Ішкі туризмді дамытуды жергілікті әкімдерге міндеттеу керек пе?
Қазақстанның тарихы бай, табиғаты көркем болғанымен, алайда ішкі туризм саласы дамымай отыр. Шығыстағы Марқакөл, Алакөл ұлттық қорықтары, Алматы облысының Райымбек ауданындағы «Көлсай көлі» мемлекеттік табиғи паркі мен ең ірі экзотикалық орын – Шарын шатқалы, Көкшетаудың Бурабайы, Қарағандының Қарқаралысы, Павлодардың Баянауылын көрсеңіз көз тояды. Табиғаты әсем. Айта берсек, мұндай көрікті жерлеріміз жетіп-артылады. Алайда онда туристік инфрақұрылым дамымай отыр. Біріншіден, ол жаққа баратын жолдың жөні түзу емес. Тіпті кейбір демалыс орындарында дәретхана да жоқ. Осы ретте кейбір мамандар «демалыс орындарының ішкі жағдайын Астанада отырып, көзбен көрмей шеше салғаннан гөрі, ішкі туризмді дамытуды жергілікті әкімдерге міндеттеу керек» деген ұсыныстар айтуда. «Себебі әкімдер сол өңірді басқарып отырғаннан кейін, жер жағдайын, мүмкіншілігін жақсы біледі» дейді олар. Бұл қаншалықты негізді? Бүгінгі ой-көкпарымыз осы тақырыпқа арналмақ.
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
иә
–Әрине, міндеттеу керек. Өйткені, Шарын мен Көлсайдың мәселесін, алыстағы Марқакөл мен Алакөлдің ішкі жағдайын Астанада отырған басшы білмейді. Астанадағы кабинетте отырып алып, Шарынның мәселесін шешу ақылға қонымсыз. Ал жер жағдайына қанық жергілікті әкімдік өзі сонда отырғаннан кейін, мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, оның айналасындағы қорықтардың, демалыс орындарының ыңғайына қарай шешім қабылдап, оның дамуына септігін тигізер еді. Сондықтан ішкі туризмді дамытуды жергілікті әкімдерге міндеттеу қажет деп есептеймін.
Жалпы, біз туристерге патриоттық көзқараспен қарауымыз керек. Тіпті, керек десеңіз, бұл әр азаматтың парызы болуы тиіс. Елімізге сырттан келетін туристерге Қазақстанның көрікті жерлерін көрсету, оларға мәдениеттілік таныту, сыпайылық таныту – әрбіріміздің міндетіміз. Бұл, бір жағынан, елімізді насихаттау болса, екінші жағынан, үлкен табыс көзі.
Қазақ – қонақжай халық. Қазақтың осы мінезіне, осы болмысына көптеген шетелдік қызыға қарайды. Алайда тиісті органдар осыны әлі дұрыс пайдалана алмай отыр.
Қазір қазақтың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап отырған қаншама ауылдарымыз бар. Соларды нарыққа бейімдеуіміз қажет. Туристік саланы дамытамыз деп жалаң сөздерді айта бермей, нақты сол ауылдарға қолдау көрсетіп, жағдай жасап, этноауылдарды дамытуымыз қажет. Бұл төңіректе рухани-материалдық құндылықтарымыз туралы жүйелі түрде халықаралық туризм мекемелеріне ақпараттар беріп, тұрақты түрде жүргізілетін этнографиялық саяхаттардың бағыттарын белгілеуіміз керек. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қазақ менталитетінің, мәдениетінің мәйегі ретінде ауылдағы этномәдени ахуалды біліп отыру үшін этнографиялық саяхаттарды мейлінше көп жүргізу керек. Кеңес дәуірінде қазақ этнографиясы жан-жақты, кешенді түрде зерттелді деп айта алмаймыз. Қазір осыны неге қолға алмасқа? Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әжелеріміз сонда ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдарды жасап, ұлттық ауыл қалыптасса, бұл бір жағы ауылдарымызға қомақты қаржы түсіруге үлкен мүмкіндік болар еді.
Негізі, ішкі туризмді дамыту үшін мықты менеджерлер керек деп жатамыз. Әрине, кез келген әкім менеджер емес. Бірақ оған бола әкімдіктен арнайы менеджер деген штат ашудың керегі жоқ. Мұнымен әрбір әкімдіктегі ішкі саясат бөлімдері-ақ айналыса алады. Менің айтарым – ішкі туризмді дамыту үшін бұл саланың жауапкершілігін жергілікті әкімдерге артуымыз қажет.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Мұны әкімдерге міндеттеудің керегі жоқ. Өйткені жергілікті әкімдік бұл мәселені шеше алмайды. Қандай жағдай болмасын, кез келген шаруаны тиянақты орындау үшін оған қомақты қаражат керек. Онсыз болмайды. Ал жергілікті басшылар ішкі туризмді дамытудың жөн-жосығын жақсы білгенімен, ертеңгі күні қаражат жетіспеушілігіне тап болады-дағы, бұл мәселенің шешілуі аяқсыз қалады. Сондықтан мұны орталықтан қаржыландырып отыруға тиіспіз. Оның үстіне, туристік бағыттар, көрікті жерлер бір ауданның ғана территориясында орналаспаған.
Әр ауданда болғаннан кейін, жергілікті басшылар мұны дұрыс үйлестіре алмауы мүмкін. Мысалы, Қ.А.Ясауи бабамыздың ата-анасы – Қарашаш ана мен Ибрагим ата Сайрам ауданында жатыр. Әсірет сұлтанға зиярат етушілер ең бірінші оның ата-анасына барып құран оқып шығады, одан кейін Арыстан баб кесенесіне барады, ол Отырар ауданында орналасқан, содан кейін барып Түркістанға келеді. Міне, сонда үш ауданға баруы керек. Әр ауданның әкімі әртүрлі. Олар мұны бірлесіп ұйымдастыруы қиын. Сондықтан мұны тым болмағанда аудан емес, облыс әкімдігі арқылы шешуіміз қажет. Әйтпесе әр ауданның басшысы өзінше ыңғайлап, ортақ шешімге келе алмайды. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алуы мүмкін. Мен ауданда әкім болып қызмет атқарғанда мұндай құқайдың талайын көргенмін. Қазақта көреалмаушылық деген жаман әдет бар. Бір аудан әкімі озып келе жатса, оның аяғынан шалушылық әлі де тыйылған жоқ. Ол бұл заманда тыйыла қоюы екіталай. Сондықтан ішкі туризмді орталықтан шешкен жөн. Егер бұл сала дамып, өздігінен дөңгелеп кеткеннен кейін мұны облыс әкімдігінің жауапкершілігіне бергеніміз дұрыс шығар. Ал қазірше жергілікті аудандық әкімдіктер бұл саланы дамыта алмайды.
Қазір мен туризм саласын дамытуға шынайы беріліп отырған адамды көрген жоқпын. Кезінде бұл сала спорттың көлеңкесінде қалып еді, енді оны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарамағына бердік. Әйтеуір, бұл саланы анаған да, мынаған да тықпалап, құтты орнына қондыра алмай-ақ қойдық. Негізі, бұл өз алдына агенттік немесе министрлік болуы тиіс. Сонда ғана ішкі туризм алға жылжитын болады. Туризм саласын дамытқаннан мемлекетке қыруар пайда келетінін іс басында отырған басшылар түсінуі тиіс. Сондай-ақ «жаны ашымастың басы ауырмас» демекші, бұл саланың басшылығына өз ісіне берілген, нағыз фанат адамды отырғызбай, мұны дамыта алмаймыз.
Бейтарап пікір
Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты:
– Туризм саласы бір дамымай-ақ қойды. Әйтеуір, бәрі тек сылдыр сөз айтады да қояды. Қазір бұл саланы дамытуды ешқандай уәкілетті орган нақты өз қолына алып отырған жоқ. Ішкі туризмді дамытуды тиісті комитетке де, жергілікті әкімдерге де міндеттеуіміз қажет. Мәселен, өркениетті елдерді қарап отырсақ, оларда бұл әкімдікі, бұл министрліктің жұмысы деген жоқ. Қайта қолдарынан келгенше бірлесіп дамытуға тырысады. Өйткені сол елге туристер көп келсе, ол әкімге де, мемлекетке де үлкен табыс түсіреді. Сондықтан ұлттық парк, демалыс орындарына уәкілетті орган мамандары барып, әкімдермен бірлесіп, анау менікі, мынау сенікі деп бөлмей, мемлекеттік деңгейде шешуі қажет.