Наурызда Қазақстан азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеу керек пе?
Әлемнің бірқатар елдерінде ұлттық киім киюді міндеттейтін ішкі тәртіп бар. Әсіресе шенеуніктерге қатысты мысалдарды көп келтіруге болады. Алысқа бармай-ақ Грузия, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінен ұлттық киім киюді міндеттеудің әртүрлі жолдарын көруге болады. Жыл он екі ай қазақы ою таңбаланған киім киіп жүруді міндеттемесек те, дәстүрлі мерекелерімізде қазақша киінетін үрдіс қалыптастыруға бола ма? Бұл бір жағынан жастарға өнеге боларлық бастама. Алайда біреулер мұны адам құқына нұқсан келтіреді дегенді айтады. Енді біреулер бұл шара төл руханиятымызды жаңғыртатын, тәрбиелік мәні бар ұсыныс дегенді алға тартады.
Сұлтанәлі Балғабаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы:
иә
– Ортақ идеология қалыптастыра алмауымыздың себебінен ұлттық мәселеде көп нәрсе шешімін таппай жатыр. Әрине, заң бойынша міндеттеу механизмі жоқ шығар. Дегенмен міндеттеудің басқа да түрлі жолдары бар. Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әсер ету керек деп ойлаймын. Адамның сана-сезіміне жеткізе айтатын болсақ, соның өзі міндеттеумен тең.Екіншіден, жаңа жыл мерекесі келгенде мектеп оқушыларына түрлі киімдерді киіп келуді міндеттейді ғой. Ата-аналар қиялына ерік беріп, қымбат ақшаға неше түрлі киім сатып алады. Сол сияқты наурыз мерекесінің де өз ерекшелігі бар.
Жоғары оқу орындарында да түрлі мерекелік шаралар өтіп жатады. Сол шаралардың барысында ұлттық киімге басымдық берсе несі жаман. Жыл сайын еліміздің қалаларында, орталық алаңдарында наурызға арналған концерттер беріледі. Алаңға шығып, мерекені тамашалайтын көрермендер де ұлттық киіммен шықса өздері үшін, балалары үшін қызықты болады. Мұны түсіндіру үшін жаңағы айтқанымдай, насихат жұмыстары керек. Өкінішке қарай, бізде осымен айналысатын мекеме жоқ болып тұр. Бұл бағытта ешкім жүйелі жұмыс жасап жатқан жоқ. Тек киімге қатысты емес, жалпы, Наурыз мерекесін, ұлттық мерекелерді қалай тойлау керектігінің жүйесі әлі жоқ. Әркім өз қалауынша, әркім өз сценарийімен, әркім өз ойына келген нәрсені ұсынып жатыр. Сондықтан еліміздегі мерекелерді атап өтудің формасын бір мекемеге жүктеп беру керек деп ойлаймын. Жергілікті ішкі саясат бөлімдерінің де қолынан талай нәрсе келеді. Кейде қала орталығындағы концерттік қойылымдарды, шараларды ұйымдастырып жүрген адамдардың өздері мерекенің философиясын дұрыс түсінбейтіндей көрінеді. Ұйымдастырушылары түсінбесе, халықтан не күтеміз? Сондықтан ортақ сценарий керек деп ойлаймын..
Наурыз мерекесін Өзбекстан мен Тәжікстанда атап өткен болсаңыз, қызық көрініске тап болар едіңіз. Жалпы, бұл халықтар мерекеде ғана емес, жай күндері де ұлттық киімдерін тастамайды. Көшеде қыздардың жылтырақ матадан тігілген ұлттық киіммен кетіп бара жатуы – заңды құбылыс. Ал мереке күндері бұл көрініс тіпті жанданып кетеді. Ер азаматтары да, әйелдері де өздеріне жарасымды үлгідегі киімдерді киіп шығады. Біз сол туыс елдерімізден үлгі ала алмай отырмыз.
Тасбай Симамбаев, қоғам қайраткері:
жоқ
– Мұндай талапты әскердегілерге енгізуге болар еді. Себебі олар кез келген бұйрыққа бағынуға әзір. Мынадай бейбіт өмірде жөн-жосықсыз бүйректен сирақ шығара берудің қажеті қанша? Қазақстан азаматы қандай киім киемін десе де өзі біледі, себебі оның конституциялық құқы бар. Әйтеуір жалаңаштанып, әдептен асып кетпесе болғаны. Киетін киімін де мемлекет таңдап берсе, бұл шектен шыққандық болар еді. Кейбір әкімдер мен шенеуніктер түрлі отырыстарда осындай ұсынысты айтып қалады. Меніңше, бұл – жалған патриотизмнен туындаған популистік ұран. Біреулер ерікті түрде, өз қалауымен киіп шығамын десе оған қол шапалақтау керек. Ал кигісі келмесе және өз еркі.
Екінші жағынан қазақша киімді заңмен міндеттеу мүмкін емес. Ол үшін Конституцияны өзгертуге тура келер еді.
Соңғы кездері біздің қоғам тым сауықшыл болып бара жатқан сияқты. Қазақ киімді былай қойғанда, жалпы, ойын-сауықты қысқарта тұру керек деп есептеймін. Шенеуніктер жағы наурыздың бес күн демалысын қалай игереміз деп алақандарын ысқылап отыр. Кейбірі Дубайға, Кипрға апаратын ұшаққа билет алып қойды. Тап қазір еліміздің барлық аймақтарында су көтеріліп жатыр. Алдымыздағы бес күн ішінде қай жерде қандай оқиға орын аларын бір құдай біледі. Сондай қауіпті кезеңде жауапты адамдардың барлығы қыдырып жүрсе біз оларды қайдан тауып алмақпыз? Қазірдің өзінде Қарағандыда жүздеген үйлерді су басып жатыр. Халық далада сүмірейіп жүр. Олардан «Жатар жерің бар ма?» деп сұрап жатқан ешкім жоқ.
Ұзын сөздің қысқасы, біздің патриотизм киімнен емес, халыққа жанашырлық танытудан көрінуі керек. Қазақтың қазақылығы сырт келбетімен емес, рухани күштілігімен, экономикасының қуаттылығымен есептеледі деген түсінікті қабылдайтын кез жетті. Түрлі жалаң ұрандарға ере бергенше, бір-біріміздің жағдайымызды ойлайық. Қазақстан дүниежүзіндегі халқы ең көп демалатын елдердің қатарында. Бұл дұрыс емес. Сенбі, жексенбіні қосып есептесек, наурызда айдың жартысын демалыспен өткізеді екенбіз. Әрбір себепке демалыс береміз, жылдың аяғында «Бюджеттің ақшасы неге игерілмеді?» деген дау басталады. Құрылыс нысандарының жұмыстары тоқтап қалады. Сосын оны өткізетін уақыт таяғанда бетімізді сылап-сипап жататынымыз да – тағы да шалалығымыз.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Түйін
Әрине, заңмен міндеттеу мүмкін емес. Дегенмен Наурызды қарсы алу үшін алаңға жиналған, түрлі концерттік шараларға баратын қазақтардың ұлттық киім киюін үрдіске айналдыру үшін оны ұйымдастыру қажет екені анық. Әсіресе орта және жоғары білім беру мекемелері ішкі тәртіптері арқылы да көп нәрсені жүзеге асыра алады. Әрине, жібек-дүрия матадан тігіліп, асыл моншақпен көмкерілген киімнің болуы шарт емес. Ұлттық ою-өрнек, қазақы атрибуттары бар киімнің өзі біз үшін жеңіс болар еді.