Көпбалалы әкелерді де марапаттау керек пе?

Көпбалалы әкелерді де марапаттау керек пе?

Бүгінде еліміз бойынша перзенттерінің саны бестен асатын әйелдер көпбалалы аналар санатына қосылып, «Алтын алқа» «Күміс алқа» сынды азды-көпті марапаттарды иеленеді. Соңғы кездері көпбалалы аналардан бөлмей, әкелерді де марапаттау қажеттігі жиі айтылып жүр. Халық санының өсіміне тек аналардың ғана емес, әкелердің де үлесі зор деушілер көп баланы асырап отырған ер-азаматтарымыз да құрметтен тыс қалмауы керек дегенді алға тартады. Алайда әкелерді марапаттау арқылы олардың отбасындағы орнын, жауапкершілігін арттыра аламыз ба? Көпбалалы ана мен әкені қатар марапаттауды жөн көрмейтіндердің де өзіндік айтары бар. Осы тұрғыда көпшіліктің пікірі екіге жарылады. Ендеше, қарама-қайшы ой-пікірлерге назар салып көрелік.


Жарылғап Қалыбай, «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының редакторы:
Иә

–Көпбалалы әкелерге мемлекет тара­пынан марапат тағайындау қажет. Біз көп бала дүниеге әкелген ана­ла­ры­мыз­ды құр­меттеп, марапаттаймыз. Бұл дұ­рыс. Адам­заттың барлық ұр­па­ғын таратып келе жатқан – аналар. Бірақ әр от­ба­сы­ның жағдайы бар. Егер отба­сын­да­ғы ота­ғасының ба­ла­ларын бағатындай жағ­дайы болмаса немесе әйелінің көп бала дүниеге әкелуіне оң көзбен қарамаса, қазақ­тың саны қайдан өссін? Өйткені адам­дар баланы туғаннан кейін, оны өсі­руді де ойлайды ғой. Ештеңеге қа­­ра­­мас­тан көп баланы туып, бағып отырған ба­тыр аналарымыздың ар жағында батыр әке­леріміз ылғи да көрінбей, тасада қа­лып қойып жа­тады.
Әрине, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көпбалалы аналарды ардақтасын, атақ-абыройын асқақтатсын, жәрдемақы тағайындасын, бірақ әкелер де ұмыт қалмауы тиіс, ең болмағанда олар­­­ға аздаған марапат қажет-ақ. Әке­лерге бір медаль беру қымбат нәрсе емес шығар. Аналарымыздың күміс, алтын ал­қа тағынғаны тәрізді көпбалалы әке­лерді марапаттаудың өркениетті бір жолын ой­ластыру керек.
Отбасында әр бала туылған сайын жәрдемақы көлемі де ұлғайтылып, олар­дың таршылық көрмеуіне жағдай жасалса, елімізде көпбалалы отбасылар саны көбе­йер еді. Қазіргі кезде көпбалалы отбасылар өте сирек, қалалық жерлерде тіпті жоқтың қасы. Жалпы, көпбалалы ата-ананы бір-бірі­нен бөліп қарауға болмайды. Мен жа­қында екі балалы қалалық отбасының әңгімесін естіп қалдым. Әйелі үшінші баланы көтеріп, жүктілігі туралы күйеуіне айтқан екен, қуанған сыңай танытпаған көрінеді. Материалдық жағдайлары да мәз емес болғандықтан, әлгі әйел еріне баланы алдыртатынын айтады. Отаға­сы әйеліне баласын не қал­дыр, не алдыр деп айта алмай, теріс қарап жатып қалады. Ертесі әйелі амал­сыздан баланы ал­дыртып тастай­ды. Міне, мұндай ашық айтыла бер­мейтін оқиға екі отбасының бі­рін­де болып жатады. Мұнымен айтайын дегенім, әйел адам өз қа­лауы­мен бала туа  ал­майды, еріне қарайлайды. Әке­сінің келісімінсіз бала өз-өзінен дүниеге келе сал­майды. «Өзім туып, өзім асы­­­­рай­мын» дейтін әйел­дер өте сирек. Сондықтан көпбалалы ата-ананы қатар марапаттау керек. Отба­сын­дағы әкенің рөлін көрсетіп, оны дәріптеп отырсақ, ер-азаматтар көпба­ла­лы болуға мүдделі болады. Басқа көп­теген ха­лықпен салыстырғанда, біздің санымыз өте аз. Сондықтан басты міндетіміз демо­гра­фиямызды көтеру  болуға тиіс. Мүмкін бол­са, Үкімет ерлі-зайыптыларды көпба­лалы отбасы болуға ынталандыруы тиіс.


Қарақат Әбілдина, әнші:
Жоқ

– Шариғатта да «жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп әйел адамға ерекше құрмет көрсетуді құп­тайды емес пе? Тоғыз ай, тоғыз күн кө­те­ріп, толғаққа төзіп, нәрестесін дү­ниеге әкелетін, түн ұйқысын төрт бө­ліп, ақ сүтін беретін нәзік­жан­ды­лар­мен жа­ғаластырып ер-аза­мат­тар­ды ма­ра­паттауды өз басым онша дұрыс деп ой­л­амаймын. Алтын құр­сақ­ты ана­­лар­мен қатар қойып, «ар­дақ­ты әке», «көпбалалы отағасы» деп ерлерді ма­ра­паттауды тіпті көзіме елестете ал­май­мын. Әкелердің де әкесі болады. Ба­­ланы тек туғызып қа­на қоймай, олар­­­­дың аяғынан тік тұ­руы­на, өмірдегі өз орнын, даң­ғыл жолын та­буына мұрындық бо­латын, бала тәр­бие­сіне атсалысатын азаматтар бар.
Әрине, мұндай әкелер үлкен құр­метке лайық. Бірақ, меніңше, әке­лер­­дің қоғамдағы орнын, отбасын­дағы рө­лін, бала тәрбиесіндегі жа­уап­­­кер­шілігін оларды марапаттау арқылы арт­тырамыз дегенмен келіспеймін. Балаларды туғызып алып, оларды асырауға шамасы кел­­мейтін, тәрбиесіне мән бер­мей­тін, өз отбасының берекесін қашы­­рып, шырқын бұзатын әке­­­лер қаншама? Мұндай­лар­ды ешқандай марапат қызық­тырмай­ды. Сондық­тан, ме­­нің­­­­ше, болашақта өз ба­­­ла­­ларын мә­пелеп өсі­ру үшін ер ба­ланың тәрбие­сіне жіті мән беру керек. Көп­балалы бол­ғаны үшін әке­лерді ма­рапаттағанша, олардың еңбегін, азаматтық тұлғасын көр­сетіп, мәр­тебесін көтеретіндей шара­лар ұйым­дастырғанымыз дұрыс. Егер отбасында әйел адам ерін құрметтеу арқылы оның абыройын көтере білсе, ба­лалар әкесін тірек көріп, соған қарап ержетеді, әкенің де балаға деген жауап­кершілігі артады. Әйелі сыйламайтын ер­кекті, баласы қай­дан сыйласын? Сондай-ақ бала дүниеге келгеннен бастап оның өміріндегі ма­ңызды сәттердің барлығына дерлік әке­сін қатыстырып отыру да – әйел­ге ар­тылған міндет. Егер баласы үлкен же­­­тістікке жетіп, биіктерден көрі­ніп жат­са, «о, мынау пәленшенің баласы ғой» деп қашанда анасының емес, әкесі­нің аты аталып, мәртебесі жоғарылайды. Со­нымен, ер-азаматтың атақ-абыройы, отбасындағы орны әйелге тікелей қатыс­ты. Үйленгені үшін де, бала туғызғаны үшін де, оны асырағаны үшін де ерлерге алғыс айтып, марапаттау қисынға кел­мейтін секілді. Егер адамда аналық, әкелік сезім жоқ болса, оған «балаңды былай тәрбиеле» деп мәжбүрлей ал­майсың. Ал, жалпы, қандай да бір марапатты көп баласы бар екен деп кез келген отбасына бере беруге де бол­майды деп есептеймін..

Бейтарап пікір
Саят Әбсейітов,
заңгер-адвокат:
 – Бүгінгі таңда күйеуі «бала туып, үйде отырасың» десе де, бұған құлақ аспайтын әйелдер көп. Қызмет қуып, сән түзеп, өзін-өзі күтуге үйреніп қалған әйелдер бір-екі баладан артық тумайды. Әйеліне көпбалалы боламыз деп талап қоя алатын ер-азаматқа қазіргі заманда марапаттың көрсетілуі де дұрыс шығар. Ал, екінші жағынан, бірнеше баласын тастап, қара басының қамын ойлап кетемін деген ерлерге медаль да, басқа да кедергі бола алмайды. Заңгер ретінде балалары бола тұра, шаңырақтары ортасына түсіп жатқан отбасыларға куә болып жүрміз. Меніңше, осының бәрі еркек пен әйелдің өз орнын білмегендігі және бір-бірімен түсінісе алмауының салдары.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста