Қазақстандық суретшілерді таныту үшін арт-дилерлер керек пе?
Бейнелеу – әсем де, күрделі, аса жоғары талғампаздықты қажет ететін өнер. Ал суретші – қиялы жүйрік, аса сезімтал жан. Өзінің жандүниесін қылқаламның ұшымен ақ параққа ақтаратын өнер иесінің көпшілігі өз туындысын өткізіп, қаржы табуға келгенде қиналыңқырап жатады. Өйткені оған алушы тауып, картинасын сатқаннан сурет салған әлдеқайда оңай. Ал егер қылқалам шебері тек өнерден ләззат алып, ешқандай табыс таппаса, онда қалай күн көреді? Батыс елдерінде бейнелеу өнері өкілдерінің материалдық жағдайын қамтамасыз ету және халыққа сурет өнерін насихаттау арт-рынок жүйесі арқылы жүзеге асады. Арт-рынок суретші, арт-дилер, галерея және сатып алушы деген ең маңызды құрамнан тұрады. Бізде суретші де, бірен-саран сатып алушы да, галереялар да бар, ал дәл қазіргі кезде арт-дилерге деген қажеттілік бар ма? Арт-дилер өз қалтасының қамын ойлағаннан бұрын өнерге жанашыр бола ала ма? Міне, бүгінгі ой-көкпарымызды осы тақырыпқа ойыстырғанды жөн көрдік.
Тоққожа Қожағұлов, педагогика ғылымының кандидаты, суретші:
Иә
– Батыс елдерінде суретшілер өз жұмыстарын ешқашан ешкімге «сатып ал» деп ұсыныс жасамайды. Суретшінің міндеті – сурет салу. Ал картинаны сату, көрмелерді ұйымдастыру, суретшінің имиджін қалыптастыру, жарнамалаумен арт-дилерлер айналысады. Есесіне арт-дилер сатылған картинадан түскен қаржының 50 пайызын иемденеді. Қазақстанда арт-дилерлерді дайындайтын арнайы оқу орны да, мамандар да жоқ. Сондықтан суретшілер өз жұмыстарын өздері жанталасып жарнамалап, өткізуге мәжбүр және олардың көпшілігі табыстарының жартысын біреуге беру туралы ойланғысы да келмейді. Сондықтан ең алдымен заман ағымына сай суретшілер қауымының арасында арт-рынок заңдылығы туралы түсінік қалыптастыру керек.
Экономикасы қарқынды дамыған елдердің өнері де өркендеп тұрғанын көргенде қызыға да, қызғана да қараймыз. Ал біз өзіміздің барымызды бағалай алмай жүрміз. Қазақстандық қылқалам шеберлерін дүниежүзіне таныту үшін арт-рынок ұйымдасқан түрде жұмыс істеуі шарт. Қазақстанда дарынды суретшілер жоқ емес. Кеңестік кезеңде біздің суретшілеріміздің жұмыстарын тек өзіміздің емес, шетелдің өнертанушылары жоғары бағалаған. Бүгінде қазақстандық қылқалам шеберлерінің шығармалары әлемнің 30-дан астам елінде танымал. Ал танымал суретшінің картинасының бағасы соған сәйкес қымбат болатынын түсінгеніміз абзал. Суретшілер шығармаларын шеберханаларынан шығармай жатып сатып жіберуге тырысады, ал шеберханада сурет галереяға қарағанда арзанға түсетіні белгілі. Ең өкініштісі, бірнеше ай суретші өзінің көз майын, уақытын, маңдай терін жұмсап жасаған жұмысына өзі қалаған бағаны қоя алмайды. Себебі сатып алушылардың аясы өте тар. Қазақстанда картина жинаумен айналысатындарды саусақпен санауға болады. Бірен-саран өнерді бағалаушы қалталы азаматтар болмаса, екінің бірі бір айлық табысын қиып, картина сатып алсын ба? Ал егер бейнелеу өнерін барынша дәріптеп, оның қыр-сырын түсіндіру, суретшінің еңбегін көрсету мақсатында арнайы мамандар жұмыс істейтін болса, біздің елде өнерді бағалау алдыңғы орынға шығар еді. Өмірдің де, өнердің де бір орында тұрмайтынын ескерсек, біз арт-рынокты айналып өте алмаймыз.
Аман Бақтығали, суретші:
Жоқ
– Арт-дилер – арт-рыноктың өкілі. Ал Қазақстанда арт-рынок әлі жетілмеген, арт-дилер деген түсінік қалыптаспаған. Сондықтан қазіргі арт-рынок суретшінің ойындағыдай тиын-тебен тауып бере алмайды. Галереялар сурет салоны деңгейінен аса алмай тұр. Шетелдердегідей жоғары деңгейге жетудің ауылы алыс. Арт-рынок дегенде галереяларды айтамыз. Суретші көрме өткізу үшін галереяны жалға алады. Галереясын ұсынған тарап суретші қауымнан алған ақшасына залды толығымен жабдықтап, суретшінің картиналарын іледі, көрмеге келушілерге арнайы шақыру дайындайды және кейбіреулер дастарқан әзірлейді. Мұның бәрі суретші атының шығуына, танымал болуына септігін тигізеді. Галереяда көрме жасаудың аса қажеттілігін түсінген суретшілер көрме залын картинасына айырбас жасайды.
Мысалы, бір картинасын галереяға береді, есесіне көрме залында бірнеше күн көрмесін өткізеді. Шын мәнінде, галереялардың негізгі қызметі — жиі-жиі суретшілердің көрмесін ұйымдастырып, олардың халыққа танылуына жұмыс істеулері керек. Бірақ еліміздегі галереялардың барлығы дерлік тек салондық деңгейде ғана жұмыс істеп жатқандары қынжылтады. Яғни бұларды галерея деп атағаннан гөрі картиналар, рамалар, мүсіндер мен түрлі пышақтар, керамика мен кошма, зергерлік бұйымдар мен былғары заттар аралас-құралас сатылатын салон десек болады. Бірақ мұны арт-рынок деп атауға келмейді. Бейнелеу өнері мен арт-рынок деген екеуі екі бөлек дүние. Арт-рыноктың нысаны шынайы өнер емес, шоу бағытына кеткен. Бейнелеу – нағыз шығармашылықтан туатын күрделі өнер, ал арт-рынок – сауда. Сурет өнері әдебиет, театр өнері секілді үлкен бір қоғамдық мәртебеге ие сала. Айталық, әнші – халықтың дауысы, жазушы – жаны болса, суретші – көзі. Суретші халыққа қажет сұлулықты беруі тиіс. Арт-рынок – қазіргі заманға лайықталып ойлап табылған қандай да бір кәсіп, бейнелеу өнерінен ақша жасау. Ал арт-дилер деген – делдал, саудагер. Сондықтан да саудагер ең алдымен өз қалтасының қамын ойлайды. Егер суретші елі үшін қызмет етер болса, ол өз мүддесін халықтан кейін қояды. Алдымен табысты емес, қандай жағдайда жүрегінен шыққан әсемдікті қылқаламның күшімен халыққа жеткізуге тырысады. Қазіргі жас суретшілер туынды тудырудың орнына табыс табу жолын көбірек ойлайды. Мүмкін, мұны қазіргі заманның ағымы немесе сәні деуге бола ма, әйтеуір жастар ойланбастан арт-рынокка бет бұрып жатыр. Олар сурет өнерін саудалауды өнердің қайнары деп түсінеді. Нағыз суретші ойындағысын, қиялын, айтарын қағазға түсіреді. Ал арт-рынок заңында суретші «қайтсем басқалардан өзгешеленемін», «қайтсем ел менің картинамды сатып алуға қызығады» деген ой тұрады. Суретші де пенде, оның да басқа адамдардай қажеттіліктері бар. Дәл қазіргі кезде еліміздегі суретшілердің жағдайы мәз емес. Мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Кейінгі толқынға жаным ашиды. Олар екі оттың арасында тұрғандай күй кешуде.
Түйін
Қай заманда да өнердің қай саласын алып қарасақ та, өнерді тудырушылар және оны насихаттаушылар болады. Айталық, қазіргі кезде продюсері болмаса, әншінің көпшілікке танылуы қиын. Себебі қазіргі заманның талабына сай өнер де нарықтың заңына бағынады. Бейнелеу де өнердің іргелі саласы болғандықтан, бұл өнерді де бағалаушылар, насихаттаушылар қажет. Тек суретті саудаға саламыз деп, көз арқылы жүрекке жетіп, өн-бойыңды шымырлататын шынайы өнерден айырылып қалмасақ болғаны...