Дәрі-дәрмектің сатылуына сертификат беруді орталықтандыру керек пе?
Негізі, бізде дәрі-дәрмектің сатылуына сертификатты жеке серіктестіктер де, сондай-ақ жергілікті фармацевтиканы бақылау департаменттері де береді. Осы ретте кейбір мамандар сертификатты жеке серіктестіктер емес, мемлекеттік орындар беруі керек деп көтеріп жүр. Ал кейбіреулер бұл пікірмен келіспейді. Жалпы, дәрі-дәрмектің сатылуына сертификат беруді орталықтандыру керек пе? Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.
Талғат НҰРҒОЖИН, медицина ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Дәрі-дәрмекке қатысты сертификат беруді міндетті түрде орталықтандыру керек. Өйткені осыған дейін сертификат беруді мемлекеттік мекемелер де, жеке серіктестіктер де атқара беретін. Бірақ жеке шаруашылықтар өздері дәрі-дәрмек шығарады да, өздерінің шығарған заттарына өздері сертификат береді. Көрдіңіз бе? Кім өзі шығарған затына жаман деп баға береді дейсіз? Ешкім де. Сондықтан сертификат беруде мұқият болғанымыз жөн. Осыдан келіп елімізде сапасыз дәрі-дәрмектер таратылуда. Ал оны бақылап отырған ешкім жоқ. Егер Үкімет тарапынан жеке шаруашылықтарға сертификат беруге мүмкіндік берілсе, онда олар дәрі-дәрмек шығарумен айналыспауы керек. Тек қана сертификат жасаумен айналысып, дәрілердің сапасына көңіл бөлуі тиіс.
Ал олар дәріні шығара отырып, оның сапасын тексерумен өздері айналысатын болса, онда ол жерде қандай сапа болуы мүмкін? Бұл тек қана көзбояушылық болып есептеледі. Сондықтан дәріні бақылап, оған сертификат беретін орындар орталықтандырылып, мемлекет тарапынан берілуі керек деп есептеймін. Себебі мемлекеттік органдар тексеріп, солар ғана сертификат беретін болса, онда сапасыз дәрілер таратылмайтын еді. Әрине, тек мемлекеттік мекемелер ғана сертификат беретін болса, онда міндетті түрде бәсекелестік жойылады. Осы ретте жеке шаруашылықтарға да сертификат беруге мүмкіндік жасау қажет-ақ. Бірақ онда оларға дәрі-дәрмек шығарумен айналысуға тыйым салған жөн. Осы жағы қатаң ескерілсе екен. Сертификат берсін, бірақ дәрі шығармасын. Егер олай болмай ма, онда сертификат беруді мемлекеттік орындардың құзыретіне беру қажет.
Негізі, дәрі-дәрмек – тиісті орындар тарапынан қаралатын үлкен жауапкершілікті жұмыс. Бұл халықтың денсаулығына әсер ететін болғаннан кейін бұған немқұрайды қарауға болмайды. Бұл жерде халық денсаулығы алдыңғы қатарда тұрғаннан кейін оған мемлекет тарапынан бақылаудың қатаң болғаны дұрыс. Ал әркім жеке серіктестік ашып, сапасыз дәрілерді сатуға мүмкіндік жасай беретін болса, онда халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіреміз. Сондықтан дәрі-дәрмекке сертификат берерде аса ыждағатты болғанымыз жөн. Кезінде біз жекеменшіктерге сертификат беруге рұқсат беріп алдық та, сапасыз дәрілерді көбейттік. Енді осыдан құтыла алмай отырмыз. Сондықтан дәріге қатысты сертификатты мемлекеттің құзыретіне беріп, аймақтарда зертханаларды көптеп ашуымыз қажет.
Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымының докторы:
Жоқ
– Егер біз дәрінің сатылуына сертификат беруді бір орталыққа бағындыратын болсақ және ол мемлекеттің құзырына өтетін болса, онда біз жеке кәсіпкерлікке қатысты заңға қайшы әрекет ететін боламыз. Ол кезде бәсекелестік болмайды. Мұндай жағдайда бұл салада жемқорлық кең етек алып, монополистердің қолына өтіп кетуі мүмкін. Өйткені сертификатты осыдан басқа ешкім шеше алмай қалады. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан бұл жерде әртүрлі жеке кәсіпорындардың да мұнымен айналысқаны орынды деп есептеймін. Естеріңізде болса, бұрындары дәрі-дәрмектерді сату алдындағы барлық рәсімдер Үкіметтің міндетіне жүктелген болатын. Ол кез Тәуелсіздігімізді алғаш алған тұс еді. Осындай қиын кезде Үкіметтің мойнына ауыр жүк түсті.
Көп нәрсеге үлгере алмай жатқан соң, тиісті министрлік дәрі-дәрмектерді тексеруден өткізуді жекеменшік зертханаларға берді. Енді келіп сертификат беруді қайтадан алып қоятын болсақ, онда осы салада жұмысын дөңгелетіп алған кәсіпкерлерге қиянат жасағандай боламыз. Әрине, мұны алғаш қолына алған кезде жекеменшік зертханалардың ахуалы сын көтермейтін жағдайда болды. Алайда қазіргі таңда зертханалардың қатары көбейіп, жұмыс сапасы да едәуір жақсарды. Енді оны қайтадан алып қойсақ, ол әділеттілікке жата ма? Біз бұлай істеу арқылы қаншама кәсіпкерлерді жұмыссыз қалдырамыз. Жарайды, екі қолға бір күрек табылар. Дегенмен дәрілік препараттарды тасымалдайтын кәсіпкерлердің 90 пайызы Алматыда. Демек, сырттан келіп жатқан тауарлардың барлығы осы қалаға кеп ағылады. Қазір олар жылап жүр. Өйткені Алматыдағы зертханалар олардың барлығын дер кезінде қабылдауға үлгермей жатыр. Сол себепті кәсіпкерлерді Шымкент, Тараз қалаларына жіберуде. Қазір ол аймақтарда да кезек көбейіп кеткенге ұқсайды. Енді олардың Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарына сабылуларына тура келіп тұр. Мұның барлығы, біріншіден, уақыт алады; екіншіден, адамдарды сергелдеңге салып қояды; үшіншіден, кәсіпкердің шығыны арта түседі; ал төртіншіден, кезексіз өту үшін таныс-тамыр іздеп, пара беру басталады. Осыдан барып, кәсіпкер дәрі-дәрмек құнын өсіруге мәжбүр болады. Сондықтан осы жағын да ескергеніміз жөн. Рұқсат қағазын Үкіметтің бергені өте дұрыс. Мен оған қосыламын. Ал дәрі-дәрмектерді жекеменшік зертханаларда тексерсе, оның ешқандай ерсілігі жоқ. Сондықтан егер мұндай қадамдарға баратын болсақ, онда бұл саланың ұңғыл-шұңғылының барлығын терең зерттеп, аса ұқыптылықпен келген жөн. Менің бір түсінбейтінім – кезінде министрдің өзі фармацевтика саласын жекешелендіруді қолдаған болатын. Енді келіп өз әрекетіне өзі қарсы шығып отыр. Досқалиев — жақсы хирург. Оны мен мойындаймын. Дегенмен дайын тұрған әрі өміршеңдігін дәлелдеп, тәжірибе жинақтаған зертханаларды жарамсыз етіп жағаға лақтырып, ескерусіз қалдыру үлкен қателік деп есептеймін.
Бейтарап пікір
Совет-Хан ҒАББАСОВ, медицина ғылымының докторы:
– Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің фармацевтика саласы екі рет реформаланды. Алғашқысы 1997 жылы болса, екіншісі осы жуырда орын алды. Шынымды айтсам, осы екеуіне де менің көңілім толған жоқ. Бір тығырықтан шыға алмай жатып, екінші бір тығырыққа тірелеміз. Соңғы реформа да алғашқы реформаның кебін киіп отыр. Бұл жерде сертификат беруді орталықтандырсақ та немесе басқа қылсақ та, оның ешқандай пайдасы жоқ. Бұл тығырықтан шығудың жолы емес. Ең бастысы, қадағалау механизмін дұрыс жүйеге қоя білуіміз қажет. Егер сертификат беретін орындарды бақылайтын мамандар өз жұмысына адал болса, ыждағатты жұмыс істейтін болса ғана бұл сала ретке келер еді.