ЕҚЫҰ штаб-пәтері төраға болған елге көшіп отыруы керек пе?
Кеше Ресей Президенті Дмитрий Медведев ЕҚЫҰ-ның потенциалына күмәнмен қарайтынын айтып, оған жаңа леп қажет екенін тілге тиек етті. Жалпы, аталған ұйымның ықпалының әлсіреп кеткені жөнінде көп жылдар бойы сын айтылып келеді. Еуропалық қауіпсіздіктен еуразиялық бейнеге жылысып жатқан халықаралық ұйымның орталығы мәңгі Еуропада орналасуы және оның Бас хатшысы ретінде әрдайым еуропалық елдердің азаматтары таңдап алынуы ұйымның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан бірқатар сарапшылар 56 мемлекеттің басын құрайтын ұйымның негізгі орталығы да көшпелі болуы керектігін қолдайды.
Рустам БҰРНАШЕВ, Саяси шешімдер институтының сарапшысы:
Жоқ
– ЕҚЫҰ-ның штаб пәтерін көшпенді жүйеге ауыстыруға қандай да бір қажеттілік бар деп ойламаймын. Себебі бұл соғыс кезіндегі әскери штаб емес қой. Біріншіден, ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері көшпенді жүйеге көшу үшін төрағалық етуші мемлекеттердің барлығының инфраструктурасы дамыған, қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек. Аталған мекеменің ғимаратын, байланыс жүйесін, техникасын, көшіп-қонуын қамтамасыз етуге кез келген елдің шамасы жете бермес еді. Себебі аталған ұйымның орталығы көшіп барған мемлекетте ЕҚЫҰ кеңсесінің қажеттіліктеріне сай болатын алып ғимарат дайын тұруы керек. Жалға алына салатын кез келген ғимарат аталған халықаралық мекеменің қажеттілігін өтей алмауы мүмкін. Екінші жағынан, мұндай жаңалық ене қойған жағдайда кеңсені көшіруді қамтамасыз ету үшін есепсіз қаржы кетеді.
Мұны бейберекет ақша шашу, яғни ысырап деп атауға болады. Жыл сайын көшіріп отыруды айтпағанда, әдетте бір реттік орын ауыстыру үшін де сан жылдық дайындық керек. Қысқасы, бұл бір мағынасыз шешім болар еді. Мен штаб-пәтерді былай қойғанда, оның дирекциясын немесе бірлі-жарым қосалқы мекемелерін көшірудің өзін қажетсіз іс деп есептеймін. Жалпы, көшпелі штаб-пәтердің болуы әлемдік тәжірибеде жоқ қой. Әсіресе ірі ұйымдардың штаб-пәтері бірнеше институттың басын құрайды. Бұл ұйымның мұрағаты бүтін бір кітапхананы құрауы мүмкін. Сонда әр жыл сайын соның бәрін бейберекет арқалап жүруге тура келеді. ЕҚЫҰ кеңсесі қызметкерлерінің саны мыңнан асады. Егер көшпелі болатын болса, жыл сайын жаңа қызметкерлер жинап отыруға тура келеді. Венада ЕҚЫҰ штаб-пәтерінің маңында қызметкерлерге арналған жатақхана бар. Оны да көшіруге тура келеді. Бұл ұсыныс іске аса қойған күннің өзінде мекеменің жұмыс сапасына әсер етпей қоймайды. Себебі штаб-пәтерді көшіру үшін кемінде жарты жылдай уақыт кетер еді. Қысқасы, бұл бастамада мүлде қисын жоқ. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдің ықпалын күшейту үшін басқадай әдістерді пайдалану керек деп есептеймін. Оның үстіне мен бұған дейін дипломаттардың тарапынан мұндай бастаманың көтерілгенін естіген емеспін.
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы:
Иә
– Қазіргі кезде Еуропалық қауіпсіздік ұйымына төрағалық етуші мемлекеттердің көбі жалтақтық танытады. Әсіресе кішігірім әрі тәжірибесіз мемлекеттер Еуропаның, Американың бейресми нұсқауы бойынша шешім қабылдап отыруы әбден мүмкін. Сондықтан қазір ұйымға төраға болушы мемлекеттердің ұйымға ықпалын арттыруға қажеттілік бар. Ұйымды реформалауды былай қойғанда, кейбір мемлекеттер өзінің төраға ретіндегі заңды құқығын да пайдалана алмайды ғой. Әрине, штаб-пәтерді көшіріп отыру керек деп төтесінен кесіп айта алмаймын. Дегенмен мұндай бастама төрағалық етуші мемлекеттің шешім қабылдаудағы ықпалын арттыруы мүмкін. Кеше Ресей Президенті Дмитрий Медведев ЕҚЫҰ-ның әлемдегі ықпалына күмәнмен қарайтынын айтты. Бұл, бір жағынан, рас айтылған сын.
Кейбір жалтақ елдер алпауыт елдердің дегенімен жүріп отыратын болса, олардан қандай реформа күтуге болады? Әлемге ықпал етуді былай қойғанда, біздің шенеуніктердің кейбірі аталған ұйымға өз мүддесін де ұсына алмай жүр ғой. Мысалы, саммит басталардан бір күн бұрын болған қазақ тіліне қатысты оқиғаны сіздердің «Алаш айнасы» газеті ұсынды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Сауытбекұлы қазақ тілінің ЕҚЫҰ-ның ресми тілдері қатарына енбейтінін айтып, мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартып отыр. Бұл не? Бұл да – жаңағы айтқандай, кейбір шенеуніктердің жалтақтығы. Яғни біз аталған ұйымға төрағалық етіп отырғанның өзінде, мемлекеттік тілімізді аудармашы арқылы болса да пайдалана алмасақ, қай жеріміз төраға?! Әсілінде, төрағалық етуші мемлекеттің қолында билік болуы керек еді. Қазір бұл ұйымның штаб-пәтері Еуропаның төрінде орналасқан, Бас хатшысының шығу тегі – еуропалық, француз. Сондықтан ұйым қатарында 56 мемлекет болған соң, ұйым талаптары мүше мемлекеттердің барлығына ортақ болған соң, құқықтарымыз да тең болуы керек. Штаб-пәтердің Еуропада орналасуы символдық тұрғыдан болса да үстемдікті көрсетіп тұр емес пе?!
Бейтарап пікір
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– ЕҚЫҰ-ның беделін арттыру қажет екені рас. Бірақ жыл сайын штаб-пәтерді ауыстырып отыру шешім емес деп ойлаймын. Егер бір реттік көшіру мәселесі сөз болса, онда оны жан-жақты талқылауға болар еді. Ал жыл сайын көшіріп отыру кімге де болса – ұйымның жұмыс тобына, төрағалық етуші мемлекетке ауыртпалық түсіреді. Сондықтан ұйымды реформалауда мұндай техникалық мәселелерге аса назар аудару қажет емес деп ойлаймын.