Оқытушыларды қатаң жазалау арқылы жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты жоя аламыз ба?
Арнасынан асып ағатын тасқын суды бөгеген сайын басқа арна тауып ағатыны секілді, бүгінде жемқорлықты да ауыздықтаған сайын ірілі-ұсақты арнасы көбейіп, сай-саланы жалмап барады. Халықаралық «Transparency
International» ұйымының соңғы жасаған қорытынды сараптамасына сүйенсек, Қазақстан жемқорлықтың деңгейі бойынша 145-інші орынға жайғасыпты. Жемқорлық етек алған мемлекеттік органдардың алғашқы ондығының көш басында білім саласы тұр. Осыған қарап «білімді ұрпақтың орнына – дәрменсіз , білікті маманның орнына – пәрменсіз парақор азаматтар мен азаматшаларды даярлап жатқан жоқпыз ба?» деген ойға қаласың. ЖОО-дағы жемқорлықты пайдакүнемдерді қатаң жазаға тарту арқылы жоюға бола ма? Осы бір түйткілді мәселені ой таразысына тартқанды жөн көрдік.
Есберген Алауханов, з.ғ.д., профессор, «ҚР мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық» атты кітаптың авторы:
Иә
– Біздің қоғамда «барлық мәселені ақшамен шешуге болады» деген қағиданы ұстанатын адамдар жетерлік. Тіпті кейбір «жомарттарымыз» өз ретімен бітейін деп тұрған істің соңын күтпей, біреуге бірдеңе беруді, тықпалауды дағдыға айналдырып алған. Мемлекеттік қызметкер, әсіресе білім беру саласының қызметкерлері, ұстаздар, білдей білікті мамандар өздерінің бойын лас ақшадан таза ұстап, оған арбалмай, артық ақша алуды әдеттен жат қылық деп түсінбеген жағдайда, оларға қатаң жаза қолдану керек. Адамдар өздерінің ерсі әрекеті үшін жазаланатынын, қатаң жауапкершілікке тартылатынын түйсінгенде ғана олардың арасындағы қарым-қатынас психологиясында жемқорлық туралы ойға ерік берілмейді. Лауазымды, үстемдікті асыра пайдаланып, біреуден бір тиын артық алу да немесе өз бас пайдасы үшін біреуге артық бір тиын беру де жемқорлық болып саналады.
Сондықтан, әсіресе жоғары оқу орындарында мұндайға жол бермеген абзал. Неге біздің елімізді барған сайын жемқорлық жайлап барады, неге сапасыз білім беріліп, білімсіз ұрпақ өсуде? Себебі біз әлі күнге қатаң тәртіпті, бар заңымызды жүзеге асыра алмай келеміз. Кез келген адам қандай болса да жемқорлыққа куә бола қалған жағдайда бірден тиісті адамдарды әшкерелегеніміз жөн. Ал біз жемқорлыққа куә бола тұрып, оны әшкерелеуге ұмтылмаймыз, заңды құбылыс секілді қабылдаймыз. Өйткені параны алып та, беріп те жатқандардың бәрі – біреуiміздің танысымыз, екіншіміздің туысымыз, сондықтан біз оларды саусақпен нұсқап көрсетуге ұяламыз. Ал турасына келгенде, біз жемқорды көре тұрып, оған шара қолдана алмағанымызға арлануымыз керек. Параны көбіне-көп қолында билігі бар, лауазымды адамдар ғана ала алады, онымен қоймай, ондай адамдар өзге біреуді парақорлыққа итермелейді. Егер елін шын сүйетін, жұртына жанашыр жан болса, онда ол өзінің материалдық жағдайына қарағанда, рухани дүниені жоғары қояр едi. Өзінің абыройымен қоса қоғамның абыройын ойлаған адам жемқорлыққа ешқашан жоламайды. Ал ар мен абыройды аяқасты етіп, тек өзінің құлқынын ойлайтын адамды еңбектен, жалпы қоғамнан аластату керек. Мұндайларды білім беру саласына, тіпті жолатуға болмайды. Өйткені олар үшін студенттің білімсіз, ойсыз, есесіне қалталы болғаны тиімді. Алдында отырған шәкірттерден адамды емес, ақшаны көретін ұстаздардың мың жерден білімі тасып бара жатса да, біреуге білім мен тәрбие бере алмайтыны хақ. Сондықтан «ала берсем, қалтама сала берсем» дейтіндерге жалпақшешейлік жасай бермей, барынша қатаң жазаны қолдану қажет.
Амангелді Айталы, философия ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Пайдакүнемдікке еті үйренген, ардан безген, ақшаға құныққан адамға қанша жерден қатаң жаза арқылы қорқытқанмен немесе еңбекақысын көтергенмен, нәтиже бере бермейді. Алып үйренген адам ақшаны алғысы келеді де тұрады. Жанында дардың ағашы тұрса да «мен оған іліге қоймаспын, мен сияқтылар жетеді ғой, солар ілінер» деген оймен құныққан үстіне құнығып, араны ашыла түседі. Ондай адамның психологиясы да осыған үйреніп кетеді. Жемқорлықтың бұралаң жолын тек адамгершілік пен имандылық қана кесе алады. Сол себепті жалпы қоғамда имандылық тәрбиесін күшейтіп, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында адамгершілік принциптері алдыңғы орынға қойылмай, мұны күшке салуға онша келіңкіремейді.
«Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, жоғары оқу орындарында қызмет ететіндердің барлығы пара алады, білім алатындардың барлығы пара береді деген түсініктің бар екені рас. Бұған келіспеуге де болады, бірақ «білім саласында жемқорлық мүлдем жоқ» деп кесіп айту да қиын. Парламентте депутат болып отырған кезде әлеуметтік сауалнама жүргізіп, жемқорлықтың ерекше етек алған жері сырттай білім алушыларда, соның ішінде екінші жоғары білім алатындар арасында екенін анықтаған болатынбыз. Сырттай білім алушылардың беретін парасы дипломды сатып алумен тең. Жанын қинап білім алғысы келмейтін, оқуға құлқы жоқ студенттер де бар, соған бейімделген оқытушылар да жетерлік. Жемқорлыққа бару, бармау жеке адамдық қасиетке байланысты. Рухы таза адам жалақысы аз болса да, көп болса да, біреудің ала жібін аттамайды. Иә, кейде қаржы тапшылығы, мұқтаждық, материалдық тарығу адамның адамгершілігін сынға салатын кездер болады. Бұл сынға біреу шыдайды, біреу шыдамайды дегендей. Сондықтан жалақы мөлшерін көбейту, адамдардың материалдық жағдайын көтеру жемқорлыққа апармаудың, пайдакүнемдік туралы ойға берілмеудің бір жолы ғана. Білімнің, адамгершіліктің іргетасы мектепте, ұшқан ұяда қаланатын болғандықтан, ең алдымен ата-ана, орта мектептегі мұғалімдер балаларға моральдық тұрғыда дұрыс тәрбие беру керек. Парақорлыққа қарсы күрес туралы жеке пән болмаса да, кез келген ұстаз өз тарапынан осы мәселеге қатысты ойын балалармен бөлісіп, көлеңкелі жағын түсіндіріп отырғаны жөн. Ал жоғары оқу орындарында арнайы дәрістер оқылып, жастарға дұрыс бағыт бере білуіміз керек. Жемқорлықпен күресті науқандық шара ретінде қарап, бір мезгіл жемқорларды қатаң жазаласақ, уақыт өте келе парақорлар сәл тыныштықтан кейін қайта қаулай бастайды. Сондықтан балабақшадан бастап, мектеп пен жоғары оқу орындарының қабырғасында парақорлықтың жеке адамға да, қоғамға да тигізетін зияны орасан екендігін нақты дәлелдермен айқындап, ұрпақтың санасына жеткізе білгеніміз абзал.
Бейтарап пікір
Рахман Алшанов, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті:
– Жалпы қоғамдағы адамдардың 70-80 пайызының білім саласына қатысы бар. Сондықтан бұл саладағы ірілі-ұсақты алыс-берістің бәрі есепке алынады. Білім саласындағы миллиондаған адамның әрекеті мен басқа саладағы мың адамның әрекетін салыстыруға келмейді. Егер балалар білімге өздері құлшынса, уақыттарын текке кетірмей, тиімді іске жұмсаса, кім оларды күштеп пара алады? Жастардың өз талабы, адамгершілігі, азаматтық көзқарастары қайда? Қазақстанның экономикасы бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресуге ұмтылып жатқан уақытта білімсіз, біліксіз маман өзінен-өзі керексіз болып қалмай ма? Сатып алынған дипломмен алысқа бара алмайтынын жастардың өзі түйсінуі керек. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік компанияларда қызмет ететіндердің 20 пайызы қазақстандық жастар. Ал қолында дипломы бар, бірақ қолынан түк келмейтін адам маман ба? Көкесі бір-екі рет көмектесер, бірақ өмір бір орнында тұрмайды. Бүкіл өмірді 1000 теңгемен немесе 100 мың теңгемен есептеуге болмайды ғой.