Қазақстандағы 5 мыңға жуық қоғамдық ұйымдар қозғаушы күш емес, ақша табудың көзіне айналып кеткен жоқ па?
Зайырлы, азаматтық, ашық, демократиялы қоғам орнатудың бірден-бір жолы үкіметтік ұйымдардың қызметін барынша жақсарту. Қазіргі уақытта елімізде 5 820 қоғамдық ұйым тіркелген. Бұл, әрине, аз емес. Алайда осы ұйымдардың жұмысына сеніммен де, күмәнмен де қарайтындар бар. Осындай қоғамдағы түйткіл айтары бар азаматтардың көзқарас қайшылығынан көрініс тапты.
Досым Сәтпаев, Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы:
Иә
– Табыс көзіне айналу мәселесі де бар. Бірақ ол өз алдына бөлек әңгіме. Ал саяси тұрғыдан баға беретін болсақ, дәл қазіргі кезде қоғамдық ұйымдар қозғаушы күшке айналып отырған жоқ. Байқасаңыздар, соңғы жылдары ҮЕҰ саны бәлендей арта қойған жоқ қой. Ал тізімде тұрғандарының барлығы қарбалас жұмыс жасап жатқан жоқ. Сол бес мың ұйымның аз ғана бөлігі белсенділік танытуда. Қоғамдық ұйымдар жайында сөз болғанда аттап өтуге болмайтын бір мәселе бар: «Егер неліктен соңғы үш-төрт жылда Қазақстанда ҮЕҰ-дың саны көбейген жоқ» деп сұрасаңыз, оның себебі саяси жағдайда.
2005 жылға дейін ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттар өте көп бөлінетін. Үкімет бейресми ұйымдардың жұмыс белсенділігін арттыруға шынайы ықылас білдіріп еді. Бірақ Қырғызстандағы саяси төңкеріс болғаннан кейін, тізгіннің басы тартылып, сырттан қаржыландырылатын халықаралық ұйымдарға қойылатын талап күшейді. Міне, осыдан кейін аталған бағыттағы ұйымдар есеңгіреп қалды. Қаржылай қамтамасыз етіліп отыру қиынға соқты. Мемлекеттік құрылымға жұмыс істеуге келісім берген ұйымдар ғана мемлекеттен қаржыландырылады. Қазір ҮЕҰ-дың қатарын екіге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – мемлекеттік тапсырыстар бойынша, жұмыс жасап жатқандар. Бұлардың басын Азаматтық Альянс біріктіреді. Бұл қатардағы ұйымдар саяси белсенділік танытпайды. Демек, оларды қоғамның қозғаушы күші деп атауға келмейді. ҮЕҰ-дың келесі бір бөлігі – әртүрлі жолдармен өз-өзін қаржыландырып отыратын ұйымдар. Осылайша, еліміздегі қоғамдық ұйымдарды қаржыландырудың мемлекеттен басқа орталықтарының болмауынан ҮЕҰ қоғамның қозғаушы күшіне айнала алмай отыр. Меніңше, сырттан қаржыландырылатын қоғамдық ұйымдардың да жұмысына жеңілдік беру керек. ҮЕҰ сонда ғана қозғаушы күшке айнала алады.
Айгүл Соловьева, Мәжіліс депутаты, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
Жоқ
– Жоқ, мен олай ойламаймын. Үкіметтік емес ұйымдарды біздің қоғамды дамытуға, шешімін таппаған көптеген мәселелерді алға жылжытуға себеп болып отырған әрі арзан, әрі тиімді жұмыс күші деп атасақ болады. Бізде қазір бес мыңнан астам ҮЕҰ бар болса, соның екі мыңдайы белсенді жұмыс жасап жатыр. Бюджеттегі ақша – салық төлеушілердікі, яғни халықтікі. Бұл қаражат барынша тиімді жұмсалуы керек. Мысалы, қазір ауылшаруашылығына, жол құрылысына қомақты қаражат бөлініп жатыр ғой.
Осы қаражатты Үкімет емес, қоғамдық ұйымдардың жаратуы халықты көкейдегі күмәннен арылтады. Өйткені қаражаттың қалай жұмсалып жатқандығы ашық көріне бастайды, себебі олар билікке тәуелсіз. Үкіметтік емес ұйымдар кез келген мәселені шешуге өз ұсынысын жасайды, ең тиімді, ең үнемді жолдарды іздейді. Жол құрылысын жүргізуші ұйымдар бюджет ақшасынан шашау шығармай «жолды қай бағытта салса үнемді болады, сапасы қандай болады» дегендей өзіндік зерттеулерін ұсынады. Яғни ҮЕҰ конкурстарды жеңіп алу үшін елімізге ең пайдалы жолдарды ұсынып отырады. Бұл да бір нарықтық жүйенің, бәсекенің көрінісі ғой. Ал үкімет қолдағы қаражатты қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ең белсенді, ең өнімді жұмыс жасайтындарына ғана бөліп беріп отырады. Яғни белгілі бір мәселені шешудің он шақты жолы сарапқа салынады. Осылайша, бюджет ақшасы өте үнемді жұмсалып отырады. Үкіметтік емес ұйымдарды бір жағынан жұмыс күші ретінде тануға болады, екінші жағынан, олар қоғамдық бақылаушы мәнге ие. Тоқетерін айтқанда, еліміздегі қоғамдық ұйымдар өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр, және мен оларды қоғамның қозғаушы күші деп есептеймін.
Тобықтай түйін
Сырттан қаржыландырылатын қоғамдық ұйымдардың арасында өзге бір аймақтың саяси мүддесін күйттейтіндері де болады. Себебі ешбір мемлекет өз қаржысын тектен-тек шашпайды ғой. Дегенмен Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін, идеологиялық тұрғыдан теріс пиғылы бар қаржыландырушы орталықтардан бойды аулақ салып, тек халықаралық гранттармен ғана жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жолын ашу керек шығар. Әрине, оның да ішінде сан-түрлі мақсатты көздейтіндері болатыны анық.