Компьютер ойындары келешек ұрпақ дамуына кері әсер етеді деп ойлайсыз ба?
Біздің қоғамда компьютер ойындарына қатысты қалыптасқан пікір әралуан. Мұны жаһандану процесі арқылы негізделген қалыпты құбылыс санайтындар «компьютер ойындарын тек қана атыс-шабыс деп түсінбеу керек, олардың арасында адамның интеллектуалдық деңгейін арттыратындай өрелі дүниелер де бар» деп есептесе, келесі бір топ «кейінгі уақытта жастар арасында көбейіп кеткен топтасып төбелесу, қарақшылық шабуыл, нашақорлық сияқты келеңсіз көріністердің бәрі сол мағынасыз компьютер ойындарынан алған әсерден туындайды. Өйткені жеткіншек жүрегіне қатыгездік дәнін себу жағынан бірінен-бірі асып түсетін компьютерлік ойындар жас өскіндердің санасын мейлінше улап жатыр» деген пікірде.
Осы орайда мынадай сұрақ туады: компьютер ойындары келешек ұрпақ дамуына шынымен де кері әсер ете ме?
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Иә
– Менің ойымша, компьютерлік ойындардың жасөспірім балаларға кері әсері көп. Мұны батыстың, Жапонияның ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген де. Біріншіден, мұның денсаулыққа зияны үлкен. Яғни физикалық тұрғыдан алып қарағанда, көздің майын жейді, радиациясы бар деген сияқты. Мұның сыртында, сана-сезімі жаңа қалыптасып келе жатқан балалардың ойлау жүйесіне, қабілетіне тигізетін зияны зор. Себебі олардың көпшілігі, тіпті 99 пайызы – біреуді біреудің өлтіруіне, қысым жасауына, қатыгездікке, басқа да толып жатқан өрескел қылықтарға үйрететін ойындар.
Өз басым жақсылыққа баулитын, болмаса әдепті қылықтарға, ізгілікке тәрбиелейтін ойындарды көрген емеспін. Өйткені өзімнің екі ұлым да – сол ойын жасындағы балалар, мен олардың ойынын да жақсы білемін.
Шындығында, бұл балалардың кінәсі емес. Біз әке-шешесі болғаннан кейін, ондай ойындарға әуес болуларына мүмкіндігінше тыйым салуға, шектеуге тырысамыз. Бірақ бұл – негізінен, мемлекеттік деңгейде қолға алынатын шара. Яғни жат сипаттағы компьютерлік ойын дискілерінің ел аумағында таралуы мен ойын залдарының жұмысын заңдық тұрғыда шектеу қажет. Мысалы, Германияда, Қытайда, Жапонияда компьютерлік ойындарға көптеген тосқауылдар қойылған, тіпті, тыйым салынған. Бізде де осы елдердің үлгісімен мемлекеттік деңгейде іс-шаралар қабылдануы тиіс.
Сонымен қатар «неге балалар компьютерлік ойындарға құмар, неге сонымен әуестенеді?» дегенге келгенде, олардың бос уақыты мәселесі пайда болады. Бұрын, айталық, кеңес заманында көптеген үйірмелер болатын, спорт секциялары жұмыс істейтін. Мектептің өзінде де түрлі факультативтер өткізіліп, балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне мемлекеттік, облыстық, қалалық деңгейде барынша жағдай жасалатын. Қазір мұның бірі де жоқ. Бұрынғы спорт секцияларының оннан бірі қалды. Оның өзі өте аз және жүз пайыз ақылы, төлемақысы тіпті, дәулетті деген отбасылардың өзіне салмақ түсірерліктей, айына бес мың, он мың, он бес мың тұратын секциялар. Ал оған кім бара алады? Сөйтіп, бос уақытын қайда жіберерін білмеген балалар, компьютерлік клубтарды маңайлайды, үйдегі компьютерді айналдырады. Себебі, басқа балама жоқ. Қайталап айтам, бұл – балалардың кінәсі емес, біздің, яғни ересектердің, қоғамның, мемлекеттің кінәсі, тасада қалып қойған үлкен проблема. Өйткені бұл – келешек ұрпағымызға қатысты мәселе.
Компьютерлік ойындардың тағы бір зиянды тұсы – солардың кесірінен, жалпы, еліміз өзінің ұлттық болмысын жоғалтады. Мейлі, осы компьютерлік ойындар, мейлі сырттан келетін басқа да фильмдер, мультфильмдер болсын, біздің өскелең ұрпағымыздың санасын улайды. Сөйтіп, балаларымыз жат мәдениеттің өнімдеріне табынып, еліктеп, солықтап, өзінің дәстүрлі менталитетін жоғалтады. Былайша айтқанда, мұндай жат дүниелер біздің ұлттық болмысымыздың шайылуына алғышарт болады. Бұл арада тек қана тыйым салып қойып, орнына басқа нәрсе ұсынбау ештеңені шешпейді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қолға алып, жіті зерттеген жөн.
Қалила ОМАР, кинорежиссер:
Жоқ
– Көптеген компьютерлік ойындар балалардың логикасы мен кеңістіктік ойлау қабілетін арттырады. Тек баланың бойына жақсы талғам қалыптастырып, дұрыс бағыт бере білген абзал. Компьютерлік ойындар тек қана атыс-шабыстан тұрмайды, олардың бас қатырарлықтай шым-шытырық тапсырмаларға, логикалық шешімдерге негізделген, анағұрлым интеллектуалдық түрлері де жетіп-артылады.
Әр нәрсе өз уақытында. Мысалы, бала бір кезде машина жарысына, төбелеске құрылатын ойындарды ойнаса ойнайтын шығар. Біраз уақыт өте келе, дойбы, шахмат ойындарына ойысуы мүмкін.
Ал, шахматты көршіңмен немесе досыңмен ойнаған жақсы да, компьютермен ойнаған неге жаман болуы керек? Мұның тағы бір пайдасы – бала компьютермен жұмыс істеуді үйренеді. Ал қазір онсыз түк бітіре алмайсың. Осыншама күрделі техниканың тілін кішкентай кезінен меңгеріп өскен бала, ешуақытта қиналмайды. Мысалы, өзімнің жасөспірім ұлым қазірдің өзінде компьютер арқылы Мәскеуден сабақ алып, әлемнің түкпір-түкпірімен еркін байланысып, бүкіл шаруасын үйде отырып-ақ бітіріп отыр. Құдайға шүкір, көз жанары да, денсаулығы дұрыс, күні-түні компьютерден екі елі ажырамайтын айықпас дертке душар болған да ештеңесі жоқ.
Бұл жердегі айтайын дегенім, компьютерлік ойындардың балаға таным тұрғысындағы көмегі көп болады. Екіншіден, бос уақытын тиімді өткізуіне септігі тиеді. Мысалы, қазір қарап тұрсаңыз, балалардың көпшілігінің немен айналысарын білмей жүргенін байқайсыз. Сөйтеді де бұрыш-бұрышқа, қуыс-қуысқа жиналып, не болса, сонымен айналысады. Арақ ішеді, темекі тартады, есірткі шегеді, күні-түні көше кезіп, босып жүреді. Өйтіп жүргеннен гөрі, компьютер ойнап, өзімен-өзі, үйде отырғаны дұрыс қой. Әрі күнделікті тіршілікті күйттеп, ойда-қырда жұмыста жүрген ата-анасы да баласын «қайда жүр екен, кіммен кетті екен» деп уайымдап, жүйкесін жұқартпайды. Сол себепті де, өз басым компьютерлік ойындарды соншалықты қауіпті, зиянды деп ойламаймын.
Бейтарап пікір
Жарас СЕЙІТНҰР, психолог:
– Бұл мәселенің екі жағы бар. Жалпы, интернет ақпарат алу тұрғысында көп көмек бергенімен, екінші жағынан, қазір оған психикалық тәуелділік туып отыр. Оның ішінде осы ойындарды алатын болсақ, бүгінде көптеген балалар соның салдарынан қоршаған ортамен байланысын жоғалтуда. Осыдан келіп оқшаулану, қалыптасқан дағдылардан айырылу, қатыгездену, жалғызсырау, өзінің ішкі әлеміне кету сияқты жайттар пайда болады. Негізі, компьютерлік ойындарды бала түгіл, ересек адамдардың өзі де ойнайды, онда да уақыт өлтіру әрі шынайы өмірден қашу үшін. Былайша айтқанда, бұл – қорғаныс механизмінің бір түрі. Бірақ балалар үшін зияны көп екендігі рас. Мысалы, қазір демалыс кезі. Табиғатқа шығып, спортпен айналысып, дене шынықтырудың орнына, күні бойы компьютердің алдында байланып отырған балада не денсаулық болады? Осының салдарынан бүгінде семіздік дерті үлкендерді қойып, балалардың арасында да кеңінен көрініс беруде. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, компьютерлік ойындарды пайдалануға шектеу қойған дұрыс.