Отбасы жауапкершілігін күшейту үшін мешітте неке қиюға тек АХАЖ куәлігімен ғана рұқсат беру керек пе?
Бүгінде отау көтерген ерлі-зайыптыларға некесін мұсылмандық жолмен мешітте де, АХАЖ орталығында да қиюға рұқсат берілген. Екі орталық та неке қидырған ерлі-зайыптылардың қолына неке туралы куәлігін ұстатады. Тек бір айырмашылығы – мешіттен берілген куәліктің заңдық күші жоқ. Айта кетерлік жайт – екінші әйел алғысы келетіндер мен азаматтық некеде тұрғысы келетіндер үшін мешітте неке қидырудан асқан оңтайлы жол болмай отыр. Нәтижесінде заңдық күші жоқ мешіттен қиылған некенің соңы дәм-тұзы жараспай қалғандар үшін бір-біріне талақ айтысып, екі жаққа кете салуға еш қиындық тудырмайды. Мұндай әрекеттердің отбасы деген ұғымның жауапкершілігін төмендетері анық. Бізді мазалайтыны – отбасы жауапкершілігін күшейту үшін мешітте неке қию кезінде заңдық күші бар АХАЖ куәлігін сұрауды міндеттеп, мұсылмандық жолмен неке қиюға АХАЖ куәлігімен ғана рұқсат беру керек пе?
Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, дінтанушы:
Иә
– Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Алланың адамдарға берген сенімін өз мақсат-мүддесіне, нәпсіқұмарлығына пайдаланатындар бүгінде көбейіп барады. Алла адамдарға сеніп, шариғат жолымен неке қиюды нәсіп етті. Онда заңнан да биік Аллаға деген жауапкершіліктің маңызы үлкен. Әйтсе де адамдар оны өздерінің түсініктеріне сай бұрмалап алуда. Соның нәтижесінде қыздардың сеніміне кіріп, шариғат жолымен некесін қидыру арқылы бірнеше неке қидыратындар да, мешітке барып некесін қидырып алып, азаматтық некемен тұратын жастардың да қатары көбейіп барады. Олар үшін отбасы деген ұғымның ауқымы тар, салмағы жоқ. Қажет болмаса, талақ айтысып кете барады.
Ал мұның соңы жетім-жесірлердің көбеюіне алып келуде. Сондықтан мешітте шариғат жолымен неке қию кезінде міндетті түрде АХАЖ куәлігін сұрауды мешіт қызметкерлеріне міндеттеу керек. Біз сонда ғана неке қидырушылардың отбасы, жанұя деген сөздерге жауапкершілігін күшейте аламыз. Мұндай жағдайда ертеңгі күні отбасы бұзыла қалған жағдайда да ешқайсысының құқы бұзылмай, өздерінше өз құқықтарын қорғап алады.
Шыны керек, біз иманның құндылықтарын өз дәрежесінде қолдана алмай отырмыз. Егер біз қадірін біліп, өз орнымен қолдана білсек, шариғат жолымен неке қидырудың маңызы зор болар еді. Осының салдарынан «бірінші әйелімді Аллаға аманаттап кеткем» деп екінші, үшінші әйел алушылар да баршылық. Яғни бүгінде азаматтарымыз діннің құндылықтарының барлығын өз мүдделеріне қарай икемдеп пайдалануға үйреніп алды. Бұл – үлкен қателік. «Алланың алдындағы жауапкершілігі бар» деп мешітте неке қидыруды бетімен жіберетін болсақ қоғамда қателіктер көбейіп барады. Сондықтан біз діннің де ұстанымдарын қоғамның илеуі мен заман ағымына қарай бейімдеп қолдана білуіміз керек. Рас, мешітте де неке қиылуы керек. Бірақ нағыз неке АХАЖ бөлімі арқылы куәландырылған неке болып есептеліп, мешіттегі неке қиылар алдында сол АХАЖ арқылы берілген куәлік ескерілуі тиіс. Осы орайда отбасының жауапкершілігін күшейту үшін мешіт қызметкерлері мешітте неке қию кезінде ерлі-зайыптылардан АХАЖ куәлігін сұрауды міндеттеуі керек деп ойлаймын.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы:
Жоқ
– Рас, бүгінде үйленіп, отбасын құрмас бұрын мешітте некесін қидыратындар өте көп. Олар үй болмас бұрын мұсылмандық жолмен некесін қидырып алуды жөн көреді. Біз де олардың ниетін құп көріп, шариғат жолымен некесін қиып, куәлігін беріп жатамыз. Ерлі-зайыптылардың некесін қию кезінде олардың жанында куәгерлерінің болуын міндеттейміз. Бұл дегеніміз – Алла алдында ерлі-зайыптылар да, куәгерлер де сол некенің жауапкершілігін өздеріне жүктеп алады деген сөз. Мешіттен берілетін куәліктің заңдық күші жоқ деп төмендетудің еш қажеті жоқ. Ең үлкен жауапкершілік Алла алдындағы жауапкершілік болғандықтан, олар өздерінің сөйлеген сөздері мен істеген әрекеттері үшін Алла алдында жауапты болады.
Сондықтан мешітте неке қию кезінде АХАЖ куәлігін сұраудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Рас, «Жаман айтпай жақсы жоқ», ертеңгі күні ерлі-зайыптылар ажырасып, екі жаққа кеткен жағдайда да мешіттен берілген куәліктің ешқандай заңдық қауқары жоқ. Әйтсе де Аллаға мойынсынып, Алла алдында шариғат жолымен некелерін қидырып алуды жөн көрген ерлі- зайыптылар үшін мешіттен берілген куәліктің маңызы зор деп санаймын. Сондықтан одан шошынудың қажеті жоқ. Мешітте куәлік еткендер де жас жұбайлардың отбасы болып, әрі қарай тату-тәтті жанұя болып кетуі үшін өз ықпалын тигізері анық. Ең бастысы – адамның Алла алдындағы жауапкершілігі! Ол АХАЖ куәлігі, заңдық күші жоқ деген ұғымдардан да әлдеқайда биік тұрады. Шариғат жолымен некесін қидырушылар да бұл некенің осындай жауапкершілігін түсінген соң сондай қадамға барады деп ойлаймын. Екінші әйел алып, некесін қидыратын жағдайда да біз екі әйелінің алдындағы жауапкершілігінің тең болуы керектігін ер-азаматтарға түсіндіреміз. Егер екі әйелді тең ұстай алмаған жағдайда оның жазасы арғы дүниеде беріледі. Ал арғы дүниенің жазасының алдында біздің сотымыздың жазасы сөз емес. Сондай-ақ талақ айтсақ болды, ажыраса саламыз деу де – үлкен күнә, діни сауатсыздық. Талақ сөзінің жауапкершілігі өте жоғары.
Айта кетерлік жайт, біз ертеңгі күні мешітте неке қию кезінде АХАЖ куәлігін сұрауды міндеттейтін болсақ, мұндай жолмен некесін қидырушылардың саны кеміп кетеді. Өйткені бұл мешіттің рөлін төмендеткендей болуы әбден мүмкін. Негізі, мұсылмандық некесіз туылған баланы бізде некесіз туылған бала санайды ғой. Ендеше, бізге ондай балалардың санын арттыра берудің қажеті қанша?! Осы орайда мешітте неке қиюға ешқандай кедергінің қажеті жоқ деп санаймын.
Бейтарап пікір
Ерболат МҰСАБЕКОВ, Қазақстан демографтары қауымдастығының президенті:
– Бұл – мешіт қызметкерлерінің міндеті. Олар шариғат жолымен қиылып жатқан неке болғандықтан жауапкершілікті сезініп, қиылған әрбір некеге мән беруі тиіс. Мәселен, неке қиылар алдында АХАЖ куәлігін сұрау немесе бұрыннан әйелі болса, жетектеп әкеліп оның да ризалығына көз жеткізу олар үшін қиын емес. Қоғамды тәрбиелеуге атсалысамыз десе, мешіт өкілдері мен діни басқарма осындай әрекеттер жасауы тиіс. Немесе азаматтық некеде тұрғысы келетіндер үшін АХАЖ куәлігін әкелмейінше некелерін қиюға рұқсат етпесе, заңдық жолмен де расталған отбасының құрылуына түрткі болар еді. Сондықтан дін өкілдері неке қияр алдында осындай іс-әрекеттерге мән берсе нұр үстіне нұр болар еді.