Букмекерлік кеңселердің қызметін құмар ойындар санатына жатқызу керек пе?
Соңғы кездері елімізде букмекерлік кеңселер күрт көбейіп кетті. Бәс тігіп, бәсекелестік көркін қыздыратын кеңсеге келушілердің де саны артқан. Сондықтан жақында Мәжіліс депутаттары нақ осы букмекерлік кеңселердің көбейгеніне алаңдап, олардың қызметін шектеуге бағытталған ұсынысты көтерді. Осыған орай мұндай орталықтар турасындағы қоғамдық пікір де екіге жарылды. Мәжілісмендер букмекерлік кеңселердің салдарынан көптеген адамдардың зардап шегіп жатқанын айтып, оны құмар ойындар қатарына жатқызуды сұраса, бірқатар спорт мамандары үлкен спорттық додалардың жанкүйерлері бас қосатын букмекерлік кеңселерді құмар ойындар қатарына жатқызуға қарсы. Сондықтан біз де букмекер орталықтарына қатысты мамандар пікірін таразыға салып, артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Әлбетте, букмекерлік кеңселердің қызметін құмар ойындар қатарына жатқызу керек. Соңғы кездері елімізде букмекерлік кеңселердің көбеюімен бірге оған баратын адамдар қатары да арта түсті. Букмекерлік кеңселерге баратын адамның бойында оған деген қызығушылықпен қатар, әр барған сайын құмарлық та өсе түседі. Сондықтан онда бір барған адам бірнеше қайтара барып, ақшасын ұттыра береді. Букмекерлік кеңсеге барғандардың 90%-ы жеңіліп қалады, бәске тіккен дүниесінен де айрылып жатады. Бірде Бурабайдағы букмекерлік кеңсеге бас сұққанымда, ондағы қызметкерлермен сөйлесіп, көбінесе қандай жас аралығындағы адамдар келетінін сұрадым.
Сонда букмекерлік кеңсе қызметкерлері көбінесе жастар мен зейнеткерлер келетінін айтты. Жастар мен зейнеткерлер – алаяқтарға тез алданатын әлсіз, қорғалмаған топ. Біз қазір казиноларды шетке көшіріп, халықтың құмар ойындарға құмарлығын шектедік деп жүрміз. Алайда адамдар казинодан ғана ойын тәуелділігіне ұшырамайды. Оларға букмекерлік кеңселер де елеулі түрде әсер етіп жатыр.
Шыны керек, бүгінде барлық қаламызда букмекерлік кеңселер көбейіп кетті. Және олар кез келген жерді, студенттік жатақханалар мен орталық көшелерді, жастар көп жүретін орындарды жаулап алды. Осыдан келіп жастардың айтарлықтай бөлігі игроманияға шалдығып, букмекерлік кеңселерге жиі бас сұғатын болды. Соның айғағы: соңғы уақытта маған ойынқұмарлардың ата-аналары мен жақындары букмекерлік кеңселерді жабу туралы мәселе көтеруімді сұрап, бірнеше мәрте хабарласты. Жақын танысымның баласы да букмекерлік кеңсенің «тұтқынына» айналған. Қалтасындағы бар ақшасын ұттырғанымен қоймай, үй-ішіндегі мүлкін, бағалы заттарын, алтынға шейін ломбардқа өткізіп, ақшасын апарып, букмекерлік кеңсеге тігетін жастар көбеюде. Олар жеңілген сайын ұттырған ақшасын қайтарып аламын деген үмітпен қайтадан барып ақшасын салады. Ал бұл құмар ойын емей немене?! Демек, букмекерлік кеңселерді құмар ойындар санатына жатқызу керек. Кейбір шетелдерде өзінің букмекерлік кеңсенің құлына айналғанын сезген жастар не олардың ата-аналары букмекерлік кеңсеге өзін не баласын кіргізбеу туралы өтініш жазады екен. Яғни олар өз-өздерін ұстай алмай қалатындықтан, букмекерлік кеңсенің әкімшілігіне өздерін аластау туралы өтініштерін бере алады. Ал бізде ешқандай бақылау, тіпті адамдардың жасына қарай шектеу де енгізілмеген. Букмекерлік кеңсе адамды еркінен айырып, құмар қылатын ойын екенін біз түсінуіміз керек. Белоруссияда жақында букмекерлік кеңселерге тыйым салды. Сондықтан біз де оларды құмар ойындар санатына жатқызып, қаланың ішінен шеткері аймақтарға көшірсек дұрыс болар еді.
Дәл қазір букмекерлік кеңселерді ешкім бақыламайды. Оларды құмар ойындар қатарына жатқызбай, бақылау да жасамағаннан кейін олар шектен шығуда. Айта кетер жайт – букмекерлік кеңсенің бәсіне де шектеу жоқ. Тіпті бәске үйіңді тігіп, үйіңнен де айырылуға болады. Сондықтан букмекерлік кеңсеге қатысты туындап отырған мәселе көп. Қазір ойынқұмар жастарды ойын тәуелділігінен, оның ішінде букмекерлік кеңселер қызметінен қорғау бойынша қосымша тетіктер енгізу туралы ұсыныстар айтып отырмыз. Олардың жұмыс уақытын шектеу, түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салу, букмекерлік кеңселерді білім беру ұйымдары мен студенттік жатақханаларға таяу маңға орналастыруға тыйым салу, мұндай мекемелерге лицензия талабын да күшейту секілді ұсыныстарымыз орындалса дұрыс болар еді.
Әли-Айдар ШЕРАЛЫ, спорт жанкүйері:
жоқ
–Жоқ, меніңше букмекерлік кеңселерді құмар ойындар санатына жатқызу дұрыс емес. Құмар ойындарға адамдар ақша ұтып алу мақсатында барса, букмекерлік кеңселерге үлкен спорттық ойындарға жанкүйерлік ету мақсатында барады. Яғни басты мақсаты ақшасын еселеп көбейтіп, ұту емес. Өзі жанкүйерлік ететін қандай да бір командасының намысын қорғау, бәс тіге отырып, оның артықшылығын дәлелдеуге тырысады. Мәселен, футбол – миллиондардың ойыны. Адамзат баласының тарихында ең көрермені де көп, жанкүйері де көп бір ойын болатын болса, ол – футбол. Бұрынғы заманда бұл тек ер азаматтарға тән ойын саналып келсе, уақыт өте келе, футболды әйел заты да көретін болды.
Тамашалағанды былай қойғанның өзінде, осы ойынды ойнайды. Бүгінде әрбір мемлекетте футболдан әйелдер құрамалары бар. Арнайы футбол клубтары жұмыс істеп жатыр. Бұл – футбол жас талғамайтын, ер-әйел деп бөліп қарамайтын, барлық адамзатқа тән ойын деген сөз. Ендеше, өзі ұнатып, жанкүйерлік ететін футбол ойынына бәс тігіп, жанкүйерлік еткенде не тұр?!
Футбол – нарықтың барлық талаптарына жауап беретін ойын. Осы ойынның арқасында қаншама адам табыс тауып жатыр. Ал енді неге қарапайым жанкүйердің футбол арқылы табыс таппауы керек? Мысалы, жанкүйер түн ұйқысынан қалып футбол тамашалайды. Алаңдағы қос команданың әлеуетін біледі, жобалайды. Ойында қанша рет бұрыштама добының соғылатынын, қанша сары қағаз көтерілетінін, доп айырмасының қандай болатынына дейін болжап біледі. Енді қараңыз, Жанкүйер ойынды түнімен көреді. Болжамы тура келеді. Егер букмекерлік кеңсеге барып ақша тіксе, мол қаржыға кенелетіні анық қой?! Ақыры сол футболды көреді. Нәтиженің қандай болмағын іштей біледі. Неге енді осы біліктілігін өзінің қаржылық жағдайын жақсартуға жұмсамайды?! Ал біз оған неліктен тыйым салуымыз керек?
Бір ғана мәселе бар. Букмекерлік кеңсеге кіретін адамдардың жасына байланысты шектеу қою қажет. Жас балалардың ақша тігіп, ұтылып қалып жатқан жағдайы өте көп. Бұлай болуы заңды да. Өйткені бұл – тәжірибесіздік. Сондықтан букмекерлік кеңселер мектептен алыс жерде орналасып, оған оқушыларды кіргізбеу туралы заң шықса, қуана қолдауға болады. Ал букмекерлік кеңселерді казиномен мүлдем салыстыруға келмейді.
Бейтарап пікір
Қайрат АМАНГЕЛДИЕВ, заңгер:
– Бүгінде букмекерлік кеңселер әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Сондықтан біз де букмекерлік кеңселерді жауып не жаппай шектеу енгізгеннен гөрі оған келетін адамдардың жасына қарай, сосын тігілетін бәстің түріне қарай шектеу енгізсек, бар мәселе шешілер еді. Қалай болған күннің өзінде біз адамдардың еркіне шектеу қоя алмаймыз. Оны құмар ойын деп тауып, шетке көшіргенмен не санаулы жерде ғана ашқанмен, баратын адамдар саны азаймайды. Өйткені тыйым салынған нәрсеге адамдардың құмары тіпті арта түсетіні белгілі. Сондықтан құмар ойындар санатына қосып аластаудан гөрі, заңнамалық тұрғыдан оған баратын адамдардың жасына қарай шектеу енгізген дұрыс шығар.