Ер мұғалімдердің санының аздығы жалақының төмендігіне байланысты ма?
Бүгінде орта мектептерде ұстаздық ету тек әйел азаматтарға тән мамандық болып барады. Себебі соңғы жылдары мектептердегі ер мұғалімдердің саны күрт төмендеп кеткен. Мәселен, бүгінгі күні республика мектептеріндегі мұғалімдердің 15 пайызы ер-азаматтар болса, 85 пайызы әйелдер екен. Бұл үрдіс бүгінгі күні тәрбие беру ісіне де айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. Мамандар мектептердегі ер мұғалімдер санының күрт азайып кету себебі ұстаздар жалақысының аздығынан деп санайды. Мұны бүгінгі күні Бас мұғалімнің өзі де жоққа шығармай отыр. Рас, жыл сайын ұстаздардың айлығы 25-30 пайызға көбейеді. Келер жылы тағы да 30 пайызға өсетіні сөз болуда. Алайда бұл «өсулер» жыртыққа жамау болмай тұр. Осы орайда «ұстаздардың жалақысын өсіру арқылы орта мектептердегі ер мұғалімдердің санын арттыра аламыз ба, ер мұғалімдер санының аздығы жалақының төмендігіне байланысты ма» деген сауалдарды мамандардың талқысына салып көрген едік.
Такир БАЛЫҚБАЕВ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті:
Иә
– Иә, бүгінгі қоғамда дәрігер мен мұғалім жалақысы ең аз, алайда арқалар жүгі ауыр мамандықтарға айналып отыр. Ал осының әсерінен мектептерде ер мұғалімдер саны азайып кетті. Бұл – жақсы нышан емес. Мектеп білім беретін ғана орын емес, ол – тәрбие ошағы. Ал әр тәрбие ошағында, отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың болуы қажет. Сондай-ақ қанша айтқанмен, кейбір пәндерден сабақ беруде ер-мұғалімдердің өзіндік артықшылықтары болады. Сондықтан біз ер-мұғалімдерді мектепке қайтарудың жолдарын қарастыруымыз керек.
Отбасын асырауда негізгі күш ер адамдарға түсетін болғандықтан, көптеген ер-азаматтар мұғалімнің жалақысының аздығынан, бала-шағасын асырау үшін қызметін тастап кетіп қалды. Сондай-ақ бүгінгі қоғамда ұстаз жалақысының мардымсыз екенін түсінген жастар мамандық таңдау кезінде ұстаздықты таңдамайтын болды.
Осының әсерінен орта мектепті бітірген талапкерлердің ішінде тек қыздар ғана педагогикалық мамандықты таңдайтын болды. Мұның өзі қоғамда ер мұғалімдердің азайып кетуіне елеулі әсер етуде.
Соңғы кездері ұстаз болуға деген ынтаның тек ерлерде ғана емес, жалпы білімді жастардың арасында да жоғала бастағанын білім және ғылым министрінің өзі де мойындап отыр. Сондықтан министрлік алдағы уақытта ұстаздар қауымының әлеуметтік жағынан қорғалуына аса мән берілетін болады деп сендіруде. Біз ең алдымен қоғамды ұстаздардың жалақысы аз деген түсініктен арылтуымыз керек. Содан кейін ер-азаматтарды осы мамандыққа қызықтырудың жолдарын іздеуіміз қажет. Яғни жігіттеріміздің басқа мамандыққа не үшін қызығатынын алдын ала зерттеп, ұстаз мамандығына сондай артықшылықтар берген жөн. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің білім беру бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін ұстаздардың орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақының мөлшеріне әкелуге тырысып жатыр. Сондай-ақ ауылға барғысы келетін жас мамандардың, соның ішінде ер-азаматтардың үй мәселесін шешіп беру арқылы олардың басқа да әлеуметтік жағдайларына баса назар аудару қажет. Тағы бір айта кетер жайт, мектептерде әйелдерден гөрі ер-азаматтардың карьерасының өсуіне мән берген жөн. Осындай артықшылықтар беру арқылы, жалақысын көбейтіп, әлеуметтік жағдайын дұрыстау арқылы ер-азаматтарды ұстаздыққа қызықтыруға болады деп ойлаймын.
Орынша ҚАРАБАЛИНА, педагог, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі:
Жоқ
– Мектептердегі ер мұғалімдер санының аздығы тек қана жалақыға ғана байланысты емес. Мәселен, басқа қызметте де дәл сондай жалақымен жұмыс істеп жүрген ер-азаматтар бар. Алайда олар ұстаздықты емес, басқа қызметті таңдап отыр. Сондықтан, ең бастысы, бүгінгі күні қоғамда ұстаз атты маманның маңыздылығын арттыру қажеттілігі туындап отыр. Жалақының аздығы ер мұғалімдердің мектептен жеруінің бір себебі ғана. Шынтуайтына келгенде, мектептердегі ер-мұғалімдердің азаюына себеп өте көп. Сондықтан ұстаздарға барлық жағынан жағдай жасау керек. Соның ішінде, ең бірінші мәселе – оның жалақысын көбейту болса, екінші мәселе – ұстаз мәртебесін биіктету.
Қазір ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін өсіру көптен бері сөз болса да әлі күнге дұрыс жолға қойылмай келеді.
Сондай-ақ бүгінде ұстаздықтың қадірі қашқаннан кейін кім көрінген ұстаз болатын болды. Бір кездері ұстаз ең қадірлі мамандық болатын. «Ұстаз келе жатыр» дегеннен оқушы мұғалім алдын қия өтпеуге тырысатын. Біз ұстаз мамандығын әлі де болса сондай дәрежеге жеткізуіміз керек. Сонда ер мұғалімдер де өз мамандығына қайта оралар еді.
Негізі, біз ұрпақ тәрбиелейтін маманға баса назар аударуымыз керек. Бала тәрбиесін, ұрпақ білімін сеніп тапсыратын маманды Жоғары оқу орындарына аса ұқыптылықпен, үлкен іріктеуден өткізіп қабылдау қажет. Ұстаздықты қолы жеткендер ғана түсетін аса ерекше мамандықтар қатарына жеткізу керек. Осылайша, ұстаз мамандығының қадірін арттырып, кім көрінгеннің емес, нағыз өз ісінің шебері ғана ұстаз болуына жағдай жасау қажет. Бүгінгі күні ұстаз мамандығының қадірі қашқанынан үлкен опық жеп жатырмыз. Сондықтан ең алдымен ұстаз мәртебесінің артуына мән беру керек.
Түйін
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы, бүгінгі күні қоғамда ұстаз мамандығынан қадір қашты. Әсіресе, қалалық жерде ер-азаматтар ұстаздықтан гөрі басқа жұмыс істегісі келіп тұрады. Мәселен, ұстаздық пен тағы бір басқа мамандықтың жалақысы бірдей болып, екеуіне бірдей вакансия болып тұрса, ұстаздықтан басқа мамандықты таңдағанды дұрыс көрер еді. Сондай-ақ жалпы қоғамымыз бүгінгі күні ұстаз тапшылығын сезініп жатыр. Сондықтан әйел-еркек деп бөлмей, жалпы жастардың ұстаздыққа қызығушылығын оятуымыз керек. Жапония секілді дамыған мемлекеттерде айлықты ең көп алатындар ұстаздар болып саналады. Ал бізде керісінше. Осы орайда бізге де ұстаз мамандығына мән беретін кез жетті. Жалақысы жоғары болса, ұстазға қояр талап та күшейеді, талап күшейсе, ұстаз алдындағы шәкірттің алатын білімі де тереңдей түседі.