Мемлекеттік рәміздерімізді өз деңгейінде ұлықтай алып отырмыз ба?
Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін айрықша құндылықтар – ұлттық рәміздеріміз. Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Алайда сол символдарымыздың мәнін жете түсініп, тиісті деңгейде ұлықтай алып жүрміз бе? Сарапшылардың бұл туралы пікірі екі түрлі.
Динара Қойшығұлова, ҚазҰУ PhD докторанты, лингвист:
иә
– Әр нәрсенің кері жағын ғана көруге болмайды. Осыдан бірер жылдар бұрынғы уақытпен салыстырғанда, қазір Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет артып келеді. Бұл, бір жағынан, баспасөз құралдарында осы мәселенің жиі көтерілуіне де байланысты шығар. Байқасаңыз, қазір барлық мекемелерде, жергілікті басқару орындарында туға ерекше көңіл бөлініп, ол тұрақты түрде жаңартылып тұрады. Мұны да айту керек. Бізде туды кез келген адам кез келген жерге іле алмайды. Осыған қатысты сын-пікірді көп естимін. Әрине, тудың көп ілінгені жақсы. Алайда кейбір шет мемлекеттерде туға деген құрмет керісінше құбылыс беріп жатады. Мәселен, туды емін-еркін пайдалануға рұқсат бергендіктен, халық арасында одан шалбар, ішкиім тігіп алатын жағдайлар кездесіп жатады.
Сондықтан барлық мәселені ескеру қажет.
Еліміздің көк байрағы, қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен қатар, БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтері қасында желбіреп тұр. Ал Әнұранымыз олимпиадалық ойындарда, басқа да түрлі спорттық шараларда Қазақстан спортшыларының құрметіне талай шырқалып жүр. Өткен жылы спортшыларға Әнұранды жаттатуды міндеттеу мәселесі қолға алынды. Ол да уақыт күттірместен өз шешімін тапты. Лондон Олимпиадасына барған спортшыларымыздың бәрі Әнұранды жатқа білді. Әнұранды жаттауды міндеттеу адамдардың рәмізге деген құрметін, көзқарасын өзгертеді дейтіндер баршылық. Қазақстанның Әнұраны шырқалғанда, көк туы көтерілгенде спортшыларымыздың көзінен жас ағып тұратынын жиі көреміз. Одан бөлек, соны телеарна арқылы тамашалап отырған қазақстандықтар да Әнұранды естігенде қосыла егілетінін жиі байқаймыз. Яғни егер біз рәміздерімізді мүлде құрметтемейміз дейтін болсақ, халқымыздың патриоттығына күмән келтіргенмен бірдей болар еді. Қазір Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты.
Қысқасын айтқанда, қазақстандықтардың бойында рәміздерге деген құрмет бар. Әрине, мектептер мен балабақшаларда оны қалай құрметтеу керектігі жөнінде үгіт-насихат жұмыстары қажет. Сол арқылы біз оны жастардың бойына біржола сіңіреміз, киелі ұғымға айналдырамыз.
Нәбижан Мұхаметханұлы, тарих ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мемлекеттік рәміздер біздің тәуелсіз ел екеніміздің ерекше белгілері ғой. Оған лайықты деңгейде құрмет көрсету өзімізге деген құрметімізді көрсетеді. Құдайға шүкір, Мемлекеттік рәміздеріміз, қай жағынан алсақ та, көрікті, көркем, жүрекке жақын. Алайда, өкінішке қарай, сол көркем де көрікті рәміздерімізді тиісті деңгейде ұлықтай алып жатырмыз деп айта алмаймын. Әсіресе өзге елдермен салыстыратын болсақ, бұл мәселедегі өзіміздің салақтығымызға, салғырттығымызға көз жеткіземіз. Рәмізді ұлықтауымыз тиісті деңгейіне жете қойған жоқ. Өзім қытайтанушы болғандықтан, көрші елде рәміздерге қалай құрмет көрсетілетінін білемін. Әр мектепте аптаның алғашқы күнінде таңертең ту көтеріледі, апта соңында түсіріледі. Демалыс күндері оны жуып, таза күйінде қайта көтереді.
Сол арқылы оқушының бойына мемлекеттік сана, ұлттық сана қаршадайынан сіңіріліп отырады. Сол сияқты Түркияға назар аударсақ та, рәмізге деген ерекше құрметті байқаймыз. Түркиядағы ең биік нүктелерде мемлекеттік туы желбіреп тұрады. Тіпті жеке адамдардың да туды құрметтеуінің мәдениеті адамды қызықтырады. Туды көргенде тебіренеді, көзіне жас алады. Қарапайым азаматтардың Мемлекеттік рәміздердің маңызын қай деңгейде түсінетінін осыдан аңғаруға болады. Өкінішке қарай, бізде мемлекеттік рәміздерді құрметтеу ондай деңгейге көтеріле қойған жоқ. Әсіресе Туға қатысты дауды көп естиміз. Оның аяқасты болуы, қоқысқа кетіп қалуы, ғимараттардың үстінде кірленіп, жыртық-жыртық, жұлым-жұлым күйде тұруы – жиі кездесетін жайт. Кейбір мекемелердегі Ту қысы-жазы тұра беріп, түсі оңып, кейде сарғайып тұрғанын көргенде жаның ашиды.
Қарапайым адамдарды, жастарды айтпағанда, мемлекеттік мекемелердің өзі осы мәселеге салғырт қарап жатады. Әнұранға қатысты дау да аз емес. Соңғы бірер жылда бірнеше оқиға орын алды. Халықаралық деңгейдегі жиындарда масқарамыз шыққаны бар. Біресе ескі әнұранмен, біресе жалған әнұранмен шатастырып жатады. Оған да кейбір мемлекеттік мекемелердің жауапсыздығы кінәлі. Елдегі азаматтардың бойындағы патриоттықты арттыру үшін осы рәмізге деген құрметке көңіл бөліну керек. Рәмізге деген құрметтің қандай болуы керектігін балаларға балабақшадан бастап насихаттау керек.
Жалпы, Мемлекеттік рәміздер туралы заңды жетілдіру керек деп есептеймін. Онда рәміздердің аяқасты болмауы талап етілгені жақсы. Жауапкершілікті күшейтсе игі. Сонымен қоса мектептердегі, мемлекеттік ғимараттардағы тулар туралы айқын түрде айтылуы керек, қазіргідей жалпылама қамтып өте салуға болмайды.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Түйін
Сын айтылған соң, мін түзеліп жатқан жайлар көп. Расында, қазір мемлекеттік мекемелердегі Тулар жиі жаңартылып, тазартылып тұратын болды. Әрине, бірді-екілі келеңсіз оқиғалар кездесіп жататыны жасырын емес. Ол әлі де айтыла жатар. Спортшылдарымызға Әнұран жаттату ісі де жақсы нәтиже берді. Алайда Нәбижан Мұхаметханұлы айтпақшы, Мемлекеттік рәміздер туралы заңда оны құрметтеудің жауапкершіліктері туралы мәселені жіті қарастыру қажет екені анық. Бұл рәміздердің аяқасты болу фактілерін заң аясында шешуге мүмкіндік берер еді.