Гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тарту керек пе?
Дәл қазіргі таңда әлем ғалымдарының гендік модификацияланған өнімдер туралы пікірі екіге жарылып отыр. Мәселен, жақында тек қана гендік модификацияланған жүгерімен тамақтандырып, екі жыл бойы тышқандарға тәжірбие жасаған француз ғалымдары аз уақыт ішінде тышқандардың өлімі көбейіп, олардың барлығының ісік ауруына шалдыққанының куәсі болған. Сондықтан олар барлық елді гендік модификацияланған өнімдерден бас тартуға шақырып отыр. Әйтсе де мұны кейбір орыс ғалымдары асырасілтеушілікке балап, қанша уақыт бойы аталмыш өнімдерді тұтынып келе жатқан америкалықтарға ешқандай қауіп төніп отырмағанын дәйек етіп, бұл әдісті ғылым саласының жетістігіне балайтындарын айтып, қарсы пікір білдіруде. Сондықтан біз де гендік модификацияланған өнімдерге қатысты мамандарымыздың пікірін ой-көкпардың таразысына тартып көрген едік.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер, медицина ғылымының докторы, профессор:
иә
– Иә, біз тез арада гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тартуымыз керек. Өйткені аталмыш өнімдердің халық денсаулығына зияны өте үлкен. Негізі, бұл өнімдердің артында кейбір мемлекеттердің стратегиясы тұр. Олар жер бетіндегі кейбір елдердің санын азайту үшін түрлі әрекеттер жасайды. Осы мақсатта наркотикалық заттар, аурулар таратып, адамдарды гомосексуализмге, араққа, темекіге тартып, халықтың тұқымын тұздай құрту үшін жаман әдеттерге үндейді. Сонда халық мемлекетінің жайы түгіл, өзінің не істеп жүргенін де ұқпайтын дәрежеге жетеді.
Әлемге үстемдік жүргізуді қалайтын елдердің де қалағаны – осы. Осы әдістің тағы бір жолы – гендік модификацияланған өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы өздерінің нысанаға алған кейбір елдерінің денсаулығын құрту. Яғни гендік модификацияланған өнімдермен, газды, энергетикалық сусындармен халықты қоректендіруге итермелеу. Гендік модификацияланған алманы адам түгіл құрт та жемейді. Ал біз еріксіз оны адамдарға тықпалап отырмыз. Мұндай өнімдер адамның ағзасын генетикалық өзгеріске ұшыратып, түрлі аурулар тудырады. Мамандардың айтуынша елімізде гендік модификацияланған өнімдер өндіріле бастағаннан бері түрлі ауру-сырқаулар көбейе бастаған. Мұндай құбылыс басқа елдерде де көрініс тапқан. Мәселен, АҚШ-та гендік модификацияланған өнімдердің «арқасында» созылмалы сырқатқа шалдыққандар небәрі тоғыз жылда 7 пайыздан 15 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар, аутизм, репродуктивті ауытқулар мен азық-түлік өнімдерінен болатын аллергиялар да күрт өскен. Гендік модификацияланған өнімнің «жемісі» бір күннің ішінде білінбейді. Адамзаттың бойында түрлі аурулар арқылы көрініп, ұзақ жылдар бойы сақтала келе ұлтымыздың генін өзгеріске ұшыратады. Және табиғи өнімдерге қарағанда, бұлардың бағасы арзанырақ болғандықтан халық жаппай сатып алады. Осылайша ол тез таралады. Сондықтан біз тез арада оған тыйым салу керекпіз.
Осы орайда халқымызды зиянды гендік модификацияланған өнімдерден сақтандыратын заң қажет дер едім. Өйткені бізде шетелдерден жеткізіліп жатқан азық- түлікті толыққанды қадағалап, зерттеп отырған орталық жоқ. Сауда орындарындағы зертханалар тек өнім құрамындағы нитраттың мөлшерін ғана анықтайды. Ал бүгінде елімізде жыл он екі ай бойы сатылатын көкөністер мен жемістердің 90 пайызы – Қытай өнімдері. Олар өнім жолда жақсы сақталып жеткізіліп, ұзақ уақыт пішінін жоймауы үшін түрлі химиялық зат қосады. Олар үшін ең бастысы – пайда. Ал әлгі өнімді жеген адамның денсаулығын ойламайды. Ғалымдар адамның не жесе, соған тартатынын дәлелдеген. Сондықтан түрлі химиялық заттар қосылып, еріксіз гигант өнімге айналған, ірімейтін, шірімейтін, генетикалық өзгеріске ұшыраған азық-түлікті жеген адамның да көп ұзамай гені өзгеріске ұшырап, адам кейпіндегі құбыжыққа айналары сөзсіз. Атап айта кетер жайт, көптеген елдер модификацияланған өнімдерді өндіргенмен өздері тұтынбайды. Егер ол өнімдер пайдалы болса, өздері неге ішіп-жемейді? Осыдан-ақ гендік модификацияланған өнімдердің талапқа сай еместігін байқауға болады.
Әрине, Қытай секілді халқы көп, жері аз елдердің кең алқапқа егін салып отыруға жағдайлары жоқ шығар. Сол себепті де химиялық тыңайтқыштарды шектен тыс пайдаланып, жылдам өсіп шығатын және ұзақ сақталатын жеміс өсіруге тырысады. Ал кең-байтақ жері, телегей-теңіз суы да бар, ауа райы да мал өсіріп, егін егуге қолайлы жерде тұратындар үшін жасанды тағамның не қажеті бар?! Бізде дәл қазір бүкіл әлемді гендік модификацияланған өнімнен бас тартуға шақырып, өзіміздің табиғи өнімімізді ұсыну арқылы табысқа кенелуімізге де мүмкіндік бар. Біз осыны түсінуіміз керек.
Мұса АЙТЖАНОВ, Қазақ тағамтану академиясының зертхана меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, менің ойымша, гендік модификацияланған өнімдерге шоши қараудың қажеті жоқ. Бұрын гендік мадификацияланған өнімдерді 4 пайызға дейін пайдалану қауіпсіз болса, қазір 0,9 пайыз мөлшер белгіленген. Яғни, жалпы, күнделікті ішіп-жейтін тамағымызды 100 пайыз деп алатын болсақ, соның ішінде гендік модификацияланған өнімдердің үлесі 0,9 пайыздан аспауын қадағаласақ, ондай өнімдер қауіпсіз деп есептелінеді. Шыны керек, бүгінгі күні аталмыш өнімдер елімізде көп тарала да қойған жоқ. Сондықтан оларға біржақты баға беріп, мүлдем бас тарту керек деу асығыстық болар еді.
Бүгінде статистикаға сенсек, жер бетінде күн сайын 20 мың адам аштықтан қырылып жатыр екен. Осы тұрғыдан ойлағанда гендік инженерия арқылы өнім өндіру – уақыт мәжбүрлігі. Рас, ондай өнімдердің зияндылығын әр елдің ғалымдары жарыса айтуда. Дегенмен тұтыну тағамдарының ішінде 0,9 пайыздық мөлшерден асырмасақ қауіп жоқ екені анық. Демек, түбегейлі бас тартудың қажеті жоқ. Бар болғаны белгіленген мөлшерден асып кетпеуін мемлекеттік тұрғыдан қадағалап отырсақ болғаны.
Гендік модификацияланған өнімдер адам өміріне қауіп төндіру үшін жасалмаған. Ол биотехнологиялық жолмен суыққа, ыстыққа төзімді өнім түрін жасап шығару үшін ойлап табылған. Осыны түсінуіміз керек. Жақсы жаңалыққа әрқашан тосырқай қарайтын әдетіміз ғой. Сол секілді гендік модификацияланған өнімдерге де күдіктене қарау түсінікті. Дегенмен бұл технология тағамның жаңа қасиетін жасап шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Аталмыш өнімдерге қатысты айтылып жүрген әңгімелер әлі толық тексеріліп, ғылыми мойындалмаған нәрсе. Сондықтан бүгін біржақты пікір айта салуға болмайды.
Жалпы, бір уыс уды үлкен теңізге шашып жіберсе, зардабы білінбей қалады емес пе. Сол секілді гендік модификацияланған өнімдерге де бүгінгі күні осындай көзқарас болып тұр. Ол үшін гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тартайық деу асығыстық. Сондықтан арасында қолданып тұрудан айтарлықтай зардап бар деп ойламаймын.
Бейтарап пікір
Марат СӘРСЕНБАЕВ, «Қазақстан халал өндірісі» қауымдастығының президенті:
– Рас, бүгінгі күні гендік модификацияланған өнім туралы таласты пікір көп. Әлем ғалымдарының жүргізіп жатқан тәжірибесіне сенсек, нәтиже жаға ұстатарлықтай. Бірақ біз өзіміз іргелі зерттеулер жасап, бір шешімге келе қойған жоқпыз. Сондықтан әлі де болса шешім қабылдамас бұрын өзіміз гендік модификацияланған өнімдерге ғылыми зерттеулер жасап, сынап көруіміз керек деп ойлаймын. Қазір аяқ астынан гендік модификацияланған өнімдерден мүлдем бас тартсақ, артықшылығын сезінбей қалуымыз мүмкін. Ал бас қойып, ешкімді тыңдамай жей берсек, қауіпке де ұрынуымыз әбден мүмкін. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігіне келгенде бейқам болмауымыз керек. Сондықтан халқымыздың денсаулығына қатысты мәселеде өзіміз тексеру жүргізіп, шешім қабылдағанымыз жөн.