Өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыру керек пе?
Арайлап Тәуелсіздіктің таңы атқан соң Қазақ елі дамудың даңғыл жолына түсті. Руханияты мен әлеуетін аяққа тік тұрғызып, бабалар арман еткен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға нық қадам басты. Осы бір сенім аз да болса еліміздегі өзге диаспора өкілдерінің қазақ ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырғаны сөзсіз. Сол сүйіспеншілік болашағын Қазақ елімен, қазақ ұлтымен ғана байланыстырғысы келетін кейбір азаматтардың ұлтын «қазақ» деп жазуға ынталандырып отыр. Мәселен, еліміздегі ноғай, қарақалпақ, татар, ұйғыр, секілді т.б. диаспора өкілдерінің кейбірі қазақ болғысы, қазақ болып жазылғысы келеді. Осындай игі үрдіс байқала бастағандықтан, қоғамда «Өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыру керек пе» деген сауал арагідік қойылып қалып жүр. Біз бүгін осы бір сауалды мамандардың талқысына салып көрген едік...
Айдос Сарым, саясаттанушы:
иә
– Ерте ме, кеш пе Қазақстан Қазақ елі деп аталатын болады. «Қандай мемлекет құрып жатырмыз, қандай ұлт түземіз» деген секілді бүгінгі сұрақтарға нақты жауап беретін кез де келеді деп ойлаймын. Сол себепті де өзге ұлт өкілдерінің қазақ болып жазылуын ынталандыруымыз керек. Оның қажеттілігінің бір мысалы ретінде бүгінде әлемдік деңгейде атой салған спортшыларымызды ұлтына, нәсіліне қарамай, «қазақ спортшысы» деп атай бастауын келтіруге болады. Мұның соңы жалпыға ортақ «қазақ ұлты» деген түсінікке әкелері сөзсіз.
Бұл бізден, ең алдымен, ішкі дайындықтың болуын талап етеді. Қазақ деген сөз шыққанда тек қазақ этносына бұра тартпай, жалпы мемлекеттік деңгейдегі атау екенін мойындауымыз, түсінуіміз қажет. Екіншіден, біз көкейде жүрген күмәнді сұрақтарға толығымен жауап алған кезде Қазақстанда тұратын барлық азаматты «қазақ» деп танитын боламыз. Сонда ғана «қазақ» деген сөзді естігенде тек этностың емес, мемлекеттің атауы, мемлекетке қатысы бар екенін, мемлекеттің болмысын белгілейтін, нақыштайтын үрдіс екені анық байқалатын болады. Бүгінгі күннің өзінде ноғай, ұйғыр, өзбек ағайындардың арасында қазақ болып жазылуға деген құлшыныс, ынта айқын байқалып отыр. Бірақ біздің АХАЖ, халыққа қызмет көрсету орталықтары оларды үгіттеп, «қазақ болып жазылу ішкі тәртібімізді бұзады» деген секілді желеумен мүмкіндік бермей келеді. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Өз ырқы, өз қалауымен келген азаматтарға қой демеу қажет. Мәселен, Қытай, Өзбекстан, тіпті іргедегі Ресейдің өзі түрлі жолдармен сол елдердегі өзге ұлт өкілдеріне белгілі бір таңдаулар жасауына, ұсақ ұлттарды өзіне сіңіруге икемдеп жатқандай. Осындай кезеңде біздің шенеуніктердің өз еркімен келген азаматтардың меселін қайтаруы – ақылды саясат емес. Керісінше, баспасөз, түрлі саясаткерлер арқылы осы бір жаңа үрдісті, жаңа саясатты насихаттай бергеніміз жөн. Яғни ынталандырудың жан-жақты жолдарын қарастырғанымыз жөн. Ынталандыру деген сөз қазақ деп жазылғанға көлік сыйлайық деген ұғымды білдірмейді. Оларға қоғам тарапынан құрметпен қарасақ, осының өзі – ынталандыру. Қазір көптеген өзге диаспора өкілдері балаларын қазақ балабақшаларына беріп жатыр. Демек, олар «болашақта Қазақ елімен бірге жасаймын, Қазақ елінде қаламын» деп, ертеңгі күнін Қазақстанмен байланыстырып отыр деген сөз. Мұндай азаматтарға бұл қадамның діни, ішкі сенім тұрғысынан, мәдени, тілдік мәселелеріне ешбір қайшылығы болмайтынын да түсіндіргеніміз жөн. Бұл қадам тағы да қайталап айтамын, ең алдымен мемлекетті құрметтеу деп бағалануы тиіс. Біз сол арқылы оларды құрметтей аламыз. Мені осындай тың үрдістерге қоғам тарапы әлі де болса 1980 жылғы көзқарас тұрғысынан қарап келе жатқаны өкіндіреді. Әлі де қорқып-үрку бар. Уақыт өте келе бәрі де айқындалады. Ол үшін бізге аз да болса ерік-жігер жетіспейтіндей.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
жоқ
– Егер де басқа бір этнос өкілі қазақ болып жазылғысы келсе, оған қарсы емеспін. Ал ынталандырудың түкке қажеті жоқ. Бұл мәселенің бір қыры ынталандыру арқылы «мәжбүрлеу» дегенге келіп тірелуі әбден мүмкін. Мәселен, еліміздегі өзге диаспоралардың қазақ болып жазылуын қалап, оларды ынталандырып жатсақ, сыйақы тағайындау қажет болары сөзсіз. Өйткені ынталандыру деген сөздің өзі материалдық һәм әлеуметтік көмек арқылы тарту дегенді білдіріп тұр. Онан гөрі азаматтарға еркін таңдау жасатқанымыз жөн.
Мысалы, Өзбекстанда тұратын қазақтар «өзбек» деп жазылып кеткен. Олар елге келіп, төлқұжатына «ұлты – қазақ» деп жазғысы келеді. Бірақ біздегі АХАЖ бөлімдері оған мүмкіндік бермей отыр. Біз, ең алдымен, осындай азаматтарымызға бар жағдайды жасап алуымыз қажет. Бұл – бір. Екінші жағдай – әке-шешесі де еліміздегі басқа этнос өкілі болып, өзі қазақ болғысы келетіндер бар. Екінші кезекте соларға жол ашуымыз қажет. Үшіншіден, өткен жолғы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында белгілі боксер Геннадий Головкин: «Әкем – орыс, шешем – кәріс, мен – қазақпын» деген кезде бәріміз риза болып қол соқтық. Ол «қазақпын» деу арқылы «орыс емеспін» деп отырған жоқ. Ол «жүрегім – қазақ, Қазақ елінің азаматымын» деген сыңай танытып отыр. Осындай жайттарды тереңірек түсінгеніміз жөн. Сонымен қатар бұл мәселеде «қазақша білетін», «қазақша білмейтін» деп азаматтарды жіктеп қарауға болмайды. Қай ұлттың өкілі болғысы келеді, ол әр азаматтың еркінде болуы тиіс. Егер қазақ ұлтының өкілі болғысы келетіндер көбейіп жатса, бұдан біз ұтылмаймыз. Жоғарыда айтқан Өзбекстанда қазақтарды да, ұйғырларды да, тәжіктерді де өзбек деп жазып жіберген. Бірақ бізге мемлекеттік деңгейде мұндай саясат жүргізудің қажеттілігі жоқ. Қайталап айтамын, тек мүмкіншілік берілудің жолдарын ғана қарастыруымыз қажет. Қазір қай мемлекетті алсаңыз да, моноұлтты болып келеді. Мұндай жағдайда дамудың үш жолы бар. Бірінші жайт – ассимиляцияға ұшыратып, өз ұлтына сіңіріп алу. Бұл бағыт мемлекеттік деңгейде саясат жүргізу арқылы шешіледі. Екінші жайт – автономия беру. Югославия секілді елдердің тәжірибесі бұл бағыттың жақсылық әкелмейтінін анық көрсетті. 1980 жылдардан бастап бұл мәселенің үшінші жолы шықты. Ол – таңдау еркі. Ол таңдау еркі арқылы мемлекет құраушы ұлтқа қосылу мен қосылмауды өзің шешесің. Бұл таңдау әр азаматтың ұлтын, діні мен сенімін сақтауға да мүмкіндік береді. Бұл жоғарыдағы ассимиляция мен автономияның арасынан шыққан жол деп білемін. Жалпы, қазір әлем ұлтаралық қатынастардың осы түрін дұрыс деп қабылдайды. Біздің мемлекет те осы үшінші жолды ұстануы қажет.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бізде дәл қазір бұл мәселе төңірегінде нақты заңдық, құқықтық негізде талап қоятындай жағдай жоқ. Мемлекетіміздегі әр азамат ұлттық ерекшелігін сақтауға, діни көзқарасын ашық білдіруге құқығы бар. Сол себепті де оларды мәжбүрлеуге я болмаса түрлі жолдар арқылы ынталандырудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Ынталандыру керек деген жағдайдың өзінде оның мақсаты айқын болуы керек. Ал мен бүгінгі күні дәл сондай айқын мақсатты да аңғарып отырғаным жоқ. Ал тарихта әртүрлі жағдайлар болған. Соған қарап асығыс, үстірт ой айтуға болмайды.