Медициналық қызметкерлердің жалақысын дифференциалдау керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?
Алматыда өткен Денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова медицина қызметкерлерінің жалақыларын дифференциалдауды ұсынды. Яғни дәрігерлердің біліктілігі мотивацияның есебінен артып отыруы керек. Бұл дегеніңіз, компьютерді, жоғарғы технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жалақысы өседі де, ал ондай технологияларды игермеген, аз науқасқа ем жасаған дәрігердің айлық жалақысы тиісінше аз болады. Жалпы бұл дұрыс па? Бұған мамандар не дейді?
Талғат НҰРҒОЖИН, медицина ғылымының докторы, профессор:
иә
–Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын. Өйткені бұл – дәрігерлердің біліктілігін көтерудің ең ыңғайлы тәсілі. Дифференциалдық жалақы болса, барлық дәрігерлер өзінің қабілетін, өзінің өнерін, өзінің білімін жоғарылатуға ынталанар еді. Сонда дәрігерлеріміздің де біліктілігі артады әрі жалақылары да соған сай өсіп отырады. Ынтасыз адам ешқандай жетістіктерге жете алмайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің дифференциалды жалақыны ұсынуы дұрыс деп есептеймін. Қашан да болмасын, жоғарғы технологияны жетік меңгерген, білікті дәрігерлер жалақыны жоғары алуы тиіс. Егер олардың арасында кейбір дәрігерлер өз білімін жетілдіре алмаса, өз мүмкіндігін көрсете алмаса, әрі-беріден соң, ол ең бірінші өзіне үлкен кедергі келтіреді.
Сол үшін олардың жоғарғы технологияларды жетік меңгеруімен қатар, ауруға деген жанашырлығы, науқасқа көмектесуге деген ынтасына қарай айлық жалақыларын өсіріп отырсақ, одан ұтарымыз көп.
Негізі, бұл тәсіл науқастың сапалы емделуіне, медицина саласының бір саты болса да жоғары көтерілуіне септігін тигізеді. Дәрігерлердің де отбасы бар. Оларды да түсіне отырып, біліктілігіне қарай, жұмыс сапасына қарай айлық жалақыларын өсірген орынды. Мәселен, ежелгі римдіктер де бұрын осы тәсілді қолданған. Олардың дәрігерлері ота жасаса, шөппен емдесе де, біліктілігіне қарай жалақы алған. Біршама дамыған мемлекеттерде осы тәсіл қолданылады. Сондықтан дәрігерлердің ынта-ықыласын жоғарылату үшін жасалынып отырған бұл бастаманы көпшілік қолдаса екен деймін. Содан кейін барып дәрігерлерден сапалы жұмысты талап етейік. Ал болмашы айлық бере отырып, олардан үлкен нәтиже күткеніміз орынды ма? Оның үстіне, аз айлықпен «неге дұрыс жұмыс істемедің?» деп дәрігерлерді төмпештей берсек те, онда бұл салаға жастардың қызығушылығын тіптен төмендетіп аламыз. Онсыз да айлық жалақының аздығынан медицинадан қаншама дәрігер басқа салаға кетіп қалды. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерге қаншама дәрігер жетіспей отыр.
Сондықтан бұл бастамаға бәріміз қолдау білдіруіміз керек. Тек осындай жақсы бастаманың арты жемқорлыққа ұласып кетпесе екен. Шын мәніндегі білікті дәрігерлер өзінің еңбегіне қарай айлық жалақысын әділ алса жақсы болар еді. Сондай-ақ дәрігерлер білімін жетілдіргенде олар өз қалтасынан қаражат шығармай, мемлекет тарапынан қаржы бөлінуі керек. Бір сөзбен айтқанда, осы іс жүйелі жүзеге асса, дәрігерлерге үлкен көмек болар еді.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
жоқ
– Бізде бұл төңіректе Кеңес үкіметінен қолданылып келе жатқан жақсы тәжірибе бар. Ол – дәрігерлердің еңбек өтіліне қарай айлық-жалақысын өсіріп отыру. Осыдан асқан жақсы жүйе жоқ. Мәселен, медицина саласында егде кісілер көп жұмыс жасайды. Олар осы салада 20-30 жыл еңбек етіп, қаншама науқастың айығып кетуіне көмектесті. Енді олардың кейбіреуі компьютерді, соңғы технологияларды жетік меңгере алмауы мүмкін. Ал жастар соңғы технологиямен жұмыс істеуді тез алып етеді. Сонда ертеңгі күні медицина саласында бәленбай жыл қызмет еткен білікті дәрігер компьютерді жетік меңгермегендігі үшін кеше ғана жұмысқа келген жас маманнан айлық-жалақыны аз алуы керек пе? Сонда әділеттілік қайда?
Бұл жерде жаңа келген жас маман мен 20-30 жыл еңбек өтілі бар дәрігерлерді теңестіруге болмайды. Медицина саласында ең бірінші тәжірибе жоғары тұруы тиіс. Онсыз сапа болмайды. Сондықтан мен еңбек өтіліне байланысты айлықты өсіргенді дұрыс деп есептеймін. Өйткені санатын өсіру үшін дәрігер кәдімгідей бес жылда бір рет емтихан тапсырады, аттестациялаудан өтеді. Онда теориялық жағынан ғана емес, тәжірибелік жағынан да іскерлігін, біліктілігін көрсетеді. Одан жақсы өтсе ғана айлығы өседі. Осыдан артық бізге не керек?
Ал егер шын әділ жүйе құрамыз десек, онда айлық жалақыны жоғары технологияны жетік меңгергендігі үшін емес, дәрігерлердің емдеген ауруларының жазылуы сапасына қарай өсіріп отырайық. Осындай статистика жүргізіп барып берейік. Бірақ тағы да қайталап айтамын, компьютерді жақсы меңгергендігі үшін жалақы өсірген дұрыс бастама емес. Мұның арты жемқорлыққа ұласып кетуі мүмкін. Ертеңгі күні бас дәрігер тек өздерінің таныстарының ғана біліктілігін арттырып, соларға ғана науқас адамдарды жіберіп, айлық жалақысын өсіруі ғажап емес.
Оның үстіне, Қазақстаннан ешқандай медициналық технология шығып отырған жоқ. Барлығын шетелден әкеліп, осында орнатып отырмыз. Оның бір жері жарамай қалса, соны жөндеу үшін тағы да шетелдік мамандарды айлап күтеміз. Себебі маман жоқ. Сондықтан елімізде медициналық техник мамандарын дайындау мәселесін жолға қоюымыз қажет. Бұл ретте дәрігерлердің айлығын санаты бойынша көтеруге тиіспіз. Қазір еліміздің дәрігерлері орта есеппен республика бойынша 60-65 мың теңге ғана алады. Ал аз айлықпен қалай сапалы көрсеткіштерге қол жеткізбекпіз? Менің айтарым, дәрігерлердің ақысы компьютерді меңгергендігінен емес, олардың еңбек өтіліне қарай көтеріліп отыруы тиіс.
Бейтарап пікір
Ақсұлтан Аманбаев, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш денсаулық сақтау министрі:
– Қалай да болсын дәрігерлердің жалақысын көтеруіміз керек. Мейлі ол дифференциалдау арқылы бола ма, санаты бойынша көтереміз бе, басқалай жолдарын қарастырамыз ба, әйтеуір, ең бастысы, олардың айлығын өсіру қажет. Онсыз болмайды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысы – құптарлық бастама. Тек осы айлық көтеру жолындағы жүйе ашық әрі көпшілікке ұғынықты болса дұрыс болар еді. Өйткені осы төңіректегі істер жүйелі әрі ашық болатын болса, онда сыбайлас жемқорлық орын алмайды. Дәрігерлер де өз еңбегінің жемісін көрер еді.