Қылмыстың аса ауыр түрлеріне өлім жазасын қолдануды қалдыру керек деп есептейсіз бе?

Жуырда Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Үкіметке арнайы ұсыныс жасап, өлім жазасына кесуді алып тастау туралы халықаралық хаттаманы Қазақстанда ратификациялау қажет дегенді айтты. Естеріңізге сала кетейік, қазір Қазақстанда заң жүзінде адамды өлім жазасына кесу сақталып отыр, бірақ іс жүзіне келгенде аса ауыр қылмыс үшін бұл Қазақстан Президентінің 2002 жылғы өлім жазасына мораторий негізінде қолданылмайды. Адам құқығының қорғалуымен айналысатын мекемелер өлім жазасын мүлде алып тастауды ұсынса, келесі бір сарапшылар, керісінше, оны іске асыру қоғам үшін пайдалы дегенді айтады.
Нәбижан Мұхаметханұлы, тарих ғылымының докторы, қытайтанушы:
Иә
– Қылмыстың аса ауыр түрлеріне өлім жазасын қолдануды қалдыру керек деп есептеймін. Себебі ауыр қылмыстарға өлім жазасын қолданбаса, қасақана адам өлтіру қылмысын толық тоқтату мүмкін емес. Екіншіден, мақсатты түрде бірнеше адамның өмірін қиған адамның өмір сүру құқығы болмау керек. Сондықтан аса ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кесу адам құқығына нұқсан келтіріп, гуманизмге әсер етеді деп ойламаймын. Мұндай жазалаулар қоғамды ластанудан тазартады. Мысалы, өлім жазасын жиі қолданатын елдердің бірі – Қытай мемлекеті. Онда ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі және сол жаза табан астында орындалады.
Қытай осы өлім жазасын қолдану арқылы бір жарым миллиард халқы бар қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отыр. Адамдардың ең үлкен үрейі – өмірінің қиылуы. Яғни өз өмірінің қиылуынан үркетін адам өзгенің өмірін қимайды. Қытайда сондай-ақ экономикалық қылмыстар да ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылады. Мысалы, қомақты қаржы жымқыру, банк тонау, үкімет ақшасын жеке мүддесіне пайдалану деген сияқты бірқатар қылмыстар үшін өлім жазасы белгіленген. Яғни ұрлығы әшкере болған жағдайда алдында өлім күтіп тұрғанын түсінетін кез келген адам өмірін ақшаға айырбастағысы келмейді. Тұтылып қалған жағдайда ұрлықпен келген малдан ешбір қайыр болмайтынын түсінген жан сондай қылмыстарға саналы түрде бармайды. Соңғы кездерде Қытайдағы өлім жазасының басым көпшілігі осы экономикалық ауыр қылмыстарға беріліп жатыр. Меніңше, бізде де өлім жазасын қалпына келтіру керек. Сонымен бірге экономикалық қылмыстарды да аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызу қажет. Яғни мақсатты түрде бірнеше рет адамның өмірін қиғандарды, саяси мақсатпен адам өлтіргендерді, экономикалық қылмысқа барғандарды өлім жазасына бұйыру керек деп есептеймін. Батыс елдеріндегі адам құқығын алып тастау жөніндегі ұсыныстары дұрыс емес. Бір адам бірнеше адамның өмірін қиып жатса немесе бір адам бүкіл қоғамға қарсы қылмыс жасап жатқан болса, қоғам оған қарсы келе алмай ма? Жеке адамның құқығын айтамыз, сонда қоғамның құқығы қайда қалады? Яғни олардікі біржақты пікір.
Сәуле Мектепбаева, «Халықаралық түрме реформасының» Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры:
Жоқ
– Тіпті ең аса ауыр қылмыстарға болса да өлім жазасының қолданылуына үзілді-кесілді қарсымын. Бұл – тек менің ғана пікірім емес, өзім басқарып отырған «Халықаралық түрме реформасы», сондай-ақ еліміздегі және әлемдегі әйгілі адам құқығының қорғалуымен айналысатын мекемелер өлім жазасына қарсы. Кез келген адамның өмір сүруге құқы бар. Және бұл басты ұстаным болу керек. Өлім жазасы біздің заманымызға сай келмейді және ол гуманистiк шешім бола алмайды. Өлім жазасы жиі қолданылатын елдерде адамгершілік ұстанымдары кері кете бастайды. Сондықтан мен еліміздің өлім жазасын біржолата алып тастауын қолдаймын.
Әдетте, өлім жазасына кесуді қолданыстан алып тастаған елдер адам құқығын сақтауда үлкен қадам жасаған болып есептеледі. Мысалы, мемлекеттердің Еуропа кеңесіне енуінің басты критерийі – өлім жазасын алып тастау. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияның да басты ұстанымы осындай. Әрине, біз Еуропа кеңесінің мүшесі емеспіз, Еуропалық конвенцияның да бізге қатысы шамалы, дегенмен кез келген әлемдік стандарттар мұндай жазаны қолдамайды. Қазіргі кезде әлемде мемлекеттердің адам құқығының қорғалуы жөніндегі рейтингілері құрастырылып отырады. Міне, сонда да ең алдымен өлім жазасының бар-жоқтығы ескеріледі. Мысалы, АҚШ-тың кейбір штаттарында өлім жазасы бар. Соның себебінен олар көп жағдайда адам құқықтарының қорғалуы жөнінде жағымсыз бағаланып отырады. Бұл мәселе бойынша халықаралық адам құқықтарын қорғау жөніндегі мекемелер АҚШ-қа талай рет ұсыныс жасаған. Меніңше, осы АҚШ-тағы жағдайдың өзі бізге өлім жазасының болуынан қылмыстық көрсеткіштердің төмендемейтінін көрсетіп отырғандай. Өлім жазасының болуына қарамастан, АҚШ-тағы қылмыс азаяр емес. Немесе Қытайды алайық, қазір көптеген салмақты зерттеу орталықтары Қытайдағы өлім жазасының жиі қолданылуы қылмыстың азаюына себеп бола алмай отырғанын ғылыми-статистикалық тұрғыдан дәлелдеп жатыр.
Бейтарап пікір
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Бұл мәселеде екіжақты түйткіл бар. Жалпы, өлім жазасын қолдану әлемде жағымсыз құбылыс болып есептеледі. Сондықтан жазалаудың бұл түрін заңдастыру біз үшін жағымды иммидж бере қоймайды. Екінші жағынан, бір адамдарды өмір бойы темір торда ұстау мемлекетке айтарлықтай шығын әкеледі. Артық шығыннан қорыққандықтан ғана атып тастауға тағы болмайды. Яғни бұл мәселе күрделеніп тұр. Дегенмен әлем халықтарының барлығы біртіндеп бұл жазадан бас тартып келе жатыр. Сондықтан біз де қазірден қамдана бергеніміз дұрыс болар.





