Мұқағалитануды ғылыми айналымға түсіре алдық па?
Соңғы жылдары қазақ әдебиеттану ғылымында мұқағалитану үрдісі қалыптасып келеді. Артынан мол шығармашылық мұрасын қалдырған ақиық ақын дүниеден өткеннен кейін оның өмірі мен шығармашылығына тереңірек үңілу үдерісі басталды. Десек те, Тәуелсіздік алған жылдарға дейін Мұқағали мұрасына ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдаулар жасала қоймады. Ақынға қатысты дүниелер бұған дейін көбіне естеліктер түрінде жазылып жүрді. Сондықтан да ондай дүниелердің өзегінде ақынның туындыларына ғылыми тұрғыда баға беріп, сараптау жағы кемшін болды. Бүгінгі әдебиеттану саласында абайтану, жамбылтану, әуезовтану, бейімбеттану сынды бағыттар өз зерттеушілерін тауып, әлдеқашан ғылыми айналымға түсіп кеткен. Осы бағыттардың ізін ала даңғыл жолға түсе бастаған мұқағалитану барысы қазіргі кезде біршама жүйелене бастағанын айту керек. Десек те, біз мұқағалитануды ғылыми айналымға түсіре алдық деп айта аламыз ба?
Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымының докторы, профессор
Иә
– Бүгінде мұқағалитануда ізденістер жоқ емес. Бұған қоса, еліміздегі түрлі баспалардан жыл сайын Мұқағалидың кітаптары қайта басылып, естеліктер топтастырылған жинақтар шығып тұрады. Бірнеше жылдан бері «Мұқағали» журналы да үзбей шығып келеді. Бұл басылым болашақта жасалатын үлкен «Мұқағали» энциклопедиясын жасауға негіз бола алатыны сөзсіз. Сондай-ақ қаншама газет-журнал мен интернет-сайттарда Мұқағалиға қатысты дүниелер жарияланып тұрады. Осының бәрі мұқағалитануға тікелей әсерін тигізбей қоймайды. Өзім ұстаздық ететін ҚазҰУ-де Мұқағали шығармаларына байланысты бірнеше кандидаттық жұмыстар қорғалды. Бұған қоса, еліміздің өзге де жоғары оқу орындарында осы тақырыпқа орай қорғалған бірнеше ғылыми жұмыс бар.
Жас ғалымдардың Мұқағали мұрасына дендеп, қызығушылық танытуы әсіресе 2000 жылдан бері белең ала бастады. Бір айта кетерлігі, кейінгі зерттеушілер ақын шығармаларын бүгінгі заман барысымен сабақтастырып, Тәуелсіздік биігінен және ұлттық сана тұрғысынан саралауға едәуір талпыныс жасап келеді. Мұның бәрі Мұқағалиды сан қырынан тануға, оның болмыс-бітімі мен жазып қалдырған туындыларына тың көзқарастармен үңілуге мүмкіндік береді. Нақты мысал келтіретін болсақ, осыдан бес жыл бұрын өзімнің шәкірттерімнің бірі Бибіжан Бегманова «Мұқағали Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазір жас ғалым бұл жұмысын «60-70-жылдардағы қазақ поэзиясы және Мақатаев лирикасы» деген тақырыпта докторлық еңбекке ұластырып, өз зерттеуін ары қарай тереңдетіп, толықтыру үстінде.
Мұқағали шығармашылығы жөнінде кезінде жылы пікір білдіріп, алғашқы мақала жазған қаламгерлер Сайлаубек Жұмабекұлы, Әбіш Кекілбаев, Төлеген Тоқбергеновтерден бүгінгі жастарға дейінгі аралықта қаншама құнды деректер мен шынайы пікірлерге толы дүниелер түзілді. Бүгінгі күні Мұқағали турасында белгілі философ ғалым Ғарифолла Есім мен талғампаз сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, талантты ақын, Бауыржан Жақып сынды қаламгерлер тұшымды пайымдамалар жазып жүр. Дегенмен әдебиетші ғалымдар мен қаламгерлердің ақын шығармаларына ғылыми тұрғыда жасаған талдаулары қарапайым бұқараға толыққанды жете бермеуі мүмкін. Сол себепті де көпшілік қауым мұқағалитанудың аяқ алысынан бейхабар болуы мүмкін. Ғылым қашанда зерделі сана мен уақытты қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы, әдебиеттану да, оның ішінде мұқағалитану бағыты да болашақта өз жемісін бермей қоймас. Ғылымның игілігі адамзатқа қызмет етеді емес пе?!
Аян Нысаналин, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері
Жоқ
– Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығы туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Осы кезге дейін ақын мұрасын ары-бері ақтарған біршама дүниелер жазылды. Алайда осының барлығын жинақтағанның өзінде біз Мақатаевты ғылыми тұрғыда танып-білдік деп айта алмаймыз. Мұқағалиға деген біздің жақындығымыз өлеңдерін оқып, әндерін орындап, естеліктер жазумен ғана шектеліп қалған сияқты. Қазақ поэзиясын жалпы алып қарайтын болсақ, біз Мұқағалидың өзін жекеше бөліп-жарып зерттей алмаймыз. Біз оның шығармашылығын байырғы жыраулар поэзиясымен, Абай дәстүрімен, Қасым стихиясымен және басқа да рухани құндылықтармен сабақтастыра отырып зерделеуіміз қажет. Ал бүгінгі әдебиеттану ғылымында, сондай-ақ қаламгер, журналистер арасында Мұқағалиға қатысты қалам тербемегені кемде-кем шығар. Рас, Мұқағали – ең көп оқылатын ақын.
Ол өлеңсүйер қауымның арасында тірі кезінде-ақ кеңінен танымал болды. Оның шағын кітаптары қолдан-қолға өтіп, ел арасына тез тарады. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін, атағы тіпті дүркіреді. Ақын поэзиясының биікке көтерілуі оның талантының шексіз екендігінде, білімінің тереңдігінде жатыр. Ол тіршілігінде көп кедергі мен қиындықтарға тап болды. жақсылы-жаманды адамдармен араласты. Ол өмір сүрген қоғам да бүгінгіден тым бөлек әрі бөтен еді. Міне, бүгінгі мұқағалитанушылардың алдында ақын ғұмырының әр кезеңін зерделеп, шығармаларын тақырыптары бойынша талдап, оның біртұтас поэзия әлемімен байланыстыра отырып саралау жауапкершілігі тұр. Білуімше, жекелеген зерттеушілер Мұқағали шығармалары жөнінде кандидаттық жұмыстар қорғап жатыр екен. Өз беттерінше ізденіп жүргендер де баршылық. Бірақ әр жерде жеке-дара жүрген зерттеушілердің басы бірікпегендіктен, мұқағалитану ғылыми айналымға ене алмай отыр. Егер де ақын мұрасы ғылыми тұрғыда тәптіштеп жинақталып, оның өміріне қатысты деректер ғылыми дәлдікпен айғақталып, нақтыланса, Мұқағалиға қатысты әртүрлі сипаттағы әңгімелер көп айтылмас еді. Біз ақынның жүрегіне үңіліп қараудың орнына, әр нәрсенің басын бір шалып, телегей мұраның бетін ғана қалқып жүрміз. Біз Мұқағалиды «Қарасаздан шыққан ақын еді» дей бергенше, «Мұқағали – қазақтан шыққан талант» деп мақтануымыз керек. Жалпы, біз мықты ақындарымызды әлем тілдеріне аударып, төл әдебиетіміздің пәрменін өзгеге таныта түсуіміз қажет. Өкінішке қарай, біз Мұқағалидың өлеңдерін ғана зерттеумен айналысып жүрміз. Оның өскен ортасы, ішкі ой-мұңы, тұрмыста көрген теперіштері мен отбасы, жақындары жайында ғылыми ізденістер жоқтың қасы.
Бейтарап пікір
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, аудармашы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Елімізде Мақатаев шығармаларына қатысты бүгінгі күнге дейін бірнеше ғылыми жұмыс қорғалды. Алайда бұл төңіректегі ізденістер толыққанды ғылыми айналымға түсіп кетті дей алмаймыз. Оның үстіне, біздегі білім саласындағы түрлі реформалар кейбір ғылыми жұмыстардың жарыққа шығуына айтарлықтай кедергі болып отырғаны рас. Мысалы, қазіргі кезде докторлық диссертация қорғаудың ереже-талаптары өзгерген. Қандай тақырыптан болсын докторлық дәреже алғыңыз келсе, сіздің еңбегіңіз шетелдің беделді бір ғылыми басылымында жариялануы міндетті болып отыр. Мұндай қатаң талаптар Мұқағали жөнінде докторлық еңбек жазып жатқандарға да біршама қиындық тудыратыны сөзсіз. Дегенмен де ғылыми атақ-дәрежеге ұмтылмай-ақ өз беттерінше ізденіп жүрген жастар да кездеседі. Ақын мұрасына байланысты көлемді монография жазып жатқан белгілі ғалымдар да бар. Осы тұрғыдан алғанда, мұқағалитану бағыты өз арнасын жаңа-жаңа тауып келеді деп айтуға болады.