Құрылыс саласында тәуекелді азайту үшін үлескерлікпен үй салу тәжірибесінен бас тарту қажет пе?
Еліміздегі үлескерлікпен салынып жатқан тұрғын үйлердің төңірегінде дау көп. Бір жерде іргетасы қаланған тұрғын үй «сақалды құрылысқа» айналса, енді бір жерде құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын қалтасына басып, қашып кеткен. Тіпті жауапкершіліктен қашқан құрылыс компанияларының міндетін мемлекет мойнына алып та жатыр. Осы орайда кейбір мамандар «дауы көп үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтату қажет» дейді. Алайда «шетелдерде сәтті жүзеге асып жатқан үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтатудың қажеті жоқ, тек жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру арқылы олардың талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек» дейтіндер де жоқ емес. Тақырыпқа қатысты мамандар пікірін сарапқа салып көрген едік.
Ұзақбай АЙТЖАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
иә
– Үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтату қажет. Бұл мәселе бүгінгі күні қоғамымыздағы дау-дамайдың көбеюіне түрткі болып отыр. Қайдағы бір жекеменшік құрылыс компаниялары халықтың ақшасын жинап алып, қашып кетеді. Ал баспаналы болу үшін жылдап жинаған қаржысын құрылыс компанияларының алақанына салып беріп, далада қалған үлескерлер ұлардай шулап, кімге барып мұңдарын айтарын білмей, табандарын тоздырып жүр. Тіпті халықтың осы күйін көрген мемлекет бірнеше рет үлескерлердің үйін бітіріп беруді мойнына алды. Қайдағы бір құрылыс компаниялары халықты алдап, ақшасын жинап алып қашып кетеді, яғни алаяқтықпен айналысады, ал мемлекет олардың артын неге жабуы керек?
Мұншалықты дау-дамай тудырғанша, біз үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін тоқтатуымыз керек.
Қазір мемлекет тарапынан еліміздегі тұрғын үй саласын жандандыру үшін түрлі бағдарламалар қабылдануда. Тіпті халық баспаналы болғысы келсе, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы қаржысын жинап, үйлі болуына жағдай жасалған. Аталмыш банктегі тұрғын үйлердің бағасы да халықтың қалтасына сай белгіленуде. Ендеше, халқымыз баспана үшін жинаған ақшасын күмәнді үлескерлік компанияларға бергенше, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне салу арқылы баспаналы болуды ойластыруы керек. Екінші жағынан, бұл – мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларға қолдау білдіруі. Мемлекет те халықты тезірек баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жеңілдетілген бағадағы тұрғын үй салу мөлшерін арттыра түсуі қажет. Жалпы, соңғы кездері еліміздегі құрылыс саласының сапасына қатысты көптеген сындар айтылуда. Елімізде жаппай сапасыз құрылыстарды қаптатуымыз бізге үлкен сын. Сондықтан жалпы құрылыс салу саласын мемлекет өз мойнына алғаны дұрыс деп санаймын. Және мемлекеттік мекемелер арқылы құрылыстардың сапасының талапқа сай болуын, мерзімінде бітіп, дер кезінде халықтың қолданысына берілуін, жалпы, құрылыс саласына қатысты мәселелерді мемлекеттік бақылау арқылы қадағалауға алғаны жөн деп білемін. Бүгінгі күні дау-дамайы көбейіп, сапасы сын көтермейтін салаға айналған тұрғын үй саласының мәселесінен біз осылай ғана құтыла аламыз.
Айта кетер жайт, егер құрылыс саласын мемлекет өз мойнына алса, осы саладағы жемқорлықтың орын алуына да тосқауыл болар едік. Қазір түрлі жолмен лицензия иеленіп алған алаяқтар өздерінің мүмкіндігі келмеген соң, біреулерді жалдайды. Ал біреуден біреуге, материалдық-техникалық базасы жоқ компаниядан жалдамалыларға өткен соң, бөлінген қаржы талан-таражға түседі, одан кейін құрылыстың сапасы нашарлайды. Осылайша бір мәселеден екінші мәселе туындай береді. Сондықтан үлескерлікпен тұрғын үй салу секілді жемқорлыққа жол ашатын, алаяқтарға жағдай жасайтын жүйеден арылуымыз керек.
Дайрабай ҮСІПБАЕВ, «Қазимпэкс Ақтау» қорының директоры, экономист:
жоқ
– Үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесінен түбегейлі бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені бұл тәжірибе көптеген елдерде сәтті жүзеге асуда. Осы тұрғын үй салу тәжірибесінің арқасында талай адам баспаналы болуда. Бар мәселе осы жүйені дұрыс жұмыс істете алмай отырғандарда болып отыр. Сондықтан үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесіне бақылауды күшейтіп, құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек. Негізі, жүйеге күмән тудыруға себепші болып отырған нәрсе – жекеменшік құрылыс компанияларының жауапкершіліктен жалтаруы. Олар үлескерлердің ақшасын жинап алады да, бар қаржыны қалтасына салып қашып кетеді.
Тіпті олар үлескерлерге тұрғын үйін бітіріп беруге алдын ала кепілдік те бермейді. Алданған үлескерлер қаржысын кімнен сұрарын білмей сенделеді. Сондықтан біз бұл жерде үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесінің жауапкершілігін арттыратындай өзгерістер енгізуіміз керек.
Мәселен, үлескерлер тұрғын үй салу үшін қаржысын құрылыс компанияларына тікелей емес, банк арқылы аударатындай жүйе керек. Бүгінгі жүйеде құрылыс компаниясының үлескердің салған қаржысына сай үй салып беретініне кепілдігі жоқ. Мұның өзі құрылыс компанияларына қойылар жауапкершіліктің төмен екенін білдіреді. Үлескердің ақшасы міндетті түрде банк арқылы өтуі тиіс. Ал жекеменшік құрылыс компаниясының иесі банкке кепілдікке бір мүлкін қалдыра отырып, үлескерлердің қаржысына қол жеткізетіндей жағдай жасау керек. Сонымен қатар ақша атқарылған жұмысқа қарай бірнеше траншпен берілуі тиіс. Сондай-ақ құрылыс компанияларына құрылыспен айналысу үшін мемлекет тарапынан лицензия беру кезінде оның мүмкіндігі жан-жақты тексерілуі керек. Негізі, құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттыру оған лицензия беретін кезден басталуы қажет. Әйтпесе қалтасында бір тиыны, материалдық-техникалық базасы, мүмкіндігі жоқ құрылыс компаниялары лицензия алып, құрылыспен айналысуға рұқсат алып жатады. Тіпті сол материалдық-техникалық базасына қарап лицензия беріп, сол базасын банкке кепілдікке қою арқылы ғана үлескерлердің ақшасына қол жеткізетін жүйе жасауымыз қажет. Бұл жүйе, ең алдымен, халықтың мүддесін қорғайтындай болуы керек. Сонда ғана біз үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесі төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қоя аламыз.
Расында да, бүгінде «арзан салып береміз» деген құрылыс компанияларының арбауына түсіп, басындағы үйін сатып, үлеске кіріп, аяғында далада қалып жатқан үлескерлер өте көп. Біз үлескерлікпен тұрғын үй салу жүйесінің жауапкершілігін арттыру арқылы ғана мұндай заңсыздықтарға тыйым сала аламыз.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, профессор:
– Үлескерлікке ақша салғандардың ішінде өзі ойлаған үйіне қол жеткізіп жатқандар жетерлік. Арасында үлеске салған ақшасын таппай жүргендер де бар. Сондықтан бұл жерде біржақты пікір айту қиын. Сол себепті бұл жерде әр құрылыс компаниясының жұмысын жекелеп қарастыру керек секілді. Мәселен, келешегін Қазақстандағы ірі құрылыстармен байланыстыратын, өздерінің абыройы үшін еңбек ететін сенімді құрылыс компанияларының құрылыспен айналысуына неге тыйым салу керекпіз? Сондықтан үлескерлікпен тұрғын үй салу тәжірибесін дұрыс жолға қоюды ойластыруымыз керек.
Амалбек ТШАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
– Біз құрылыс компанияларына лицензия беру кезінде оларды жан-жақты қатаң бақылаудан өткізуіміз керек. Алаяқтардың құрылысты желеу етіп, халықтың ақшасын жинап алып, тайып тұруына лицензия беру кезінен бастап тосқауыл қоюымыз қажет. Ертеңгі күні құрылыс компаниялары қашып кетіп жатса, халық ұлардай шулап көшеге шығады, ал мемлекет үлескерлердің бітпей қалған үйін өз мойнына алады. Біреу халықтың ақшасын ұрлайды, ал мемлекет оны төлейді. Бұл не деген жалпақшешейлік?! Сондықтан біз еліміздегі сапасыз құрылыстардың салынуына себепші болып отырған, үлескерлікті сылтауратып, халықтың ақшасын ұрлап жүрген құрылыс компанияларына қатаң болуымыз керек. Құрылыс компаниясы банкрот болған жағдайда немесе жауапкершіліктен жалтарған жағдайда халықтың қаржысын қайтара алатындай резервінде қаржысы да болуын талап етуіміз керек.