Ресейдің Украинаға қатысты саяси ұстанымы ядролық қарудан бас тартқан елдерге берілген кепілдіктің күмәнді екенін көрсетпей ме?
1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында өткен ЕҚЫҰ самитінде ядролық қарудан бас тартқан елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін құжатқа қол қойылған болатын. Ядролық қарудан бас тартқан елдер қатарында Украина, Беларусь және Қазақстан болса, кепілдік берген елдер қатарында Ресей мемлекеті де бар. Алайда шетелдік сарапшылар Ресей сол келісімді ескермей, бүгінде Украинаға қатысты ұстанымын өзгертіп отыр деп айыптауда. Тіпті базбір мамандар «Ресейдің Украинаға қатысты бүгінгі саяси ұстанымы ядролық қарудан бас тартқан елдерге берілген кепілдіктің күмәнді екенін көрсетті» – дейді. Алайда ол пікірмен келіспей, «Ресейдің Украинаға қатысты қазіргі саяси ұстанымы сес көрсету ғана» деушілер де бар. Осы орайда «Алаш айнасы» аталмыш мәселені мамандар талқысына салып көрген еді.
ИӘ
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Дәл бүгінгі Ресейдің Украинаға қатысты ұстанып тұрған саясаты ядролық қарудан бас тартқан елдерге берілген кепілдіктің күмәнді екенін көрсетіп отыр. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында ЕҚЫҰ самитінде ядролық қарудан бас тартқан елдердің қауіпсіздігіне кепілдік берілген болатын. Ондай мемлекеттердің қатарында Украина, Беларусь және Қазақстан да бар. Меморандумға орай құрамында Ресей де болған ірі державалар атом қаруынан бас тартқан мемлекеттердің тәуелсіздігін, тұтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, Ресейдің бүгінгі ұстанымы сол келісімге қайшы келіп тұр. Бұл өте қауіпті құбылыс, өйткені Ресей өзі қол қойған халықаралық келісімді жоққа шығарып отыр. Әлемдік державалар мен халықаралық ұйымдар бұған жол бермеуі тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, Ресей мұндай әрекетті кез-келген уақытта өзге елдерге де жасауы мүмкін. Сондықтан ҚР Сыртқы істер министрлігі өзінің сыртқы саяси және әскери доктринасының негізі болып табылатын, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжатты қорғауға мейілінше күш салуы керек еді. Кепілдік туралы құжатты қорғау мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау деген сөз емес пе? Бұл жағдайға сырттай бақылаушы болып отыру аздық етеді. Саясатта құйтырқы әрекеттер көп болады. Кейде сыртқы саясатқа қатысты Үкіметтің айта алмайтын нәрсесін депутаттар айтуы не болмаса депутаттардың айтарын Үкімет жеткізуге тиіс жағдайлар болып тұрады. Мысалы, өткендегі Жириновскийдің Орта Азия мемлекеттеріне қатысты мәлімдемесі де сондай саяси ойын емес деп кім айта алады. Ол өз ойын білдірген болып, Ресейдің көзқарасын жеткізіп отыруы мүмкін. Бұл да айбат шегудің бір саяси жолы шығар. Ал, Ресей билігі «ол мемлекет атынан сөйлейтін ресми тұлға емес» деп құтыла салды. Сол сияқты біздің де депутаттар өз ойын жеткізуі керек. Мемлекеттің тәуелсіздігіне, тұтастығына кепілдік беретін құжатты аяқасты етіп жатса да үнсіз отыруға болмайды. Мен бұл жерде Украинаның ішкі ісіне араласу керек деп отырғаным жоқ, өз мүддемізді қорғауымыз керек екенін айтып отырмын. Геосаяси мәселеге келгенде бұғып отыруға болмайды. Қорыта айтқанда Украинаға қатысты болып жатқан жағдайдан сабақ алуымыз керек. Демек біз өзіміздің әскери әлеуетімізді көтеруіміз, басқа да қауіпсіздік шараларын жасауымыз қажет. Әлемдік державалардың кәсіпорындарын Қазақстанға тарту қажет. Яғни, әлемдік державалар сол кәсіпорындарын, салып отырған капиталын қорғау арқылы Қазақстанды да қорғайтын болады. Қазақ елінің тәуелсіздігін, қазақ жерінің тұтастығын қорғайтын қазақ болып қала бермек. Сондықтан қазақ елінің әлеуетін артыру бірінші орында тұруы тиіс. Алдағы уақытта жағдайдың қалай белең аларын ешкім де дөп басып айта алмас. Әлем елдері тарапынан бірқатар ескерту жасалып отыр. Ресейге де ол ой тастауы тиіс.
ЖОҚ
Нұрлан СЕЙДІН, тарихшы-саясаттанушы:
– 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында ЕҚЫҰ самитінде ядролық қарудан бас тартқан елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін құжатқа қол қойылған болатын. Құжатқа сай Кеңес Үкіметі шекпенінен шыққан, атом қаруынан бас тартқан елдердің тәуелсіздігіне, тұтастығына кепілдік берілді. Ол мемлекеттердің арасында Украина, Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері бар. Сол самитте әлемдік ірі державалар меморандумға қол қойып, ЕҚЫҰ оны мақұлдады. Менің ойымша Ресейдің Украинаға қатысты жасап отырғанын сес көрсету деп бағалау керек. Ресей күш қолдану арқылы Украинаның тұтастығына қол сұқпайды. Өйткені, олай болған жағдайда мұның соңы Ресейге абырой әпере қоймайды. Таяқтың бір ұшы Ресейдің өзіне тиеді. Мәселен қазіргі таңда Ресей ішіндегі субъектілердің өзінде де бірлік аздау. Ал Украина бұл жағдайды одан сайын ушықтыруы ықтимал. Тіпті Ресей ішінен ыдырап кетуі мүмкін. Сол себепті Ресей күш қолдануға бармайды деп ойлаймын. Жалпы ірі державалар арасында геосаясатқа қатысты саяси ойындар болып тұрады. Яғни белгілі бір аймақта үстемдігі әлсірей бастағанда сондай іс-әрекеттер жасап отырады. Яғни өзінің әлеуетінен хабар беріп, сес көрсетеді. Украинаға қатысты да Ресей солай жасап отыр. Украинаның Еуропаға ауып бара жатқаны Ресейге ұнаған жоқ. Ал, Еуроодақ пен АҚШ та бұл жерде өз мүддесін қорғап бағуда. Кей мәселелерде Ресейдің Америкаға, не керісінше, Американың Ресейге қарсы шығып жатуын қалыпты геосаяси саясат деп қарауға болады. Украина атомдық қарудан бас тартқанда оның тәуелсіздігіне Ресей, АҚШ, және басқа да ірі державалар мен БҰҰ кепіл болған. Егер сол мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Украинаға кепіл бола алмаса, олардың әлем алдындағы беделі қалмайды. Сонан соң, егер әлемдік державалар халықаралық келісімдерді ескермей өз білгенін істер болса, оның салдары әлемдік саяси дағдарысқа соқтыруы мүмікін. Сондықтан олар Украинаға Ресейдің күш қолдануына жол бермейді. Сонан соң Ресейде қаншама ірі шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Егер Ресей алған бетінен қайтпайтын болса, онда ірі шетелдік инвесторлар бұл елге ақша салмайды. Ал, бұл Ресей экономикасын дағдарысқа ұшыратады. Сондай-ақ Ресейге қарсы экономикалық блокада жариялануы ықтимал. Оған қоса ресейлік алигарх-миллиордерлердің ақшасы шет елдік банктерде сақтаулы. Еуроодақ пен АҚШ сол есепшоттарды жауып тастауы мүмкін. Ондай болған жағдайда миллиордерлер Ресей саясатына қарсы болады. Бұл Ресейдің іштен іруіне ықпал етеді. Бұл жағдайды Ресей билігі ескермей отырған жоқ. Сондықтан Ресейдің шекара маңына әскер топтастыруы, басқа да әрекеттері сес көрсету ғана. Ендеше халықаралық кепілдікке күмәнмен қарауға негіз жоқ деп ойлаймын. Дегенмен біз де осы жағдайды саралап, мұндай жаймен бетпе-бет келмеу үшін алдын алуымыз қажет.
Бейтарап пікір
Бөріхан НҰРМҰХАНБЕТОВ, саясаттанушы:
– Жалпы ядролық қарудан бас тартқан елдерге берілген кепілдік күмәнді болып тұр деп айтуға болмайды. Бұл бір ғана Ресейдің ұстанымы. Тіпті Ресей сол Будапешт самитінде қол қойылған мемерандумға орай Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскер кіргізбекшіміз дегенді айтып отыр. Өзге елдер мұны қолдап отырған жоқ. Дегенмен Ресейдің Украинаға қатысты ұстанып отырған саясаты өте қауіпті. Олардың алға тартып отырған уәжі орыстардың қауіпсіздігін қорғау. Алайда олардың Украина азаматтары екенін ескермей отыр. Негізі Ресей бұл мәселені саяси жолмен, өзге елдермен келісімге келе отырып шешуі тиіс. Ең алдымен Украина билігімен келісуі шарт. Украина билігінің келісімінсіз әскер кіргізу саяси қателік. Егер Украина билігі елдегі жағдайға орай бітімгерлік әскерін кіргізуді сұрап отырса, ол басқа мәселі.