Босқындар туралы заң қабылдау өзгені жарылқап, өзімізді ұмыту болып жүрмей ме?

Босқындар туралы заң қабылдау өзгені жарылқап, өзімізді ұмыту болып жүрмей ме?

Тарихқа көз салсақ, қазақ елінің босып келген жатжұрттықтарға қашанда жақыннан жәрдем бергенін көреміз. Басында бір атаның баласындай болып жүргендердің, кейіннен есіктен кірмей жатып, «төр менікі» дейтіндері де баршылық. Мұның бәрі босқындар туралы заңның жоқтығының салдары еді. Кезінде босқындардың тиісті мәртебесі айқындалмағандықтан, кейін олар араға жылдар салып «пәленбайдың», «тамыр-тайпаның» диаспорасы болып шыға келді. Қазір де бізден пана сұрап келетін босқындар аз емес. Олардың босқын екенін ұмыттырмайтын, келу-кету межесін белгілейтін заң қайткенде де қажет еді. Олардың мәселесін халықаралық заңнамалар аясында реттеу мақсатында, біздің ел де жаңа заң қабылдады. Бірақ осы босқындар туралы заң қабылдау өзгені жарылқап, өзімізді ұмыту болып жүрмей ме екен?

bekbolat-tleuxan-6

Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:

Иә
– Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «сайқал қала Алматы, сайқал қала, жем болған балтыққа да, байқалға да» деген өлеңі бар еді. Сол сияқты, енді мына заңға сүйеніп, Қазақстанға пуштун да келеді, көшкін де келеді. Саны 200-ге толған соң, олар жақсылап тұрып ұлттық орталығын ашады. Тілін дамытамыз дейді, қыңқылдап әрнені сұрай бастайды. Мына заң осының бәріне есік пен қақпаны айқара ашпақшы. Яғни, қазанның қақпағы ашылайын деп отыр. Ал «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» белгілі. Өзінің отанына опа бермеген адам мұнда келіп бізді жарылқайды деу, ақылға сыйымды нәрсе деп айта алмаймын. Осыған терең ойланып қараған адам бар ма екен?! Бізден басқа ТМД елдерінде кім осылай жасап жатыр? Біз неге елден ерек алдыға түсіп, емпеңдей жөнелеміз?! Ертең «босқын» деген атауды малданып Қытай шығады.

 Халқын қайда сыйдырарын білмей отырған Қытай үшін бұл – таптырмайтын мүмкіндік. Өзінің Тәжікстандай тарихи отаны тұрғанда, тәжіктердің бізге өтіп кететін несі бар? Жалпы, мен мынадай бір тарихи фактілерді айтқым келіп отыр. Мен бұдан бір аумақтық мәселе көтерейін деген ойым жоқ. Қазақтың ұлттық музыкасының атасы Сағырбайдың ұлы Құрманғазының сүйегі Қазақстанда емес, Астраханьда жатыр. Сол сияқты, Найманбайдың Әсеті деген керемет композитор болған. Оның жатқан жері – Қытай Халық Республикасы. Қазақтың қабырғалы үш биінің ішіндегі Қазыбек бабамыздың сүйегі ғана Түркістанда. Әйтеке бидің қабірі – Өзбекстанда, Тамдыда болса, Төле бидің жатқан жері – Ташкентте. Жалпы, «оралман» деген сөздің өзі әу баста қате айтылған атау болатын. Бүгінде Өзбекстанда паспортында «қазақ» болып жазылған 2 миллион қандасымыз бар. Қытайда 1,5 миллионнан астам. Бір ғана мысал, сол Қытайда «Батысты игеру» деген үлкен саясат жолға қойылған. Қазақ мектебінде сабақ беретін мұғалімнің жалақысы – 80 доллар, ал сол мұғалім қытай мектебінде дәріс өтсе, 200 доллар алады. Айналасы он-он бес жылдың ішінде Қытайда қазақ қалмай қалу қаупі төніп тұр. Тек қытайланған қазақ қана қалады. 13 жасқа дейінгі балалардың ішінде қазақша білетін бала жоқ. Яғни онда қытайландыру процесі керемет қарқынды жүріп жатыр. Мұны неге айтып отырмын? Өзбекстандағы 2 миллион қазақты, Қытайдағы 1,5 миллион қазақты ысырып қойып, басқаға пана боламыз дегеніміз қалай? Моңғолия мен Ресейдегі қазақты айтпай-ақ қойдық. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деген сөз бар қазақта. Өзіміз жарымай отырып, басқаларға сарқытымызды береміз деген қайдан шыққан әңгіме?! Алдымен есігімізді ашып тастап, қандастарымыз жайындағы шаруаны алға асырып, сосын басқалар туралы айтуға болады ғой. Бүгін олар босқын болып, жымсиып қана кіреді. Арада жарты ғасыр өткен соң, есіктен кірген әлгілердің «төр менікі» дейтіні айдан-анық. Осыны білу керек.

1213

Қабылсаят ӘБІШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы:

Жоқ
– Қазақстан – халықаралық қауымдастықтың мүшесі. Сондықтан 1998 жылы «Босқындар мәртебесі туралы» халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы заң қабылдадық. Ол күшіне енгеннен бері біздегі босқындар мәселесі айтарлықтай реттеліп қалды. Босқындарды қабылдап жатырмыз. Біз тікелей халықаралық конвенцияның нормаларымен жұмыс істеп келдік. Өйткені мұның бәрі Конституцияда көрсетілген. Сондықтан бұл заң жобасы болсын, болмасын, босқындар мәселесін реттеуге міндеттіміз, және солай істеп те жатырмыз. Ал депутаттардың «қытай басып кетеді», «ұйғыр қаптайды» немесе «басқалар кіріп кетеді» дегенінің бәрі – негізсіз. Өйткені айтылған жайдың тиісті заңға еш қатысы жоқ.

 Миграцияның түрі көп. Еңбек миграциясы, этникалық, туристік, миссионерлік миграция деп кете береді... Босқындар туралы заңның реттейтін субъектісі не? Ол бойынша өз елінде саяси көзқарасына байланысты, мысалға, саяси партияға, ұйымға мүше болған немесе діни қақтығыстарға, басқа да қиын жағдайларға байланысты өміріне қауіп төнген адамдарға босқын мәртебесін беру көзделген. Қарны ашқан, болмаса әлдебір экономикалық, экологиялық жағдайларға байланысты келген адам босқын бола алмайды.  Конвенцияда кімнің босқын болатыны көрсетілген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көптеген адамдар жазықсыз қырғын тапты. Мысалы, эвакуацияға ұшыраған адамдарды Сталин Сібірге жер аударып, қырып тастады. Сондықтан заң қабылдау – адамзат баласы осындай жағдай қайталанған уақытта оларға басқа мемлекет пана болуы үшін жасалған қадам. Пана болғанда да, оған пәтер немесе қонақүй беру емес, егеменді елдің аспаны астынан пана тауып, сол мемлекетте жанын сақтап қалу. Егер біз нақты конвенцияның шеңберінде жұмыс істейміз десек, оның аясы тым кеңейіп кетер еді. Сондықтан оны өз жағдайымызға ыңғайлап, тиісті заң нормаларымен ықшамдап отырмыз. Қазақтың ұлттық қауіпсіздігіне аса қажет тұстарын нақтыладық. Мәселен «діни экстремистік және террористік ұйымдарға мүше болған адамдар мен экономикалық заңбұзушылықтарға байланысты келгендер босқын бола алмайды» деп конвенциядан тыс заң жазып қойдық. Сондықтан Бекболат мырзаның басқалар қаптап кетеді, біз есік ашып жатырмыз дегені – жай эмоциялық әңгіме. Босқын мәртебесін алатын адамдар заңды жолмен елге келген соң, «менің жағдайым осылай, мысалға, мені тәліптер өлтірейін деп жүр, болмаса, еврейлер қысастық жасайтын ойы бар, мен сол елдің үкіметін қолдап едім, ағамды, болмаса әкемді атты, енді өзімді атпақшы» деп жағдайын айтып, өтініш береді. Ал біз мына заңға босқын болуды қалаған адам өзі келетін елдің елшілігіне өз отанында жүріп, ұсыныс-хат беруге болады деген норма жазып қойдық. Оның қаншалықты іске асатынын алда көре жатармыз. Егер ол адам шекарадан келетін болса, оны бес күннің ішінде тіркеп, үш айдың ішінде тексереді. Сосын комиссияның шешімі бойынша, оған босқын мәртебесін бір жылға ғана береді. Бір жылдан соң елінде жағдай оңалса, қайтарылады, болмаса қауіпсіз үшінші елге өткізіледі. Ал қазақ келмей жатыр дейді. Неге? Қазақты біз ақшасын дайындап, үйін салып, күтіп отырмыз. Оны басқа мемлекетке барып тұрып көшіріп алу, басқа елдің азаматтарын үгіттеу өзімізді қылмысты етеді. Бір елдің азаматына барып, «сен қазақсың, дереу көш» деп айту оңай емес. Қытайға барып солай деп көрші, соттап, Гоби шөліне апарып, канал қаздырып қойсын... Бұл бағытта біз де ақырындап баспасөз арқылы, зиялы қауым арқылы үгіт жұмыстарын жүргізудеміз. Қандастарымыз шамасынша келіп жатыр.

Бейтарап пікір
Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Қай жерден көрсеңіздер де, базарларда, көшелерде толып жүрген тәжіктер. Олар босқындар ма, келімсектер ме, ешкім білмейді. Мұндай адамдар қылмыс та жасауы мүмкін, ауру таратуға да себепші болуы мүмкін. Сондықтан Босқындар туралы заң қабылданады екен, соған сәйкес Қазақстанда заңсыз жүрген адамдардың бәрін қайтадан тексеріп, тіркеуден өткізу керек. Сосын шығаратынын шығарып, заң талаптарына сай келетіндеріне тиісті құжат берілуі қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста