Денсаулығында кемістігі бар жетім балаларды шетелдіктерге асырауға берген дұрыс па?
Жетім балалар тағдыры қоғамдағы ауыр тақырыптардың бірі екені айтпаса да түсінікті. Ал оларды шетелдіктерге асырауға беру де үлкен талас-тартыс тудырып келген күрделі мәселелердің қатарында. Жақында ғана Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Неке және отбасы» Кодексінің жобасы қаралды. Талқылау барысында жетімдер жайы тағы бас көтерді. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері «шетелге тек ауру балаларды беріп жатырмыз» дейді. Ал, жалпы, ауру болса да өз балаларымызды өзгеге берудің мүлдем жөні жоқ дейтін азаматтар да бар екен.
Жұмажан ЖҮКЕНОВ, Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:
Иә
– Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, көптеген бастамаларды іске асыруымыз керек. Елімізде баланы асырап алуда алдымен оның туыстарына, сосын барып Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. Ал жетім бала ауру болса және оның ешқандай асырап алушысы болмаса, оны сот арқылы шетел азаматтарының асырап алуына мүмкіндігі бар. Бұл «Неке және отбасы» Кодексі жобасының 77-78 баптарында көрсетілген. Бүгінгі күні біздегі жетім балалардың 80 пайыздан астамы ауру балалар. Шетелдіктерге бала асырауға берген кезде олардың барлық құжаттары мұқият тексеріледі. Тиісті органдар олардың қаржылық ахуалы, денсаулығы, қысқасы, барлық жағдайын жан-жақты зерттейді. Балаларды асырап алудың да өзіндік құпиясы бар. Оны заң жүзінде барлығы біледі.
Ауру балаларды ел азаматтарының қаншасы асырап алғандығы туралы біз зерттеу жүргізген жоқпыз. Өйткені «сен қандай бала асырап алдың» деп ешкімнен сұрай алмаймыз. Оны соттың шешімі белгілейді. Бірақ шындыққа қарасақ, біздің азаматтар көбінесе ауруы жоқ, түрі өздеріне ұқсайтын, және жасы бірге толмаған бала асырап алғысы келеді. Шындығында, жетімдер үйіне барған балалардың көбінің денсаулығы дұрыс емес. Ал шетелдіктер ондай ауру балаларды алған соң, емдеп көмектеседі. Мен олардың жүре алмай қалған баланы жүргізгенін өз көзіммен көріп, таңғалдым. Операция жасап, сүйектерінің арасына пластик қойып емдепті. Оны бала өскен сайын ауыстырып тұрамыз дейді. Сосын біз шетелге жетімдерді мыңдап беріп жатқан жоқпыз ғой. Былтыр 700 ғана баланы жібердік. Жылдан-жылға ол санды азайтуға ұмтылып келеміз. Құжаттарын қатты қадағалап отырмыз. Кейбір дұрыс болмаған жағдайларға байланысты шетелдік ата-аналардың 130-дан астам құжатын кері қайтарып жібердік. Менің ойымша, барлығы заң-тәртіпке сай келіп тұрса, шетелдіктерге бала беруді дұрыс деп ойлаймын. Келешекте бұл жағдай баланың жазылуына себепші болып, денсаулығының түзелуіне көмегі тисе, несі жаман?! Балалар құқын қорғайтын конвенцияға қосылдық. Халықаралық заң барлық заңдардан жоғары тұратынын ескерсек, біз балаларымыздың шетелге кеткеннен кейінгі тағдырын біліп, жағдайын жіті бақылап отыруға әбден мүмкіндігіміз бар деген сөз. Біз өз азаматтарымызға бала беруде де олармен жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Себебі кей азаматтар «денсаулығы жарамайды» деп алған балаларды қайтарып беретін оқиғалар кездеседі. Бұл ата-ананың дайындықсыздығын көрсетіп отыр. Және олардың басына түскен қиыншылыққа төзе алмағанының дәлелі. Неге десеңіз, өз баласы болса, қандай жағдай болса да, жақсылық жасауға тырысады ғой. Сондықтан әрбір бала отбасында тәрбиеленсе, асырап алған әке-шешесі болса да, «айналайын» деп басынан сипап, мейірлене қарағанын көріп өссе, ол балалар үйінде өмір сүргеннен гөрі басқаша болмай ма?! Сондықтан шетелге кеткен баланың да жағдайы жаман деуге болмайды. Ол 18-ге толғанша Қазақстан азаматы болып есептеледі. Және жыл сайын жіберілген бейне таспаларын алып, баланың қалай өсіп жатқанын біліп отырамыз.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
Жоқ
– Мен бұған түбегейлі қарсымын. Бұл – жалпы, адамгершілікке жатпайтын әрекет. Қай қазақ баласын осындай мүсәпір күйге ұшыратып еді?! Отбасында 4-5 балаң бар дейік, Алланың жазуымен біреуі кемтар болып туса, оны лақтырып тастайсың ба? Ал Отан – біздің үлкен отбасымыз. Ол балалар, кінәсіз сәбилер қанша әке-шешесіз тұлдыр жетім дегенмен, оның Отан атты үлкен анасы, отбасы бар емес пе?! Қазақ деген қара ормандай елі, жұрты бар емес пе?! Атам заманнан мұндай сорақылық, азғын дық болып па еді?! Иә, қазір заман бұзылған шығар, сонда заманның бұзылғаны осы екен деп, бүкіл бір мемлекет, байлығы жетіп жатқан қуатты ел өз ұрпағын жат елге беті бүлк етпей бере салып жатса не болғанымыз? Сондықтан бұл – адамгершілікке жатпайтын, қазақтың табиғатына жат болып саналатын көргенсіздік.
Бұл – тіпті асқан-тасқандық, адамгершіліктен кеткендік. Бұл – айта берсең, осыны айтып отырған Парламенттің азғандығы. Өткенде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтің өзі айтып отыр, елімізде 46 мыңдай жетім бала бар екен! Олардың 16 мыңдайы ғана жетімдер үйінде тәрбиеленеді екен. Миллион бала болса бір сәрі, сонда осы аз ғана баланы бағып-қағуға біздің шамамыз жетпей ме?! Асып-тасып жатыр дейтін байлығымыз, мұнай-газымыз қайда? Жарайды, ауру дейік. Басқалар емдеп жазған ауруды бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіргелі отырған Қазақстан мемлекеті емдеп жаза алмай ма? Дамып жатыр деген медицинамыз қайда сонда? Жыл сайын салынып жатқан ауруханалар, озық техникамен жабдықталған емханалар, арнаулы орталықтар бар емес пе. Солардың бірі – Астанада тұрған ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы. Оларға әкелініп жатқан соңғы үлгідегі жабдықтар, оны меңгеру үшін шетелге білім алуға жіберіліп жатқан маман-дәрігерлеріміз бар емес пе? Студенттеріміз қайда, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келіп жатқан. Әлде осының бәрі әншейін құр атақ, ақшаны желге шашқандық па? Онсыз да елдің ақшасын үріп ішіп, жымқырып жатқан генералдар мен министрлер, комитет пен басқарма бастықтары шетінен ұсталып жатыр ғой. Әбден іріп-шіріп кеттік. Бұл – ұрпақты қатыгездікке тәрбиелейтін идея. Ертеңгі күні қартайған, ауырып-сырқаған әке-шешеңді де сат, лақтырып таста деген әңгімеге келіп саяды ғой бұл. Елдігімізге сын әрекет жасап отырмыз, түсінген адамға. «Мал құлағы саңырау», бұны адам айтатын, қазақ айтатын сөз емес. Не жетпей жатыр, жетім баланы сатып. Қазақ қолында баққан малын сатқанда да қатты күйзелетін халық емес пе еді. Балалардың 80 пайызы ауру дейді. Денсаулығы 100 пайыз кім бар екен?! Соның бәрі шетінен өлім аузында тұр дегенге сену қиын. «Бір төл артық туса, бір шөптің басы айыр шығады» деген. Олардың әрқайсысының өз несібесі бар. Ауру деген – әншейін құр сылтау. Айта берсең, соны арқау етіп сау балаларды да шетел асырып жатқандар жоқ екенін кім тексеріп көріпті. Әуелі одан бизнес жасап жатқандар да бар. Барлық елде ауру балалар бар. Соның бәрі сатып, шетелге беріп жатыр ма екен? Меніңше, рухы берік, намысы биік елдер әсте ондай опасыздыққа бармайды. Біздің мынадай әрекетіміз арқылы ертең қатыгез ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Ауру-сырқауына қарамайтын, лақтырып тастайтын қоғам қалыптастырады олар. Өйткені бүгінгі айтып отырғанымыз, көрсетіп отырған өнегеміз – осы. 6 мың жетім баламызды америкалықтар алыпты. Олар ауру балаға не үшін қызығады. Мүмкін, денесінің сау мүшелерін алып, пайдаға жарататын шығар. Соны сатып, бизнес жасайтын шығар. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Сондықтан ауру болса да, өз қанымызды, бауыр етімізді кесіп алғандай жағдай жасамайық. Өзіміз асырап, өзімізде-ақ емдейік. Сонда ғана Отанына адал, ақ жүрек ұрпақ өсіре аламыз.
Түйін
Ел ағасы Аманкелді Айталы айтқандай, балаларын тәрбиелей алмай, шетелге асырауға беру – негізінен, кедей мемлекеттерге, тұрғындарының көп бөлігі қайыршы, сондай-ақ патриоттық сана-сезімі төмен елдерге тән құбылыс. Ал ауру балалардың шетел асырылуы да қазақстандық патриотизмнің жағдайынан хабар беріп тұрғандай. Еліміздегі жетім балалардың шетелдіктерге берілуіне халықтың басым көпшілігі қарсы. Оны бала беріле бастаған 1999 жылдан бері шырылдап айтып та келе жатыр. Демек, Қазақстаннан шетелдіктерге бала берілуі бұл Қазақстандағы билік тізгінін ұстап отырғандар мен соларға ықпал етушілердің ғана сезімінің көрсеткіші болып табылады.