Оралмандарға квотаға ақша орнына баспана беру дұрыс болар ма еді?
Елімізде әлі күнге дейін оралмандарды орналастырудың оңтайлы жолы қалыптаспай отыр. Оларды солтүстік облыстарға орналастыру арқылы сол аймақтарды қазақыландыру туралы жоспар да жүзеге асар еді. Осы орайда кейбір мамандар оралмандарға квотаға ақша орнына солтүстік облыстардан баспана беру арқылы олардың сол жерлерге тұрақтанып қалуына ықпал етуге және сол өлкені қазақыландыру мәселесін оңтайлы шешуге болады дейді. Квотаны баспана түрінде беруге негіз болып отырған тағы бір нәрсе – кейбір оралмандардың солтүстік облыстардан квота алған соң оңтүстік аймақтарға, тіпті келген еліне қайтып кетуі болып отыр. «Оралмандарға квотаға ақша орнына баспана беруге қалай қарайсыз?» деп, мамандарды сөзге тартып көрген едік...
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы
Иә
– Бұл ұсынысты қолдаймын. Өйткені оралмандарға квотаға ақша орнына баспана берудің тиімді тұстары өте көп. Бүгінде квотаның көлемі – оралман отбасының адам басына шаққанда 1000 АҚШ доллары көлемінде. Яғни бір отбасы ары кетсе 10 000 АҚШ доллары көлемінде квота алуы мүмкін. Ал мұндай көлемдегі ақшаға қаладан баспана сатып алудың мүмкіндігі жоқ. Яғни қаланың айналасындағы үйлер оралманның қалтасындағы квотасының ақшасына сай емес. Сондықтан оралман квотасына тіпті үй де ала алмауы мүмкін.
Осы орайда оралманға Үкімет тарапынан квотаға ақша орнына егін егуге, шаруашылыққа қолайлы, қалаға жақын жатқан аудандардан баспана берсе, өте дұрыс болар еді.
Рас, мұндай жолмен оралмандардың солтүстік облысқа қоныстануына да мүмкіндік туғыза аламыз. Ең бастысы, басында баспанасы, өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге ыңғайлы тұрмыс жағдайын жасап, оларды солтүстікке көбірек шоғырландыратын болсақ, олар сол өңірді қазақыландырып шығара алар еді. Өйткені оралмандардың бойында қазақы қасиет мол. Тіпті кейбір жағдайларда квотаны ақшалай алып, керек-жарағына жұмсап қойып, баспанасыз қалып жатқан оралмандарымыз да баршылық. Егер квотаны баспана түрінде беретін болсақ, мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға болар еді.
Сондай-ақ оралмандарды баспанамен қамтамасыз ете отырып, олардың сол өңірге тезірек бейімделуін де қарастырған жөн. Өйткені шеттен келген талай бесаспап мамандарымыздың мүмкіншілігін пайдалана алмай отырмыз. Оралман қалай келді, қалай орналасты, квота ала алды ма, қалай бейімделіп жатыр деген мәселелердің бақылаусыз қалуының салдарынан оралман турасындағы көптеген проблема күрмеуі күрделі күйінде қалып отыр. Тіпті оралмандарға арнайы үйлер салу арқылы оларды бір ауданға көптеп қоныстандыруға мүмкіндік туады. Сондықтан баспанамен қамтамасыз ете отырып, олардың одан ары тезірек бейімделіп, еліне сіңісіп кетуі үшін жергілікті билік өкілдері жұмыс істесе, дұрыс болар еді.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты
Жоқ
– Жоқ, оралмандарға квотаға ақша орнына баспана беру тиімді деп айта алмаймын. Оралманды баспанаға байлап қою арқылы таңдау мүмкіндігінен айырамыз. Бұл дұрыс емес. Біз оралмандардың есебінен солтүстікті қазақыландырып, екі жеп биге шығуды ойламас бұрын оларды елімізге бейімдеп алып қалу жағын ойластыруымыз керек. Өйткені елімізді жерсінбей кетіп жатқан оралмандар да баршылық. Мәселен, оралман бір ауыз орысша білмейді. Оларды келе сала солтүстік облыстан баспана беріп, қоныстандырып қоятын болсақ, кілең орыстың арасына сіңісе алмауы да мүмкін.
Өйткені бір ауыз орыс тілін білмейтін оралманға күнделікті орыс тіліне қатысты қиындықтармен күніге бетпе-бет келу оңай емес. Мұндай жағдайда олар елімізді жерсінбей, қайтадан кері қарай қайтуға тырысуы мүмкін. Тіпті үйін сатып, еліміздің басқа облысына ауысуға тырысуы ықтимал. Ал мұндай жағдайда квотаға алған үйін сата алмайды.
Ал оралмандарды келе сала осындай қиындықтарға ұрындыру дұрыс па?! Сондықтан өз басым оралмандарға квотаның баспана түрінде берілуіне қарсымын. Біз, ең алдымен, елімізге келген оралманды үйреністіріп, жерсіндіріп, еліміздің қай бұрышына болсын бейімдеп алып қалуға тырысуымыз қажет. Егер оралманға квотаны ақша түрінде беретін болсақ, ол өзінің аз-маз қаржысын қосып, қалаған жерінен баспана сатып алады. Тіпті квотадан ауысқан ақшасына нан табуға жарайтын жекеменшік тірлігін түзеп алуына болар еді. Ең бастысы, қалаған жеріне орналасып, қалаған тірлігімен айналысып, тезірек өз еліне бейімделуіне мүмкіндік туғызар едік.
Осы орайда айта кетер жайт – Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы секілді жеке бір ауылды оралмандар ауылына айналдырып, оларды бір жерге шоғырландыру керек. Сонда олар өзара араласып, бір-біріне көмектесіп, тез бейімделіп кетер еді. Мен білетін Мұнайлы ауданында оралмандар ауылы жақсы қалыптасқан. Сондықтан квотаны баспана түрінде бергеннен гөрі ақшалай беріп, оралманды өз таңдау мүмкіндігінен айырмауымыз қажет дер едім.
Бейтарап пікір
Дәулетбек Байтұрсынұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
– Ең алғаш оралмандарымыз келе бастағанда квота баспана түрінде болған. Кейін квотаны ақшалай беру үрдісі қалыптасты. Ал бүгінгі күні мамандар қайтадан квотаға ақша орнына баспана беру тиімді екенін айтуда. Негізі, екі ұсыныстың да артық-кем тұстары бар. Мәселен, баспананы сатып алу кезінде баспана сатып алып беруші мен тапсырыс берушінің арасында қитұрқы әрекеттер болып, оралмандардың үйіне бөлінген ақша біреулердің «қалтасына түсіп» кетуі мүмкін. Сонымен, жағдай күрделене түседі. Сондықтан бұрыннан келе жатқан жүйе бойынша квотаны ақшалай берген дұрыс. Алайда оралмандарға бүгінгі күні беріп отырған қаржымыз басына тартса – аяғына, аяғына тартса – басына жетпейтін мөлшерде. Сондықтан баспана салуға мемлекет тарапынан мол ақша жұмсамай-ақ немесе адам басына шаққандағы болмашы ақшамен алдамай-ақ квота ретінде берілетін ақшаның көлемін арттырсақ, өте дұрыс шешім болар еді.