Елімізде өнертапқыштардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай туғызылып отыр ма?

Елімізде өнертапқыштардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай туғызылып отыр ма?

Отандық ғылым саласына қатысты әртүрлі пікірлер орын алғанымен, Қазақстан ғылымының бүгінгі таңда көршілес елдермен қатарлас деңгейде дамып келе жатқандығын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен ғылымды дамыту мәселесінің жиі көтеріліп жүргеніне қарамастан, инновациялық өндірістің жолға қойылмай отырғаны да рас. Соның салдарынан көптеген іргелі зерттеулер аяқсыз қалып жатады немесе шығармашылық потенциалын өз елінде көрсетуге мүмкіндік болмағандықтан, кейбір маңдайалды ғалымдар шетелге кетуге мәжбүр. Осыған байланысты туындайтын сұрақ – жалпы, еліміздің ғылым саласындағы мақсаттары қаншалықты айқын? Бізде өнертапқыштардың өз мүмкіндіктерін толық көрсете алуына жағдай жасалған ба?

murat-jurynov-2

Мұрат ЖҰРЫНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик:

Иә
– Меніңше, бізде өнертапқыштардың жемісті жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Әрине, оны жақсарту артықтық етпейді. Бірақ осы күйінде де жұмыс істеуге болады. Әр адамның өзінің интеллектуалды мүмкіндігі бар, оған ешкім кедергі жасай алмайды. Бірақ сол істелген нәрсені жарыққа шығарып, жүзеге асырып, қолданысқа дейін жеткізу үшін Үкімет тарапынан жәрдем болуы керек. Және ондай мекемелер бар да. Яғни мұндай шаруалармен Білім министрлігінің жанындағы Ғылым комитеті шұғылданады. Осы орайда бүгінде білім мен ғылымды ұштастыру, ғылымның мәртебесін көтеру, ғалымдардың ғылыммен айналысуына жан-жақты жағдай жасау, ғылымға жаңадан бет бұрған жас ғалымдарды қамқорлыққа алу, сөйтіп, ғылым мен бизнесті ұштастыру ерекше маңызға ие болып отырғанын айтқан абзал.

Ал Ұлттық Ғылым академиясы қашанда отандық ғылымның даму жолдарын анықтап отырады және елімізге аса қажетті ғылыми басымдықтарды белгілеп, олардың дамуына көңіл бөледі. Сондай-ақ ел ғалымдарының ғылыми жетістіктерімен халықты таныстырып отыру, ол үшін ғылыми журналдар, монографиялар шығарумен қатар, түрлі конкурстар мен симпозиумдар өткізу жұмыстарына да академия ұйытқы болып отыр. Жаңа ғылыми жобаларға жан-жақты сараптама жасау да назардан тыс қалған емес. Өнертапқыштардың жаңалығы әлем мойындайтындай дәрежеде болып жатса, Ғылым комитеті оны, әрине, қуана құптайды, қолдау көрсетеді.

Қазіргі заң бойынша, ғылымға бөлінетін гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Ал өндіріске енгізілетін инновациялық жаңалық болса, оның жартысы қайтарылуы керек. Оны Ұлттық инновациялық қор қадағалайды.

Жақында Президентіміз «төрт-бес кезеңнен өтетін грант беру жүйесін бір кезеңге көшіру керек» деген жақсы ой айтты. Бұл – әзірге тек идея. Осы ұсыныс «Ғылым туралы» заңға енсе, бізге көп көмек болар еді. Мысалы, қазір кез келген ғалым бір жаңалық ашып, сол бойынша ғылыми жоба жасаса, соны өзі қызмет істейтін институт директорынан бастап, ғылыми орталық, Ғылым комитеті, арнайы кеңес, одан кейін Үкіметке дейінгі аралықтағы тиісті мекемелерге түгел мақұлдатып шығады. Ал Елбасының ойы іске асқан жағдайда қағазбастылық азайып, бүкіл шаруа бір кезеңмен-ақ шешілетін болады. Яғни ғылыми жаңалық ашқысы келген әрбір ғалым директордың да, басқаның да қолынсыз-ақ, тікелей Ғылым комитетіне шығады. Комитет мақұлдаса, Үкімет жобаға бірден қаржы бөлуге міндетті. Болашақта солай болады деген үміттеміз.

toktar-esirkepov-jok

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, «Тұран» университеті жанындағы Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры, профессор:

Жоқ
– Нарықтық қатынастар, қоғамдағы саяси-экономикалық өзгерістер салдарынан ғылымға деген көзқарас, қарым-қатынас өзгерді. Бізде ғылыммен айналысатын адамдардың саны елдегі бүкіл еңбек ететін топтың 0,17 пайызын ғана құрайды екен. Ал ғылымға бөлініп отырған бүкіл қаржы – жалпы ішкі өнімнің 0,3 пайызы ғана. Дамыған мемлекеттер – 1,5-2 пайыз, кейбір аграрлы елдер, мысалы, Австралия ауыл шаруашылығы ғылымына 4,2 пайыз қаржы бөледі екен. Бізде бұл жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Сөйте тұра «ғылым қайда», «нәтижелерің қайда, неғып өндіріске енгізбей жатырсыңдар» деп бізді кінәлайды. Айналысатын кісі қалмаса, ғылым қалай нәтиже береді? Елбасы: «2012 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды 25 есе көбейтеміз», – деді. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын құрайды деген сөз.

 Бірақ алдағы үш-төрт жылда біз сол межеге жетеміз бе? Қазіргі көрсеткішпен мен соған жете қоятынымызға сенбеймін.
Ал енді «осы тұрғыдан алғанда, әлемдік тенденциялар қандай», «бүкіл әлем қайда бара жатыр» деген сауалға келейік. Клинтон президент болып тұрған кезінде, 1993 жылы «Глобальная технологическая конкурентоспособность США в условиях глобальной конкуренции» деген доктрина қабылдапты. Ол бойынша, «ғылыми-техникалық прогресті ынталандыру механизмі – жеке сектор» деген сөз бітті, негізгі ынталандырушы мемлекет болады» деп тұжырымдалған. Былтырғы жылы Давоста өткен форумда да «қоғамның барлық саласын ұйымдастыруда мемлекеттің рөлі күшеюі керек» деген қорытынды жасалды. Бізде керісінше, нарықтық қатынастар басталысымен, бәрін жекешелендіріп, таратқанын таратып, мемлекет бәрінен құтылды. Яғни Қазақстан ғылымында әлемдік тенденцияларға қарсы процестер жүріп жатыр. Шын мәнінде, іргелі зерттеулермен айналысып отырған ғылыми институттарды мемлекет өз қарауына алмайынша, бізде ғылым болмайды. Баяғыда Қажыгелдин «малды сырттан сатып аламыз» деп еді, енді бүгін біздің «Қазагроинновация» басшылығы «технологияны сатып аламыз» дейді. Киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін әлі күнге дейін Қытайдан, басқалардан алып отырмыз. Сонда өзіміз не өндіреміз? Инфляцияның басты себебі де – отандық өндірістің жоқтығынан. Ал енді сол отандық өндірісті дамытуға коммерциялық ұйымдар, акционерлік қоғамдар мүдделі болады дегенге өз басым сенбеймін. Ғылымсыз өркениетті елдер қатарына қосыла алмайтынымызды бәрі түсінеді. Бірақ меніңше, соны іске асыру инструменттері ойластырылмаған, көп жағы дұрыс шешілмеген.

Бейтарап пікір

Камал ОРМАНТАЕВ, Педиатрия және балалар хирургиясы институтының құрметті директоры, профессор:
– Менің айтарым, бізде ғалымдардың нәтижелі жұмыс істеуіне қай тұрғыдан алғанда да қолайлы жағдай туғызылып отырған жоқ. Мысалы, медицина саласын алайық. Шын мәнінде, медицина ғылымы дамымайынша, еліміздегі бүкіл денсаулық сақтау жүйесінде даму болмайды. Осы жағынан алғанда, медицина саласындағы зерттеулерге қазынадан бөлініп жүрген қаржының барлығы да – теңізге құйылған тамшыдай-ақ. Әрине, «болашақта медицина ғылымын қаржыландырудың көлемі ұлғаяды, ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасы жақсартылады» деп айтылып жүр. Оның бәрі дұрыс, бірақ осы салада еңбек етіп жүрген мамандарды, оларды ынталандыру мен тұрмыстық жағдайын жақсарту шараларын да ұмытпау керек қой. Яғни ғылымды қаржыландыру, материалдық-техникалық база және ғалымдардың еңбегін лайықты бағалау мәселесі кешенді түрде, бірге қарастырылуы қажет.

Ең үлкен мәселе – ғалымдарымыздың өнертапқыштық жобаларын іске асыратын өндіріс жоқ. Соның салдарынан біздің көп жаңалығымыз далада қалып жатыр. Мысалы, қарапайым ғана біреуін айтайын: балалардың соқыр ішегі жарылып кеткенде перитонит болады ғой. Біз сондай жағдайда іште қалған іріңді қайтадан шығарудың әдісін ойлап тапқанбыз. Он жылдан бері қолданып жүрміз, тек қарадүрсін түрде. Өйткені ондай құралды шығаратын зауыт жоқ. Бір бұл емес, шәкірттеріммен бірлесіп тапқан 35-40 шақты жақсы идеяларым іске аспай отыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста