«Мүгедек кәсіпкерлерді салықтың барлық түрінен босату керек» деген ұсыныспен келісесіз бе?

«Мүгедек кәсіпкерлерді салықтың барлық түрінен босату керек» деген ұсыныспен келісесіз бе?

Салық – халық қазынасы. Салық жүйесінің мінсіз болуы – әр мемлекеттің экономикасының қаншалықты ашық және толымды екенін байқатса керек. Өкінішке қарай, біздің елдің салық жүйесін ала-құладан ада деуге келмес. Салыққа қатысты былықтың тізгінделмей отырғаны да шындық. Осындай түрлі кемшіліктердің салдарынан болар, енді мүгедек кәсіпкерлердің салық төлеу-төлемеу мәселесі өткір көтеріле бастады. Әрине, мүгедек кәсіпкерлерге салық төлетіп қойғанымыз елдігімізге сын. Бірақ соған итермелеп отырған жайттар етек алып бара жатқанға ұқсайды. Демек, қоғамдық пікірталастың туындауы орынды.


Ләззат ҚАЛТАЕВА, «Шырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
иә
– Әрине, босату керек. Бұл жерде тіпті пікірталас тудырудың керегі де жоқ шығар деп ойлаймын. Егер мем­лекет оларға барлық жағдайды жасап отырса,  мүгедектерден салық төлеуді талап етуге болады, әри­не.
Өкінішке қарай, біздің елде мүге­дек жандардың білім алуының, олар­дың жұмыспен қамтамасыз етілуінің өзі қиямет. Сөйтіп отырып, оларға са­лық төлеткеніміз қай сасқанымыз!
Мәселен, Жапонияны алайық. Онда мүгедектер арасында салық тө­лей­тіндер бар. Алайда үкімет олардың тапқан табысына қарайды. Олардың күн­кө­рісіне жететін қаражатты мо­лынан есеп­теп қойған. Егер сол көр­сеткіштен артса, салық төлейді. Өрке­ниет­ті елдердің көпшілігінде осы жүйе.
Мойындаймын, соңғы кездері биз­нестерін мүгедек жандардың атына тіркетіп қойып, бірқатар жеңілдіктерге ие болып жүргендер пайда бола бастады. Әрине, бұл – алаяқтық,  қылмыс. Салық­тан жалтарып жүргендерді әшкере­леу қиын екені де рас. «Аңқау елге арамза молда». Бірақ өзімізді өзіміз алдап жүрміз ғой. Мүгедек жандарды осындай заңға қайшы әрекетке итермелеп отырған – сол кәсіпкерлер.  Егер ішіп-жеуіне қа­ражаты жетіп тұрса, олар мұндай әрекетке барар ма еді?
Мүгедек жандар осылай да ақша табуға мәжбүр болып кетті ғой.
Мен қазір тек негізгі-негізгі деген ғана түйткілдерді тізіп шығайын:
– жәрдемақы тым төмен;
– инфрақұрылымдар мүге­дектер жайын мүлде ескермейді;
– мүгедек жандарды ешкімнің жұмыс­қа алғысы келмейді;
– мүгедектерді психоло­гиялық тұрғыда бейімдеу жағы қарастырылмайды;
– медициналық көмек әрі сапасыз, әрі өз дең­ге­йін­де емес;
– дәрігерлік-әлеу­меттік сараптау комиссия­сының (ВТЭК) жұмысында кер­тарт­палық көп.
Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрген ғаріп жандарды салықтың барлық түрлерінен босатса, бұл игі іс болар еді.
Әрине, мүгедек жандар арасында қал­талылар қата­ры­на жататын кәсіпкерлер де баршылық. Мүм­кін, соларға қатысты Жа­по­ниядағыдай заң қол­дану­ға болатын шығар. Он­да бұл пікірмен келіскен болар едім.
Қыс­қасы, мүгедек жандарға бар­лық жағдайды жасайық, мәселен, қоғамдық орындарда жүріп-тұруларына еш кедергі болмасын, көмекшілермен қам­тамасыз етілсін және арнайы көлік жет­кілікті мөлшерде болсын. Сонда оларға тіпті он екі мүшесі сау азаматтармен теңдей  с­алық төлетсе де жарасады.


Азат ҚОНЫСБЕКОВ, кәсіпкер:
жоқ
– Әрине, мүгедек жандарға бар­лық жағдайды жасап, қолдау көрсет­ке­німіз дұрыс. Тіпті тиіспіз. Білуімше, елі­міздегі мүгедектер саны жалпы ха­лық­тың 3 пайыздайын ғана құрайды. Бұл соншалықты көп емес. Оған да шү­кір дейік. Халықтың азғана тобын құ­райтын бұл санаттағы азаматтардан салық алып отырғанымыз, әрине, ұят. Бір­ақ оның екінші жағы тағы бар.
Ешкімге жасырын емес, қазір мүге­дек жандардың атын, яғни құжаттарын пайдаланып бизнесін дөңгелетіп жат­қандар баршылық. Мұндай алаяқ­тық­тың бетін әшкерелеп, алдын алу да қиын­ға соғады. Қазір осы сынды әдіс-амал­дарды өз пайдасына тиімді қол­данып жатқандарға қатысты қыл­мыстық істер де қозғалып жатыр. 
Біреулер, мәселен, бар байлығын қарт ата-анасының атына жаздырып қойса, енді біреулер тіпті бұл өмірде жоқ адамдардың құжаттарын кәде­сіне жаратуда. Осының барлығы нені білдіреді? Біздің қоғам әлі де болса заңға бағынбайды. Заңды сыйлау мәдениеті дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан да мүгедектерді салық­тың барлық түрінен бо­сату керек деген пікірге келіс­пей­мін. Бұл менің тарапымнан қатты айтқандық. Оны мо­йын­даймын.
Менің ойымша, кәсіп­кер­лікпен айналысқысы келген ғаріп жандарға жанашырлық танытып, же­ңілдіктер көрсетудің жолда­ры жетіп жатыр. Оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды, сондай-ақ бір күнге де жетпейтін бір айлық жәрдема­қысын көбейтуді сұрап жүрген базына­ларын тыңдап жатқанымыз да шамалы. Қайта осындай кемшіліктерімізді түзейік.
Бір сөзінде Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Әли Аманбаев:  «Ешбір мемлекетте мүгедек жандардың сайлауға түсуіне еш кедергі жоқ. Білеміз, бізде де шек қоймайды. Алайда біздің елде ел қалаулылары арасында  бірде-бір мүгедек жанды кез­дес­тіре алмайсыз. Парламентке не мәслихатқа мүмкіндігі шектеулі бір адамды тартса болады ғой. Қоршаған ортаға бейім­деле алмай жүргеніміздің ең басты себебі – қоғамның бізді соңынан ерткісі келмейтіндігінде. Біздің аманатымызды жеткізетін бір «өкіліміз» болса, бірқатар проблеманың оң шешілуіне ықпал етер ме еді, кім біледі?!.» деген еді. Бәрін айт та, бірін айт, міне, осындай проблемаларды шешейік қайта.
Біздің, сіздер айтып отырғандай, мүгедек жандарды барлық салықтан босату арқылы алаяқтар санын көбейтіп алмасымызға кім кепіл?! Менің ойымша, бұрынғы КСРО кезіндегідей мүгедек жандарға деп жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Оның құрылтайшысы мемлекет өзі болсын. Міне, сонда оларды барлық салықтан, төлемдерден босатып тастаса, дұрысы осы болар деп ойлаймын.
Ал мүгедек кәсіпкерлерді барлық салықтан босатуға әзірге ертерек. Ол үшін ең алдымен, жоғарыда айтып өткенімдей, қоғам заңды сыйлау мәдениетін үйренуі тиіс. Сонда әңгіме басқа болмақ.

Түйін
Ұсақ кәсіпкерлік, атап айтқанда, етікші, тігінші және сол секілді іспен айналысатындар арасында да мүмкіндігі шектеулі жандар жетерлік. Ісі дөңгелеп отырса, ондай кәсіпкерлер де салықты ауыртпалық танытпас еді дер едік. Ал жұмыс қалтқысыз жүріп отыру үшін айналымда ұдайы қаражат болуы керек. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ғана емес, тағы басқа да ресурстық көздер арқылы осындай кәсіпкерлерге пайызсыз несие беріліп отырса, игі емес пе? Бірақ амал нешік, қолымыз қысқа-ақ. Мамандар айтқандай, мүгедек жандарды салықтан босатсақ, алаяқтыққа жол ашамыз. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге басқа жағынан, мәселен, сергелдеңге түсіртпей, қағазбастылыққа ұрындырмай, құзырлы органдар қолдау көрсетіп, ешқандай заңнамасыз, таза адамшылық тұрғысынан көмек көрсетсек дейміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста