Мәдени мұраларымыздағы «Алла» сөзін «Аллаһ» деп өзгерту негізді ме?

Мәдени мұраларымыздағы «Алла» сөзін «Аллаһ» деп өзгерту негізді ме?

Осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген «Он ғасыр жырлайды» антологиясында Абайдың өлеңдерінде көп кездесетін Алла сөзі барлық жерде «Аллаһ» деп өзгертіліп берілген. Осыған қатысты біраз пікірталастардың болғаны рас. Мұның сыртында соңғы уақыттарда шыққан көптеген кітаптарда, баспасөз беттерінде «Аллаһ» сөзі жиі ұшырасып жүр. Ел арасында «қазақ қазақ болғалы аузынан Алласын тастамаушы еді, енді келіп бұл сөздің аяғына «һ» қосып айтатын болғанымыз ба» деген реніштер айтылуда. Ал кейбір діндарлар «Алла» десек «адасып», «Аллаһ» десек «тура жол табамыз» дегенді алға тартып әлек. Дін – кез келген адамның өзінің жүрек қалауындағы дүние. Әйтсе де бар мәселе «Алла» деп немесе «Аллаһ»деп айтуда ғана ма?! Кімде қандай уәж бар?

Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты:
Иә

– Негізі, Құран сөзінің өзгертілмегені абзал. Десек те, біздің құлағымызға «Алла» деген сөз әбден сіңіп қалған. Бірақ біз басқа-басқа, Жаратушы иеміздің есімін дұрыс айтуымыз керек. Мысалы, Құраннан алынған «Лә иләһа илла Аллаһ» сөзінде «Һ» айтылмаса, онда бұл сөздің мән-мағынасы болмайды. Менің филолог, әдебиетші маман ретінде айтарым, бізде араб тілінен енген сөздер өте көп. Мысалы, кітап, қалам, мұғалім сияқты басқа да ғылымға қатысты арабтың кейбір сөздері біздің тілдік ерек­шеліктерімізге қарай икемделіп, кең қолданысқа еніп кеткен. Кірме сөздерді біз, негізінен, тіліміздегі үндестік заңына лайықтап аламыз. Сол сияқты бір кездері Аллаһ сөзі Алла деп айтылып, тілімізге ыңғайланып кеткен.
Араб сөздерінің қазақ тілінде басқаша айтылып, дыбысталуы, ол – біздің ішкі табиғатымыз бен сөйлеу мәнерімізге тән құбылыс. Алайда соңғы кездері ел ара­сында, басылым беттері мен әдеби шығар­маларда «Аллаһ» сөзі қолданылып жүр. Мұның дұрыстығына дін мамандары мен үлкен ғалымдар әлдеқашан көз жеткізіп қойған. «Алла» деген сөз бір адамның есімі болмаса басқа бір нәрсенің қарапайым атауы сияқты жай сөз болып қалмақ. «Аллаһ» сөзінің бүкіл мазмұны мен мағынасы, тереңдігі мен құдіреттілігі осы «һ» әрпінде тұр емес пе?! Негізі, қазақтың тілдік қорында «һ» әрпі жоқ. Бұл – араб қарпі. Оның дыбысталуы да ерекше болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда біз «қаһар­ман» сөзін жазғанда қарапайым «х» әрпін қолданғанымыз ыңғайлы әрі дұрыс болар деп ойлаймын. Біз «Аллаһ» деп айтып, жазу арқылы Ұлы Жара­т­у­шы­ның құдіретін мойындаймыз. Өйткені қасиетті Құранның өзі араб ті­лінде тү­сірілген. Сондықтан да біз Құран­ды сол түпнұсқа тілде бұзбай оқимыз. Демек, «Аллаһ» сөзін де біз сол күйінде айтуымыз керек.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, халықаралық мәдени-интеллектуалды «DA-Қазақстан» журналының бас редакторы, ақын:
Жоқ

– Қазіргі уақытта көпшілік ортада, ауыз­екі тілде, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары мен басылымдарда осы уақытқа дейін ай­ты­лып келген Алла сөзі Аллаһ сөзі­мен ал­мас­тырылып жүр. Құдіретті сөздің бұ­лай құбылуының мәнісі ислам әлеміндегі әр­түрлі көзқарастар мен кей­бір ағымдық мәсе­ле­лердің бой көтере бастауында жатса керек.
«Алла» деп айту шариғат заң­дылық­тарына сай келмейді, дұрысы «Аллаһ» деп айту керек деп қалың елге насихат жасап, өздерінше уағыз жүргізіп жүргендер арамызда баршылық. Бірақ ақиқатын айтар бол­сақ, қазақ қазақ болғалы Жаратушы иеміздің атын Алла деп келдік және осы сөз­­ден ажырамасақ игі болар еді. Әрине, көп­шілік қауымның діни сауаты біркелкі бол­майтындықтан, осы мәселеге орай әр­кім әртүрлі уәж айтатыны белгілі.
Дегенмен тіл заңына сүйенетін болсақ, арабтың өз сөйлеу мәнеріне ғана тән «һ» таңбасымен белгіленетін дыбысы қазақ­тың тілдік ыңғайына келмейді. Себебі араб грамматикасы мен өзіміздің төл жа­зуы­мыздың түр-сипаты – екі бөлек дүние. Дей тұрғанмен де «Алла» деп қазақша айт­қаннан араб тіліндегі «Аллаһтың» ма­ғынасы өзгер­мейді. Өз басыма келер бол­сам, мен де ес білгелі «Алла» сөзін естіп өстім. Алайда осы­дан біраз жыл бұрын жа­рық көрген «Кү­нәсіз мекен» деген кіта­бым­да кездесетін «Ал­ла» деген сөздер редак­торлардың ық­па­лымен «Аллаһқа» алмас­ты­рылды. Өзім де осылай «Аллаһ» деп айтып, жазуды құп көріп жүрдім. Оның үстіне, сол кезеңдерде кейбір діни көз­қа­рас­тар менің санамда соқ­ты­ғысып, белгілі бір шешімін таппай жүр еді. Бірақ уақыт өте келе, шамам келгенінше дін тарихына көз жүгіртіп, Құран хадистеріне үңіле оты­рып, жалпы қазақ халқының мұ­сыл­ман­дыққа келуі туралы оқып-біліп, көп жайды аңғарғандай болдым. Содан «Алла» деп айтудың дұрыстығына көз жеткіздім. Қарап отырсаңыз, тарих бедерінде осы уақытқа дейінгі жазылған жыр-дастан, қиссалар мен басқа да әдеби-көркем шы­ғарма­лар­дың ешқайсысында иісі қазақ баласы «Аллаһ» демеген. Мысалы, Бұқар, Абай, Шәкәрім сынды даныш­пан­да­ры­мыз­дың шығармаларында «Аллаһ» деген сөзді кездестірмейсің. Демек, ғасырлар бойы аузынан «Алласын» тастамаған қазақ­тың аяқ астынан «Аллаһ» деп шыға келуі – қи­сын­­сыз. «Алла» деген сөзді қолдану әл­де­кімдер айтқандай, дін бұзу болып есеп­тел­мейді. Ислам дінінде «амалыңнан ниетің абзал» деген қағида бар. Ниет дұрыс болса, жүрегімізде Аллаға деген сүйіс­пен­шілігіміз бен бек сеніміміз орныға түспек. Сондықтан да «олай емес, былай» деп мұсылман ба­ла­сына бір ғана «һ» ды­бысының төңі­ре­гінде тартыс туғызу қажет те емес. Айналып келгенде, бүгінгі ислам әлемінде бұдан да маңызды мәсе­лелер бар емес пе?! Дін тазалығы туралы айтқан­да, біз көбіне кей­бір сөздер мен ұғым­дардың дұрыс және бұрыстығына, кесілген балақ пен сақал-мұрт қою үлгісіне, мұсыл­манның киім киі­сіне қатты назар аударамыз да, алды­мыз­да тұрған үлкен шаруаларға мән бер­мейміз. Қалай болғанда да, біз мұсыл­ман­дықтың әдебі мен қағидаларын, Құранның құн­дылықтарын бойымызға сіңіру арқылы ис­ламды құбыжық ретінде көрсетуден сақ­тануымыз керек.

Бейтарап пікір
Сәрсенбі ДӘУІТОВ,
әдебиетші ғалым, филология ғылымының докторы:
– Кезінде есімдері елге белгілі бір топ ғалымдармен бірігіп Абай атамыздың жи­нақтарын шығаруға атсалысқанмын. Сондай бір жинақта біз бұрынғы кітап­тарда кездесетін «Алла» сөзінің орнына «Аллаһ» сөзін пайдаландық. Абай­дың өлеңдері бізге Мүрсейіттің қолжазбалары арқылы жеткен. Абай­дың дәл қалай жазғаны беймәлім, бірақ Мүрсейіттің нұсқасында «Алла» деген сөздердің барлығының аяғында «һ» әрпі бар. Сондықтан да біз Абайды ре­дакциялаған емеспіз, тек ғалым ретінде қолжазбадан алшақтамауға тырыстық. Біз сондағы «Аллаһ» сөзін өзгертпей бердік. Бірақ біз осылай істеу арқылы «Алла» деп айту дұрыс емес, дұрысы  «Аллаһ» деп айту дегенді меңзеген жоқ­пыз. Кім қалай айтса да – өз еркі. Ең бастысы, Құдай алдындағы құлшылық, ғи­бадатымыз адал болсын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста