығар. Сондықтан жаңағыдай оқиғаның орын алғанына таңым бар. Өйткені ұстаз әрқашан да өзінің білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырып отыруы қажет. Ол да қыруар уақытты талап етеді. Жақсы мұғалімнің бос уақыты болмайды.
Ал жалпы, бюджет саласы туралы айтар болсақ, егер де жалақысы төмен болғандықтан, қосымша табыс тапқысы келетіндер болса, несі бар, оған ешкім де кедергі бола алмайды. Өзінің уақытын тиімді пайдаланып, жұмыстан кейінгі қолы бос кезінде, демалыс уақытында желілік маркетингпен айналысып жүргендер көп қой арамызда. Олардың осындай кәсібін шектеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Әрі ешкімге де ондай құқық берілмеген.
Бүгінде желілік маркетинг елімізде құлашын кең жайған, онда жұмыс істейтіндер де жетіп-артылады. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені бұл саланың кейбір кемшіліктеріне қарамастан, көп адам үшін бұл қосымша табыс көзіне айналған. Елдің бәрі арнайы кәсіп ашып, бизнеспен айналыса алмайды. Ал желілік маркетинг адамға саудамен айналысуға әрі қосымша нәпақа табуға мүмкіндік береді. Желілік маркетинг – жеке кәсіпкерліктің бір түрі.
Сондықтан сөйту керек, тыйым салу керек деп кесіп-пішіп айту қиын. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай, қабілетіне қарай, бос уақытының болуына қарай, әйтеуір, негізгі қызметіне нұқсан келтірмей жұмыс жүргізе алса, оның несі айып екен?
Түйін
Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, оның сол жұмыс орнында өзіне жүктелген шаруадан басқа іспен айналысуына рұқсат жоқ. Сондықтан бюджет саласындағыларға желілік маркетингпен айналысуға, әлбетте, тыйым салынуы қажет.
Жалпы, кез келген салада ең әуелі адам іскерлік қабілетіне қарай бағалануы тиіс. Осы тұрғыда қызметкердің өз жұмысына шығармашылық көзқараста болғанын ынталандырған дұрыс дер едім. Өзім басшы болып тұрған кезімде, қызметкер тың ұсыныс айтып, сол арқылы кәсіпорынға мол табыс әкелуге түрткі болса, оған қосымша сыйақы тағайындауды тәжірибеге енгізген болатынмын. Егер барлық жұмыс орындарында осындай ынталандыру жағы қолға алынса, онда желілік маркетингке қызығушылық та азаяр ма еді, кім білсін. Сондықтан егер де сіз басшы болсаңыз, ешкімді еш нәрсеге де мәжбүрлеуге құқығыңыз жоқ.