Отбасы мерекесі қажет пе?
Кеше — халықаралық отбасы күні. Жақында сенатор Светлана Жалмағамбетова: «Отбасылық құндылықтарды қоғамның бірлігі мен келісімінің негізі ретінде насихаттау мақсатында Қазақстанда халықаралық Отбасы күніне ұштастырып, 15 мамырда Отбасы күнін мерекелеуді қажет деп санаймыз», — деп мәлімдеме жасады. Орыстарда осыған ұқсас «Родительский день» болса, өзбек ағайындарымызда «Хатира күні» деген атаулы күндер бар. Орыстар бұл күндері ата-баба, туған-туыстарын еске алып, қабірлеріне барып гүл қойып, құрмет көрсетсе, өзбектер жақындарына ас беріп, құран бағыштап бейіт басына барады. Ал бізге отбасы күні қажет пе?
Аманхан ӘЛІМ, ақын:
Иә
— Бізге отбасы мерекесі қажет. Әр кезде де жақсы нәрсені жатсынбауымыз керек. Отбасы мерекесін басқа халықтардай еліміздің игілігі үшін, отбасы құндылығын арттыру мақсатына неге қолданбасқа?! Мереке – халықтың мәдениетін көрсетіп қана қоймай, рухын көтеретін нәрсе. Жастарымыздың жанына Батыстың «Валентинасынан» гөрі, «Отбасы күні» мерекесін сіңірсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл отбасының әрбір мүшесін отбасындағы орнын сезіне білуіне мұрындық болар еді. Адамның жауапкершілігі оның есіне сол нәрсені ескертіп, көз алдына келтіріп, қаперіне түсіріп отырғанда ғана артады.
Қазақ ежелден астан соң ата-баба аруағын еске түсіріп, құран бағыштап отырған. Бірақ кейінгі жас отбасылардың арасында бұл үрдіс ұмытылып барады. Күнделікті күйбең тіршілікпен ата-бабаларының бейіт басына да көп бара бермейді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ендеше неге осы күні соларды бір сәт еске алып, бейіт басына барып құрмет көрсетіп, аруағына құран бағыштамасқа?! Бұл үрдіс арқылы балалар санасына үлкенге құрмет көрсетуді де сіңіруге болады. Хадисте де «егер сен адамды жақсылыққа, имандылыққа, адамгершілікке үндейтін жақсы әдет-ғұрып көрсең, жерінбе, одан да үйрен» делінген.
Бұл мереке Батыста басталғанына бола «батысшыл болып кетеміз» деп бас тарту – ұят нәрсе. Керісінше, батыстың жаманын тастап, жақсысын үйрену керек. Отбасы мерекесін тойлау арқылы отбасы құндылығын материалдық тұрғыдан арттыра алмасақ та, рухани тұрғыдан арттыра аламыз. Соның өзі үлкен олжа. Отбасы күні мерекесінде арнайы демалыс бермесе де, көпбалалы отбасыларды марапаттап жатса, бәлкім, аналардың көпбалалы болуға ниеті ашылар ма еді?! Қазір отбасын құра алмай жүрген жастарымыз да жетерлік. Маған қазір жастардың бір-бірін тауып қосылу мүмкіндігі азайып кеткен секілді көрінеді. Мүмкін болса, жастардың жарасым тауып кетуіне арналған арнайы кештер де ұйымдастырылса, қандай жақсы! Мұндай отбасы мерекесі секілді нәрселерді өз халқымыздың ерекшелігіне сай бейімдеп пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді! Соңғы кездері отбасындағы әкенің рөлі төмендеп кетті. «Ана үйде отырып бала бағып, әке сыртта нан табу керек» деген қағидаға да өзгерістер енді. Негізі, әйел адам өзінің бейімделгіш қасиетімен заманға сай бейімделіп кетсе, әкенің дағдарып қалғаны да рас. Бұл әкелік рөлдің төмендеуіне әкеп соқты. Осы орайда бұл мереке әкенің отбасындағы орнының маңыздылығын анықтауға да мұрындық болар еді.
Қымбат Әбілдәқызы, «Айгөлек» журналының бас редакторы:
Жоқ
– Орынсыз мерекенің қажеті жоқ. Онсыз да соңғы кездері мерекелеп, 3-4 күнге шейін демалып жүрміз. Менің ұғымымда «отбасы күні» деген ұғым жоғалып бара жатқан немесе құнсызданып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, назардан тыс қалған нәрселерімізді қайта тірілтетіндей күн болса, екі қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Әйтпесе «жұрт солай етіпті» деп біздің қайталауға ұрынғанымыз дұрыс емес. Мұнда маған халықаралық деген сөздің өзі ұнамай тұр. Халықаралық мереке болған соң басқа жұрт не істесе соны істеп, батысшыл мерекеге айналдырып аламыз ба деп қорқам. Онсыз да аты бар, заты жоқ, «Валентина күні» секілді жастардың санасын улайтын, пайдасынан зияны көп мерекеден құтыла алмай жүрміз. Айына бірнеше рет сенбі, жексенбі күндері демаламыз, одан келіп «ағылшында андай күн бар» екен, «өзбектерде мынандай күн бар екен» деп, көрінгенге еліктеп мереке белгілеу – ақымақтық.
Осы мерекені тойлаумен отбасы құндылығын арттыра алмаймыз. Одан да бұрыннан бар мерекелердің қадіріне жетіп алайық. Тіпті біздің ұлттық мерекелеріміздің тойлану дәстүрі жоқ. Мысалы, Жаңа жылда шырша безендіріп, Аязатадан сыйлық алуға балаларды дайындап әбігерге түсеміз. Ал ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында ондай сипат жоқ. Жаңадан мереке ойлап тапқанша, бұрыннан бар мерекелерімізге ұлттық реңк беріп алайық.
Отбасы мерекесі әшейін дастарқанда отырып, ішіп-жеп, адамдар бір-біріне сыйлық ұсынуды сылтау ететін көп мерекенің бірі болса, одан не пайда бар? Біз сөзбен тәрбиеленген ұрпақ болсақ, кейінгі ұрпақты көше тәрбиелеп жатыр. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін күшейту қажет. Ал осындай мерекелер сол тәрбиеге үлес қосса, қанекей! Отбасы күні белгілене қалса, оның басқа мерекелерден айырмашылығы болуы қажет. Сол күні отбасымен бірге мұражайға, театрға барып, рухани құндылығын арттыра алатын болса немесе еліміздің аудан, қалаларында ұлттық құндылығымызды арттыратын отбасылық жарыстар ұйымдастырылса ғана бұл күннің сапасы артады. Жан дүниеңе қозғау салатындай, қоғамдық маңызы бар мереке болса, мен қуанатын едім. Қазіргі ұрпақ ана тіл, дін, діл, салт-дәстүр деген ұғымдарды түсіне бермейді. Бұл күні осы ұғымдардың қадір-қасиетін арттыра алсақ екен.
Түйін
Адамдардың 31 желтоқсан күнін Жаңа жылдан гөрі барлық отбасы мүшелерінің басын қосып, отбасылық мерекеге айналдыруға тырысуының өзі отбасылық мерекенің қажеттілігін сезінгеннен туындаған әрекет болса керек. Ендеше, неге жылдың 365 күнінің бір күнін отбасыңа, туған-туысыңа арнамасқа?! Бұл мереке, бәлкім, отбасылар арасындағы ауызбіршіліктің нығайып, отбасы құндылығының артуына да мұрындық болар еді...