«Қазақтілді оқулықтардың сапасы сын көтермейді» деген пікірмен келісесіз бе?
Білімнің сапасы оқулықтың деңгейімен өлшенетіні белгілі. Өткен қиын кезеңдерде де Алаш арыстары өздері оқулық жазып, бүгінгі бір баспаның ісін атқарғаны да мәлім. Ал қазір автор да көп, баспалар да дамыған, мемлекеттік қолдау да артқан заман. Сөйте тұра, оқулық жазу, әсіресе, қазақтілді оқу құралдарын дайындау әлі ақсап келеді. Білім мекемесінің басшылары «бұл соңғы бір-екі жылдың емес, он шақты жылдың көлемінде шоғырланған күрделі жағдай» дейді. Сондықтан да болар, сенген баспаларымыз оқулық шығаруда орынды сындарға да ұшырап жатыр. Ал баспагерлер болса, «сынды да оңды-солды бората бермей, алды-артты бажайлап алып сөйлеген дұрыс» дейді.
Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Қазіргі уақытта мектеп оқулықтарының сапасы — жиі сөзге ілігіп жүрген қиын да, қүрделі мәселе. Тәуелсіз Қазақстанның ұрпақ тәрбиелеудегі қадамы ауыз толтырарлықтай емес деуге батылың бармайды, бірақ шындықтан айналып кете алмайсың. Айталық, енді ғана «Әліппені» тауысып, әріптерді кеше ғана қосып үйренген балдырғанға олар түгілі, ересек балаларға қиын түсетін мәтіндердің, жаттаулардың берілуі ақылға сыймайды.
1-сыныптан бастап 3-сыныпқа дейінгі жеңіл сөздермен берілуі тиісті материалдар қазақ тілінің қойнауында жатқан күрделі сөз орамдарымен беріледі. Әу бастан ойын сатылай дамытып, жүйелі білім алмаған баладан сауатты азамат шығады деу қиындау... Қалай айтсақ та, «ә» дегеннен бала түгілі, үлкен адамның тіл күрмеуіне келмейтін күрделі ұйқаспен құрылған өлеңдерді оқып-жаттауы қай баланың болсын оқуға, білім алуға деген қызығушылығын емес, жиіркенішін тудырады.
Бір сөзбен айтқанда, мұндай оқулықтар – ұрпақ алдындағы қылмыс, болашағымызға төнген қауіп-қатер... Мәселен, 1-сыныптың «Ана тілінде» дыбыстардың дауысты, дауыссыз, жуан, жіңішке түрлерін оқыту, сөз таптары мен сөйлемдегі сөздердің байланысы сияқты күрделі грамматикалық тақырыптардың берілуі жас ерекшелігін ескермегендік болып табылады. Ал оқулық тақырыптары қазақ зоологиясының мамандарын дайындауға бағытталған оқу құралы ма деген ойға қалдырады. Сөзім жалаң болмау үшін 1-сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығынан бір мысал келтірейін: «Жылқы – ер қанаты, ол – суыққа төзімді, сезімтал, талғампаз жануар. Жылқыда өт жоқ, сондықтан ол күйіс қайтармайды». Осындағы «күйіс қайтару» деген сөзді үлкендердің ішінде түсінетіндері некен-саяқ. Ары қарай «төрт түліктің ішіндегі момыны қойдың сүйсініп жейтін азығы – изен, жусан, азырық» дейді. Осының ішіндегі «азырық» деген шөпті білгенді қойып, атын естімеген адамдар бар.
Бір қарағанда, жеңіл көрінетін Сапарғали Бегалиннің «Құлыншақ» деп аталған өлеңіне мән беріңізші (31-бет). Ал тапсырмаларына назар аударыңыз: мәтіндер тек төрт түлік малға арналған: қой, жылқы, сиыр, түйе, боз бие, ақ бұзау, төрт түлік малдың атасы, қозы, өрісте, жайлау, ешкі, малдың төлін сүюі, малды құрметтеу, арғымақ, тауық, қаз, төлді қалай шақырады, т.б кете береді.
Ал оқулықтағы (28-бет) «Жылқы» мәтінін оқып көріңіздер де, балаға түсіндіріп беріңізші... Ол ол ма? «Менің атым – Бөлтірік», «Досболдың тапқырлығы» немесе «Махамбеттің тапқырлығы» деген бір жарым беттен тұратын мәтінді түсініп оқудың өзі 1-сынып баласының психологиясына зорлық жасаумен бірдей. Ал енді 2-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығындағы қысқаша түсіндірмелі сөздікке көз салыңыз:
Үлек – нар түйенің таза тұқымды бурасы.
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқталмай тартып шығуға,
Қос үлектен туған кәтепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Бұл – Махамбет Өтемісұлының жырларынан үзінді. Неткен керемет түсініктеме! Басқасын былай қояйық. Мұндағы «үлек» сөзін түсінетін кім бар екен? 2-сыныптың оқулығы төрт түлік малды қойып, енді оның тұқымдарына тереңінен жан-жақты сипаттама беруге кірісіпті.
Осылардың бәріне көз жүгірте отырып, «қазақ мектебіне тек ауыл балалары барар, ол бейшаралар малдан басқа не көрді, болашақта мал бағатын да адамдар керек емес пе» деген ниетпен жазылған оқулық сияқты деген ойға келесіз. Есесіне төрт жыл бойы қазақ мектебінің балалары ауа райын болжауды, шөптің түрлерін, мал бағу жайын егжей-тегжейлі үйреніп шығуына арналған таптырмас әдістемелік құрал. Бір қызығы, балаларымыз кітапты өз бетінше оқи алмай, мұғалімдерге тәуелді болып өседі. Барлық қазақ балаларын, олардың танымын тек ауыл өмірімен, ертедегі қазақтардың ұғымымен біржақты тәрбиелеуді, қазақ тілінде сауат ашуды ұлт өмірінің тарихымен, ескі салт-дәстүрлерімен ғана байланыстырып түсіндіруді мақсат еткендей. Осыдан барып қазақ мектебінің мұғалімдері нашар, ал оқушыларының сана-сезімі орыс сыныптарынан әлдеқайда төмен деген тұжырымға келіп, көптеген ата-аналар балаларын орыс мектептеріне ауыстыруға мәжбүр болады.
Бүгіндегі оқулық мәселесін қайта қолға алып, түбегейлі қарау – кезек күттірмейтін мәселе.
Жұмабай ҚАЙРАНБАЙ, «Атамұра» баспасының жетекші редакторы:
Жоқ
– Қазақ тілді оқулықтың сапасына сын айтатындар көбіне мәтіннің ауырлығы мен ондағы көне сөздерді алға тартады. Бірақ ол үшін оқулықтың бәрін сапасыз деп айтуға келмейді. Егер осыдан 30 жыл бұрынғы бала болса, оның түсінігі, ескі өмірге жақындығы бар болар еді. Не айтылып жатқанын қиындықсыз түсінер еді. Ал қазіргі балаларға бұның белгілі мөлшерде қиындық келтіретіні рас. Ал енді қиындық келтіреді екен деп, күнделікті қолданыстағы сөздерді ғана беретін болсақ, оқушының қазақы сөздік қорынан мақұрым қалатыны да рас. Сондықтан мейлі оқулықта болсын, мейлі сыныпта болсын, ұлттық нақыштағы сөздерді аз-аздан беріп тұрмасақ, олардың тілі жетім қалады. Оқулық дайындаған кезде, авторлар кейде сөзді сұрыптай алмай қалады. Олар мәтінді оқушыға бейімдеп, жеңілдетуді ойламайды емес. Бірақ ақын-жазушылар біздің жазып қойған алтын дүниеміздің быт-шытын шығарыпты деп айтуы да мүмкін ғой.
Сөйтіп, оқулық авторлары екі ұдай күйде алаңдайды да, мәтінді бейімдеместен беріп жібереді. Ал оның ішінде балаға ауыр бес-алты сөз қатар келіп қалса, ол оқырманға, ата-анаға түрпідей тиетіні түсінікті. Сонымен бірге бұл оқулықтар осыдан 13 жыл бұрынғы бағдарлама негізінде жазылды. 12 жылдыққа өтеміз деген әңгіме шыққан соң, 11 жылдыққа назар аударылмай қалды. Ал сын айтушыны біреулер айтақтады ғой дейін десек, оны көзбен көріп тұрмаған соң, аузымыз бармайды. Егер алдағы уақытта стандартты, оқулыққа қойылар талапты өзгертіп жатса, онда бағыт та өзгереді. Онда оқулықтар біршама жеңілдейді. Ал жарайды, сынадық, бәрі жаңа, жеңіл болды. Енді бай тілдік қорымызды балаларға қалай игертеміз? Өзі үйрене ме, болмаса жоғары оқу орындарына филология факультеттеріне барғанда дұрыстап ала ма, ал техникалық оқу орнындағылары сол сөздік қоры жұтаң күйінде кете бере ме? Ал мал атауларына келетін болсақ, қазақтың өткен өмірі малмен тығыз байланысты. Оның әдебиеті, мәдениеті, жеткен жетістігі – бәрі малға қатысты. Соны бағып-күту үшін ауа райын зерттеп, бүкіл астрономиялық болжауларды жасап шыққан халық емес пе едік?! Ал енді қазір мал атынан үркіп, кейбіреулеріміз ет жемейтіндей бола қалдық. Бірақ қазанға біреу ет асып, дайындап берсе, рақметімізді айтып, жеп аламыз. Жарайды, арбаны да, шананы да керек емес дедік, киіз үйді де жек көріп қалдық. Бірақ ол бәлен ғасыр бойы ата-бабамыздың ең қолайлы баспанасы болған жоқ па?! Соны мына ұрпаққа айтпаймыз десек, ата-бабамызға жасаған қылмыспен бірдей көрінеді. Архаизм сөздер, мал шаруашылығына байланысты атаулар, өсімдіктің аттары – ол кімге болса да керек, танымдық дүниелер. Тек соны жеңілдетіп берейік деген сөз көңілге қонады. Ал «ондай ұғымдардың бәрін бірдей берудің керегі жоқ, мысалға, бүркітті ғана айтайық, ителгі мен қаршығаның керегі жоқ, күйкентай мен сұңқарды да айтпай-ақ қояйық, балаға ауыр болып кетеді» десек, ұшып бара жатқан құстың не құс екенін білмейтін ұрпақ тәрбиелеп шықпаймыз ба? Балаларымыз түсінбейді дейді. Ол – рас. Баласы қалада тұрады, қаладан шықпайды. Мұндайды тіпті ол баланың балабақшадағы тәрбиешісі, тіпті мұғалімі де білмейді. Олардың бәрі білмейді екен деп, тарихи-этнографиялық ұғымдардың бәрін шеттете берсек, тіліміз жұтаңданады, өткенімізді ұмытамыз, сондықтан әр нәрсеге кішкене болса да байыппен қарағанымыз дұрыс болар еді.
Бейтарап пікір
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, білім және ғылым министрі
– Оқулық мәселесі – тек қана орта білім саласы үшін ғана емес, кәсіптік-техникалық, жоғары білім саласы үшін де өте маңызды мәселе. Бұл іспен біз арнайы айналысудамыз. Көптеген шаралар қолдандық. Экспорттық комиссиялар құрып, барлық пәндер бойынша жұмыс істедік.
Өкінішке қарай, осы кезеңге дейін жазылған оқулықтардың жалпы санының ішінде сапасыз жазылғандар жеткілікті болып отыр. 1-11 сыныптар арасында, өздеріңіз білетіндей, балама оқулықтар жазылуда. Осыған орай 1200-ден астам оқулықты тоқтатып, қайтадан жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жағдайдың негізгі түбіне үңілсек, өткендегі қалыптасу кезеңінің кейбір белгілерін байқаймыз. Сосын жұмыс істейтін нағыз мамандардың жеткіліксіздігі мен олар алатын жалақының мардымсыздығы сияқты факторлар жиналып келіп, барлығы сапаға әсер етті. Кеңестік кезеңде оқулықтың бәрі Мәскеуден дайындалғаны белгілі. Тек «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» оқулығы ғана өзімізден шығатын. Ал егемендік алып, өз еркіміз өзімізге тиіп, оқулық жаза қояйық дегенде, біздің ғалымдарымыз бен авторларымыз осындай жағдайға жолығып отыр. Олармен арнайы өзім жолықтым. Тіпті 300-ден аса оқулықты өзім де қарап шықтым. Өкінішке қарай, биылғы шығатын оқулықтарды да тоқтатып отырмын. Әлі қол қойылған жоқ. Өйткені қатаң шара қолданбасақ, болмайтын түрі бар. Себебі бір реткі оқулық шыққан кезде оған қойылған министрдің қолы төрт жылға жарайды. Сондықтан жыл сайын бұйрыққа қол қоя берудің қажеті жоқ. Арнайы уақыт беріп, авторлармен жиналыс өткізіп, әрбір сала бойынша жұмыс істеп жатырмыз.