«Еліміздің ауыл шаруашылығының болашағы шағын шаруа қожалықтарын біріктіруде» деген пікірмен келісесіз бе?
Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі өсімдік шаруашылығы жерлерінің 60 пайызы, мал басының 90 пайызы шағын және жекелеген шаруашылықтардың үлесінде екені жайлы ақпарат таратты. Министрліктің мәліметінше, жекелеген шаруашылықтардың басқаруындағы бұл салада қазірде бәсекелестік өте төмен. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығындағы шағын және жекелеген шаруа қожалықтарының басын біріктіруге заңдық негізде кіріскеніміз абзал. Бұл ретте министрлік өкілдерінің байыптауынша, «бірігу ұсақ тауарлы өндіріс сақталған ауыл шаруашылығы саласында бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді. Қазір елде ауыл шаруашылығы құрылымдарының 7 пайызы ғана осы жолға түскен. Демек, болашақта шағын шаруа қожалықтарын біріктіру ісі халықтық сипат алуы керек».
Міне, осыған қатысты біз «жекелеген қолдағы дүниені ортақ қазанға салу, шынымен, тиімді ме? Ауыл шаруашылығының болашағы шағын қожалықтарды біріктіруде ме?» деген сауалды арнайы мамандар талқысына салдық...
Жасқайрат СҮНДЕТҰЛЫ, экономика ғылымының докторы, профессор:
иә
– Ауыл шаруашылығын дамытуда шағын және жекелеген шаруа қожалықтарының басын біріктіру – өте тиімді жоба. Қазірде біздің мемлекетіміз экспортқа өнім шығаратын, технологиялық қарым-қабілеті жоғары ірі кәсіпорындарды, компанияларды қолдауды жөн көріп отыр. Мұндай қолдаудан ауыл шаруашылығы саласы тыс қалмағаны жөн. Біздің елімізде 200 мыңға тарта шаруа қожалықтары бар десек, бұлардың 90 пайызы – сол жеке қолдағы шаруашылықтар. Олардың дені «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстанымға салынып, жоқ-жітігін өздігімен жамап-жасқауға тырысады. Басым бөлігі бірігу мәселесіне үрке қарайды. Әсіресе бұл үрдіс мал шаруашылығында қатты байқалуда.
Ауыл шаруалары қолындағы барын ортақтастырып, малдың басын өзгемен біріктіруді жат санайды. Осыдан барып мал басының беретін өнімі аз, өсімі төмен болады. Негізінде, ұйымдастыру қабілеті жоғары болса, шаруа қожалықтарының басын біріктірудің берері мол. Біріккен шаруа қожалықтарының мемлекеттен алар көмегі де ауқымды, оларға берілетін субсидия, дотация мөлшері де көлемді болмақ. Ал «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей, жалғыз-жарым жүрген шаруаларға берілер көмек те шектеулі, олар көбінесе «күлшенің» төрттен біріне ғана қол жеткізеді.
Жалпы, жекелеген шаруа қожалықтарының басын біріктіру ісі бізге нақ қазір қажет. Әлемдік тәжірибенің өзі бұл іске оң баға беруде. Ауыл-аймақтағы ағайынға біріккен шаруа қожалықтарын құрудың тиімділігін қазірден бастап насихаттау керек. Бұл мәселеге қатысты арнайы қабылданған заңдар бар. Сол заңдардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қажет. Заң арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге тырысқан абзал. Болашақта бұл үрдіс – ауылдың дамуына бірден-бір ықпал ететін жайт. Егер сол ауылды аймақтарда арнайы бөлімшелер құрылып, жергілікті әкімдіктер сол бөлімшелердің жұмыс істеуіне көмек көрсетіп, ол бөлімшелерде білікті мамандар қызмет етсе, мәселенің шешімін табуға оң әсер байқалар еді. Бізде осы іспетті кешенді түрде іске көшу жағы төмен. Тек пікір білдіру, ұсыныс айту басым. Сондықтан сөзден іске көшетін уақыт жетті. Мен мұны қолдаймын. Бұл ретте шағын қожалықтарды біріктіру және оларды қолдау үшін біріккен шаруашылықтар құрудың тиімділігін құқықтық сауатты түсіндіретін бөлімшелер құру қажеттігін баса айтқым келеді. Бұл – ауылды өркендетудің, оның болашағын қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі.
Көпмағамбет ЕЛЕМЕСОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Ауылды өркендетудің тетігі тек біріккен шаруашылықтар құруда ғана емес. Қазірде біз ауылға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан көмектің көптігін айтып, қабылданып жатқан бағдарламалар легінің сауаттылығын мысал етіп, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыруға жасалып жатқан шаруаларды тізбелеп, ауыз толтырамыз. Бірақ, шынын айту керек, ауылға сол істерді атқару мақсатында бөлінген қаржы тікелей барып жатқан жоқ. Шаруаның қолына қаржы жеткеннің өзінде оны ұқсата алмай жүргендерді көзіміз көріп жүр. Мұндайда бірінші кезекте ауылға бағытталған қаржының дұрыс жұмсалуына, ол қаржының діттеген жерге жетуіне мемлекеттік бақылауды күшейткеніміз абзал.
Ауылға қаржыны тікелей жеткізуге тырысқан жөн. Бұл орайда мамандар сөз етіп жүрген салалық агробанктер құру мәселесін қолға алуымыз қажет. Тағы бір айта кетер жайт – қазірде біз жекелеген шаруа қожалықтарының иелеріне тұқым алу үшін немесе мал басын өсіру үшін арзандатылған несиелер беру жүйесін тәжірибеде қолданып жүрміз. Меніңше, бұл жерде сол жекелеген шаруаларға өнімнің өзін беру үрдісін жетілдірген жөн тәрізді. Мысалы, тұқым алуға қаржы бергеннен гөрі сол тұқымның өзін берсек, шаруаның нақты жүргізілетініне сенім мол болар ма еді? Осы тәрізді техника алуға, мал басын алуға қаржылай көмектен гөрі сол техника мен малдың өз басын алуға көмек берген жөн. Бұл жүйені тереңдетіп жетілдіре алсақ, оң нәтиже беретін еді. Әрине, қазірде қайсыбір біріккен кәсіпорындардың мұндай көмекке қолы жетіп жүр. Бірақ алыс ауылды аймақтағы жекелеген шаруалардың қайсыбірі осындай жүйе барын түсінбейді. Негізінен, бірігу мәселесі айтылғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Десек те, ауылдағы ағайынның көбі бұған селт етіп бірден кірігіп кеткен жоқ. Шындығын айту керек, болашақта олар бірікпейді де... Өйткені біздің ауылдың шаруаларының бірінің жайылымдық жері үлкен, бірінде жайылым тым аз. Олардың техникалық қабілетінде де бәсекелестік жоқ. Бірінің техникасы сақадай сай болса, келесі бірінің техникасы тым ескі. Бұған қоса шаруалардың бірінде мал басы көп болса, енді бірінде мал саны тым аз. Осылай салыстырмалы түрде айтсақ, бұл жайттардың өзі шаруалардың бірігуіне мүмкіндік бермейді. Ойлап қарасаңыз, жайылымы шүйгін, мал басы айтарлықтай қожалық иесі мал басы аз, техникасы тозған, жайылымы жұтаң қожалықтың малын өзіне қосып алып қайтеді?! Сондықтан шаруалардың басын біріктіру – біз үшін таяу болашақта орындалатын дүние емес. Өйткені біздегі шаруалардың бұл тұрғыда құқықтық білімін жетілдіру жұмыстары мүлде атқарылып жатқан жоқ. Өз басым бірігу мәселесі ауылдың болашағын көтереді дегенге толық кепілдік бере алмаймын. Бірігу мәселесінен гөрі ауылды қаржыландыруға қатысты салалық банктер қызметін енгізу, шаруаны қажетті техникамен, тұқымдықпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде шағын кластер ісін жетілдіру жайын ойластырған дұрыс. Мал басының аналық басын өсіруді, асылтұқымды мал басын көбейтуді қолдаған жөн. Бастысы, ауылға барар қаржыға бақылау мықты болуы керек. Бұл ретте қайталап айтамын, бірігуден гөрі салалық банктер қызметін жетілдіру арқылы ауылға тікелей қаржы жеткізу туралы ойлансақ жөн болар еді.
Бейтарап пікір
Ғалижан МӘДИЕВ, экономист ғалым:
– Жасыратын несі бар, бізде әлі де болса экономикаға үстірт көзқарас, толық нәтиже бермейтін шала-жансар шаралар атқарылып жатыр. Халқымыздың үштен бірі нарықтық экономиканың не екенін әлі де болса толық түсіне алмай жүр. Біле білсеңіз, нарықтық экономиканың бір ерекшелігі – нарықтың дамуына жағдай жасау. Мәселен, көп уақытқа дейін ұсақ шаруашылықтардың тиімділігі, шағын және орта бизнестің пайдасы қажетсіз деп саналып келді. Қолда бар қаржымыздың денін сауда-саттық саласына, құрылыс нысандарын салуға жұмсадық. Уақыт өте келе бұл салалардан мемлекетке түсетін түсім ғана емес, өзіндік шығын барын да сезініп отырмыз. Ал енді осы тұста мал шаруашылығына, агроөнімдерін өндіруге, шағын бизнеске қолдау көрсетудің тиімді екенін қайсыбір мемлекеттердің тәжірибесінен байқап, бағамдап үлгердік. Енді осы тәжірибені қолданып көргіміз келеді, бірақ істеріміз әлі де шалағай. Меніңше, ауылдың кәсіпті ұйымдастыру қабілетін арттыру үшін ауылға білікті мамандар легі жасақталуы қажет. Ауылдың іргесіне білікті мамандар легі жасақталған тұста ауыл шаруашылығын ұйымдастыру істеріне жаңашылдық еніп, іс нәтиже бере бастайды. Сондықтан реті келсе, бірінші кезекте ауылға жастарды апарып, оларға жағдай жасау ісін жетілдіре түскен жөн.