Қазақ киносын қарқынды дамыту үшін арнайы заң қабылдау қажет пе?
Қазір әлемде кино саласы дамығаны соншалық, азғана уақыт ішінде керемет картина түсіріп тастай салу мәселе болмай қалды. Кино да көп, киноның маңайына үйірілген мамандар да көп және оған қаржылай демеу көрсету арқылы өзіне жарнама жасауға ұмтылатындар да жеткілікті. Себебі киноиндустрия кәдімгі тегеурінді күшке, танымалдық пен қомақты қаржының көзіне айналды. Бұл жалпы әлемдік кино жайлы, ал енді қазақ киносы сол көшке ілесе алып отыр ма? Бізде, жалпы, жарнамасы, қаржы көзі, таралуы, авторлық құқық т.б. жағынан төрт құбыласы түгел киноиндустрия қалыптасты ма? Біржақты кесіп айту қиын, себебі жоқ дейін десең, қозғалыс бар, бірақ әлі күнге осы салада арнайы заңның болмағаны таңғаларлық. Жалпы, киноның қарқынды жұмыс істеуі үшін кино туралы заң қабылдау аса қажет пе?
Дидар АМАНТАЙ, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы
Иә
– Қазіргі мәдениет туралы заңға кинематография туралы өзгеріс енгізілді. Десек те, бүгінгі қарқынды дамып келе жатқан қазақ кино процесін одан сайын жетілдіре, одан сайын жылдамдата түсу үшін, жан-жақты қамқорлық жасап, киноиндустрияның жаңа бір деңгейге шығуы үшін, әрине, кино туралы арнайы заң қабылдау қажет. Ал енді бүгінде қара шаңырақ – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бастаған бұл сала қазір жақсы даму үстінде. Оның негізгі себептерінің бірі – киностудияның соңғы заманауи жабдықтармен қамтылуы.
Бұл жағынан киностудия қазір Орта Азиядағы ең мықты киноөндіріс аймағына айналды. Сонымен қатар ТМД көлемінде екінші орынға шықты. Техникалық база жағынан мықты жарақтануы өз кезегінде кино сапасының артып, санының көбеюіне, оның нарықта керемет сұранысқа ие болуына, солайша қазақ кино өндірісінің дамуына сөзсіз ықпал етуде.
Қазіргі кезде «Мәдениет туралы» заң аясында болғанның өзі киноның дамуына ешқандай қолбайлау болып отырған жоқ. Дегенмен ескере кетер жайттар өте көп. Себебі бүгінгі кино – кешегі өткен кино саласындай емес, заманға сай күрделі сала. Осыған сай кино өндірісіне қатысты түрлі субъектілер – киноны қаржыландыру, киноны жарнамалайтын қосымша тағы бірнеше қызмет түрі пайда болды. Жұмыс істеген кезде мұның бәрі бір-біріне қандай да бір кедергі тудырмас үшін, анық тәртіп болуы үшін, әрине, арнайы заң қажет. Қаншама жылдан бері талқыға түсіп, мұндай заңның қажет екені айтылып жүрсе де, кино туралы заң жобасы дайын емес, бірақ бұл тарапта жұмыстар атқарылмай жатқан жоқ. Сол себепті оған болашақта қайта ораламыз деген ойдамыз. Қанша жылдың көлемінде екені белгісіз, бірақ арнайы заңның қабылданатынына мен сенімдімін.
Қалила ОМАРОВ, режиссер-документалист
Жоқ
– Кино туралы заң деген мәселе қанша жылдан бері айтыла-айтыла, бірақ не қабылданбай, не қоймай, әбден мезі қылды. Ал одан өзгеріп жатқан дәнеңе жоқ, «ит үреді – керуен көшедінің» нағыз өзі орын алып жатыр. Шыны керек, осылай босқа даурығып, ақ тер, көк тер болғанша, одан да заң қабылдамай-ақ қояйықшы. Себебі қабылданған күнде оның қазақ ұлтының мүддесіне шешілмейтініне менің көзім жетеді. Өйткені қазіргі беталысын көріп тұрмыз ғой. Өзіміздің кәнігі шебер актерлер мектебіміз бола тұра, басты рөлдерге шетел актерлерін шақыртып, ойнатамыз.
Олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, соның қадірін біліп, бізге шын алғыс айтып кетсе, мейлі ғой. Жоқ, керісінше, күліп кетеді, мазақ етіп кетеді. Мен, шынында, осындайды өз көзіммен көрген соң айтып тұрмын. Авторлық құқық деген мүлдем жоқ қой бізде, яғни киногерлерде. Композитор, ақындар ән жазса, өлең жазса, соған сай қаламақысын алады. Ал біздің кинорежиссердің авторлық құқығы аяқасты, қаншама еңбектеніп жасаған фильмдеріміздің кадрларын киноға да, клипке де пайдаланып жатыр, оған ешқандай шара қолдана алмаймыз. Себебі құқымыз жоқ. Арнайы заң қабылдау қажет емес дейтін тағы бір себебім, бізде қазір қандай заң қабылданбай жатыр! Бірақ сол заңды қадағалап, сол заң аясынан шықпай жүрміз бе? Осы кино саласында да, меніңше, орындалмайтын, жай ғана «бар ма, бар» деп белгі соғу үшін ғана қабылданатын заң қажет емес. Сондықтан қазір заң қабылдаған күнде де қазіргі жағдайды нығайтуға бағытталатыны анық. Қазақ киносының қазақ ұлтының мүддесіне қызмет етуіне жол ашатын заң болатынына күмәнім зор. Негізі, ұлттық кино қорына жұмыс істеуі керек. Мәселен, Францияны, не болмаса Еуропаның басқа да елдерін алсақ, қандай кино түсірсе де, одан түскен қаржының қомақты бөлігі ұлттық кино қорына түсіп отырады. Ал біздің Қазақстанның прокатының бәрі – шетел кинолары, ал одан бізге бір тиын пайда түсіп жатқан жоқ. Бұл не? Біздің ұлттық санамыздың төмендігінен, ұлттық намысымыздың жоқтығынан.
Бар мәселе – біздің санамызда. Сондықтан ең бірінші санаға реформа қажет. Киноиндустрияның дамуы, кемелденуі деген міндетті түрде Батысқа бет алып, қазақтан сырт айналу керек деген сөз емес.
Мәдениетке жаны ашитындар аз, жалпы. Бір ғана Мұхтар Құл-Мұхаммед қай жағына жетеді? Қайта «Мәдениет туралы» заңға ұлттық кино талаптарын енгізген – сол кісі, соның өзін дұрыс орындап, жүзеге асыра алсақ та, жаман болмас едік.
Түйін
Біреуді ақтап, біреуді қаралау емес, біз тек жағдайға жан-жағынан қарап көрдік. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, соның бір ұшын көтере беріп, екінші ұшымен маңдайымызды сарт еткізбес үшін осылай етуге тиіспіз. Ал шешім шығару, ол шешімді күшіне енгізу – құзырлы орындардың иелігінде. Міне, сол орындар ояу болса ғой! Экранның бергі жағын қарап, мәз болып қоя салмай, бір мезгіл экранның арғы жағындағы жағдайға, киноның шикізатынан бастап, дайын өнім болғанға дейінгі жағдайға жан ауыртар кез, әйтпесе, әлдеқашан жеткен.