«Медициналық екпе егілмеген балаларды балабақшалар мен мектептерге қабылдамау керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Өткенде еліміздің бұрынғы бас санитары Жандарбек Бекшин республика бойынша 1000-ға тарта отбасы балаларына медициналық екпе салдырудан түбегейлі бас тартып отырғанын мәлімдеген-ді. Біршама отбасының, осылайша, вакцинацияға қарсы шығуы бүгінде мамандарды алаңдатып отыр. Бұған қатысты олар: халық арасында екпеден бас тартуға үгіттейтін арнайы топтардың да пайда болғанын алға тартып отыр. «Мұндай кері тартпалықтың кесірінен, былтыр ғана еліміз бойынша толық екпе қабылдамаған 80 сәби қызылшамен ауырса, 42 бала көкжөтел дертіне шалдыққан. Тіпті қатерлі ісік аурулары да кездесіп жатыр» дейді мамандар. Болашақта бұл үрдістің өршіп кетпеуі үшін «медициналық екпе егілмеген балаларды балабақша мен мектептерге қабылдамау керек» деген пікірлер де туындап отыр. Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой-талқысына салдық.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
иә
– Мен мұнымен толық 100 пайызға келісемін. Кеңес заманында бұл жүйе еріккеннен енгізілмеді. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар әдіс. Қазірде Америкада нақ осы екпеге қарсы шыққан ата-аналарға қатысты арнайы әкімшілік айыппұл салынып, ата-аналар заң алдында жауап беруде. Мен өз баласына екпе салғызуға қарсы шыққан ата-аналарды «нағыз сауатсыздар» дер едім. Бұл дегеніңіз – ақымақтық! Ол әке мен шеше өзі кезінде, өз тұсында екпе салғызды емес пе?! Ал енді келіп қандай да бір үгіттеушілердің сөзіне еріп, болмаса діни сенім-нанымды алға тартып екпеден бас тартатындар бар көрінеді.
Шариғат заңдарының өзінде «денеңе ине салғызба» деген арнайы заңдылық қарастырылмаған. Шариғатты толық сауатты ұғынбау, шала-шарпы түсіну, қайсыбіреулердің сауатсыз уағыздарына еріп сондай шешімдер қабылдау – өте ауыр күнә. Сол тәрізді кез келген ата-анаға шариғат бойынша баласының денсаулығын сақтау, оны қорғап-қолпаштау міндеттеледі. Ал осылай етуі тиіс әке мен шеше баласына көрсетілер медициналық қызметтен бас тартып жатса, бұл – нағыз қылмыс. Мұндай ата-аналарды жазалау керек. Ойлап қараңызшы, күні ертең сол екпе егілмеген бала балабақшаға, мектепке барады. Сонда қасындағы өзге балаларды қоса ауыртып, эпидемия туғызып жатса, бұл – өте зиян. Демек, бұған қатысты мемлекеттік тұрғыда арнайы шара қарастыру қажет. Сондықтан өз басым «мектептер мен балабақшаларға екпе егілмеген балаларды енгізбеу керек» деп есептеймін. Бұл пікірге толық қосыламын. Қазір экологиялық жағдайдың өзі оңып тұрған жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің арасында иммун тапшылығы кеңінен белең алуда. Түрлі ауру-сырқаудың ушығып кететінін де кездестіріп жүрміз. Тіпті бұрын біз білмейтін небір дерттер туындап отыр. Әлем бойынша мұндай үрдістер жиілеп кетті. Қандай дерттің болсын алдын алуда екпенің маңызы зор. Сауатсыздыққа салынып медициналық екпеден бас тарту баланың өміріне, денсаулығына залал келтіру болып есептеледі. Ендеше осында залал келтірушілердің саны артпасын десек, мұндай бастамаларды енгізген жөн.
Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, эндикринолог-ғалым, профессор:
жоқ
– Жоқ, мен мұндаймен келіспеймін. Ол дұрыс емес. Өзіңіз ойлаңыз, бала туғаннан бастап бір жасына дейін ғана 12-ге жуық медициналық екпе салынады. Ал енді 6 жасқа толғанша қаншама екпе салынуы керек? Сол алты жасқа толғанға дейін ата-анасының таңдауымен, қарсылығымен, «балаға екпе салынбады» делік. Ал мектепке барар тұста «екпе егілмеген балаларды мектепке енгізбеу керек» деген шектеуді ескеріп, айналдырған бір-екі айдың ішінде барлық екпені салуға тағы болмайды ғой. Жалпы, біз «Балалардың құқын қорғау» туралы халықаралық конвенцияға қол қойған мемлекет екенімізді ескерсек, біздің мемлекетімізде, ол бала мүгедек бола ма, ауру бола ма қандай жағдайда болса да бала балабақшаға, мектепке баруы тиіс.
Бізде мүгедек-дертті балаларға арналған арнайы мектептер мен балабақшалар бар. Бала қандай жағдайда болсын хат тануға жарамды болса, онда сауаты ашылуы керек. Егер екпенің салынбағанына бола мектепке немесе балабақшаға қабылдаудан бас тартылса, бұл азаматтық құқыққа қайшы әрекет болып табылады. Бұл жерде біз екпенің балаларға салынбағанына қатысты емес, сол елге әкелінген медициналық екпелердің сапасына қатысты пікір айтқанымыз жөн тәрізді. Егер елімізге сырттан еніп жатқан екпелердің сапасы нашар, сын көтермейтін болса, сол екпені салдырып жүрген бәленбай миллион бала зардап шегеді емес пе?! Демек, нақ осы арада мемлекеттік жауапкершілік ескерілуі керек. Медициналық екпе салу арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылатындықтан елге енетін екпелердің сапасына қатаң бақылау қойылуы қажет. Күні ертең сапасыз екпеден балаларымыз зардап шегіп, сау бала ауру болып жатса, сонда барып үлкен мәселе туындайды. Рас, екпе салғаннан балалары зиян шегіп, егіліп жүрген ата-аналар да баршылық. Осы жайттарды естіп, көріп, білгеннен кейін қайсыбір қауым екпеден мүлде бас тартып жатады. Ендеше осы жайттарды сөз еткенде сапалы қызмет көрсету жайын сөз етуді ұмытпауымыз керек. Алдымен сапасын арттырып алып, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Ал өз басым бірден «мектепке қабылдамай қою керек, балабақшаның есігінен қаратпауымыз керек» пікірді қолдамаймын, келіспеймін. Бұл ата-ананың және баланың құқын ескермеу болып табылады.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:
– Екпеге қатысты қазір бірқатар елдерде дау-дамай өршіп тұр. Мысалы, корей елінде сәби ата-анасымен шетелге шығатын кезде сәбиде міндетті екпе болмаған жағдайда проблема туындауы мүмкін. Өйткені құжат рәсімдеу кезінде олар ата-ананы, баласын қандайда бір елге баратынына байланысты белгілі бір ауруға егілген-егілмегендігін міндетті түрде тексереді. Негізінде, «профилактикалық екпелер балалар денсаулығына теріс әсер етеді» деп түсіну қате. Әлем бойынша жыл сайын 3 миллионға тарта адам қауіпті індетке шалдығады. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндірер жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан өз басым екпеден бас тартуға қарсымын. Бұған қатысты «арнайы түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізілуі керек» деп есептеймін.