Қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударатын арнайы орталық ашу керек пе?
Көркем аударма – шығармашылық адамынан дарын мен шеберлік талап ететін күрделі де жауапты сала. Орыстың атақты ақыны, аудармашы В.Жуковский әдебиеттегі осы бір салмақты сала жөнінде «Прозаны аударушы – автордың құлы, поэзияны аударушы – автордың бәсекелесі» деген еді. Демек, аудармаға көлденең көк атты оңай кірісіп кете алмасы анық. Ал бүгінгі жаһандық заманда қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылмай, көсегесінің көгермейтінін қаламгерлеріміз қынжыла айтып жүр. Сондықтан көркем аударма бүгінде әдебиетіміздегі үлкен түйткіл болып отыр. Осы орайда «қаламгерлеріміздің шығармаларын шет тілдеріне аударумен айналысатын арнайы орталық керек пе?» деген сұрақ туады. Бұған жазушыларымыздың өздері не дейді?
Әкім ТАРАЗИ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
иә
– Қайта құру кезінде Жазушылар одағында Олжас Сүлейменов бас хатшы, мен қарапайым хатшы болып жүрген уақыттарда біз өкіметке қайта-қайта ұсыныс айта жүріп, жазушылардың шығармаларын шет тілдеріне аударумен айналысатын үлкен бір басқарма құрғанбыз. Оған қомақты қаражат бөлінген. Кеңес үкіметінің құлауына байланысты, өкінішке қарай, бұл басқарма жабылып қалды. Сол кезде қазақ әдебиетіндегі шығармаларды орыс тіліне, басқа да тілдерге аударуға дағдыланып қалған азаматтарымыз күнкөрістің қиындауына орай жан-жаққа ыдырап кетті. Кейбіреулері басқа мамандықтарға кетті, енді біреулері базар аралап кетті де, үлкен іс тоқтап қалды. Кеңес үкіметі бізге жат мемлекет еді ғой.
Ал енді өзіміз егеменді ел болдық деп қуанып, алақайлап жүргенімізде жас мемлекетіміз аяғынан тік тұрып кетсінші деп бұл мәселені біраз уақытқа дейін көтерген жоқпыз. Жазушылардың қаламақы мәселесін де уақытша көтермеуге тырыстық. Сонымен, міне, Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды, осы екі мәселе сол қалпында қалып қойды. Қазір осы аударма мәселесін айтып жүрміз, бірақ құлақ асатын ешкім жоқ. Ешкім үндемеген соң, салың суға кетеді де, тыныш отырасың. Халқының саны жағынан, жер көлемі жағынан, экономикалық мүмкіндіктері жағынан бізден әлдеқайда төмен Грузия сонау кеңестік кезеңнің өзінде-ақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару мәселесін керемет жолға қойған болатын. Біздің жазушыларымызды шетел білмейтін, ал грузин жазушыларын көптеген шетелдіктер танитын. Олар шығармаларын кемінде жиырма тілге аударатын. Осы дәстүрді олар әлі күнге дейін сақтап отыр. Ал біз кезінде мемлекет ашып берген басқарманы жауып тастап, әйтеуір, әупірімдеп жүрміз. Шығармалары шет тілдеріне аударылмай, ешбір қазақ жазушысының бағы жанбайды. Мен бұрын «орысша шықпай, оңбайсың» деп қалжыңдайтынмын. Ал қазір «ағылшынша шықпай, оңбайсың» деп әзілдеп жүрмін. Бүгінде дүниежүзінде 1 млрд 600 млн адам ағылшын тілінде сөйлейді. Ағылшын тілін білетіндер қытайлардан да көп. Ең болмаса шығармаларымыз ағылшын тіліне аударылса жақсы болар еді. Меніңше, алдымен шет тілдеріне аударатын аудармашылардың орталықтарын Алматыдағы, Астанадағы іргелі университеттерден, шет тілдері университеттерінен, өнер академияларынан ашу керек. Бүгінде газет тілінде аударатын аудармашылар бар, көркем әдебиетті аударатындар сирек. Қарапайым аударма мен көркем аударманың арасы жер мен көктей. Сондықтан өзімізде мықты аудармашыларды даярлау үшін арнайы мамандарды шақырып, көркем аудармаға ыңғайлы жастарды іріктеп, оларды көркем аудармаға баулу қажет.
Әуезхан ҚОДАР, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
жоқ
– Біздің елімізде кез келген салада жоспарлау көп. Әуел баста қолға алынған жақсы бастамалар кейіннен науқаншылдыққа айналып кетеді. Мысалы, қазақ тілін дамытамыз деп түрлі бағдарламалар жасалып жатыр. Бірақ осыдан шыққан нәтиже қомақты деп айта аламыз ба? Қазақ тілі бізге дейін де өмір сүрген және бізден кейін де өмір сүре береді. Тәңірінің жаратқан тіліне жеке біреудің ықпалы әсер етпейді. Сол сияқты әдебиетті де белгілі бір шартқа бағындыруға келмейді. Егер қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударатын орталық ашылатын болса, бұл ұйымның тек аудармашылардың мүддесіне жұмыс істейтініне күмәнім бар. Әрине, еліміздегі аудармашылардың басын біріктіріп, олардың әрқайсысы әдебиеттің қай саласын аударып жүргенін іріктеген жөн.
Бірақ бізде белгілі бір ұйым жұмыс істей бастаса, тек сол ұйымның басшылары ғана пайда көріп жатады. Аудармашылардың жағдайын ойлайтын орталық олардың қаламақы алуына, есімдерінің шығармашылық ортаға танылуына, беделдерінің көтерілуіне қызмет етуі керек. Алайда дәл қазіргі біздің қоғамда осындай орталық ашылса, одан әдебиетке, аудармаға қатысы жоқ адамдар ұпайын тауып кете ме деп күдіктенемін.
Мен өз басым аударма саласында отыз жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Көркем аударма менің шығармашылығымның өзекті бір саласы болғандықтан да, мен ешқашанда аудармадан бас тартқан емеспін. Әлі де талай аударма жасаймын деп ойлаймын. Алайда егер мен белгілі бір орталыққа бағынышты болсам, маған өзім қаламайтын шығармаларды аударуға тапсырмалар берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда мен жұмыс істей алмайтын шығармын деп ойлаймын. Мен Абайды, Мағжанды орыс тілдеріне аудардым. Осы еңбектерім үшін «Алаш» сыйлығын иелендім. Мұның бәрі – халықтың көз алдында, бірақ мен аудармаларымды біреудің нұсқауымен жасаған емеспін. Көркем аударма – тапсырыспен емес, адамның өз жүрек қалауымен, шығармашылық шабытына байланысты туатын дүние. Ал аудармашылар белгілі бір орталыққа бағынышты болса, ол жерде міндетті түрде тапсырыстар болады. Бұл қаламгерлердің еркін шығармашылығына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан бұл – өте күрделі мәселе. Қазақ қаламгерлерін әлем тілдерін аударумен айналысатын орталық мемлекеттен қаржыландырылатын болса – онда аудармашылар саяси дүниелерді аударады деген сөз. Ал шығармашылық адамы үшін саясаттан әдебиет, мәдениет маңыздырақ. Жалпы, аударма әрі күрделі, әрі қарапайым дүние. Сондықтан көркем аударма мәселесіндегі қандай да бір түйіткілдер өте үйлесімді, нәзік түрде жүргізілуі керек.
Бейтарап пікір
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударумен шұғылданатын орталықтың мемлекеттік деңгейде, мемлекеттің жәрдемімен ашылғаны дұрыс. Белгілі бір деңгейде тапсырыстардың болуы да заңды. Алайда тапсырыс жөнді болуы үшін көрнекті қаламгерлеріміздің шығармаларын іріктеп отыратын комиссия құрылуы қажет. Мемлекеттің қарамағында болғаннан кейін аудармашыларға төленетін қаламақы, жалпы, материалдық жағдай сенімдірек болады. Бүгінде мемлекеттен руханиятқа бөлінетін қаржының көлемі молайып келеді. Сондықтан ірі-ірі шығармаларымыз орталық арқылы шет тілдеріне аударылуы тиіс. Өйткені жаһандық уақытта қазақ әдебиетін шетелге таныту дегеніміз – өзгеге қазақтың рухани әлемін таныту. Көркем шығармаларды аудару үшін қазақ сөзінің құдіретін түсінетін, сөздің мәйегін ішкен аудармашылар тартылуы тиіс. Сондай-ақ тек үлкендерді ғана емес, жастарды да аудармаға бейімдеп, кәсіби аудармашылар даярлау керек.