Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге асығыстық танытып жатқан жоқпыз ба?
Қазақстандықтардың Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің пайдасы мен зиянын талқылап жүргеніне талай уақыт өтті. Он жыл бұрын біз ДСҰ-ға әлі ерте деген пікірді көп айттық. Саяси шешіммен оны кейінге ысырғандай болдық. Әрі аталған ұйым тарапынан да Қазақстан экономикасындағы ДСҰ талаптарына сай келмейтін мәселелер бар екені айтылды. Енді бұл мәселе қайтадан күн тәртібіне шығып, Қазақстанның ДСҰ-ға енуіне санаулы күндер қалғанда бұл шешімді асығыстыққа балайтын сарапшылар пайда болып жатыр. Әрине, олардың да айтар салмақты уәжі бар.
Марат Шибұтов, Шекаралық ынтымақтастық қауымдастығының сарапшысы:
иә
– Расында, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге асығыстық танытып жатырмыз. Менің қолымда болса, ДСҰ-ға ену процесін бес жылға шегеріп тастар едім. Ішкі өндірісіміз әлі өте әлсіз. Тұрғындарымыздың еңбекпен қамтылуының деңгейі төмен. ДСҰ-ға енген жағдайда біз шетелдік кәсіпкерлерге ғана емес, жұмыс күшіне де есік ашып береміз. Бұл еліміздегі жұмыссыздықты одан ары арттырып жіберуі мүмкін.
Осыдан он жыл бұрын да Қазақстанда ДСҰ-ға кіру-кірмеу жөнінде пікірталастар жүріп жатты. Біз сол деңгейден әлі көп аса қойған жоқпыз. Біздің әлемдік сауда ұйымына енуімізге өзімізден гөрі шетелдіктер мүдделі болып отыр. Қысқасы, ДСҰ-ның айтарлықтай пайдалы жағын көріп тұрған жоқпын.
Есесіне қауіп пен тәуекел үлкен. ДСҰ-ны айтпағанда, біздің Кедендік одаққа енуімізде де қауіптер болды. Ал ДСҰ-ның қаупі одан үш-бес есе артық дер едім. Шетелдіктермен бәсекеге түсетін өндірісіміз жоқ екені жиі айтылып жүр. Мұны дұрыс сын деп қабылдау керек.
Кәсіпкерлеріміз Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында әлі де шыңдала түсуі керек. Мәселен, Кедендік одақ аясындағы өндірістік ілгерілеулер енді-енді байқалып жатыр. Әсіресе мәшине жасау саласындағы прогресті атауға болады. Бұл жетістіктер әлі көпшілікке айтыла қойған жоқ. Біздің кәсіпкерлеріміздің бір ортақ менталитеті бар: жұмысының өрге басып жатқанын айтпайды. Кәсібімді тартып ала ма деп қорқатын болуы керек. Кері кетіп жатса, зар жылап, көмек сұрап сұхбат берер еді. Яғни Кедендік одақ аясында күш алып жатқан кәсіпкерлер бар. Олар енді-енді аяқ ала бастаған кезде ДСҰ-ға есік ашып берсек, олар тұншығып қалары сөзсіз.
ДСҰ-ға енуден еліміздің ауылшаруашылық саласы да көп қиындық көреді. Оны қалай реттей алатынымыз түсініксіз. Нарықтағы мал шаруашылығы, ет өнімдерінің ахуалы қандай боларын ешкім білмейді.
Сөздің қысқасы, тәуекел мен қауіп жоқ емес. Бір ғана Қытай экономикасының өзі – бізге үлкен қауіп. Әрине, кейбір қазақстандықтар «шетелдік тауарлардың салығы төмендейді, әсіресе автокөлік тасымалдау жеңілдейді» деп қуанып жүр. Алайда мемлекеттік деңгейдегі экономикаға әсер бергенде, өндіріс шайқала бастағанда бұл қуаныш ұзаққа созылмайды деп ойлаймын. Бір тауардың бағасы түскенімен, өзге тауарлардың бағасы шарықтап кетеді. Яғни қарапайым тұтынушыға да пайдасынан гөрі кері салдары ауыр болуы мүмкін. Әрине, ДСҰ-ға кіретініміз шешіліп қойды. Сондықтан мен қандай талаптар бойынша кіретінімізді жақсылап сараптау керек дегенді айтар едім.
Сапарбай Жұбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымының кандидаты:
жоқ
– Біз бұл бағытта асығыстық танытып жатқан жоқпыз, қайта кешігіп жатырмыз. Қырғыз бауырларымыз, Грузия, Украинаның мүшелікке еніп алғанына бес-алты жыл болды. Өткен жылы Ресей енді. Балтық бойы елдері егемендікке қол жеткізгеннен кейін көп кешікпей енді. Ешбірінің өндірісі жойылып, экономикасы құрдымға кетіп, халқы тентіреп кеткен жоқ. Біз Ресеймен одақ құрғаннан кейін солармен бірге кіруді жоспарлаған едік. Енді Ресейден де кешігіп жатырмыз. Сондықтан бізге де асығу керек. Біз бұл сауда ұйымының беделді, белсенді мүшесіне айнала алатынымызға мен сенемін. Түптеп келгенде, жоғарыдағы елдердің қарапайым халқы ДСҰ-ға енгеніне риза. Бәсеке артқанда тауар бағасы түседі.
Бір кездері қолдан шарықтатылған тауар түрлері қолжетімді бола бастайды. Тұтынушы ретінде ғана емес, өндіруші ретінде де ұтамыз. Әсіресе ауылшаруашылық саласында біздің көп тауарларымызды өзге елдерге тасымалдау қиынға соғып отыр. Енді оны экспорттау оңайға түседі. Біздің көп тауарларымыз көрші Ресей, Беларусь, Украина және орталықазиялық елдерден гөрі арзанырақ. Тіпті осы көрші елдердің қатарынан да біздің тауарларға деген сұраныс көбейеді. Айналып келгенде, әлем елдерінің барлығы осы «нарықта» сауда жасап жатқанда біздің оқшауланып, шеттетіліп қалғанымыз дұрыс емес. Әрине, ДСҰ тарапынан бізге ұнамайтын бірқатар талап қойылуы мүмкін. Бірақ ол – қалыпты нәрсе. Экономикалық, заңдық талаптарын орындауға қабілетіміз жететін мемлекетпіз. ДСҰ мен Кедендік одақ талаптарында бір-біріне сай келмейтін жайттар көп. Дегенмен біз ДСҰ-ға енген жағдайда Ресеймен арадағы бірқатар келісімді қайта қарауға тура келуі мүмкін. КО-ға кіру барысында біз кейбір либералды төлемдерді жасанды түрде көтеруге мәжбүр болдық. Бұл қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де ауыртпашылық түсіргені рас. Енді сол олқылықтар шешімін табады деген үміт бар. Мәселен, баж салығы төмендейді, тұтынушылар шетелдің сапалы бұйымдарына, тауарларына қол жеткізеді. Ал интеграция мәселесіне келсек, Түркиямен, Әзірбайжанмен байланысымызды кеңейтуге мүмкіндік аламыз.
Ауылшаруашылық саласы біз үшін өте маңызды. Бұл саладағы жетістіктеріміз де, кемшіліктеріміз де жетіп-артылады. ДСҰ-ның ауыл шаруашылығына әсері қандай болады десеңіз, ең алдымен сапаға әсер етеді деп ойлаймын. Мәселен, жуырда Украина Қазақстаннан тасымалданатын еттен бас тарту жөнінде шешім шығарды. Себебі Қазақстандағы етті дайындау дүниежүзілік талаптарға толыққанды сай келмейді. Бұл салада заманауи технологиялар енгізілмеген. Украина да – ДСҰ мүшесі. Яғни біз де Бүкіләлемдік сауда ұйымына кірсек, тауар сапасын арттыру бағытында көп жұмыс жасауға мүдделі боламыз.
Түйін
«Көппен көрген – ұлы той» деген бар. Айналамызда Дүниежүзілік сауда ұйымына енбеген елдер азайып барады. «Ер шекіспей бекіспейді» деген мәтел тағы бар. ДСҰ-ға енбес бұрын кәсіпкерлеріміз бәсекеге қабілеттілігін сынап, шынығатын, шыңдайтын алаң болсын деп Кедендік одақпен шектелуді жөн көрген едік. Экономикасы әлсіз, өндірісі енді ғана дамуға бет алған Қырғызстанға дағдарыстар кезеңінде ДСҰ-ның демеуі көп болды. Ендеше, алды-артын танып байыпты даму сатысына өткен Қазақстан үшін ДСҰ-ның зияны жоқ тәрізді.