«Қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларды ғана емес, оған қатысушыларды да жазалау керек» деген пікірмен келісесіз бе?
Соңғы үш жылда еліміздің 4 мыңдай азаматы қаржы пирамидасы ұйымдарынан зардап шегіп, ұйымдастырушылардың үстінен 61 іс қозғалған. Міне, осыған байланысты сарапшы мамандар «қаржылық пирамиданы ұйымдастырушыларды ғана емес, оған қатысушыларды да жазалау керек» деген пікірлер айтуда.
Жалпы, қазір қаржы пирамидасын құрғандарды жазаға тартатын жаңа заң жобасы даярлануда. Еліміздің Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, болашақта жүгенсіз жүріп, бұқараны дағдартқан мұндай ұйымдардың аяғына тұсау салынады. Мұны ұйымдастырушыларды 12 жылға дейін темір торға қамайды. Тіпті жаңа заң жобасы қаржы пирамидасына жарнама жасағандарды да жауапқа тартуды көздейді. Бұған қоса болашақта қаржы пирамидасына қатысушылардың өзін де жазалау шаралары қарастырылмақ. Пирамиданы ұйымдастырушылар өз алдына, ал қатысушыларды жазалау қаншалықты негізді? Алаяқтарға алданған аңқау елді қаржы пирамидасына қатысқаны үшін жазалау орынды ма? Біз бұл сауалды арнайы мамандардың ой-талқысына салып көрдік...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист сарапшы:
иә
– Өз басым қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз алдына, оған қатысушыларды да жазалау керек деген пікірмен келісемін. Мұны қолдаймын. Себебі мұның астарында үлкен гәп бар. Мысалы, қаржы пирамидасын бес адам ақылдасып, бірігіп ұйымдастырып, құрды делік, ал қалған қатысушылар сол пирамиданың жұмысын дөңгелетіп отыратындықтан, бұл жерде қатысушыларға да тергеу-талдау талаптары жүргізілуі қажет. Қатысушыларды қазбалау арқылы, олардың мойынына жауапкершілік арту арқылы біз бұл саладағы алаяқтықты тыя аламыз. Мәселен, бір қатысушы пирамидаға көтерілу үшін маңындағы адамдарды да сол ұжымға қарай иліктіріп, елітіп, қаржы пирамидасының жұмысын жарнамалайды.
Осыдан барып әлгі қатысушы өзінен кейінгі тізімге басқаларды тартамын деп түрлі қитұрқы әрекеттерге барады. Бұл жерде де екі-үш, тіпті он адам делік, қаржы пирамидасын ұйымдастырып құрды, бірақ жұмысты жүргізіп отырғандар – пирамидаға қатысатын 30-40 адам. Сондықтан пирамидаға алғашқы болып ақша құйған қатысушылар үшін де қатаң жаза белгіленуі тиіс. Жалпы, қазірде қаржы пирамидасын құрғысы келгендер интернет арқылы да құрып жатыр. Сондай-ақ микрокредиттік ұйымдар, ломбард, шағын несиелік қорлар деген атауды желеу етіп лицензия алып, мұндай пирамидалардың жұмысын істетіп отырған да тұлғалар бар. Мысалы, талай елді әрі-сәрі еткен қаржы пирамидасы ММ-2011-ге келер болсақ, біз, сарапшы мамандар басында-ақ оның қаржылық пирамида және оның күйреуі ақшалай қаражат салған азаматтарға айтарлықтай залал келтіретіндігін алдын ала ескерткенбіз. Алайда еліміздің заңнамасында қаржылық пирамида түсінігі белгіленбеген және оның қызметіне тікелей тыйым салынбаған. Аталған ұйымдардың қызметі елімізде Қылмыстық кодекстің 177-інші, яғни «алаяқтық» бабы деп есептеліп, осылайша ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Аңғарғанға, бұл – өте жеңіл жаза. Атышулы ММ-2011 пирамидасына қаншама халық жем болды?! Сол кездері олардың барлығы сауатсыздығынан осындай әрекетке барды. Өзінің сауатсыздығынан қатысушылар келесі бір тұлғаны да үгіттеп, пирамида жұмысын насихаттап, сондай сауатсыздыққа жетеледі. Бұл жерде соншама халықты пирамидаға жалғыз Сергей Мавроди тартты десек, қателесеміз, ол тек жобаны ұйымдастырды. Ал қанша халықты тартқан, пирамидаға әкелген сол қатысушылардың өзі. Сондықтан өз басым қаржы пирамидасына қатысушыларды да жазалау керек деген пікірді қолдаймын. Қаржы пирамидасының көлеңкелі тұстары көп болғандықтан, бұқара қолындағы қаржысын көбейткісі келсе, банк депозиттеріне салуы тиіс. Әрине, біздегі банктердің депозиттері анағұрлым жоғары емес. Бірақ онда қаржының сақталуына кепілдік бар. Қаржы пирамидасына соңғы тиынына дейін салып жіберіп, артынан аһ ұрып жататын қауымға айрықша талап қоя білгеніміз жөн. Олай етпесек, халықтың алдануы арта түсіп, мұның арты үлкен қауіпке апарып соқтырады.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Жоқ, мен мұнымен мүлдем келіспеймін. Қисынға келмейтін нәрсе. Қаржы пирамидасына алданып, онсыз да жайсыздыққа тап болған қатысушыларды не үшін жазалауымыз қажет? Қаржысын қандайда бір қаржы пирамидасына сеніп тапсырып, үміттенгені үшін қарапайым қауым жазықты емес. Бұл жерде алаяқтық бабымен қылмысқа барған қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларды жазалау керек. Солардың мойнына жүктелер жауапкершілікті қатаңдату қажет. Демек, бізге халық қамсыз қаржы жинасын десек, нақ осы әрекетпен айналысып, жұртты алдап, олардың табан ақы, маңдай термен жиған қаржысын қақпанына түсіретін пирамидаларды мүлдем елге кіргізбеу керек.
Қаржылық пирамидалар орасан экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік тудырады. Қалай дегенмен де, жұртшылық қазір қаржылық пирамиданың қосымша табысы жоқ екенін, олардың бонусты жаңадан келіп жатқан адамдардан жинақталған ақшасы есебінен беру арқылы түсетін тетігі барын ашық түсіне бастады. Бәрінен бұрын пирамиданы ұйымдастырушылар оның кез келген сәтте банкротқа ұшырауы мүмкін екенін жасырмайды. Еліміздің барлық қаласында осыған ұқсас ұйымдардың кеңселері бар, оған күн өткен сайын аңқау жұрт көптеп тартылып жатыр. Сондықтан бізге Қылмыстық кодекске қаржылық пирамида құруға мүлде тыйым салатын бап енгізетін сәт жетті. Егер де болашақта мүлдем тыйым салатын арнайы бап енгізсек, онда құқық қорғау органдарының мұндай істі ауыздықтауға мүмкіндігі молайып, мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді. Демек, бұл жерде осындай бір қатаңдатылған баптар енгізген абзал. Қалай десек те, қаржы пирамидасына қатысты жүйелі бір шешімдердің қажеттілігі даусыз. Өйткені бұған дейін де қанша айтылып, жазылып жатса да, одан сабақ алушылардың қатары аз. Қаржылық ойындарды мол ақша табудың көзі деп, бас сұғып, артынан бармақ тістейтіндердің саны азаймай отыр. Себебі оған қатысушылар көп ақшаға кенелемін деп ойлап, барлығын құпия ұстайды. Соңы өкінішке ұласады. Ал пирамиданың артында тұрған көзбояушылар алаяқтық жолмен әрекеттерін жалғастыра береді. Сондықтан бұл жерде қатысушылардың ешқандай жазығы жоқ. Олар сол алаяқтардың құрбаны болған адамдар. Ендеше, бізге мәселені түбірімен шешу үшін біржола тыйым салған жөн. Сонда бұл жайт оңтайлы шешімін табады.
Бейтарап пікір
Нұрбала Елеусізова, қаржыгер маман:
– Білесіздер, әлемді дүрліктірген бұл жүйенің екпіні бізді де айналып өтпеді. Қаржы пирамидасының салқыны қазақ баласын да біраз шарпыды. Біреулер бармақ тістеді, енді біреулер тіпті суицидтік әрекеттерге де барды. Бірақ пайдаға кенеліп, белшесінен табысқа баттым деген бірі жоқ. Еліміздегі Қаржы полициясы соңғы үш жылда заңға «томпақ» әрекет етіп келген 19 қаржы пирамидасының былығын әшкерелеген. Алаяқтардың арбауына іліккен 5 мыңға жуық қазақстандық 1 млрд теңгеден астам қаржысынан қағылған. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары көбіне пирамида қызметіне өте кеш араласады. Әдетте бұл жағдай салымшылардың ақшасын кері қайтару мүмкін болмай қалған кезеңде өтеді. Өйткені ҚР заңнамасында қаржылық пирамида түсінігі белгіленбеген. Сондықтан оның қызметіне елімізде тыйым салынбаған. Бірақ Қаржы полициясы ҚК 177-бабы бойынша, яғни «алаяқтық» бабымен жауапкершілікке тарта алады. Жауапқа тарту үшін азаматтардан залал келтірілгендігі туралы шағым-арыз түсуі керек. Ал біздегі кейбір азаматтарымыз қаржылық пирамидаға қатысып алып, барлығын құпия сақтап, кірістің түбі бір болатынына сенеді. Мұндай жағдайда, әрине, қылмыстық іс қозғаудың өзі қиын. Сондықтан біз үшін нақ осы жүйеде сауатты насихат, салиқалы шешім қажет.