«Бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып жүрген әндердің көпшілігі – көшірме» деген пікірмен келісесіз бе?
Қазіргі жаһанданған әлемде әрбір халық өзінің рухани құндылықтары мен ұлттық мәдениетін сақтап қалуға тырысуда. Бұл ретте алпауыт елдердің аз ұлттарға мәдени экспансиясы өте күшті екенін ескеру қажет. Бір ғана эстрада жанрын алып қарайтын болсақ, бұл бағытта бүгінгі қазақ әнінің жай-күйі лайықты деңгейдегі өз биігіне көтерілмей отырғаны анық. Өз әнімізді өз тыңдармандарымызға толыққанды сіңіре алмай жүргенде, өзгенің хитке айналған дайын дүниесін, тонын теріс айналдырып, өз ыңғайымызға көндіріп ала қоюымыз да қаншалықты қисынды екен? Мысалы, қырғыздың «Шоқ қыздар», «Қызыл өрік», кәрістерден алған «Жанған (Гангнам) стайл» деп аталатын танымал туындылары қазақ тыңдармандарының «құлақ құрышын қандыруда». Осы орайда ел ішінде «бүгінгі қазақ эстрадасында хит болып жүрген әндердің көпшілігі көшірме болып бара жатыр» деген пікірлердің айтылып жүргені де тегін болмаса керек. Бұған ән саласы мамандарының өздері не дейді екен?
Майра Ілиясова, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі:
иә
– Біз – өн бойына өнер тұнған халықпыз, алайда сол бар дүниемізді кеңінен насихаттай алмай жүрген жайымыз бар. Әншілік жолда жүрген көптеген жастарымыз, негізінен, той-томалақта жұрттың бір уақыт көңілін көтеруге бағытталған жеңіл-желпі ырғақтарға құралатын секеңдететін әндерге құмар. Содан келіп осындай талғамсыз дүниелерді жабыла келіп жарнамалап, жартыкеш әндерді хит жасап, орындаушыларын «жұлдыз» етіп жібереміз. Бірақ мұны жалпы тыңдарман қауым қабылдап отыр деп айтуға болмайды. Бізде ән мен әншінің рейтингісін жасауға талғамсыз тыңдармандар, яғни қолы бос, ұлттық тәрбиеден алыстау санаттағы адамдар қатысады.
Өйткені жеңіл ойлайтын адамдар жеңіл әндерді тез сіңіріп ала қояды. Десек те, қазақта жалпақ жұртқа ұсынатын тамаша әндер жетерлік. Ұлттық классикалық әндеріміз болса әлі күнге дейін сахнадан түспей келеді. Қазіргі тілмен айтсақ, олардың қай-қайсысы болсын хитке лайық, тек соны санамызға сіңірудің кілтін таба алмай отырғанымыз болмаса... Құдайға шүкір, қазір қазақ ән өнеріне шын ниетімен қызмет етіп, жан-жақты ізденіп, өзіміздің эстрадамыз бен дәстүрлі музыкамызды қалай дамытсақ деп жүрген жастарымыз аз емес. Бірақ ұлттық бағыттағы дүниелеріміз тағы сол шетелдік хиттердің көлеңкесінде қалып жатады. Қазіргі кезде шетелде шыққан даңғаза әуендерді өздерінше қазақыландырып айту үрдісі белең алып бара жатқаны рас. Мұны, ең әуелі, осы бағытты ұстанып отырған жас өнерпаздың барынша ізденбейтіндігінің көрінісі деуге болады. Көшірме ән жасау – бұл өнердің ең оңай түріне айнала бастағандай. Сонда өзіміздің жүректен шыққан өз әніміз қайда қалады? Ертең шекарамыздың арғы жағынан тағы бір хит ән шықса, оны да өзіміздің тілге иілдіріп ала бермекпіз ба? Осылай кете берсек, қазақ эстрадасын әлемдік деңгейге көтере алмаспыз. Қолдан жасалған хит әндер – «бүгін бар да, ертең жоқ» дүние. Дегенмен жеңіл-желпі дүниелердің ұлттық санаға тигізер залалын кім ойлап жүр? Бүгінде өнердің әр бағытын саралап-сараптап отырған кім бар? Радио, телеарналар мен баспасөз де өздері қалаған дүниесін насихаттайды. Жақсы мен жаманды таразылап, есті ән мен ессіз әнді іріктеп, електен өткізіп отыратын белгілі бір орталықтандырылған көркемдік кеңес те жоқ. Кім не айтам десе өз еркі – заман солай болып тұр. Кімнің аузына қақпақ бола аласың? Бірақ қазақ өнеріне шын жанымыз ашыса, өзгеге еліктеушілікті тыюымыз керек.
Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Гүлдер» ансамблінің директоры:
жоқ
– Қазіргі қазақ эстрадасы заманауи тұрғыдан қалыптасу жолында келе жатыр. Бұл жолда, әрине, әртүрлі ізденістер, эксперименттер, тың идеялар орын алып жатады. Демек, бүгінде әншілік бағытта жүрген жастардың көпшілігі өзіндік келбеті мен үнін, ерекше стильдерін іздестіру үстінде. Бұл ретте, қазақ эстрадасы жаппай көшірме әндермен толығып кетті деп байбалам салудың қажеті не? Миллиондаған тыңдармандардың жүрегін жаулаған хитке айналған шетелдік бір әннің қазақша нұсқасын жасауда қандай қайшылық болуы тиіс? Керек десеңіз, кейбір көршілес елдердегі өнерпаздар бірқатар қазақ әндерін өз тілдері мен түсініктеріне лайықтап орындап жүр емес пе?
Бұл – эстрада жанрында орын алып тұратын қалыпты құбылыс, өтпелі үрдіс. Уақыт жақсы дүниелерді өзі екшеп қалады. Кейбіреулер қазақтың төл әндерін көшірме әндер ығыстырып бара жатыр дегенді алға тартады. Мұндай дүниелер соншалықты көп емес қой. Қазір аудиториясы миллиардтап саналатын қытайлықтар да, кәрістер де, өзімізге жақын көрші қырғыз бен өзбек те көшірме әндерді жарыққа шығарумен айналысып келеді. Бұл бізде ғана көрініс тауып отырған жоқ. Шоу индустриясын дамыту үшін мұндай сатыдан бұдан бұрынырақта Ресей әншілері де өткен. Бізде бұл салада көп дүние кенжелеп дамитын болғандықтан, сол сатыдан енді ғана өтіп келеміз. Тоқсаныншы жылдардың басындағы ресейлік эстраданың басым бөлігін көшірме әндер құрады. Олар сол арқылы шоу-бизнес жасауға талпынды, тыңдармандар аудиториясын қалыптастырды, содан соң барып таза өздерінің эстрада мектебін дамытты. Меніңше, біз де осыны бастан кешіретін сияқтымыз. Жалпы, көшірме әндер туралы әңгіме айтыла қалса, көпшілігіміз «мына әнді бәленшеден ұрлап алыпты» деп жатамыз. Басын ашып алатын нәрсе – көшірме ән жасау бір бөлек те, плагиаттық жасау мүлде бөлек дүние. Мысалы, кезінде бүкіл Кеңестер Одағы бойынша кең тараған «Көктемнің 17 сәті» деген көпсериялы фильмнің басында Микаэл Таривердиевтің әні орындалады. Кейін белгілі болғандай, бұл әннің түпнұсқасы 20-30 жылдардағы француздардың сүйіп тыңдайтын әні болған. Алайда Кеңестер Одағы шу шықпасын деп, Францияға сол плагиаттығы үшін 3 миллион рубль төлеген. Кезінде бұл мәліметтер құпия сақталған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өнерде мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Ал біздің эстрада өкілдерінің шетелден алып отырған әндерін плагиаттыққа жатқызуға болмайды. Плагиаттық дегеніміз – өзгенің шығармашылық дүниесін өз атыңнан пайдалану, яғни ұрлық болып саналады. Біздің жас орындаушыларымыз өзгенің рейтингісі жоғары әндерін қазақшалап жатса, демек, оның да өз тыңдармандары бар деген сөз. Бұл, біріншіден, сұраныс мәселесі. Алайда сондай дүниелерге сұраныс көп екен деп талғамды түсіріп алмауымыз керек. Қалай десек те, өз әнімізді өзіміз шығарып, өзіміз орындап, өзіміз тыңдап, өзгелерге де тыңдата білгенге не жетсін?!
Қосымша пікір
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:
– Бүгінгі заманда мені өнердегі талғамсыздық мәселесі қатты толғандырып жүр. Біз үшін қазақ әнінен асқан ән болмауы керек. Сөйте тұра неге біздің эстрадада жүрген кейбір жастарымыз шетелдің айқайшыл әндерін құлағымызға күштеп сіңіргісі келеді? Кейінгі кезде шетелдің жеңіл-желпі әуендері мен әндері санамызды барынша жаулап барады дегенді айтып жүрміз. Бір жағынан қарасақ, олар бізге «менің әнімді тыңдаңдар» деп тықпалап отырған жоқ. Керісінше, дүбәра нәрселерді өзіміз өз ыңғайымызға икемдеп алып жатқан сияқтымыз. Басқаның дүниесіне бас ұратын қазақтың өнердегі жастары алдымен өз ұлтының құндылығын дәріптеп, өзінің төл өнерінің дамуына мүдделі болуы керек емес пе?!.