Қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін әлемге таныта алмай отырғанымыз өз кінәмізден емес пе?

Қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін әлемге таныта алмай отырғанымыз өз кінәмізден емес пе?

Қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі де, еңбегі де ересен. Деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатысқан. Соның ішінде соғысқа Орталық Азия республикаларынан 3 миллионға жуық адам қатысса, оның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен. Олардың арасында жауды атып түсіруде рекордтық көрсеткішке ие болған снайперлер де, сан түрлі соғыс тактикасымен жеңісті жақындатуға септігін тигізген, бойында ұлтымызға тән батырлық рухы бар қандастарымыз да аз болмаған. Бүгінгі күні оларды өз дәрежесінде насихаттап, ұлықтасақ, ешкімнің бізге «қой» демесі анық. Алайда сол батырларымызды өз дәрежесінде дәріптей алмай отырғанымыз рас. Осы орайда, «қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін әлемге таныта алмай отыр­ға­нымыз өз кінәмізден емес пе» деген сауалды мамандарға қойып көрген едік.


Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
иә
– Екінші дүниежүзілік соғыста қа­зақтардың көрсеткен ерлігі орасан зор. Майданда да, тылда да олардың көрсеткен ерлігі мен еңбегі жеңісті жақындатуға өз сеп­тігін тигізген. Тіпті «майданда атыл­ған он оқтың тоғызы Қазақ­стан­да жасалған» деген деректер де айтылып жүр. Мұның бәрі рас. Тыл­дағы еңбеккерлеріміздің же­ңіске қосқан үлесін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Бірақ әлі де бол­са қаншама батыр­ла­ры­мыз­дың еңбегін біз өз дә­ре­же­сін­де көр­сете алмай отырмыз. Со­лар­дың барлығы кезінде Кеңес Ода­ғы­ның батыры деген атаққа ұсы­ныл­са да, ала алмады. Бұл сол ке­зеңдегі тоталитарлық жүйенің әсері еді.
Енді Тәуелсіз ел атанғанымызға да жиыр­ма жылдан асты. Әлі де болса сол ба­тырларымызды дәріптеп, төбемізге кө­теріп, ерлігіне сай елесек бізді ешкім етегі­міз­ден тартпас еді. Бірақ біз соған тоң­мойындық көрсетіп келеміз.
Әуе күштерінде, атты әскер, жаяу әскер құрамында да ерекше ерлік көрсеткен ба­тырларымыз өте көп. Бұрындары осы ту­ра­лы азды-көпті зерттеулер болды. Тарих инс­титутында Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы қазақтардың ерлігін зерттеумен арнайы айналысқан бірнеше тарихшылар болды. Олар жатпай-тұрмай осы соғыс ке­зіндегі қазақ батырларының ерлігін зерт­теп, газет-журналдарда мақалалар жазып, ұлты­мыздың жеңісті жақындату жолында­ғы ерен еңбегін жан жақты көрсетті. Қазір ол тарихшыларымыздың барлығы дерлік өмірден өтті. Ал қазір осы тақырыпты зерт­тейтін қоғамымызда тарихшы да қалмады. Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ұлты­мыз­дың ерлігі бүгінде қоғам назарынан мүл­дем  тыс қалып барады. Рас, біз ол кезде өз Отанымызды қорғамадық. Алай­да бұл оқиғаны біз тарих бетінен сызып тас­тай алмаймыз. Қаншама қаракөз қан­дас­тарымыздың қаны төгілген бұл соғысты біз бәрібір зерттеуіміз керек. Өз ұлтымыз­дың ерлігін айрықша көрсетуіміз керек. Ре­сей осы соғыстағы тарихтың кейбір ұнам­сыз тұстарын айтпауға тырысып жатыр. Ендеше, біз де соғыстың ондай тұс­тарына Тәуелсіз елдің көзқарасымен қа­рап, өз бетімізше зерттеуіміз керек еді. Тарих­ты өнермен ұштастырып, қазақ ба­тырлары жайлы кинолар, деректі фильм­дер түсіруіміз қажет. Қазір Ресейде соғыс жайлы көптеген кинолар түсіріліп жатыр. Бір­ақ онда орыстардың ерлігі дәріптеледі. Ол үшін оларды кінәлай да алмайсың. Қо­лы­мыздан келсе біз де олардан асып түсе­тін кинолар түсіріп өз өзімізді танытуымыз ке­рек еді, көрсетуіміз керек еді. Сол ар­қы­лы мойындатуымыз керек еді. Сондықтан қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ер­лік­терін басқаларға таныта алмай отыр­ғанымыз өз кінәміз деуге болады. Тіпті ертеңгі күні Рақымжан Қошқарбаев өзбек еді деп дәріптеп, өзбектер кино түсіріп ал­дымызды орап кетсе, ішіміздің күйгені сол емес пе?!
Екінші дүниежүзілік соғысқа Тәуелсіз ел­дің көзімен қарап баға беретін, өз ба­тыр­ларымызды дәріптейтін кез жетті. Біз өзі­міз барымызды бағаламасақ, ешкім біз­ге батырымызды зерттеп, кино түсіріп, ұл­ты­­мыздың батырларын ұлықтап бер­мей­ді. Бүгінгі күні бұған біздің мүмкіндігіміз де же­теді. Сондықтан келешекте батыр­ла­ры­мы­з­ды зерттеп, оларды болашақ ұрпақ­қа, бас­қаларға танытып, халқымыздың бо­йында патриоттық рух қалыптастыруды қолға алуымыз керек. 


Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
жоқ
Біз неге қит етсе өзімізді кінә­лап шығуға дайын тұрамыз? Қа­зақ соғыс кезінде басын бұғып қал­ған жоқ. Батыр халыққа тән ер­лік көрсетті. Ол батырларымыз ай­тудай-ақ айтылып жүр. Ба­уыр­жан Момышұлы, Рақымжан Қош­қар­баев, Қасым Қайсенов, Әлия Мол­дағұлова мен Мәншүк Мә­ме­товалардың ерлігі бүгінгі күні кез кел­ген қазақ баласының аузында ай­тылып жүр. Олар туралы ки­но­лар да түсіріліп, кітаптар да жа­зы­лып жатыр. Көше, мектеп, мұ­ра­жайларға аттары да берілді. Бұ­дан артық не керек? Бізге олар­ды әлемнің танығаны емес, ал­ды­мен өзіміздің танып, мо­йын­да­уы­мыз керек. Ұлы Отан соғысының та­рихы туралы Мәскеуде көп­том­дық кітап жарық көрді.
Онда да қазақтардың ерлігі ашық­тан-ашық көрсетілген. Бәрінің аты аталған. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысы кезіндегі батырларымыздың ерліктерін мо­йындата алып отырмыз деп айта аламын.
Олар қазақтардың ерлігін мойын­дама­ғанда қайда барады? Мәселен, архивті ақтарғанда да Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені ашық жазылған. Сон­дықтан бұл жерде өзімізден кінә іздеу­дің түкке қажеті жоқ. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар­дың қаншалықты еңбек сіңіріп, қан­шалықты ерлік көрсеткені кеңі­нен айтылып жүр. Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96 638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен наградталды. 497 жер­лесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. Қазақ­стан жерінде 12 атқыштар диви­зиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанған. Соғыстың төрт жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қы­зылшасын, 155 ,3 мың тонна мақта тап­сырған. Яғни соғыста ғана емес, біз тылда да жеңісті жақындатуға айтарлықтай еңбек сіңірдік. Мұның бәрі айтылып, жазылып жүр. Сондықтан жеріне жеткізіп айта алмадық деп ренжудің қажеті жоқ.
Біз қазір қит етсе өзімізді таныта алма­дық деп ренжиміз. Онсыз да бізді қазір әлем танып отыр. Жиырма жылдың ішінде талай ел бізді Тәуелсіз, батыр ел ретінде таныды. Сондықтан өзімізді кінәлаудан гөрі барымызды одан әрі бағалауды ойлауымыз керек. Қазір шетелдік ғалымдар мен тарихшылар да келіп, бізді зерт­теуге құлшыныс танытып жатыр. Бұл олар­дың бізді мойын­дағанының, таны­ға­нының белгісі деп ойлаймын.

Бейтарап пікір
Болатбек НӘСЕНОВ, тарих ғылымының докторы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры:
– Ұлы Отан соғысы кезінде шовинизм бәрібір орын алды. Қазақ болғаны үшін талай батырымыз батыр атағын ала алмай қалды. Ұлы Отан соғысында КСРО Батырларынан саны жағынан бірінші – орыстар, екінші орында – украиндар, үшінші орында – белорустар, төртінші орында еврейлер тұрды. Бесінші орынды қазақтар иеленді. Егер біздің батырларымыз өз дәрежесінде бағасын алғанда, біздің батырларымыздың саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Жалпы, біздің халқымыздың соғысқа сіңірген еңбегі еленбеді деуге болады. Қазақ өзі батыр халық қой. Соғыста ерлік көрсеткен, жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткен қыздардың ішінде де қазақ қыздары өте көп болған. Бүгінде осының барлығы архивте шаң басып жатыр. Оны іздеп барып, зерттеп жатқан да тарихшылар жоқ. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғысты түбірімен қайта зерттеп жазатын кез жетті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста