Қазақстанға қытайлардың қаптап келуі ішкі қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?

Қазақстанға қытайлардың қаптап келуі ішкі қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?

Жан саны жағынан әлемде алдыңғы орында тұрған Қытай елі дүниежүзіне ықпал еткісі келетіні рас. Олар қандай да бір мемлекетті соғыс арқылы жаулап алудан аулақ болар. Десе де, миллиардтар мемлекеті маңайындағы елдерге біртіндеп дендеп кіруді ойлайды. Ал құжынаған қытайлар бізбен іргелес отыр. Қазірдің өзінде Қазақстанда қысық көздердің қатары арта түсіп, экономикалық, саяси, әлеуметтік әсері күшею үстінде. Бұл түбінде бізді еркімізден айыратын қауіпті жағдайға жетелемей ме? Тәуелсіздікке қаупі қаншалық? Бұл сұраққа әркім әртүрлі ой айтады...

duken-masimxanov_1ia

Дүкен МӘСІМХАН, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Аймақтану кафедрасының профессоры, қытайтанушы, ғалым:

Иә
– Тарихи тұрғыдан қарасақ, Қытай мемлекетінің жер аумағы қытай қорғанының іші болатын. Шекарасы сол еді. Қазір ол қорған ел ішіндегі мұражай ретінде қалып қойды. Біз үнемі Қытайға жер беріп, шегінумен келе жатырмыз. Соның есебінен олардың жері бүгінгідей алып аумаққа айналды. Жарайды, «бастан құлақ садаға» деген қазақпыз ғой. Қалған жерімізге ие болып, етек-жеңімізді қымтап алсақ та шүкір. Бірақ олай ете алмай отырмыз ғой. Мысалы, Жапония Қытаймен тонның ішкі бауындай дос деуге болады. Десе де, жапондар бірде-бір қытайды елінде заңсыз бір сағат та тұрғызбайды. Кәсіпкерлікпен тіпті кіргізбейді. «Инвестиция саласың ба, онда ақшаңды әкел, өзің басы-қасында жүр» дейді. Қытайлық еңбеккүшін жолатпайды. Саяхат, оқумен келгендерді сағат, минуты біткенде шығарып жібереді. Ал біздегі бейресми мәліметтер бойынша, елімізде 200 мыңнан астам қытай жүр. Олардың азаматтық, ықтияр хат алғандары бар.

Бұлар тағы 200 мың бауыр, туысқандарын шақырса не болады? 200 мың қытайды ерлі-зайыпты 100 мың отбасы дейік, олар тағы екіден бала туса не болады? Осының бәрі елімізге төніп тұрған қауіп. Бұл қауіпті мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болғанда да айттым. Өткен жылы Қытайда «Дүниежүзіндегі жұмыссыздық және халықаралық еңбек нарығы» деген конференция болды. Сол басқосуда қытайлар өздеріндегі жұмыссыздық мәселесін шетелге еңбеккүш шығару арқылы шешуге болады деген шешім қабылдады. Соның ішінде Орталық Азия, әсіресе, Қазақстанға айрықша көз тігіп отырғаны әбден белгілі. Басқаларына бара қоймайды. Өзбектер жолатпайды. Тәжіктер де қызуқанды халық және олар ондай мәселеге үлкен сақтықпен қарайды. Жайылып, етек-жеңімізді жинай алмай жатқан біз ғанамыз. Жеріміз, байлығымыз бар. Қытайлардың Орталық Азияға миллиондаған еңбеккүшін кіргізу керек дегендегі басты нысанасы – Қазақстан. Бізде бұрын 130 ұлт деп жүруші едік қой, өкінішке қарай, 131-ші ұлт болып қытайлар ресми тіркелді. Мәдениет орталығы ашылды. Қазақстан халқы ассамблеясынан орын алды. Ертең олар өз тілдерінде газет шығарып, радио-телевизия ашады деген сөз. Мәселен, қазір Америка Қытайдың алақанында ойнауға дайын тұр. Себебі ол жақтағы ірі капиталистердің көбі қытайлықтар болып келе жатыр. Көптеген штаттарында қытай қалашығы (China town) бар. Бұрын Америка Қытайдың саясатына, басқа да мәселелеріне қарсылық білдіріп отыратын. Қазір ол қарсылық әлсіреп қалды. Себебі саясатқа жергілікті америкалық қытайлар ықпал ете бастады. Бұрын Америка конгресмендері қытайларды кіргізбейміз деген пікір айтатын. Қазір олай демейді. Бүгінде біз бүкіл мұнайымыз бен газымызды қытайға бердік. Оның үстіне, Астана мен Алматының базары, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында қытайлар толып жүр. Шығыс Қазақстан секілді жерлердегі шаруашылық алқаптарын да қытайлар игеріп жатыр. Демек, экспансияның қаупі бар, оның төбесі көрініп тұр. Мұны ресми Бейжің әдейі жасап отыр деуге негіз жоқ. Бірақ ішкі Қытайда ресми үкімет мекемелері қытайлардың осы жаққа шығуын қолдап отыр. Мәселен, Қазақстанға келген қытайдың қазағы ол жақтағы туған әке-шешесін шақыртуы үшін қырық мың кедергіден өтеді. Ал туыстығың жоқ қазақты өмірі шақыра алмайсың. Оған Қытай паспорт жасап бермейді. Ал бар-жоғы белгісіз бір фирмадан қытай шақыртсаң, жүз адам болса да ертеңінде-ақ топырлап жетіп келеді. Біз Қытаймен Тәуелсіздік алған соң ғана бетпе-бет келдік. Содан бері олардың менталитетін, психологиясын, бізге деген стратегиясын айтып келеміз. Мемлекет пен қоғам осыған құлақ асса, ұтылмайтынымыз анық.
ulalixan-konurbaev-jok

Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ,  Мәжіліс депутаты:

Жоқ
– Меніңше, мұның бәрі алыпқашпа әңгімелер. Біріншіден, Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында визалық тәртіп бар. Визалық тәртіп бар деген сөз – елге келген әрбір қытайдың не мақсатпен, не жұмыспен келгенінің бәрі белгілі, қимыл-әрекеті уақыттың шектеуінде дегенді білдіреді. Өздеріңіз білетіндей, депутаттар Мәжіліске келген министрлік өкілдеріне «Елімізде қанша шетелдік жүр? Қаншасы жұмыс істеуде?» деген сауалдарды қояды. Себебі біз ең алдымен өз азаматтарымыздың құқын қамтамасыз етуіміз керек. Содан кейін барып шетелдіктерге рұқсат беріледі. Дәл қазір экспансия қаупі дейтіндей заңсыз, күшпен келіп жатқан ешкім жоқ. Бізде көші-қон полициясы, шекара қызметі бәрін қадағалап, тексеріп отыр. Бүгінгі күні әсем астанамыз салынды. Құрылыс әлі де жүріп жатыр. Соған қажетті құрылыс заттарының бәрін Қытайдан алдық. Өйткені ол үлкен мемлекет, өндірісі дамыған, тауар бағасы арзан.

Мүмкіндіктері бізден әлдеқайда жоғары. Сосын тағы бір жайт, Қытайдан келетіндердің көбі сол елдің азаматтығында жүрген өзіміздің қандастарымыз. Соларды есепке алады да, «ойбай, бізге 300 мың қытай келіпті» дейді. Шындығында, олардың көбі қазақтар. Біз бір рет есеп жүргізгенде 300 мыңның 80 пайызы өз қандастарымыз болып шықты. Кейбір кәсіпкерлеріміз Қытайдың технологиясымен жұмыс істейтін зауыт-фабрикалардың қондырғыларын әкеледі. Алғашында оның тілін біліп, істерінің алға басуы үшін Қытайдан мамандар әкеледі. Кейін уақыты біткенде олар шығып кетеді. Мұнай мен газ саласында да солай. Жоғары білікті мамандары ғана келеді. Мысалы, келісімшарт бойынша 100 жұмысшы керек болатын болса, соның 87-сі біздің азаматтар, 13-і ғана қытайлықтар болады. Оның өзінде де тек кәсіби мамандары ғана. Және сіз бен біз естіген тағы бір алыпқашпа әңгіме бар. Ол – Қытай азаматтары келіп, қазақтың қыздарына үйленіп жатыр деген мәселе. Мен мұндай желсөздерді түкке алғысыз етпеймін. Бірақ болса да бірен-саран ғана. Өйткені бір кездерде мынадай жағдайларға тап болғанбыз. Жылына 18 қытай азаматы қазақтың қызына үйленді деген мәліметтер болды. Нәтижесінде тиісті мекемелерде тіркелген қытай азаматтығын алған қазақтар болып шыққан. Ал мұнай-газымыздың бәрін Қытайға беріп қойдық дегенге келісе алмаймын. Жердің астында жатқан байлық игерілуі керек екені даусыз. Ол үшін технология, ақша мен маман қажет. Қытайларға біз сол үшін рұқсат еттік. Және оның бәрі Үкіметімізбен арадағы келісімшарттар негізінде жүзеге асуда. Жүк тасымалында да Қытайдың батысынан басталатын үлкен транзит жолын салудамыз. Себебі Қытайдың мүмкіндігін пайдаланбай, біз дами алмаймыз деуге болады. Сол арқылы теңізге шығамыз. Қытайдың көптеген жүк тасымалы біздің жолдар арқылы өтеді. Сол үшін олар Үкіметке салық төлейді. Мен өзім 1997-1998 жылдары Моңғолиядағы уақытша сенімді өкіл болып қызмет атқардым. Сыртқы істер министрлігінде 9 жылдай Консулдық қызмет департаментін басқарғанмын. Яғни бұл мәселелермен шұғылданғанымыз бар. Қытай тараптарымен кеңес өткізгенде, келісімшарттарға қол қойғанда мен ылғи сарапшы ретінде қатысып жүрдім. Сондықтан, менің айтарым, әрбір Қазақстан азаматы өзінің мойнына жүктелген міндеттерін таза, адал атқаратын болса, ешқандай экспансиядан қорқудың жөні жоқ. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымы да үлкен істерді атқаруда. Бұл біздің Қытай секілді ірі елмен байланысымызға үлкен серпін береді.

Бейтарап пікір
Тәңірберген МӘМИЕВ, Еуразия ұлттық университеті Еуразиялық ғылыми зерттеулер кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты:
– Оларды экспансия жасай қояды деп қорқу орынсыз секілді. Ең бастысы, өз қонысымызға өзіміз мықты болуымыз керек. Соның бәрін жөнге салатын заң күшті болғаны жөн. Қытайлар бізге инвестиция салып жатыр, соның әсерінен жұмыс орындары ашылуда. Олар келгенімен де, еңбек нарығын, кәсіптік саланы реттейтін заңдар дұрыс жұмыс істесе, қауіп бола қоймайды деп ойлаймын. Негізінен, жергілікті жердегі әкімдік орындары келген қытайларды қадағалауы керек. Ал егер жергілікті орындар жүрдім-бардым қарайтын болса, сол қытайлармен арада бейресми, заңсыз келісімдер бар болуы мүмкін. Қысқасы, мұның бәрі саясат арқылы шешілетін мәселе.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста