Елімізде мешіттердің көптеп салынуы ислам дінінің кең қанат жайғанының көрсеткіші бола ала ма?
Құдайға шүкір, қазір біз «баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда» деп күрсінбейміз. Себебі бір кездері дінсіздік жайлаған қоғамның бүгінде беті бері қарады. Бес уақыт намаз оқитын мүміндермен қатар, қалталы азаматтардың арасында өз қаржысына мешіт салдырушылар да көбейді. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) «Кім Алланың мешітін салса, Алла ол үшін жәннаттан үй тұрғызады» деген сахих хадисіне иек артса керек. Құптарлық әрі қуанарлық жағдай. Дегенмен біз дінді өркендету дегенді тек мешіт салдырумен ғана өлшеп жүрген жоқпыз ба осы? Жалпы, мешіттердің көбеюі ислам дінінің кең етек алуының көрсеткіші бола ала ма? Біз мұны ой көкпарына салып көруді жөн санадық.
Құл Керім қажы Елемес, ақын:
Иә
– Меніңше, мешітті көптеп салатын кез енді келген сияқты. Себебі бізде қазір мешіттерден гөрі секталардың тіркелуі өте көп. Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде 2000-нан астам түрлі діни секталар бар екен де, республика бойынша бар-жоғы 2000-ға жетер-жетпес мешіт бар екен. Мысалы, мен өзім осы Алматыда тұрамын. Мен тұратын жақтағы 10 ықшамауданда бір мешіт жоқ, сондықтан сонау Ақсай мешітіне не Тастаққа, болмаса Орталық мешітке баруға мәжбүрміз. Тіпті әр ықшамауданда бір мешіт салынса да артықтық етпес еді. Егер мешіттердің азаны бір-біріне жалғасып тұрса, қандай керемет болар еді?!. Себебі азанның дауысы жеткен жерге дейін ешқандай бәле жоламайды.
Дін – Алланың адамға жіберген шексіз нығметтерінің бірі.
Адам адамшылығын тек дінді ұстану арқылы ғана сақтай алатындығын біз Құран арқылы білеміз. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Егер адам өзінің Аллаға құл екендігін мойындар болса, Алланың парыз еткендерінің барлығын орындауға тиіс. Соның ең негізгісі – бес уақыт намаз оқу. Ал енді мұсылман қауымы қайда ғибадат етеді? Мешітте. Сондықтан жер бетіндегі барша адамзатқа Алланың бар екенін, бір екенін үнемі, жалғасты түрде еске салып отыратын, руханияттың шоғырланған орны – мешіт. Қазір Құдайға шүкір, елімізде дінге деген бетбұрыс жаман емес, қари болып, қажы болып жатқандар қаншама! Соның нақты дәлелі бүгінде жұмадан басқа күндері де мешіттер жамағатқа толы болады. Ал енді жұма күні осы Алматыда кез келген мешітке барсаңыз, іші толып, сыймай сыртта тұрғандарының өзінен көз сүйсінеді. Бұл жақсы, бірақ күн бірде ашық болса, бірде бұлтты дегендей, сондайда намазға барған жамағат жауынның астында қалады. Сол себептен мемлекет дінге тікелей назар аудармаса да, Алматы секілді ірі қалалардан мешіт салдырғысы келетін ауқатты, дәулетті жандардың қолын қақпаса екен. Мен Араб елдерінде, Түркияда болдым. Онда әр қадам сайын мешіт. Көшеде кетіп бара жатқанда біздегідей «қай жерге барып дәрет алып, намаз оқимын» деп бас қатырмайсыз. «Алла дегеннің екі бүйірі шығады» деп бекер айтпайды. Біз егер Құдай дейтін ел болсақ, мешіттер санын шектемей, сала беруіміз керек.
Оңғар қажы Өмірбек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы:
Жоқ
– Діннің өркендеуі тек мешіт санымен өлшенбейді. Мешіт салдыру – дінді нығайтудың бір бөлшегі ғана. Бізде қазір еліміз бойынша 2300-ден аса мешіт бар. Мұның сыртында қаншама қалталы азаматтар өз еліне барып, мешіт салдырып жатыр. Олардың кейбіріне жамағат сыймай жатса, кейбірі бос тұр. Мұсылман дінінде ең бастысы – адамдардың білімді болуы, Алланы тануы, діни ілім үйренуі, сол арқылы имандылығын арттыруы. Осы жағынан алғанда, республика бойынша бізде небары алты-ақ медресеміз бар: Астанада, Павлодарда, Орал мен Ақтөбеде, Шымкентте және Шамалғанда. Бұлар Елбасымыздың тікелей мұрындық болуымен ашылған.
Алла қаласа, биыл Алматыдағы Діни басқарманың бұрынғы ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, медресеге айналмақ. Онда жылына 20 баладан қабылданып, 2 жыл 10 ай оқитын болады. Оқу, жатын орны мен тамағы барлығы тегін. Мұндай оқу орнының ашылуына қазіргі кезде мұсылмандыққа бет бұрған азаматтардың балаларын иманды етіп тәрбиелегісі келген ниетінен туындады. Осы тұста айта кетейін, биыл алтыншы түлегін ұшырғалы жатқан біздің елімізде нағыз Ислами білім беретін Нұр-мүбәрак университеті мен имамдардың білімін жетілдіретін институт мемлекеттен қаржыландырылмайды. Халықтан түскен садақамен өмір сүріп отыр. Сондықтан, шын мәнінде, жақсылық жасап, сауапқа ие болғысы келетін азаматтар тек қана мешіт салдыра бермей, осы жағынан да көмектессе, мол сауапқа кенелері анық. Өйткені медреседе білім алатындар көбіне жағдайы төмен отбасынан шыққандар. Ал Нұр-Мүбәрак университетіндегі шәкірттер ақы төлеп оқиды. Соған көмектессе, сол сияқты діни оқулықтар мен кітап, таспаларды көбейтіп шығару арқылы да дінімізге демеу жасауға болады. Қазіргі кезде мешіт салдырып, сонысымен мақтанатындар да баршылық. Негізінде, діни іс-шараның қай-қайсысы болсын мақтан үшін емес, Алла ризалығы үшін жасалуы тиіс. Әйтпегенде, оның еш сауабы болмайды. Қазақ «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деп осы мұсылмандыққа сүйеніп айтқан. Нағыз мұсылман бетегеден биік, жусаннан аласа болып, адамдарға жақсылықты да білдіртпей жасайды. Міне, сондай азаматтарға айтарымыз егер шынында Алла разылығына ие болу үшін қайырымдылық жасағысы келсе, балабақшалар салдырсын, жол салдырсын, құдық қаздырсын, жеміс ағаштарын ексін. Мұның барлығының сауабы мешіт салдырғаннан еш кем емес. Бастысы – таза ниетте!
Түйін
Ислам дінінің тарихына назар салған адам мешіттерге ерекше маңыз берілгеніне көз жеткізе алады. Алайда бір әттеген-айы, бүгінде біз оның маңызынан гөрі мақтанына бой алдырғандаймыз. Бірақ бұл мешіт салдырмау керек деген сөзіміз емес. Тек сауап жинау мен дінімізді дамытудың бұдан да басқа жолдары бар екенін еске салғымыз келеді. Ал мешіт салдырғысы келетін мұсылман Қасиетті Құран-Кәрімнің Тәуба сүресі, 18 аятында айтылған: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ахирет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі салады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі» деген сөзін ұмытпаса екен.