Құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін сақтандыру мүмкін бе?
Еліміздің Өңірлік даму министрлігі үлескерлік құрылыс қатысушыларының ақшаларын қорғайтын жеке мемлекеттік сақтандырушы компанияны құруды ұсынып отыр. Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдегеніндей, «құрылыс компанияларының өз үлескерлері алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды қарастыру үшін мұндай жүйе бізге қажет. Бұл механизм үлескерлердің қаражаттарының шығынға ұшырау тәуекелдігін жоюға мүмкіндік береді». Осыған сәйкес болашақта Парламентке «Тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу мәселелері туралы» жаңа заң жобасы ұсынылмақ. Ал бұлайша заңмен бекітіп, жеке мемлекеттік сақтандырушы компания құрып, құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы жауапкершілігін арттыра аламыз ба? Үлескерлердің құқын осылайша сақтандыру мүмкін бе? Біз бұл сауалды арнайы мамандардың ойталқысына салдық...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-ғалым:
иә
– Иә, бұлайша заңдық тұрғыда жеке мемлекеттік сақтандырушы компания құрып, сол арқылы құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін сақтандыруға болады. Құрылыс компанияларына қатысты қазірде еңбек қауіпсіздігін міндетті сақтандыру, жұмысшыларының құқын міндетті сақтандыру тәрізді бөліктер заңда қарастырылған. Ендігі кезекте үлескерлердің құқын сақтандыру жүйесі бізге қажет. Себебі қазірде құрылыс компаниялары әлдеқандай жағдай болса үлескерлерге не қаржысын қайтармай, не баспанасын сапалы етіп салып бере алмай жүр.
Құрылыс саласы жалпы ішкі өнімнің өсіміне үлкен ықпал ететін сала болғандықтан, бұл сектордағы іс-жұмыстары сауатты, сапалы болуы тиіс. Сондықтан бізге құрылыс саласына қатысты жауапкершілік, азаматтық-құқық дегенді арттыруды үнемі қарастырып отырған жөн. Өз басым Өңірлік даму министрлігінің ұсынып отырған тұжырымдамасын қолдаймын. Мұндай сақтандыру механизмін енгізу үлескерлердің алдындағы жауапкершілікті арттырады деп сену керек. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Үкімет құрылыс саласындағы дағдарысқа орай әлі толық салынып бітпеген, тұрғын үйлерді үлескерлерге сатуға тыйым салды. Бірақ сондай тыйымды ескерместен қайсыбір құрылыс компаниялары үлескерлерге сол үйлерді сатты. Үлескерлер жаңағы салынып бітпеген үйлерді толыққанды аяқтап беруге алдын ала қаржы салды. Дегенмен сол құрылыстың сауатты аяқталмағанын, ақыр соңында үлескерлердің салған қаржысы желге ұшып, қайыра Үкіметтен көмек сұрағанын, бұған қатысты қаншама түсініспеушілік орын алғанын біз білеміз. Міне, осындай сәтте қайшылық, түсініспеушілік туындамас үшін бізге үлескерлердің азаматтық жауапкершілігін сақтандыру керек. Ол үшін жаңағыдай сақтандырушы компаниялар қажет. Сонда үлескердің құқы аяқасты етілмейді. Сақтандыру болған жерде талап етушілік те нығаяды. Сондықтан сақтандыруды енгізу арқылы құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін арттыру мүмкін. Тек мұны кешіктірмей тетікке қосу керек деп есептеймін.
Марғұлан ШЫНЫБЕКОВ, заңгер:
жоқ
– Жоқ, мен мұндай пікірлермен келіспеймін. Құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін сақтандыру мүмкін емес. Бұлай дейтін себебім, 2008 жылы біз құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін арттыруға қатысты арнайы заң қабылдадық. Бірақ сол қолданыста бар заңның өзін біз сауатты жұмыс істете алмай отырмыз. Бұл заң жүзеге аспады. Ал енді келіп жекелеген сақтандыру компанияларын құрып, сол компанияларға үлескерлердің азаматтық жауапкершілігін сақтауды артқымыз келеді.
Осы арқылы құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы міндетін ұқтырғымыз келеді. Өкінішке қарай, бұл жүйені тетікке қосу мәселені шешеді дегенмен мен келіспеймін. Себебі құрылыс саласы экономикамыздың өзекті бір секторы болғандықтан бұл салада тек қана мемлекеттік бақылау, жергілікті биліктік қадағалау күшеюі тиіс. Мен бір мысал айтайын, құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы азаматтық жауапкершілігін сақтандыру үшін Үкімет құрылыс компанияларына әлі қадасы қағылып, қабырғасы қаланбаған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуға тыйым салды. Алайда құрылыс компаниялары заң талабын жаппай айналып өтіп, баспанаға мұқтаж жандардан алдын ала қаржысын жиып алудың сан мың тәсілін қолдануда. Қайсыбір құрылыс компаниялары бүгінде үлескер деген ұғымнан бас тартып, үлескерлерге инвестициялық әріптес деген келісімшарттарға қол қойғызады. Осы әдістерді ұстану арқылы тіпті баз бір құрылыс компаниялары үлескерлерді пәтер құнын жүз пайыз төлеуге дейін мәжбүрлеуде. Мұндай жағдайда қап деген халық, тағы да мемлекетке жүгінбек. Сондықтан бұл жерде жауапкершілік мемлекетте ғана болуы керек. Бір ғана сақтандыру компаниясын құрып, құрылыс компанияларының үлескерлер алдындағы жауапкершілігін сақтандыру мүмкін емес. Мұнымен мәселе шешілмейді. Үкімет мәселені басты назарда ұстауы үшін алдымен үлескер мен құрылыс компаниясы арасындағы келісімшарттарға азаматтық-жауапкершілік туралы арнайы бөлік енгізілуі тиіс. Ол үлескерлерге түсінікті тілмен көрсетілуі керек. Бұдан соң арнайы «Жер кодексі», «Салық кодексі» тәрізді «Құрылыс кодексін» қарастырып, әрбір туындап отырған мәселені сол кодекске енгізіп, оның орындалуын атқарушы билік қадағалап отырғаны жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Аймара ТІЛЕУКЕҚЫЗЫ, әлеуметтанушы:
– Үлескерлер мәселесінің әлі күнге дейін шешілмеуі азаматтардың үлесті құрылысқа қаржы салуын реттейтін заңның әлжуаздығы себепші болғаны даусыз. Сондықтан болашақта құрылыс компанияларын мемлекеттік тұрғыда бақылау-қадағалау жұмыстарын күшейткен жөн. Бұған қоса, компаниялардың жұмысына сараптама жасайтын мемлекеттік орындардың ісіне де жүйелі өзгеріс енгізу керек. Сараптама істерін жүргізетін мамандардың біліктілігін жоғарылату қажет. Оларға заң жүзінде арнайы міндеттеме жүктеген абзал. Жобалау жұмыстарының сапасын зерттейтін арнайы жұмыс тобы құрылып; шетелдік тәжірибеге жүгіне отырып құрылыс қарқыны арнайы видеоларға түсіріліп, апта сайын құрылыс компанияларының басшыларынан есеп-қисап алынуы тиіс. Міне, осы істер біржақты етіліп шешілсе, біздегі құрылыс жұмыстарындағы сапа мен жауапкершілік біршама жақсарар еді. Бұдан соң құрылыс материалдары, шынымен, тағайындалған бағаға сатып алынды ма, әлде құрылыс жүргізуде арзан материалдар пайдаланылды ма, осыны да арнайы жүйелеп тексеру жұмыстарын қатайтса, мәселенің түйіні шешілер еді. Қазіргі үлескерлерді алаңдатып отырған жайт сапа жағы болғандықтан бұл істерге де мән берген абзал.