Қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына тосқауыл қоюды заңдастыру керек деген пікірге келісесіз бе?
Қазақ – ұл арқылы жер иесін, ал қыз арқылы ұлтты тәрбиелейміз деген ұғымдағы халық. Алайда ұлтқа тәрбие беретін қыздарымыздың өзі қандай күйде? «Қыздың өзі – үйде, қылығы – түзде» болып жүрген жоқ па? Бәрі болмаса да, мұндай қасіреттің шеті көрініп жүргені рас. Айталық, аралас неке деген қайдан шықты? Біле білсек, өзге ұлтқа үйленетін жігіттерден гөрі өзге нәсілдің етегінен ұстап, жетегінде кетіп жатқан қыздар әлдеқайда көпке ұқсайды. Демек, бұл – қаншама қара көздеріміз қазақтың емес, өзге елдің ұрпағын көбейтуге өз еркімен кетіп жатыр деген сөз. Бұл ненің салдары? Біз бұған тосқауыл қоя аламыз ба? Сауалды таразыға тартуды жөн көрдік.
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, этнограф, педагог:
Иә
– Қыздарымыздың өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы – жай мәселе емес, ұлттық трагедия! Қызымыз өзгенің етегінен ұстау арқылы қазақтың намысын жығып беріп жатыр деген сөз. Біле білсек, ұлтты сатудың бұдан асқан сорақы көрінісі болуы мүмкін емес. Сондықтан бұған қалайда тосқауыл қою керек. Әйтпесе кейінгі қазақ қыздарының көбі ұлттық рух, ұлттық намыстан ада болып барады. Мен өзім тәрбие саласында жүрген адаммын. Жоғары оқу орнында дәріс бере жүріп, қазақ қыздарының бойынан көптеген ерсі қылықтарды байқаймын. Кім бай, соған қысылмай, қымтырылмай, өзі жабысудан тайынбайтын болып алды. Оған тек қыздар ғана кінәлі десем, онда ол жөнсіздік, білімсіздік болар еді. Мәселе – оларға қазақ мәдениетінің, қазақ ұлтының, қазақ ер-азаматының артықшылығын ешкім айтып түсіндірмеген.
Естеріңізде болса, бұрындары бір «Қыз сыны» байқауында бас жүлде алған қазақ қызы ақырында өзге елдің азаматының, бөтен нәсіл иесінің етегінен ұстап кете барды емес пе? Ешкім танымайтын адам емес, күллі қазақ бетке ұстап, ару атағын берген қыздың бұл қылығын кім, қалайша ақтай алады? Мен, мысалы, тек өзімнің ұл-қызымның қазаққа үйленіп, қазаққа шыққанын ғана емес, әр қазақтың тек қазақпен құда болып, қанымызды бұзбай, намысымызды таптамағанын қалаймын. Алайда өзге емес, өз жақындарымның арасында қызын өзге нәсілге ұзатқаны бар екендігі есіме түскенде, жаным сондай бір күйзеліске түседі. Кішкентайынан орыс мектебінде оқыған қыз біздер, яғни сырт адам түгіл, өз ата-анасының қарсылығына құлақ асқан да жоқ. Меніңше, бұған бір жағы мектептер, білім ордалары да кінәлі секілді. Бір грузин академигі «бізде грузин тілінде білім беретін оқу орны болғанымен, грузин рухындағы білім ордасы жоқ» деген. Біздің басымызға да тура сондай жағдай төніп тұр. Қазақы рух, қазақы тәрбие беріп жатқан бірде-бір мектеп не жоғары оқу орны жоқ. «Өзін-өзі тану» деген секілді қайдағы жоқ пәндерді енгізгенше, қазақ ұлтының ерекшелігі, қан тазалығы секілді ұлттық құндылықтарды оқытатын пәнді неге енгізбеске? Содан соң бала бетімен кетпей қайтеді? Баяғыда ана тәрбиесі, жеңге тәрбиесі деген болған, олар қызына «шырағым, өз туысыңа, басқа ұлтқа тұрмысқа шығуға болмайды» деп үйреткен. Қазір соның бірі де жоқ. Сейіт ақсақал осылай айтты деп ешкім ашуланбасын, өйткені, мейлі, кім болса да, қазақ қызының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы менің намысыма тиеді. Қазақта «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген бар. Бұл ретте қыздарымызды соққының астына алу керек демеймін, әу бастан әр үйде бала, әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне қатаң қарау керек. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді де айтқан қазақпыз. Сондықтан етек-жеңді жиятын кез келді.
Салтанат АЙБЕРГЕНОВА, «Бақыт» салтанат сарайының ұлттық рәсімдер жүргізушісі:
Жоқ
– Өмірдің салты ма, бүгінде аралас некелердің көбейіп кеткені рас. Біздің «Бақыт» салтанат неке сарайына келген осындай аралас неке иелерінің арасында тіпті эфиопқа тұрмысқа шығып жатқандар да бар. Заң жүзінде бұған тыйым жоқ болғандықтан, біз кім үйленсе де, олардың қалауына сай салтанатты жиын өткізуге тиіспіз. Осы ретте көбіне «жиынды қай тілде өткіземіз?» деген сұрақ туады. Мұндай некедегілер көбіне орысша болғанын қалайды, алайда біз келген қонақтар арасында қазақтар болатынын білсек, екі тілде жүргізетінімізді айтамыз. Заң қызметкері ретінде сөйлей алмаймын, алайда әлеуметтік жағынан алғанда, кейде қазақтың қыздары өзіміздің жігіттердің тырнағына да татымайтын шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып жатқанын көріп, ішің удай ашиды. Бірақ бұл біздің қазіргі жіптіктей есіп тұрған демографияның салдары ма деп ойлаймын.
Өйткені қазір статистика бір ер-азаматқа тоғыз қыздан келетінін көрсетеді дейді. Бұл – сұмдық мәселе, себебі бір жігітке үш әйел болғанның өзі демографияның бұзылғандығынан хабар береді. Осының салдарынан тұрмысқа шықпаған қыздар көбейеді, олардың да отбасын құрып, сәби сүйгісі келеді. Ал статистика әлгіндей, не істейді? Шетелде үйлену қиындау, сол жағынан оларға біздегі ахуал тиімді, солайша біздің қыздар шетелдік азаматтың етегінен ұстап кетіп жатқан сияқты. Елін-жерін тастап кету кімге де болса қиын шығар. Бұрын біз біреулер солай үйленіп жатса, оны ішкі есептен, байлыққа қызығушылықтан туған іс деп ойлайтынбыз. Бірақ қазір қарап тұрсақ, оның астарында қаншама маңызды мәселелер жатқанын көруге болады. Біріншіден, демографиялық ахуал болса, екіншіден, әлеуметтік күнкөріс те қысып барады. Әсіресе жалғызбасты әйел адамға қиын, ол тіпті өзінің жалақысын пәтерақысына да жеткізе алмауы мүмкін. Бір өзі демесең, ол да бір отбасының жүгін арқалап, бір үйді ұстауға тиіс. Сондықтан қай жағына жеткізерін білмей, әбден шаршаған қыз балалардың бір ер адамға арқа сүйегісі келеді. Сөйтеді де әйелдер «мұндай ит тіршілігі құрысын» деп өзге нәсіл иесі болса да, етегінен ұстауға мәжбүр. Бір ашуың келетіні – кейде балаларға «Отанды сүй, патриот бол» дейміз, ал өз Отанында тамаққа не киер киімге жарымай отырған бала оны қалай сүйсін? Сондай байлықтың үстінде отырып, кедей өмір сүруіміз ешқандай шеңберге сыймайды. Бір қызығы, ер-азаматтардың ішінде ілуде біреуі ғана шетелдің қызын алып жатады. Таяуда қазақтың бір жігіті эфиоп қызына үйленді, ал әйелінің түріне қарасаңыз, қойшының қара қызы әлгіден он есе әдемі десем, өтірік емес. Жігіт – үріп ауызға салғандай, қазақтың сондай бір көрікті жігіті. Мұнда басқа қызығушылық болуы мүмкін, мәселен, эфиоп қызы бір банкирдің қызы ма екен?.. Біз осы орайда ең басты бір нәрсені ұмытып бара жатырмыз: екі адамның арасында шынайы махаббат болса, әрине, ес тоқтатқан жаста, онда оған ештеңе де шектеу қоя алмайды. Ұлты, нәсілі, түрі, жасына да қарамай. Тіпті бүкіл халық жақтырмайтын адамның өзін бір адам жақсы көруі мүмкін. Біз оған заңдық тұрғыдан да, ешқандай жағынан да шектеу қоя алмаймыз.
Түйін
«Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп қазақ қатты күйінгенде ғана амалсыз айтуға мәжбүр. Біз де сол секілді қыздарымыздың мұндай қылығын талқылайын десек, таяқтың екінші ұшы өзімізге тиеді, ал талқыламайын десек... Ұлттық намыстың жоқтығынан да болып жатқан мәселе, алайда екінші жағынан, демографиялық проблемалар, жалғыздық секілді факторлар ұлттық рухты ойлауға мұрша келтірмейтін де тұсы бар. Ендеше, бізге бұдан әрі көзді жұмып, көрмегенсіп отыра бермей, қыздарымыздың қылығын бақылайтын кез жеткен секілді.