Коммуналдық қарыздары 1 миллион теңгеден асқан үй иелеріне қылмыстық жаза қолдану керек пе?
Еліміздегі тұрғындардың коммуналдық қарыздары – ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Әсіресе электр энергиясына қарыз тұрғындардың елеулі бөлігі ауқатты және лауазымды адамдар екен. Осының дәлелі – семейліктер электр қуаты үшін 66 миллион теңге қарыз болса, қара тізімнің басында, негізінен, дәулетті тұрғындар тұр. Мұндай мысал басқа қалаларымызға да тән. «Байыған сайын қалтырауық» келетін азаматтардың кесірінен қалаларда жарық та жиі сөнеді. Мүмкіншілігі бола тұра, коммуналдық қызметке ақшасын аяғандар энергетиктерді есігінен сығалатпайды. Ал биік қақпа сыртынан әрі аса алмаған энергетиктердің бар қолынан келері – бағана басынан электр энергиясын ажырату ғана. Әйтсе де тұрғындар есебін тауып энергия көзін қайта жалғап алып, қарыздарын өтемей тұра беруді үйреніп алған. Осы орайда «коммуналдық қарыздары 1 миллион теңгеден асқан үй иелерін қылмыстық жазаға тарту керек пе?» деген сауал төңірегінде мамандарды сөзге тартып көрген едік...
Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор
Иә
– Тұрғындардың өздерінің тұтынған, пайдаланған коммуналдық қызметтері үшін ақы төлеуден жалтаруы – үлкен қылмыс. Сондықтан ұзақ уақыт бойы коммуналдық қызметке ақы төлеуден әдейілеп жалтарып жүрген, ал коммуналдық қарызы 1 миллион теңгеден асқан үй иелерін міндетті түрде қылмыстық жазаға тарту қажет деп ойлаймын.
Нақтылап айтар болсам, алдымен коммуналдық борышкер тұрғынға айыппұл түрінде бірнеше рет ескерту жасалуы қажет. Ал айыппұл мөлшері ауқатты, лауазымды, алайда коммуналдық қарызы бар тұлғаларға өте үлкен көлемде болуы тиіс.
Егер бұл айыппұл түріндегі ескерту екінші рет қайталанатын болса, айып мөлшерін екі еселеген жөн. Сонда тұрғындар коммуналдық қызметтерге қарыз болудан қорқады. Тіпті, жалпы, тұрғындардың бәрін бірдей коммуналдық төлемді кешіктіргені үшін де айыппұл салынатындай жағдай жасау қажет. Сонда тұрғындар коммуналдық қарыздан жалтармақ түгіл, кешіктіріп төлеуден қорқатын болады. Негізі, адам баласы тәртіп күшейгенде ғана заңнан, талаптан, міндеттен, жауапкершіліктен қорқатын болады. Сондықтан коммуналдық төлем төлеуге осындай тәртіп енгізілуі тиіс. Егер борышкер тұрғын екінші рет жасалған ескертуге де құлақ аспайтындай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ондай адамдарды мемлекетке зиян келтіріп, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қарсы шыққан адамдар деп түсінген жөн. Негізі, біздің қоғамдағы азаматтардың барлығының құқықтары бірдей. Ал коммуналдық қызметке өте үлкен көлемде қарыз ауқатты тұрғындар ерекше жағдайда өмір сүргісі келеді. Бұл дұрыс емес. Біз оларға елден ерек ондай жағдай туғызуға жол бермеуіміз керек. Ал жол бермеудің бірден-бір жолы – қылмыстық жауапкершілікке тарту. Жағдайы бола тұра коммуналдық қарызын төлемей, қолындағы лауазымын пайдалануға ұмтылуы – олардың әбден дандайсуының белгісі. Олар өздеріне арналған қылмыстық жауапкершілікке тарту әдісінің жоқтығын тиімді пайдаланып, ойларына келгенін істеп отыр. Ал біз оған жол бермеуіміз керек.
Ал мен ондайларға қылмыстық жазалардың ішінде шартты түрде соттау, мүлкін тәркілеу жазаларының қолданғанын қалар едім. Шыны керек, қоғамымызда тауық, сағыз ұрлағандар да түрмеде отыр. Ал мемлекетке зиян келтіріп, қолданған коммуналдық қызметі үшін ақы төлемегендер неге жазаланбасқа?! Айта кетер жайт – тиісті орындар коммуналдық қарызы бар тұрғындарды үнемі тексеріп, дер кезінде қарыздарын төлеп отыруға міндеттегені жөн.
Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты
Жоқ
– Коммуналдық қызметтің қай түрі болмасын қарыз болған азаматтар оны уақтылы төлеп отыруға міндетті. Соның ішінде лауазымды, әлеуметтік жағдайы жоғары азаматтардың коммуналдық қызмет үшін қарыз болып жүруі – ұят нәрсе. Әрине, мұндай адамдар жазаға тартылуы тиіс. Әйтсе де олар айыппұлдан қорықпайды. Айыппұлдан қорқып, жауапкершілігін ойлайтын болса, коммуналдық қызмет қарызын 1 миллион теңгеге дейін жеткізіп, қарыз болмас еді. Сондықтан қылмыстық жауапкершіліктен гөрі ондай адамдарды басқа бір жанды жерінен ұстаған дұрыс. Мәселен, лауазымды адамдар қызметтен шеттетіліп, мемлекеттік қызметтен мүлдем аластатылуы қажет.
Мемлекеттік қызметке алу кезінде барлық азаматтардың коммуналдық қызметке қарыз болған-болмағаны тексерілуі тиіс. Тіпті бір кездері қарыз болған болса да, олардың қара тізімге ілінгені арнайы деректер қорында сақталуы тиіс. Коммуналдық қарызды төлемеуі – мемлекетті сыйламауы. Ал мемлекетін сыйламайтын адам мемлекеттік жұмысқа тартылмауы тиіс. Мұндай жағдайда олар коммуналдық қызмет ақысын дер кезінде төлеп отыруға ұмтылар еді. Сондай-ақ мұндай шектеу ауқатты адамдар үшін де жасалынуы тиіс. Шетелдерде банктен алған қарызын уақтылы төлеп отырмаған азаматтар ұшаққа міне алмайды, ел шекарасынан шыға алмайды. Біздің де ауқатты адамдарымыз үшін осындай шектеулер жасалса, өте дұрыс болар еді. Меніңше, қылмыстық жауапкершілікке тартудан гөрі осындай шектеулердің маңызы зор. Сонда біз олардың ізінен коммуналдық қарызыңды төле деп жүгірмейміз, алдынан шығып отырған шектеулерден құтылу үшін олардың өзі-ақ коммуналдық қарыздарын дер кезінде төлеуге ұмтылып отырар еді.
Шыны керек, біздің ауқатты, лауазымды тұрғындарымыз әбден есірген. Әйтпесе зейнеткерлердің өзі болмашы зейнетақысымен дер кезінде коммуналдық қызмет ақысын төлеуге ұмтылады. Ендеше, зейнеткерлердің өзі коммуналдық қызметке қарыз болмауға тырысқанда бай-бағландарымызға не жорық?! Сондықтан «байыған үстіне баий түссем, алайда коммуналдық қызмет үшін көк тиын төлемесем екен» деген азаматтарды міндеттей алатындай шаралар ойластыруымыз қажет.
Бейтарап пікір
Болат ДІНІСТАНОВ, Алматы қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Біздің қоғамымызда коммуналдық қызметке қарыз тұрғындарды тиісті орындардың ескертуіне құлақ аспаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Әйтсе де бұл жазаның іске асып, борышкердің жазаланып, қарызын төлеуге ұмтылып жататын кезі сирек. Заңды және жеке тұлғалардың міндеті заң жүзінде айқындалса да, олардың заңнан қорықпауы осындай сұрақтың туындауына себеп болып отыр. Мәселен, энергетик тұрғынның электр энергиясына қарызы үлкен көлемде екенін әрі көптен бері төлемегенін анықтаған жағдайда оны электр энергиясынан ажыратуға құқылы. Егер тұрғын энергетикке бағынбай, өзі қосып алған жағдайдағы айыппұл көлемі де анықталған. Рас, оларды ұдайы тексеріп, қарыздарын есіне түсіріп, міндеттеп отыратын мекемелер де белгіленген. Бірақ олардың бұл құзыретін қатаң түрде орындап жататын кезі де сирек. Сондықтан коммуналдық қарыздары қомақты тұрғындарға арналған қылмыстық жазалардың өз күшінде жұмыс істеп, оларды бақылаушы орындардың құзыретін кеңейтуге тырысуымыз қажет.