Көпбалалы әкелерге де марапат тағайындау керек пе?

Көпбалалы әкелерге де марапат тағайындау керек пе?

Елімізде көпбалалы аналарға берілетін «Алтын алқа», «Күміс алқа» қатарлы марапаттардың бар екені белгілі. Ал әкелерге көп бала өсіріп, бағып-қаққаны үшін ондай арнайы мемлекеттік марапат жоқ. Бірақ бала бағуда, жалпы, елдегі демографиялық өсімге әкелердің де қосар үлесі зор. Осыған орай «көпбалалы әкелерге де аналармен тең дәрежеде марапат пен жәрдемақы тағайындау керек» дейтіндер бар. Олардың пікірінше, бұл қоғамдағы әкенің маңызын, сонымен қатар бала тәрбиесіндегі олардың жауапкершілігін арттырар еді. Әкені шаңырақтың басы санайтын қазақ қоғамында оның рөлінің артуы кәмелетке толмағандарға қатысты көптеген мәселелердің шешімін табуға да септігін тигізеді. Алайда «әкенің жауапкершілігі мен рөлін көпбалалы аналармен жарыстырып, аналарға деген онсыз да аз құрметке ортақтастырмай-ақ арттыруға болады» дейтіндер де аз емес... 

Владимир НЕХОРОШЕВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Әке деген сөз мақтанышпен айтылуы тиіс. Ол ана сөзінен де асқақ естілуі керек деп білемін. Өйткені отағасы бар отбасы – бақытты. Мұндай шаңырақтағы балалар­дың балалық шағы бақытқа толы болады. Осындай шаңырақты бақытқа бөлеп отыр­ған көпбалалы әкелерге медаль беруі­міз керек. Қоғамда әкенің рөлін көтермей, көп­теген мәселелерді шеше алмаймыз. Біз­дің қоғамда қылмыс күн сайын өршіп барады. Балалар колониясы мен әйелдер колония­сына қаржы бөлінеді, жыл сайын мыңдаған адамды түрмеге жабамыз. Ал сол қылмысты тоқтатуға болады емес пе? Ол үшін, әрине, жарық дүниеге келген баланың тәрбиесіне мән беруіміз керек. Әкелерге жауапкершілік жүктеуіміз керек. Сонда әке мен ана бала үшін қиындықты бірге көтереді.  Біздің сә­билеріміз өмірін же­тім балалар үйінде бас­тап, түрмеде не­месе қарттар үйінде аяқ­та­майтын болады.
Балалар үйі азаяр емес. Жасыратыны жоқ, қарттар үйінің санын көбейтудің қажеттілігі туындап отыр.
Адам өлтіруші, кісі зорлаушы сияқты қылмысқа бейім адамдар қайдан пайда болады? Оның бір ғана себебі бар, ол – отбасында бақыттың жоқтығы. Тіпті керек болса, ер-азаматтың өз отбасы бар болған күнде де, ол басқа әйел туып берген баласы үшін де толыққанды жауап беруі тиіс.
Қоғамда ерлі-зайыптылыққа, бала­лар­ға және әкелерге деген қатынасты өз­герту керек. Барлық әкелерді балаларын бірінші сыныпқа өз қолымен жетектеп алып келуге міндеттеу керек. Бала өміріндегі ең алғашқы қоңырау соғылған салтанатты шараға әкенің міндетті түрде қатысуы қажет және мектептегі мұға­лімдердің де басым бөлігі ер адамдар болуы тиіс. Сонда салауатты қоғам ор­найды. Ал бүгін мұғалімдердің бәрі – әйелдер. Дәрігерлер кім, тағы да – әйел­дер. Үйде еркек жоқ, әке жоқ, аға жоқ, ата жоқ...
Сондықтан да әкелікті мойын­дайтын шара қабылдау керек. Әке­лерге медаль беру керек. Үйленді ме – медаль, балалы болды ма – тағы медаль, тіпті басқа әйелден де баласы бар ма, онда да медаль беру керек. Бала асырап алса, тағы ме­даль беру керек! Оның әке болғаны үшін алғыс білдіруіміз керек. Баланың өмірге келуі ең тамаша сәт емес пе? Ол бала некемен туды ма, некесіз туды ма, оған баланың не жазығы бар? Бала өмірге келді ме, әке-шешесіне «Неке туралы» куәлік, балаға «Туу туралы» куәлік беруіміз керек. Тіпті баланың әкесі олардан бөлек тұрса да. Біз ешқашан таби­ғаттың заңына қарсы тұра алмай­мыз. Желді басқа жақтан соқтыра алмаймыз, аптап ыстық екен деп күнді уақытша бұлтқа жасыра ал­маймыз. Біздің демографиялық жағ­­­дайымыздың өзінде күрделі мә­селе көп. Елімізде отбасылық жұп­тардың 15 пайызы – бала табу ба­қытынан айырылғандар. Сон­дық­тан да мен ер-азаматтар туралы, от­­басы туралы айтуға мәжбүрмін. Керек болса, бізде Отбасы ісі жө­ніндегі министрлік болуы тиіс.

Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Сенат депутаты:
Жоқ
– Бұл өзі ойланбай айтылған пі­кір сияқты. Ер адамдарға көп бала сүй­гені үшін медаль беру дегенмен келісе алмаймын. «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» анаға баланы өмірге әкелетін болғандықтан береді. Әке­нің бұл жердегі рөлі басқаша. Ер адам мен нәрестені тоғыз ай тоғыз күн көтеріп, жарық дүниеге әкелетін әйелдің айырмашылығы зор. Ана баланы қиналып табады. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген баланы өмірге әкелу кезеңіндегі толғаққа төзу оңай емес. Одан кейін бөпесі есейгенге дейін түн ұйқысын төрт бөлетін де – ана. Міне, медаль сол үшін беріледі. Ал марапатты әкеге ғана емес, көпбалалы отбасының өзіне жасау керек. Алайда көп баласы бар екен деп кез келген отбасына бере бер­генді құптамаймын.
Кейбіреулер көп бала табуын табады да, дұрыс тәрбие бермейді. Ұрлық жасап, түрмеге түседі. Ал адал азамат өсірген, баласының мек­тепте үлгерімі жақсы болса, ондай отбасыларға ерекше марапат жасауымыз керек. Кейінгі кез­дері бізге көпбалалы отбасылар таңсық болып барады. Әсіресе, қалада жоқтың қасы. Үкімет өнегелі отбасыларды үлгі тұтып, құрметтеп, «Қазақстанның Еңбек ері» деген сияқты дең­гейде бір керемет жоғары марапат ұйымдастыр­са жөн болар еді.
Мәжілістегі әріптесім әкелерге балаларын асырауға, оларға әке болуға мәжбүр ету керек дейді. Ал, менің ойымша, әкелік, аналық сезім, жауапкершілік – адамның ішкі жан дүниесінен шығатын нәрсе. Оны бұрынғы Компартияның шешім қабылдағанындай, «сен әке бол, сен шеше бол» деп ешқандай заңмен, ешқандай үкіммен таңа алмайсыз. Бұл мәселені әкелерді әке болуға мәжбүрлеп, олардың әкелігін анықтап, «балаңды бірінші сыныпқа жетектеп апаруың керек» деп күштемей-ақ, қоғамда пікір қалыптастыру арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Әрине, біздің Қазақстанда әкелік тәрбие жоғалып барады. Бізде гендерлік саясат жөнінде айтыла бастағанда қазақы азаматтар «бұл – бізге жат нәрсе, әйел баламен айналысуы керек, үйде отырып, бала тәрбиелеу керек, ананың ақ сүтінен асқан нәрсе жоқ, балаға үлгі-өнегені кім көрсетеді» деп аттандап шыға келеді. Бірақ, әсіресе, ұл балаларымыз үйде – анадан, мектепте мұғалималардан сабақ алған соң, әйел мінезді болып барады емес пе? Бала әке мен ананың қатысуымен дүниеге келетін болған­дық­тан, баланы екеуі де тәрбиелеуге, өне­ге үйретуге міндетті. Бірақ бізде, өкінішке қарай, балаға әйелдер көбірек мән береді. Бұл жақсылыққа апармайды. Соның сал­дарынан біздің ұл балалар ер-азаматтың мінезінен аулақтап барады, әйелге тән мінезбен өсіп келеді. Егер бала тәрбиесіне ерлер де қатысса, ұл бала әкесіне қарап бой түзейді, ер мінезді болып, жауап­кер­шілікті өз мойнына алуды үйренер еді.
Бұрын да біздің қазақ ұл баласының тәрбиесіне айырықша назар аударған, атқа мінгізіп, мал бағуды, аң аулауды үйреткен. Некесіз туған баланың әкелігін заңдастыру керек, бірақ ол әке әрі қарай бала тәрбиесімен айналыса ма, әкелік міндетін орындай ма, бұл мәселені оның еркіне қалдыру керек, оны сот арқылы мәжбүр ете алмаймыз. Ол баланың ана­сының таңдауына да байланысты, сот ар­қылы алимент алам десе де, әкесін бала тәрбиелеуге тартам десе де – ананың құ­қы. Ал алимент төлемеймін деген адамды сот­тың үкімімен де көндіре алмайсыз. Мы­салы, соттар алимент тағайында­ғаны­мен, көп әкелер төлеп жүрген жоқ, қашып жүр­гендері көп қой. Бұл талапты әр әкенің ар сотына қалдыруымыз керек.

Бейтарап пікір
Фарида НӘБИЕВА,
Батыр ана, «Алтын жұлдыз» белгісінің иегері:
– Көпбалалы шаңырақтың әкесіне медаль береміз десе берсін, өйткені әкенің рөлі өте зор. Дәл «Алтын алқа» емес, әкеге лайықты медаль болса. Мен өзім жұмыс істегем жоқ, ал он бір бала бағу оңай ма? Оларды әкесі жеткізді, асырады, оқытты. Он үш құрсақ көтердім, соның он бірін өмірге әкеліп, тәрбиеледік. Бәрі оқыды, жеке-жеке үй болып кетті. Қазіргі жастар бір-екі бала болса жетеді дейді ғой. Мен оған қарсымын. Өйткені бала көп болса, кейін өздері бірін-бірі бағып кете береді. Шешей марқұм айтатын, дүниеге келетін сәбиге тиіспе, обал болады деп. Анамыздың айтқанын орындап, қанша бала болса да таптық. Оның зиянын көрген жоқпыз. Қызығын көріп отырмыз. Он үш немерем бар, төрт шөберем бар.
«Әке-шешелерін қарттар үйіне апарып тастайтын қазақтар көбейіпті» де­генді естігенде төбе шашым тік тұрады. Қазақтардың атына ұят бұл, сол үшін ұяламыз, намыстанамыз. Қазіргі жас отбасылардағы ер-азаматтар көпбалалы болайық десе, оны әйелдері құлаққа ілгісі келмейді. Екі баланы норма етіп алған. Егер сондайда күйеуі талап етіп, көпбалалы болып жатса, ондай ер-азаматтарға неге медаль бермеске?!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста