Намазды қазақша оқу қажет деген пікірді қолдайсыз ба?
Қыркүйектің соңғы күндері Сенат депутаты Құсайын Валиев: «Қазақстанда араб тілін білетін адам аз. Сондықтан неге Құранды қазақ тіліне аударып, намазды қазақша оқымасқа? Сонда Қасиетті кітаптың аяттары мен дұғалары қазақтарға түсінікті болар еді», – деді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті отырысында Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріпке. Сондай-ақ сенатор осы тұста кезінде Ватиканның рұқсатымен діни құжаттардың грек тілінен орысшаға аударылғанын да мысалға келтірді. Қ.Лама Шәріп болса Қасиетті кітаптың 40-тан астам тілге аударылғанын, соның ішінде қазақша нұсқасы барын да тілге тиек ете келе, «дегенмен Құранды қазақшаға дұрыстап аудару қажет» деп түйіп, сөз соңын «Алла тағала құстардың да тілін біледі. Сондықтан қай тілде дұға қылсаңыз да, сөзсіз қабыл болады» деп аяқтады. Осы ретте біз сенатордың «Намазды неге қазақша оқымасқа?» деген пікірін талқыға салып көрсек...
Совет-Хан ҒАББАСҰЛЫ, жазушы:
Иә
– Мен «Құранды, намазды қазақша оқу керек» деп көтергеніме он жыл болды. Неге десеңіз, қазір, мысалы, Франция, Англия, Германияда мұсылмандықты қабылдағандар бар. Оларда намазды өз тілдерінде ғана оқиды. Ал бізде көпшіліктің ортасына барады да, арабша жаттағанын айтады, одан ешкім ештеңе түсінбейді. Содан кейін бізде қазір Алламен қорқыту деген бір үрдіс пайда болды. Жаратқанның атымен о дүние, бұ дүние деп қорқытудың керегі жоқ. Қазір шариғаттанушылар да, хадистанушылар да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін мүлдем қатесіз дүние деп түсіндіреді. Қазір мына заманда Парламент заңдарында қателіктер шығып, оны түзеп, қайта қабылдап жатса, шариғат заңдарында да қате кездеседі.
Шариғат ескі замандардағы заң болса, ол адамдардың ілгерілеп дамыған заманына қарай қызмет етуі тиіс, олай болса соған лайықталып, қайта жазылуы керек.
Еліміздегі дін саясаты мен жалпыұлттық идеологияның дұрыс қолға алынбауының салдарынан 17 миллион халыққа 4,5 мың секта жұмыс істеп жатыр. Бұл біздің қоғамның соншама қадағалаусыз кеткендігін аңғартады. Осы тұрғыдан алғанда, дәл қазір осы діни салаға қатысты Парламентте талқыланып жатқан заңды мен барынша қолдаймын.
Күллі әлемді жаратушы бір Алла ештеңені де, еш нәрсені де догма етіп жаратқан емес. Құрсақта жатқан әрқайсысымыз да 18 мың ғаламның сатыларын басып жетілеміз ғой. Оның үстіне, Құран Кәрімнің қай жерінде жазылыпты, не қай жерінде тек араб тілінде ғана оқылуы айтылыпты.
Құран оқу немесе намазға жығылудың негізі Аллаға мінажат ету екені белгілі. Оқып я тыңдап отырған дұғасының ішіндегі мазмұны мен мәнін түсінбей, қол жайып, бет сипауда нендей құлшылық я болмаса қандай мінажат деуге болады. Япыр-ау, Құранды тек араб тілінде оқу міндет деп пайғамбарымыз да айтпайды ғой. Сондықтан Құранды да, намазды да түсініп, қазақша оқығанның пайдасы мен сауабы аса мол болса керек. Түгін де түсінбей бет сипайтынымыз өте ерсі дегенді қарапайым халықтан көптен естіп жүргеніміз де рас. Кейде исламның неше түрлі «арсыз секталарының» бүгінде арам шөптей қаулап кетуіне осы догмалық ұғымдардың әсері аз болмаса керек. Олай Алла өзі жаратқан сан алуан ұлыстары өз тілінде мінажат етсе, оны оғаш көрмейтіні айдан анық болса керек. Сондықтан Құранды, сондай-ақ намазды араб тілінде ғана оқу деген — бұл да негізі жоқ догмалардың бірі екені рас.
Түйін
Міне, оқырман, біз намазды қазақша оқуға қатысты осындай екі түрлі көзқарасты ұсынып отырмыз. Бұл жерде мақсат – екіжақты пікір иелерін дауластыру емес, керісінше, ақиқатты әркімнің өз көкірек көзімен ұғып, керегін алуында.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, ҚМДБ аппарат жетекшісі, исламтанушы:
Жоқ
– Алғашында кез келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау жеңіл әрі орынды көрінері рас. Алайда мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, ең алдымен, тілек-дұға мен намаздың аражігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, тыйым салынбаған. Өйткені бұл — Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселе. Ал намаз жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Егер ислам діні қандай да бір белгілі аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді. Алайда төрткіл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болатыны сөзсіз.
Айталық, қытайша білмейтін қазақ Қытайға барса, көшеден шыққан қытай тіліндегі дауыстарды естісе де, оны түсіне алмайды. Жергілікті тілде оқылған азанды да түсінбегендігінен, әлгі мүмін қазақ намазын қазаға ұшыратып алуы мүмкін. (Қытайдағы мешіттер мұнараларымен ерекшеленбейді). Сондай-ақ Қазақстанға келген басқа ұлттар да мұсылмандардың өз тілінде орындап жатқан ғибадаттарынан ештеңе ұқпасы анық. Олай болса, мұндай жалпыәлемдік діннің өзіндік ортақ жақтары, ортақ тұстары болуы заңды. Бұл тұста азан мен қырағаттың орны ерекше екені кімге де болса мәлім.
Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі. Құранда белгілі бір мағынаны білдіретін бірнеше синоним сөздің ішінен сөздің дыбысталу жағынан да, мағынаны қамту жағынан да ең қолайлысы таңдалған. Сондықтан кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндалайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес. Құран біреу болғанымен, аударма сан алуан. Сондықтан намазды аударма арқылы оқитын болсақ, имамға ұйыған жамағат та ана аударманы емес, мына аударманы оқуы керек деген сияқты дау-дамайға, бітпес жанжалға ұрынары сөзсіз. Құран – Алланың сөзі. Ал оның аудармасында аударған адамның білім деңгейі мен тіл шеберлігі де, тіпті мінезі мен діни ұстанымы да көрініс тауып жатады емес пе?
Кез келген аударманы бірнеше рет оқыған адамның жалығары сөзсіз. Ал Құран сүрелерін оқығанда адам түсінбесе де, ерекше рухани ләззат алады. Өйткені Алла тағала Құран сөздеріне осындай ерекшелік берген. Сондықтан бұл дүниелік болмашы тірліктер үшін үлкен-үлкен сөздіктер жаттап, шет тілін үйренетіндер мәңгілік ғұмыр үшін Алла тағаланың сөздерінен бір бетті жаттай алмаса, онда «ғибадат-құлшылықтарымызға Алла тағала емес, керісінше, біз зәруміз» деген шүбәсіз шындықты әр кез есте ұстаған абзал.