Ғарышкерлер күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізу керек пе?
15 қыркүйек күні Парламент Сенатының пленарлық отырысында сенатор Ғани Қасымов премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына екі сауал жолдаған болатын. Соның бірі – 2 қазанды мемлекеттік мереке ретінде ғарыш күні етіп енгізу. 12 сәуір – Халықаралық ғарыш күні екенін елдің бәрі білгенімен, Тәуелсіздік алған тұста Тоқтар Әубәкіровтің қазақ атын көкке самғатқан күнін екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Біздіңше, қазақтың алғаш ғарышқа ұшқан күнін әр азамат жадында сақтап, көкейіне қондыруы қажет. Десек те, бірқатар ақпарат құралдары Ғ.Қасымовтың «қазанның 2-сі» дегенін бұрмалап, интернеттегі сайттарына «9 қыркүйек» деп, елді одан әрі әбігерге салып, шатастырыпты. Тұңғыш ғарышкерге хабарласқанымызда, ол кісі де 2 қазанда ұшқандығын және бұл датаның Қазақстан сынды еңселі ел үшін маңызы ерек екендігін растады. Сонымен, 2 қазанды мемлекеттік мереке ретінде ғарыш күні етіп бекітуге ел қалаулылары не дейді екен?
Оразалы СӘБДЕН, ҚР ҰFА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Экономика институтының директоры
Иә
– Кеңес кезінде Гагариннің ұшқан уақыты – 12 сәуірді ғарыш күні деп есептедік. Ал өз елімізде өзіміздің ғарышкеріміздің ұшқан күнін мемлекеттік мереке ретінде қабылдайық. Бірақ демалыс болмасын. Онсыз да демалыс күндері жетерлік. Ғалым ретінде айтар болсам, ғылым күні деген бар. Ол күнді белгіледік, бірақ арнайы демалыс берілген жоқ. Сол секілді ғарыш күнін де кәсіби ғарыш мамандарымен, ғарышкерлермен атап өту қажет. Мемлекет ретінде қалыптасқаннан бері ғарыш агенттігін құрдық. Қазақстанда «Қазсат» сериялы жер серігі бар.
Ғылыми-зерттеу институттары бар, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғарыш саласы – жаңа бағыт. Ғарыш – ХХІ ғасырдың инновациялық технологиялық маңызы зор арнасы. Ғарыш саласын қолға алып, келешек жастарымыз кеңістікті, ғарышты игергені дұрыс. Ғарышкерлер күнін мемлекеттік мереке ретінде қабылдасақ, оның ел дамуына пайдасы болады. Бір жағынан, мұның саяси мәні де бар. Екінші жағынан, кәсіби мәні зор. Насихатталуы қолға алынады. ХХІ ғасыр – шын мәнінде ғарышты игеру ғасыры. Одан қашпау қажет. Басқадан бұрын ғарышқа ұшқан елміз. Ғарыш державасы ретінде осы мәселені көтеру керек.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор
Жоқ
– Ғарышкерлер күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеуге сәл ертерек сияқты. Бұл – халықтық шаруа. Мемлекет деңгейіндегі мереке болуы үшін халықтың көп бөлігі тойлауға қатысуы қажет. «Байқоңыр» жыл сайын 110 млн доллар береді» дейді. Өз басым, сарапшы ретінде содан түскен қаржыға «мынадай шаруа жасалып жатыр» дегенді баспасөзден де, басқадан да естіген жоқпын. Қазақстан ғарыш саласын меңгеруі керек. Ол – еліміз үшін даму көрсеткіштерінің бірі. Еліміз ғарыш саласы мамандарын жасақтаумен дұрыс шұғылданған жоқ.
Сондықтан осы күнге дейін ғарыш төңірегінде Ресейге тәуелді болып отырғанымыз аян. Ғарыш айлағын жалға берген соң, барлық пайдасын Ресей көріп отыр. Гексил сияқты диметрил-гидрозин деген улы заттар Қазақстанның төбесіне ағып жатыр. Сондықтан соны еске алып тойлаймыз ба, тойламаймыз ба – ойлануымыз керек. Оған да мән беру керек. Ғарыш күніне қарағанда, ауылды неге ескермейміз?! Халықтың 50 пайыздан жоғары бөлігі ауылда тұрады. Шикізат экономикасы ауылдан шығады. Қазақстан – аграрлы мемлекет. Оны ешкім қозғап жатқан жоқ қой?! Ғарыш күнін кәсіби мереке қылып, жастарды тартып, ғарыш саласы мамандарын қолдайық десе, ондай пікірді қолдауға болады.
Бейтарап пікір
Камал БҰРХАНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Атам заманнан қалыптасқан бір ғарыш күні бар, ол – 12 сәуір. 1961 жылы біз бір мемлекеттің құрамында болғанбыз. Гагарин – әлемде тұңғыш ғарышқа ұшқан ғарышкер. Ол тек ТМД мемлекеттерінде ғана емес, әлемде бірінші ғарышкер ретінде мойындалған. Сондықтан ғарыш күні бұрын қалай қалыптасты, сол жолмен жүру дұрыс деп ойлаймын. 2 қазанды ғарыш күні ретінде бекітуге мен қосылмаймын.