Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымы Қазақстанның мүддесіне қайшы келіп жатқан жоқ па?
Сырт көріністе Қазақстан мен Ресейдің саяси ұстанымдары кез келген мәселеде түйісіп жатқандай көрінеді. Алайда Ресейдің Орталық Азияға қатысты ұстанымында, әсіресе экономикалық мәселелерде мүдде қайшылықтары жоқ емес сияқты. Жуырда ғана бірқатар көршілес елдерге сапар жасаған Владимир Путин Қырғызстанның қарызын кешіріп, су электр стансысын салып беретін болып, Тәжікстанның Рогунск СЭС-нің құрылысына қолдау білдірмек болып жатқанын кейбір сарапшылар Ресейдің Орталық Азиядағы ұстанымы біздің мүддемізге қайшы келеді деген пікір айтып үлгерді. Расымен, солай ма?
Болат Әуелбай, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:
иә
– Ресейдің Орталық Азиядағы саяси ұстанымдарында Қазақстанға сай келмейтін мәселелер бар. Қазір Ресей өзінің Орталық Азиядағы ықпалын күшейткісі келеді. Алайда Ресейдің саясатында жаңа ұстанымдар байқалады. Дәлірек айтқанда, олар өз ықпалын арттыру жолында ескі механизмдерді істен шығарып жатыр. Бұрынғыдай саяси қысым жасау, талап қою сияқты әдістермен емес, заманауи тетіктерге көбірек жүгіне бастады. Яғни таза экономикалық жобаларға қатысу арқылы әріптестік орнатуға ұмтылыс бар. Орталық Азия елдерінің компанияларынан, жаңа жобаларынан акция жинамақ ойы көрінді. Бұл – бір кездегі батыс елдерінің әдісі. Әрине, мұндай жағдайда Қазақстанның экономикалық мүддесіне сай келмейтін мәселелер туындауы мүмкін, туындап та жатыр.
Қазір Қазақстан мен Ресей бірнеше саланың, ұйымның аясында әріптестік жасауда. Негізінен, қорғаныс саласы және экономикалық мәселеде бірге жұмыс жасайды. ҰҚШҰ, Кедендік одақ бойынша серіктеспіз. Енді екі елдің ДСҰ-ға енуі де бірдей жүзеге асып жатыр. Ресей өткен айда енген болса, Қазақстан сауда ұйымына ену бойынша құжаттарын аяқтап жатыр. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, екі елдің тауар айналымы өте ауқымды болды, 20 миллиардтан асып жығылады. Екі елдің серіктестігінің соншалық тығыздығына қарамастан, қарама-қайшы келетін жағдайлар да бар. Мәселен, су энергетикалық проблемаларды алайық. Қазір Ресей Қырғызстанда СЭС-тердің акционері атануға келісім жасады. Құрылысын жасауға атсалысты деген сөз оның да үлесі болатынын білдіреді. Алғашқыда Қырғызстан сол энергияны Алматыға экспорттауды жоспарлаған болатын. Ресей сол жобалардың акционері атанса олар энергияны Қытайға, Пәкістанға қарай тасымалдауды да күнтәртібіне қояды. Мұндай жағдайда су тапшылығына ұрынып отырған Орталық Азия, оның ішінде сол суды егістікке пайдаланатын Қазақстанның оңтүстік аймақтары, Арал проблемасы одан ары ушыға түседі деген сөз. Амудария мен Сырдарияның мәселесі мүлде ескерілмей қалады. Сондықтан дәл қазір Қазақстан бұл экономикалық жобаның Қазақстанның мүддесіне нұқсан келмеуі үшін ықпал жасау керек. Қазір бұл мәселе төртжақты келісім арқылы ғана шешіліп жатыр, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Қазақстан. Ал болашақта ол аймақтық деңгейдегі проблемаға айналып, БҰҰ-ның араласуымен бұл жобалар шеттетіле бастайтын болса Ресей акционер ретінде өз мүддесін қорғауға тырысады. Ол кезде олар Арал проблемасын, Орталық Азияның су тапшылығын ойламайды. Бұл тек энергетикалық және су мәселесіндегі проблемалар. Мұндай түйткілдерді кез келген саладан табуға болады. Тіпті Қазақстан мен Ресейдің Ауғанстанға қатысты ұстанымы да бір бағытта деп айта алмаймыз.
Марат Шибұтов, Шекаралық әріптестік қауымдастығының сарапшысы:
жоқ
– Қазақстанның мүддесіне қайшы келіп жатыр деп айта алмаймын. Себебі Ресейдің Орталық Азияға қатысты орталықтандырылған, жеке-дара ұстанымы жоқ. Сарапшылар жағы Владимир Путиннің Қырғызстанға сапары барысында оларға Нарын және Қамбарата 1 СЭС-терінің құрылысына көмектесеміз деген пікірін Қазақстан мен Өзбекстанның мүддесіне қайшы келеді деп қабылдауда. Иә, бұл мәселе Қазақстанда су тапшылығын тудыруы ықтимал. Алайда біз 2006 жылдан бері өзіміз де сол Қамбаратаның құрылысына атсалысуға қызығушылық таныттық қой. Цемент жеткізу, тағы басқа қажеттіліктермен қамтамасыз етуді мойнымызға алмақ болдық. Қырғызстан президентінің Қазақстанға жасаған соңғы сапарында да бұл мәселе келісілген болатын.
Біз осы мәселеге қатысты өзіміздің ұстанымымызды өзгерттік. Өйткені ол жерде біздің де үлесіміз бар. Бұл жерден түйетініміз, өз ішімізде ауыл шаруашылығы саласының адамдарынан гөрі, Қырғызстанды инвестициялап жатқан «Самұрық Қазынаның» лоббиі күшті болып шықты. Яғни Қырғызстандағы СЭС-тен қазақстандықтарға да пайда түседі. Бұл шешім Қызылорда облысы үшін жақсы жаңалық емес екені рас. Алайда ол жерде Ресейдің ғана емес, өзіміздің де мүдде жатыр.
Ал жалпы, Ресейдің Орталық Азиядағы ұстанымын айтатын болсақ, оның Қазақстанмен сай келмейтін жерлері көп емес. Жаңа айтып өткенімдей, Кремль бекітіп берген, барша Ресейге ортақ болатын саяси ұстанымдар жоқ. Мүлде жоқ дер едім. Ресейдің ұстанымы бірнеше корпорациялардың векторлық саясатына қатысты құбылып отырады дер едім. Ол әсіресе экономикалық мәселелермен тығыз байланысты. Ондай саяси ұстанымдар ұзақмерзімді бола алмайды, бүгін-ертең болатын оқиғаларға қатысты шешіммен шектеліп отырады. Ресейді айтпағанда, Қазақстанның да Орталық Азияға қатысты өзіндік ұстанымы бар деп айта алмаймыз ғой. Шенеуніктердің шешіміне қатысты өзгере береді. Қысқасы, бұл мәселеде Қазақстан мен Ресей ұқсас. Егер Ресей Қазақстанмен шектесіп жатқан Орталық Азия елдерінің қайсыбірімен маңызды шешім жасағалы жатса, ол Қазақстан тарапымен келісім жасауы әбден мүмкін.
Түйін
– Дәл қазір Ресей мен Қазақстан – кез келген уақытта, кез келген мәселені бір үстелдің басына отырып талқылай алатындай ынтымақты әріптес елдер. Алайда саяси экономикалық мүдде мәселесінде ешкімнің көңіліне қарап отыратын әдет болмауы керек екені түсінікті. ҚСЗИ сарапшысы айтпақшы, Ресейдің Орталық Азиядағы су-энергетикалық мәселелердегі бүгінгі белсенділігі болашақта аймақтың су проблемасын екі есе күрделендіріп жіберуі айқын нәрсе.