Күрес түрлерінің Олимпиада ойындары бағдарламасынан шет қалуы ұлттық спортқа кесірін тигізбей ме?

Күрес түрлерінің Олимпиада ойындары бағдарламасынан шет қалуы ұлттық спортқа кесірін тигізбей ме?

Әлқисса, Олимпиада ойындары ең алғаш 1896 жылы Афиныда өткен. Күрес түрлері – содан бері төрт жылдық доданың бағдарламасында. Тек 1900 жылғы Олимпиада ғана күрессіз ұйымдастырылды демесеңіз, қалғандарының барлығы да балуандардың қатысуымен өткен. Тіпті 2004 жылдан бастап әйелдер күресі де Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Дегенмен жақында Халықаралық Олим­пиада комитетінің (ХОК) Атқару комитеті бүкіл әлемнің күрес­сүйер қауымын дүрліктірген шешім шығарып, 2020 жылғы Олим­пиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түр­лерінің арасына күресті қоспады. Бұған күрес мамандары мен балуандар аң-таң. «Бұл шешім ұлттық спортқа да ке­сірін тигізеді» дейді жанкүйерлер. Бірақ, керісінше, «күрес түрлерінің Олимпиада бағдарламасынан шет қалуы ұлттық спорттың тынысын ашады» деушілер де бар. Ендеше, көпшіліктің көкейінде жүрген осы мә­се­лені білікті мамандардың ой-көкпарына салып көрелік.


Жаңаберген Қармандаев, Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы:
иә
– ХОК-тың бұл шешімі төбе­міз­ден қойып қалғандай күйге түсірді. Не айтып, не ойларымызды да біл­мей қалдық. Шыны керек, сең соқ­қандай халде жүргеніміз жасырын емес. Ақылға сыймайтын шешім. Күрес түрлерін Олимпиада ойын­да­рының бағдарламасынан алып тас­тайды деген ой ешкімнің түсіне де кіріп шықпаған шығар. Олай дей­ті­нім, күрессіз Олимпиаданың не қызы­ғы қалады? Сонау бастан Олим­пиада бағдарламасында бар. Тарихы тереңде жатыр. Ежелден келе жатқан өнер. Дегенмен Олим­пиа­да бағдарламасынан шет қалса, онда, шыны керек, ұлттық спорт түр­леріне де кері әсер етуі мүмкін. Өйт­кені халық күрестің барлық тү­рін бірдей қабылдайды.
Негізі, Халықаралық Олимпиада коми­теті мұндай шешім шығарар алдында спорт түрінің рейтингіне, көрермендерді тар­ту деңгейіне қарайды. Бірақ күрес до­да­ларында залда көрермен толып оты­ра­тынын бәріміз білеміз. Жемқорлық жай­лаған, жүлделер сатылады дейсіз бе? Ол да жай әңгіме деп ойлаймын. Өйткені боз кі­­лемге шыққаннан кейін алдыңда бір-ақ қар­­сылас тұрады. Егер жауырынын жерге ти­­гізсең, ешкім сенің жеңісіңді тартып ала ал­майды. Жемқорлықпен басқа фе­де­ра­ция­­лар секілді FILA да қарқынды күресіп ке­­леді.
Күрес түрлерінің Олимпиада бағ­дар­ла­­ма­сынан тыс қалуына жол берілмейді деп ой­лаймын. Өйткені тарихын қаузамай-ақ, бүгінгі күннің жайын айтқанның өзінде FILA әлемде кеңінен қанат жайған. Әлем­нің 177 елінің ұлттық федерациясы мүше. Біз де өз тарапымыздан қолымыздан кел­ген­­нің барлығын жасаймыз. Халықаралық Олим­пиада комитетінің атына ресми хат да­­йындадық. Соны жолдаймыз. Хаттың маз­­мұнында күрестің әлемге берер жақсы жақ­тарының барлығы қамтылған. Тарихы со­нау тереңде жатқанына да тоқталдық. Кө­не заманнан бері күрес кез келген до­да­ның көр­кін қыздырып келе жатқанын да атап өт­тік. Халықаралық күрес түрлері фе­де­ра­ция­сы, яғни FILA-да қарап отырған жоқ. Жа­қында Тайландтың Паттайя қала­сын­­да FILA Атқару бюросының кеңесі өте­ді. Оған Қазақстан тарапынан Дәулет Тұр­лы­ханов та қатыспақ. Сол жерде күрес түр­лерінің ережелері талқыланып, да­муы­на кесірін тигізіп отырған барлық мәселе қа­рас­ты­ры­лады. Соңы сәтті аяқталып, ХОК өз шешімін өз­гертеді деп үміттенемін.
Енді әлгі мәселеге қайта тоқталайық. Егер күрес түрлері, шынымен де, Олим­пиа­­да бағдарламасынан шет қалса, онда ұлт­тық күреске қаншалықты қауіп төнеті­нін айту қиын. Алайда оның ішінде қазақ күресі өз алдына жеке дамып жатыр деп айт­­­қанымызбен, кесірі тиюі де ғажап емес. Бәрі де мүмкін. Мұндай жағдайда әлем­нің көзқарасы күрестің барлық тү­рі­не бірдей болып қалуы да мүмкін ғой. Ал қазақ кү­ресі – екі-үш жылдан бері FILA-ға мүше.
Дегенмен мына нәрсемен келісуге әлі ерте. Күрес түрлері Олимпиада бағ­дар­ла­масынан шет қалса, қазақ күресіне Олим­пиада ойындарында жол ашылады дегенге сену қиын. Халықаралық Олимпиада ко­ми­тетінің көптеген критерийі бар. Соның бар­лығына сәйкес келу керек. Ол үшін ал­дымен Азия деңгейінде барынша дамытып ал­ған жөн болар. Рас, өзіміздің төл кү­ре­сіміз Олимпиада бағдарламасынан орын алып жатса, оған тек қуанамыз ғой. Бірақ бұл жайлы ойлау әлі ертерек.


Елемес Әлімханұлы, Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті, қазақ күресінің жанашыры:
жоқ
– Жалпы, күрес түрлерін, бокс, дзюдо секілді спорт түрлерін Олим­пиа­да ойындарының бағдар­ла­масынан алып тастау керек деген әңгіме бұрыннан айтылып келе жатыр ғой. Соңы қалай боларын кім білсін. Менің ойым, біреудің қай­ғы­сынан бақыт іздемей-ақ қоялық. Бәрі сәтті аяқталады деп үміттенейік. Деген­мен, шыны керек, егер Олим­пиада ойын­да­ры­ның бағдар­ла­ма­сынан күрес түр­лері алынып тас­та­лынса, бұдан ұлт­тық спорт, оның ішін­де ұлттық күрес ешқандай зиян шекпейді. Қайта тынысы кеңеюі әб­ден мүм­кін. Қазақ күресін дамытуға да кере­мет мүмкіндіктер ашылар еді. Өрісі кеңейіп, бүкіл әлемге таратуға жағдай болар еді. 
Өйткені ХОК, шынымен де, осындай ше­шім қабылдар болса, күрестің бір ғана түрін емес, Олимпиада бағдарламасынан бар­лық түрін алып тастайды. Ал күрессіз Олимпиада – Олимпиада емес. Осыны пай­даланып қазақ күресін төрт жылдық до­даның бағдарламасына қосып жіберуге әбден болады. Себебі біздің күрес өте көркем, тартымды. Жанкүйерлерді өзіне тез баурап алады. Көрермендерді көптеп жинай алатын қасиеті бар. Ережесі де жақ­сы ойластырылған. Сондықтан болу ке­рек, мәселен, Әлемдік дзюдо федера­ция­сының басшылары соңғы кездері дзюдоға қазақ күресінің элементтерін қосып жүр. Осы орайда, біз дзюдо секілді басқа бел­десу түрлеріне есе жіберіп қарап отырмай, олардың алдын орап кетуіміз керек. Сол үшін алдымен қазақ күресін Азия дең­гейінде дамытып алсақ, кейін Олимпиада жай­лы да ойлауға болады. Өз­деріңіз де білетін боларсыздар, қазақ күресі қара құрлықта да қанатын жайып жа­тыр. Өте жақсы. Осылай жұмысты жал­ғас­тыра беру қажет.
Дегенмен, рас, ұлттық кү­рес бір ғана біз­­дің елде емес, көптеген өзге ұлтта да бар ғой. Моңғолдар «бөх» дейді, мол­до­вандар «трын­та» деп атайды, гректердің пан­кратионы бар, осылай кете береді. ХОК-тың әлгі шешімін пайдаланып, бар­лығы да болашақта өздерінің ұлт­тық спор­тын Олимпиада бағдарла­ма­сына енгізуге ты­рысады. Өйткені кү­рес­сіз Олим­пиа­даның қызығы болмай­тынын Халық­ара­лық Олимпиада коми­тетінің өздері де түсінеді. Келешекте еркін күрес, грек-рим күресі болмаса да, әйтеуір кү­рестің бір түрін бағдарламаларына қо­сатын шығар. Сондықтан көзге түсу мақ­сатында көптеген ел ұлттық спортын одан әрмен дамытары сөзсіз. Солардың ара­сынан үздік шығу бізге үлкен жауап­кер­ші­лікті жүктейді.
Жалпы, Халықаралық Олимпиада ко­ми­теті әлгіндей шешім шығарарда жай­дан-жай спорт түрін Олимпиада бағдар­ла­масынан алып тастай салмайды ғой. Се­бебі болуы тиіс. Яғни спорт түрінің ком­мер­циялық рейтингіне, тартымдылығына, кө­рермендерді тарту деңгейіне қарайды. Меніңше, соңғы кездері ережесін жиі ауыс­тырған грек-рим күресі рейтингін бір­шама жоғалтып алған секілді. Еркін күрес те сол сияқты. Ережелерін бірізділікке түсіріп, дұрыстай алмай жүр. Олар тек орын алу, жүлде беру жағын ғана күйттеп кетті. Негізі, адамға берер пайдасы жағын, өскелең ұрпаққа тигізер септігі жағын ой­лаулары керек еді. Қайта бұл тұрғыда қазақ күресінің бағыты дұрыс. Ережелері де жақсы бекітілген. Адамға берер пай­дасы көп. Күнделікті өмірде қолданылатын ай­ла-тәсілдер. Өзін-өзі қорғауға қажетті амалдардың барлығын қазақ күресінен табасыз. Айтпағымды түсінген боларсыз, көрермен күрестен өзіне керегін ала алған жағдайда ғана белдесулерді тамашалауға барады. Бізге тек грек-рим және еркін кү­рестің қателігін қайталамай, тек жақ­сар­ту, тартымды ету жағын ғана ойластыру қа­жет.
Сонымен, ХОК күрес түрлерін Олим­пиа­да бағдарламасынан алып тастар бол­­са, бұл ұлттық спортқа еш кесірін ти­гіз­­бей­ді. Керісінше барлық ел грек-рим мен еркін күрестің орнын басуға ты­рысып, өз­де­рінің ұлттық күрестерін да­м­ыта түседі.

                                     Абай ОМАРОВ (коллаж)

Түйін
Негізі, Олимпиада бағдарламасынан шеттетілуі мүмкін спорт түрлерінің арасында үстел теннисі, таэквондо, көгалдағы хоккей және бадминтон болған екен. Күрес бұл тізімге соңғы болып енгенімен, ХОК-тың Атқару комитеті «қаһарын» күреске төгіп, енді неліктен мұндай шешім қабылдағандарын ресми түрде түсіндірмей отыр. Дегенмен, әрине, ұлттық спорт – өз алдына дамып жатқан жеке сала. ХОК-тың қандай да бір шешімі әр елдің төл күресіне қандай да бір кесірін тигізе қоймас. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандарды туғызған қазақ даласы да ХОК-тың әлгі шешіміне қарсы. Олай болса, әлі де жақсы жаңалықтан үміттіміз. Осыған байланысты ХОК-тың Атқару комитеті қыркүйек айында өтеді. Балуандарымыз айтпақшы, Олимпиада басшылары бұл жолы «бүйректен сирақ» шығармас.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста