Қуғын-сүргінге қатысты НКВД-ының архивін толық ашатын уақыт жеткен жоқ па?
Бүгінде «саяси репрессияға қатысты деректер архивтерден берілмейді екен, берілген күннің өзінде қуғын-сүргін көргендердің және оларды жазалағандардың бүгінгі ұрпақтарынан ұят болады» деген әңгімелер жиі айтылып жүр. Тарихи шындықты ашу жолында бұлай бұлғақтап, ақталуға бола ма? Дәл осы мәселеде тарихшыларымыздың өздерінің пікірлері екіге жарылып жататын тұстары аз емес. Осы төңіректе сансыз сауалдың туындап жүргені тарихымыздың осынау ақтаңдақ тұсының барынша зерттелмегенінен емес пе? Бүгінде ел болып, ес жиған қазақ тарихын түгендеуге тастүйін кірісті. Осы ретте, басқасын айтпағанда, Сталиндік зұлмат саналатын саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты НКВД-ының архивін толық ашатын уақыт жеткен жоқ па? Халық қашан да шындыққа зәру емес пе?!
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Бүгінде түрлі архивтерден өткен тарихымызға қатысты деректерді алуға ешқандай қиындық жоқ. Көптеген құпия материалдар өз ретімен зерттеліп, жарияланып келеді. Қалай болғанда да архивтер қойнауын ақтарып, қопарам деушілерге толық ашық. Оның үстіне, кезіндегі НКВД-ының, болмаса басқа да қызметтердің архивтері заң бойынша 30 жылдан кейін-ақ ашыла бастаған. Мәселе – тарихшы мамандардың ізденісі мен таным-зердесіне, тақырыпты зерттеуге мүдделілігіне байланысты болып отыр. Егер де белгілі бір архивтен құпия материалдар алуда кедергілер болса, ізденуші тарихшы маман осы сұрақ төңірегінде туындаған проблеманы сот арқылы шешіп, қажет құжатқа қол жеткізе алады.
Жақында ғана республикалық бір басылымда Мағжан Жұмабаевқа қатысты тың деректермен толықтырылған бір материал жарияладым. Мен оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алдым. Демек, бұл архивтердің зерттеушілер үшін ашық екенін көрсетеді. Есесіне, көптеген тарихшылар архивтерді алынбас тас қамалдай көріп, ол жерлерде тарихи құжаттар алу мүмкін емес дегенді алға тартумен келеді. Шындығында, олай емес. Қуғын-сүргін шындығының толық ашылмауының себебін біз өзімізден іздеуіміз керек. Өйткені біздің тарихшыларымыздың дені әлсіз, белсенділігі төмен. Көп нәрсе ұлттық тұрғыдан зерттелмейді. Сондықтан да «қазақ зиялылары бір-біріне сатқындық жасаған» дегенге саятын бос әңгіме, әншейін даурықпалар тарихи шындыққа айнала бастады. Бұл саяси қуғын-сүргін тарихына атүсті қараудан шыққан теріс түсінік. Бұл – кезінде қазақты тұқырту үшін НКВД сияқты түрлі жазалаушы қызметтердің қолдан жасаған жалған дақпырты. Бүгінде осы жағдай көптеген құжаттарды жарияламауға желеу болып отыр-мыс. Қазіргі уақытта мен Қазақстанда орын алған жиырмасыншы жылдардағы сталиндік репрессияға қатысты кітап жазу үстіндемін. Мұның алдында Сәмет Тілеубаев деген тарихшымен бірлесіп, «Қызыл террор» атты еңбек жарияладық. Осы және басқа да тарихи кітаптарға қажетті материалдар кешегі НКВД-ның құпия құжаттарынан алынбағанда, қайдан алынды? Біз көбіне арғы тарихымызды қазбалауға тым әуестеніп, есесіне, бертіндегі тарихымызға аса мән бермейміз. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы дайындалып жатқан тұста, кейіннен Алаштың 90 жылдығы кезінде қуғын-сүргін мен аштық тарихын, жалпы, жиырмасыншы ғасырдағы тарихымызды толық зерттеу үшін арнайы қаржы бөлу мәселесі айтылған еді. Алайда бұл ұсыныстарымыз жүз пайыз жүзеге аспады. Архивтермен жұмыс істеуге осындай қаржы мәселесі де кедергі болып отырғаны рас.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты, ҚазҰУ-дың доценті:
Жоқ
– Қуғын-сүргін тарихына келгенде, біз кеңес өкіметі кезеңін ғана алып қарап жүрміз. Бұл өзі – бүгінгі күнге дейін толыққанды зерттеліп болмаған тарих. Оның үстіне біздің тарихшылар осы мәселеде тек өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарын ғана қамтып жүр. Анығына келетін болсақ, қазақтың қуғын-сүргінге қатысты зобалаң тарихы ұлтымыздың 1731 жылдары Ресей империясына бодандыққа кіргенінен бері бастау алады. Жалпы, қазақ халқы өзінің Тәуелсіздігін аңсап, зорлық-зомбылық көріп, қудаланып, атылып, азаттық үшін күрескен кезеңінің бәрін қуғын-сүргінге жатқызуға болады. Қазақ даласында әр кездері орын алған 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістердің соңы қырғынға ұласқан.
Сондай бір ауыр кезең 1916 жылғы Қарқара жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістен кейін қайта күш алды. Көтерілген халықты басу үшін орыстар қаншама әскер әкеліп, қаншама жазықсыз жандарды аяусыз қырды. Осындай көтерілістер мен басқа да қақтығыстарға қатыстыкөптеген деректерді орыс тарихшылары кезінде тамсана жазды. Осынау аласапыран кезеңдерде қаншама қандастарымыз Қытайға қарай босып кетті?! Кейіннен азамат соғысы, бұдан соң «кәмпеске», репрессия, оның артын ала аштық басталды. Демек, қуғын-сүргін тарихы 20-30 жылдармен шектелмесе керек. Оның тарихы әріден бастау алады.
Алайда тарихымыздың бұл бөлшегіне қатысты ақиқаттар әлі күнге дейін жан-жақты аршылып бола қойған жоқ. Десек те, кейбір жекелеген тарихи маңызы бар құпия құжаттарды мемлекеттік құпия, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан келгенде толық жариялау әлі ерте сияқты. Өйткені 37-жылғы қуғын-сүргінде ұсталып, атылып кеткен адамдардың ұрпақтары бүгінде арамызда бар. Осыны есепке алған архив қызметкерлері көп құжаттарды жария етуге рұқсат бере бермейді. Мысалы, осыдан біраз бұрын ұрпақтарының сұрауымен репрессия құрбаны болған Әбен-сері Атамқұлов туралы деректер іздеу мақсатында Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде болдым. Онда ол кісіге қатысы барлық құжаттар табылғанымен, маған оны толық алуыма, пайдалануыма рұқсат бермеді. Ондағылар: «бұл кісіге қатысты басқа да жалпы деректерді көшіріп алуыңызға болады, бірақ тергеу материалдарын пайдалануға, жариялауға болмайды» дегенді айтты. Себебі онда белгілі бір адамдардың аты-жөндері, өзге де құпия деректер, біреуді қаралауға, біреуді ақтауға қатысты жайттар кездеседі. Сондықтан да моральдық-гумандық тұрғыдан келгенде, бүгінгі ұрпақтың беделіне нұқсан келтірмес үшін, жалпы, адамдар арасындағы татулыққа, ұлттың ішкі бірлігіне нұқсан келтірмеу үшін кейбір құжаттарды електен өткізіп барып, өз ретімен ашу керек деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи зерттеу орталығының директоры:
– Заң бойынша кез келген архив ең аз дегенде отыз жылдан соң қолжетімді болу керек. Әйтсе де біздің тарихшы ғалымдарымыз осы күнге дейін мыңдаған тарихи құжаттарды қарап, зерттеуге мүмкіндік ала алмай келеді. Әсіресе саяси қуғын-сүргінге қатысты материалдарды алу қиын. Жалпы, барлық архивтерден құжаттар алу заңмен емес, тамыр-таныстықпен жүзеге асырылады. Оны көріп, біліп те жүрміз. Бұл біздегі архив құжаттарына қатысты проблема. Ал шетелдегі архивтерден материал алу біз үшін тіпті қиямет-қайым. Осыған қарап, ұлт тарихын зерттеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болмас. Сондықтан да бізге архивтердегі тарихи құжаттармен жұмыс істеуге жағдай туғызатын заңдық тетіктерді жетілдіру қажет.