Эфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімін созбай, дереу жүзеге асыра аламыз ба?
Кеше елордада отандық телеарналардың мәселесін қараған жиын өтті. Онда телерадиохабарларды тарату жөніндегі заң жобасын әзірлеуге қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті. Сонда қазақстандық телеарналардағы 50 де 50 принципінің толыққанды жүзеге асырылмай отырғандығы өзекті мәселе ретінде ортаға тасталды. Себебі арнайы заңда көрсетілгендей, «қазақтілді хабарлардың үлес салмағы 50 пайыздан кем болмауы тиіс» деген талапты біз осы уақытқа дейін орындай алмай отырмыз. Елімізде хабар тарататын телеарналар жиынтығын алып қарасақ, қазақ тілінің көрсеткіші небәрі 10 пайыздың төңірегінде ғана екен. Алайда мамандар бұл мәселені шешуді 2015 жылдарға шегере тұруды жөн көріпті. Осылайша теледидардағы қазақшамыздың жағдайы әл-әзір оңала қоймайтын сияқты. Ал біз эфирдегі қазақ тілінің үлесін 50 пайызға жеткізу мерзімін созбай, дереу жүзеге асыра аламыз ба? Бұған сіз не дейсіз?
Серік Әбікенұлы, «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары:
Иә
– Заң бойынша отандық телеарналардағы қазақ тілінің үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек. Демек, бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Алайда көптеген арнадағы ана тіліміздің арасалмағы 50 пайыздан анағұрлым төмен болып тұрғаны жасырын емес. Кейбіреуінде бұл көрсеткіш жоғары шығар. Бірақ мәселе санда емес, сапада болса керек. Күні кеше ғана Астанада өткен бір жиында тағы да телеарналардағы қазақ тілінің жағдайы сөз болыпты. Жиналғандар «телеэфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімін тағы да 2015 жылға дейін соза тұру керек» дегенді айтыпты. Тіл мәселесін бұлай сағызша соза беруге бола ма? Осы бастан қолға алмаған мәселе ертең шешіле қойылатынына кім кепілдік береді?
Қалай десек те, біз осыдан біраз жыл бұрын 50 де 50 деген қағиданы шығарып алдық та, оны заң жүзінде бекітіп қойдық. Бір жағынан, мемлекеттік тілге жасалынған қамқорлық болып көрінгенімен, екінші жағынан, бұл – орыстілді хабарлардың кең қанат жаюына зор мүмкіндіктер беріп отырған заң. Таяуда ғана мемлекет басшысы 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтар қазақша сөйлейтін болсын дегенді қадап айтты. Ал ақпарат құралдары, оның ішінде телеарналарымыз ана тілімізде толық сөйлей алмаса, халық қайдан қазақшаға бет бұра қойсын?!
Жақында менің қолыма телевизияға қатысты жасалынып жатқан заң жобасы тиді. Оны мұқият қарап шығып, тиісті орынға өз ұсыныстарымды жібердім. Мысалы, аталған заң жобасында мемлекеттік тілдің кабельдік жүйедегі үлесі 15-20 пайыз деңгейінде ғана көрсетілген. Меніңше, бұл – тым аз. Бұл көрсеткіш кемінде 35 пайыз болуы керек. Қалай болған күнде де біз кабельдік жүйеде қазақстандық телеарналар үстемдік құрсын десек, мемлекеттік тілге деген талапты күшейтуіміз керек. Ал біз «телевизия мамандары аз, заманауи техникамыз жетілмеген, қаржы жеткіліксіз» деген сияқты жаттанды сылтаулар айтуға әуеспіз. Құдайға шүкір, бүгінгі Қазақстанның әлеуеті бәсекеге қабілетті телеарналар жасауға жетіп-артылады. Бұған тек құлық жоқ. Бізде заң жүзінде бәрі дұрыс шешілген сияқты. Бірақ сол заңдардың орындалу жағын қадағалап отырған ешкім жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдың жүзі болды, бірақ біз телеарналарымыздың қазақшасын жөнге келтіре алмай, әлі әлек болып жүрміз.
Қазір кең қолданысқа ене бастаған спутникті, кабельді арналардың арасында қазақтілді арналарымыздың үлесі ең төменгі сатыда тұр. Есесіне, орыстілді арналар эфирімізді әбден жаулап алды. Еліміздегі коммерциялық мақсаттағы телеарналардан 50 пайыз қазақша табу қиын. Неге біз, жалпы, отандық телеарналардағы қазақша хабарларда 50 пайыздық көрсеткішке байланып қалдық? Бұл талапты телеарналарға ғана қоймай, жалпы, Қазақстандағы электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің үлесі 70 пайыздан кем болмайтындай етіп бекітетін болсақ, ешкім бізді қолымыздан қаға қоймас.
Серік Абас-Шах, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
Жоқ
– Ұлттық телевизияны дамыту үшін, ең алдымен, оның сапасын арттыруға күш жұмсау қажет. Телеарналардағы қазақ тілінің үлес салмағын арттыру – эфирді ешкім көрмейтін, қызықсыз, жеңіл-желпі бағдарламалармен толтыру емес.
Біздегі арналардың көбінде қазақ тіліндегі хабарлардың көрсетілімі прайм-таймға негізделмеген. Жалпы, мемлекеттік тіл мәселесі – еліміздегі барлық саланың басты проблемаларының бірі. Осының ішінде телеарналардағы тіл жағдайының ақсап тұрғаны рас. Меніңше, қазіргі уақытта мемлекет бір телеарнаны қоғамдық деңгейде хабар тарататын дәрежеге жеткізіп, оған барлық мүмкіндікті жасауға тырысуы керек. Кәсіби білікті, мықты мамандардың басын біріктіріп, жақсы бір арна жасауға болады.
Бірақ бізге қазіргі кезде 50 де 50 принципін бұзып, «100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын арна жасаңдар» деген күннің өзінде оның жұмысын игеріп кететін өзіміздің мамандарымыз жоқтың қасы. Ал рейтингі жоғары қазақтілді бағдарламалары көп отандық телевизия жасау үшін барлық мәселені тек заңға тіреп қоя салуға болмайды. Сондықтан да біз, ең алдымен, телевизия саласын өркендете алатын арнайы мамандарды дайындап шығаруды қатар алып жүруіміз керек. Өкінішке қарай, біз телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың сапасы мен мазмұнын жуық арада жақсарта алмаспыз. Оның үстіне, жоғарыда отырғандар телевизия саласына қатысты кейбір мәселелерді телеөндірістің өзіндегі қайнаған жұмыстың ортасында жүрген мамандармен ақылдасып шеше бермейді. Өз басым телеарнаның ішкі өндірістік шаруаларынан бас ала алмай, өз міндетімді шамам келгенше атқарып жүрген адаммын. Сол себепті кейбір үлкен мәселелерден шет қалып та жатамын. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталған мәселе төңірегінде айта қоятын нақты ұсыныстар жасай алмаймын. Әйтсе де қазақ телевизиясының болашағы мені де алаңдатпай қоймайды. Қазақ тележурналистикасы қазақтілді мамандарға зәру болып отырғаны – шындық. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, еліміздегі жоғарғы оқу орындарындағы журфак пен филфакті бітірген жастардың басым бөлігі кәсіби тұрғыдан тым әлсіз. Ал осындай ортаңқол мамандармен отандық телевизияның сапасын арттыру оңай емес. Аталған факторлардың әсерінен эфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімі ұзарған үстіне ұзара бермек. Жалпы, 50 де 50 принципіне жабысып, иек арта берудің қажеті жоқ. Бұл дегеніңіз, екі тілді арна жасаудан ажырамау сияқты көрінеді. Қостілді арнаның жұмысын үйлестіріп, тұрақты аудитория қалыптастыру өте қиын. Қажет болатын болса, «қазақтілді және орыстілді арналар» деп екі бөліп қойған жөн. Орыстілділер қазақтілді бағдарламаларды көрмейді. Олар «қашан орыс тіліндегі бағдарлама басталады екен» деп қазақшасын қарап отыра бермейді. Мүмкін, белгілі бір телеарналарда жарты күн қазақша, жарты күн орысша хабар тарату қажет шығар. Егер де біз 50 де 50-ден арылғымыз келсе, араластілді арналардан арылуымыз керек.
Қосымша пікір
Қанат Тілеухан, тележурналист:
– Телехабарлар таратуға байланысты шығарылған заңдағы 50 де 50 талабы, біріншіден, орыстілділер үшін тиімді. Бірақ бізге ешкім мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көрсеткішін 50 пайыздан асырмасын деп отырған жоқ. Айналып келгенде, бұл талапты орындау әрбір телеарна басшылығына байланысты. Өкінішке қарай, Қазақстандағы көптеген арна басшылары – орыстілді. Телевизияға бәлендей қатысы жоқ адамдар да осы салаға араласуда. Сонымен қатар біздегі телеарналар көп жағдайда белгілі бір топтық мүдделердің үдесінен шыға алмайды. Ал халықтың ақшасына күн көретін арналардың өзі халықтық сипатқа ие бола алмай отыр. Егер, шын мәнінде, қазаққа қызмет етемін, ұлттық телевизияны көркейтемін деген тұлғалар болса, оған ешқандай 50 деген көрсеткіштер қолбайлау бола алмайды. Бірақ ондай тұлғалар бізде жоқтың қасы.